Жиілеген барыс-келіс. Президенттер неге «табанынан тозып» жүр?
Биылғы күз Қазақстан билігі үшін қарбаласқа толы болды. Әрине, Қаңтар оқиғасынан кейінгідей ескі Қазақстанның еркелерімен күрес, шетел асқан активтерді қайтару деген сияқты саяси науқандар жоқ.
Тіпті ішкі саясат тып-тыныш деуге болады. Бірақ халықаралық қарым-қатынас қайнап жатыр. Ақорда жаққа арнайы назар салып жүрген адамдардың өзі Қазақстанға қанша елдің президенті келіп, Қазақстан президенті қанша елге барғанынан шатаса бастады.
Еліміз тәуелсіздік алғалы көпвекторлы саясат жүргіземіз деп, әркімнің көңілін табуға тырысып келеді. Бірақ, түптеп келгенде, сыртқы саясаттағы басым бағыт Ресей мен Қытай екені жасырын емес. Сондай-ақ Орталық Азиядағы көршілерімізбен, Еуропа елдерімен, АҚШ-пен барыс-келіс көбейді. Мұны биыл күздегі абыр-сабырдан анық байқауға болады.
Басынан бастайық. 1 қыркүйекте Қытайдың Тяньцзинь қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымының 25-саммиті өтіп, 20-дан аса мемлекеттің басшысы жиналды. Сол қатарда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та Қытай жеріне сапар шекті. Қытай төрағасы Си Цзиньпин қасына Ресей, Иран, Үндістан, Солтүстік Корея сияқты Батысқа өкпелі елдердің басшыларын жинап алып, ШЫҰ-ның амбициясы үлкен екенін аңғартқан. Тіпті әлемдік тәртіпті қайта қарап, БҰҰ-ға балама ереже ұсынуға ниеттеніп жүргенін жасырмады. Мұндай жиын АҚШ президенті Дональд Трампқа ұнамай, Сиге «АҚШ-қа қарсы бірігіп жатыр екенсіңдер, Путин мен Кимге жылы сәлемімді жеткізіңіз» деп мұхиттың арғы бетінен сәлем жолдаған.
Ал қыркүйектің аяғында АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында БҰҰ Бас ассамблеясының 80-сессиясы өтіп, оған Қазақстан президенті де қатысты. Тоқаев АҚШ-та Черногория, Люксембург, Монако, Франция, Финляндия, Бельгия, Украина президенттерімен, сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш және Еуропалық Кеңес басшысы Антониу Коштамен жолықты. Бұл жиын барысында Қазақстан делегациясы Трамппен жеке кездесе алмады. Бірақ Ақ үй басшысының сөзімен айтқанда «теміржол құралын сатып алу бойынша ел тарихындағы ең ірі келісімге қол қойып», АҚШ-тан 4,2 млрд долларға 300 локомотив сатып алдық. Елдегі ағайын біраз уақытқа дейін «Локомотивтер неге өте қымбат?» деп, сұрақты төтесінен қойып жүрді.
7 қазанда Әзербайжанның Габала қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының ХІІ саммиті өтті. Әлемдік тәртіп өзгеріп, БҰҰ-ның ықпалы әлсіреген тұста өз алдына отау тіккен ұйымдар күш ала бастағанын көріп отырмыз. Бірақ қазірше ТМҰ-ның деңгейі жоғары емес. Биыл көктемдегі бейресми саммит Венгрияда өтіп, ауқымы Еуропа аумағына қарай кеңейгенімен, ұйым мүшелері әлі нақты қадамдарға бара алмай отыр. ТМҰ-ның еңсесін тіктеуге Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған ынта танытып жүргені байқалады. 23 қыркүйекте БҰҰ Бас ассамблеясында: «Біз Орталық Азиядағы бауырлас елдердің тыныштығы, тұрақтылығы мен гүлденуіне баса мән береміз, ол – біздің атамекеніміз. ТМҰ дами береді», – деп мәлімдеген болатын.
Араға 2 күн салып Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстанның Душанбе қаласында өткен екінші «Орталық Азия – Ресей» саммитіне қатысты. Жиында Ресей президенті Владимир Путин Мәскеуді Орталық Азияның басты одақтасы әрі қауіпсіздік кепілі деп сипаттаған. Сарапшылар бұл саммит істен гөрі сөзге бейім жиын болғанын айтады. Өйткені Ресейдің қазіргі жағдайына байланысты ірі инвестициялық келісімдер жасалған жоқ. Салыстыру үшін айтсақ, қыркүйектегі ШЫҰ саммитінде Қазақстан Қытаймен құны 15 млрд доллардан асатын 70 коммерциялық құжатқа қол қойса, АҚШ-тан 4,2 млрд долларлық келісімшартпен қайтқан.
