«Жылымық жылдар» суретшілері

Адам қай кезде де ғарышты аңсады ма? Әлде ол мәңгілік шекарадан қашуға талпынды ма? Әлде шексіздікке ұмтылу – жұлдыздарды емес, өзін іздеудің бір көрінісі ме?
Ғасырлар бойы ғұламалар мен қиялшыл жазушылар бұл туралы сан толғанды, бәрі де аспан әлемін аңсады. Қиялындағы сұрақтарға жауап таппағандар қатарында ғарышты философия мен өнерден де табуға тырысқандар болды.Ақыры ғасырлар бойы ой мен арманның шекарасынан аспаған бұл ұмтылыс нақты шындыққа айналды. 1961 жылдың 12 сәуірі. Қасиетті Байқоңырдың кең даласынан адамзат тарихы жаңа дәуірге аяқ басты. «Восток-1» ғарыш кемесі көкке көтеріліп, адам баласы алғаш рет Жерді артқа тастап, шексіз ғарыш кеңістігіне қадам басты.
Бұл кезеңде жер бетін өнер мен ой еркіндігінің самалы желпіді. Әлемде бұрын-сонды болмаған идеялар алға шықты, жаңа ағымдар мен бағыттар пайда болды. Осы дәуірде ғылым мен мәдениет қатар дамыды. Адам баласы жаңа шекараларды ашса, өнер де сол шекараларды кеңейтуге ұмтылды. Бейнелеу өнері, әдебиет, музыка – барлығы жаңа бұрылысқа беттеді.
Әлемдегі саяси және ғылыми өзгерістер мәдениетке де өз ықпалын тигізді. Ғарышты игеру, «қырғи-қабақ соғыс» жылдарындағы идеологиялық күрес, жаппай тұтыну мәдениетінің өрлеуі – мұның бәрі өнердің бағыт-бағдарына ықпал етті. Батыста Пабло Пикассо, Энди Уорхол, Рой Лихтенштейн сынды суретшілер жаңа стильдер мен идеяларды қалыптастырса, КСРО-да да жаңаша ойлау үрдісі күшейе бастады. Бейнелеу өнерінде социалистік реализмнің қатып қалған қағидаларынан тыс ізденістер көбейді. Бірақ бұл ізденістер еркін шығармашылық емес, күрес алаңына айналды.

Осы жылдары Кеңес өкіметінің құрамына кіретін барлық республикалар қатар дамығандықтан, өнерді жалпы контексте қарастыру қажет. Барлық одақтас республика суретшілерінің ірі көрмелері есепті сипатта болды, ал оның ең ауқымдысы Мәскеуде өтіп отырды. Дәл Мәскеудегі есепті көрмелердің бірінен суретшілер арасында «Алпысыншы жылғылар» деп аталатын жаңа ұғым пайда бола бастады. 1963 жылы Мәскеудегі «Манеж» залында өткен көрме дәстүр мен Авангардтың қарсыласуының маңызды полюсінің біріне айналды. Бұл көрмені ықпалы мен резонансы бойынша бір кездегі неміс басшылығымен «дегенеративті» атанған өнермен теңестіруге болатындай еді. Себебі экспозицияға қойылған туындылар көпшілікке түсініксіз болып, қызу пікірталас тудырды. Никита Хрущевтің өзі көрмемен жеке танысып, «суретшілерді тұтқындау керек! Жою керек! Ату керек!» деп, өнердің әлі де мемлекеттің қатаң бақылауында екендігін еске салып, көрмені қатты сынға алды.
Бұл жылдағы кереғар өнердің жарқын мысалы ретінде Элия Белютиннің «Әмбебап байланыс теориясын» айтсақ болады. Ол жаңа әдістерді, еркін формаларды және символдық тілді енгізу арқылы өнерді социалистік реализм догмаларынан босатуға тырысты. Оның «жаңа шындық» студиясы сол кездегі бейресми өнердің маңызды орталықтарының біріне айналып, көркемдік көріністің жаңа жолдарын іздейтін суретшілерді біріктірді.
Осылайша, 1960 жылдардағы өнер сөз бостандығы үшін, көркем сөз айту құқығы үшін күрес алаңына айналды. Осылайша, қатал идеологиялық қысымға қарамастан, өнер жасаушылардың болашақ ұрпақтарына жол ашты. Поэзияның даусы да жарқын естіліп, мыңдаған жүректерді тербеді. Мәскеуде Андрей Вознесенский, Евгений Евтушенко, Белла Ахмадулина, Роберт Рождественский, Булат Окуджава мен Владимир Высоцкийдің дауыстары стадиондарда жаңғырып, поэзия қоғамға ықпал ете алатын күшке айналды. Евтушенконың «Поэзия елді құлағынан бұрап оятты» деуі тегін емес. Сол кездегі поэзиядағы жаңа толқынның үні, дәуірдің жүрек соғысындай еді.
Қазақ даласында да осы рухани жаңғыру ерекше қарқын алды. Әдебиет жаңа биікке көтеріліп, халықтың тағдырын, болмысын, азабын бейнелеген шығармалар дүниеге келе бастады. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романы алғаш рет 1961 жылы оқырманға жол тартты. Арал теңізі жағалауындағы балықшылардың ауыр тағдырын, тап тартысын, өмір үшін күресін бейнелеген бұл эпопея қазақ әдебиетінің жаңа белесі болса, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы тарихтың қатпарлы қойнауын ақтарып, қазақ елінің тағдырын ғасырлар бойғы шайқастар арқылы суреттеді. Ал Мұқағали Мақатаев жан дауысын, қазақтың ішкі мұңын, сағынышы мен үмітін «Қарлығашым, келдің бе?» атты жыр жинағы арқылы жырлады.

Егер орыс ақындары мен суретшілері Батысқа бет бұрып, модернистік ағымдарды қабылдауға ұмтылса, қазақ қаламгерлері өз тамырын, өз дәстүрін сақтап, өткенді жаңғыртуға күш салды. Ал осы әдеби өрлеумен қатар, бейнелеу өнері де жаңа сипат ала бастады.
Бұл кезеңде қазақ бейнелеу өнері де жаңа соқпақ, тың кеңістік іздеді. Қалалардың шаңды көшелеріндегі, қараңғы шеберханаларда ойы алай-дүлей болған қазақ суретшілері арасында да дәл сондай ұмтылыс, ерекше бұлқыныс болды. Олар үшін ғарыш тек сырттай ғана емес, дәуірді кешкен жұмыр жүректің ішінде де ашылды.
60-жылдардағы Қазақстан бейнелеу өнері – ұлттық рух пен заман тынысын қатар сіңірген ерекше құбылыс. Кеңестік идеологияның қатаң бақылауы мен цензурасына қарамастан, қазақ суретшілері өз жолын іздеп, жаңа көркемдік шешімдер табуға ұмтылды.
Осы кезеңде «алпысыншы жылғылар» деп аталған суретшілер буыны көркемдік тілін жаңартуға, жаңа формалар мен мазмұндарды іздеуге ұмтылды. Кеңестік жүйенің қатаң идеологиялық шеңберіне қарамастан, олар ұлттық дәстүрлер мен заман ағымын үйлестіре білді.
Бұл буынды негізінен 12 суретші құрады. «Ол жылдары бұл он екі суретші