7 қарашада Вашингтонда «Орталық Азия – АҚШ» саммиті өтті. Дональд Трамптың шақыруымен мұхит асқан 5 мемлекеттің президенті Ақ үй басшысын әбден мақтап, төбесін көкке жеткізіп қайтты. Бұл кездесуде АҚШ Орталық Азиядағы сирек минералдар қорына инвестиция салатын болып келісті. Ал Орталық Азия басшылары АҚШ-пен байланыс орнатуға аса ынталы екенін айтты, олар осы арқылы Мәскеу мен Бейжіңге тәуелді болып қалудан сақтануға тырысады. Айтпақшы, бұл сапарда олар Дональд Трамппен жеке кездесіп, келіссөз жүргізді.
11 қарашада Қ.Тоқаев Ресейге мемлекеттік сапармен барып, Путинмен келіссөз жүргізді. Екі президент оған дейін 10 қазан күні Душанбедегі «Орталық Азия – Ресей» саммиті аясында жеке кездескен. Қазақстан басшысын Мәскеуде қалай күтіп алғаны да біршама талқыға тақырып болды.
16 қараша күні Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VII Консультативтік кездесуі өтті. Жиынға Орталық Азия басшыларынан бөлек, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев қатысып, Баку Консультативтік кеңеске толық құқылы мүше болып қабылданды. Бауырлас елдердің қатары толыққанына арқаланғаны ма, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев «Орталық Азия қауымдастығын» құруды ұсынды. Жиналыстан бір күн бұрын, 15 қарашада Тоқаев пен Мирзиеев жеке кездесіп, қазақ-өзбек қарым-қатынасын жандандыруға келісті. Бірақ сарапшылар Орталық Азия елдерінің одақтастығына күмәнмен қарайды. Өйткені бұл елдер арасында инвестиция мөлшері шекті, шешімдер синхронды емес әрі бюрократия басым. Президенттер жиі кездесіп, келіссөздер жүргізгенімен, шынайы іске көшу прогресі тым баяу жүріп жатыр.
Айтпақшы, Тоқаев 27 қараша күні Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында өтетін ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысына қатысады.
Қазақстан президентінің күз басынан бергі шетелге жасаған сапарларына шолу жасадық. Енді біздің елге кімдер келгеніне тоқталайық. 5 қыркүйек күні Астанаға Моңғолия Парламентінің төрағасы Дашзэгвийн Амарбаясгалан келіп, Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. 10 қыркүйекте Ақорда Конго Республикасының президенті Феликс Чисекедиді қарсы алды. Тоқаевтың шақыруымен алыс Африкадан келген қонақ Қазақстанмен дипломатиялық байланыс орнатуға ынталы екенін айтты.
27 қыркүйек күні мемлекет басшысы Мьянма президентінің міндетін атқарушы Мин Аун Хлайнмен келіссөз жүргізді. Араға 2 күн салып Астанаға Италия президенті Серджо Маттарелла ресми сапармен келді. Көп адам білмеуі мүмкін, Италия – Қазақстан өнімдерін ең көп сатып алатын ел. Бұл көрсеткіш бойынша Рим Қытай мен Ресейден де озып тұр. 2025 жылғы 9 айдағы Қазақстан экспортының 21 пайызы Италияға кеткен.
Ал 2 қазан күні Қазақстанға – Мажарстан президенті Тамаш Шуйок, 21 қазан күні – Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев келді. Әзербайжан бізбен ТМД мен ТМҰ-ға ортақ мүше болып отыр, жақында Орталық Азия елдерінің кеңесіне қосылғанын айттық. Венгрия ТМҰ-ға бақылаушы мемлекет атанып, ұйымның бейресми саммитін қабылдады. Осы тұрғыда бұл елдер Астанамен жақын қарым-қатынасын сақтап отыр.
28 қазан күні Қазақстан президенті Астанаға алғаш рет ресми сапармен келген Финляндия президенті Александр Стуббты қарсы алды. Президенттер қыркүйекте өткен БҰҰ Бас ассамблеясының 80-сессиясы аясында Нью-Йоркте кездескен болатын. 31 қазанда Қазақстанға РФ құрамындағы Татарстан республикасының раисы Рустам Минниханов келді. Ал 4 қарашада Қ.Тоқаев Беларусь премьер-министрі Александр Турчинді қабылдады. Өзбекстанда өткен «Орталық Азия + Әзербайжан» кездесуінен кейін Қазақстанға КСРО құрамынан шыққан 3 елдің басшылары келді. Атап айтқанда, 17 қараша – Эстония президенті Алар Карис, 21 қараша – Армения премьер-министрі Никол Пашинян, 25 қараша – Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедов Астанаға ат басын бұрды.
Ақордадағы абыр-сабырдың астары қандай?
Өздеріңіз байқағандай, шетелге сапар да, шетелден келген қонақтар да көп. Әрине, мұндай кездесулерді өткізу мемлекет басшысының негізгі жұмыстарының бірі екені анық. Бас-аяғы үш айдағы осынша көп кездесудің себебі неде? Былайғы кезде айына немесе бірнеше айда бір халықаралық кездесу өтетін. Ал бұл жолы кесте өте тығыз. Сол үшін де президент сапарларын санамалап, арнайы тоқталып отырмыз. Сарапшылар мұндай абыр-сабырға әлемдік геосаяси жағдайдың жылдам өзгеріп жатқаны әсер етті деп санайды.

«Шынымен де сапарлар өте көп болды. Менің ойымша, әдетте сапар күндерін келісу ұзақ уақыт бұрын басталады әрі екі тарапқа да қолайлы күнді табу өте қиын болуы мүмкін. Оның үстіне әртүрлі департамент әртүрлі сапармен айналысады. Бәлкім, сол себепті барлық сапардың күні бір-біріне жақын болып шыққан шығар. Олардың арасында саяси тұрғыда өте маңызды бағыттар да, аса өзекті емес кездесулер де бар екенін көріп отырмыз.
Ал кездесулер неге көп дегенге келсек, әр елдің басшысы әлемдегі жағдай аумалы-төкпелі болып тұрғанда сол мүмкіндікті қолданып, таразы басын өзіне қарай аударғысы келеді. Демек бұл жаман стратегия емес, ең бастысы – президент шыдас бере алса болғаны. Қазір халықаралық сарапшылар Қазақстан «әртүрлі векторлы саясат» ұстанып отырғанын айта бастады. Яғни, «көпвекторлы» саясат «әртүрлі векторлы» саясатқа ауысқан. Мысалы, Ресей мен Қытай – бір вектор, АҚШ пен Еуропа – басқа бір вектор дегенге саяды.
Жалпы алғанда әлем елдері Қазақстан президентінің дипломатиясын оң бағалайды, сын көбіне ішкі саясатқа бағытталған. Егер бұл сапарлар Қазақстан мен Орталық Азияның халықаралық аренадағы позициясын күшейте алса, нәтижелі болғаны. Бірақ елдегі сыбайлас жемқорлық пен авторитарлы жүйе Қазақстанның халықаралық аренадағы мәртебесін көтеруге мүмкіндік бермей ме деп қорқамын», – дейді саясаттанушы, PhD докторы Толғанай Үмбетәлиева.
Қазақстан президентінің қысқа уақыт ішінде Қытайға, АҚШ-қа және Ресейге сапар шегуі Астанаға сыртқы қысымның жоғары екенін аңғартады. Мұндай қысым Қазақстанға ғана емес, тұтас Орталық Азия аймағына жасалып отыр. Алпауыт елдер Орталық Азияға қатысты транзит, ресурс және ықпал күші бойынша бәсекеге түсіп жатыр. Мысалы, Қытай бұл аймақты өз өнімін Еуропаға жеткізетін алтын көпір ретінде көрсе, санкция астындағы Ресей өңірді сенімді серіктесі санайды, ал АҚШ бізге Ресей мен Қытайды тежеу үшін және мол мұнай-газ қоры үшін көз салады. Бұл көштен Еуропа елдері де өз еншісін алып қалуға ниетті. Соған сай Орталық Азияның геосаяси маңызы артып келеді.
Ал Орталық Азия елдері жаһандық ойыншылар бәсекеге түсетін алаң деңгейінде ғана қалмай, өзіндік даму бағытын қалыптастыруға тырысып жатыр. Сол мақсатта Вашингтон, Мәскеу, Бейжің және Брюссель арасында сабылып, өз мүддесін қорғауға күш салып жүр. Қазақстан президентінің сыртқа сапары мен өзге басшылардың біздің елге сапарының мәні осында жатыр.

«Орталық Азия басшыларымен Ресей, Қытай, АҚШ және Еуропа елдері кездесу өткізіп жатыр. Бұл Орталық Азияның әлемдегі маңызын анық көрсетіп отыр. Ал Орталық Азияда Қазақстан ең маңызды ел саналады. Өйткені біздің елде уран сияқты қазба байлықтар мол. Мұны бір деңіз. Екіншіден, қазір әлемдік тәртіп өзгеріп, жаңа тәртіп қалыптасуда. Мысалы, Ресей мен Еуропа, Қытай мен АҚШ, АҚШ пен Еуропа арасында жаңа ойын ережелері бекітіліп жатыр. Жаңа байланыстар қалыптастыруда Орталық Азия маңызды рөл ойнайды, сол үшін халықаралық кездесулер көбейді.
Сондықтан Орталық Азия мемлекеттерінде бірдей болмаса да, өзара жақын ұстаным болу керек. Сол үшін біздің президент Өзбекстанға барып, Түркіменстан басшысы бізге келді. Аймақтағы елдер ұқсас ұстаным қалыптастыра алса, әлемдік аренада өз мүддемізді қорғай аламыз. Қазақстан біршама үлкен мемлекет, бай елміз. Әлемдік тәртіп жаңарып жатқанын айттық, соған сай Қазақстанның да маңызы артып отыр. Қазақстан аймақтағы көшбасшы ел ретінде әрекет еткісі келеді. Халықаралық кездесулердің жиілеуіне осы факторлар әсер етті деп есептеймін», – дейді саясаттанушы Қазыбек Бейсебаев.
Қуаныш Қаппас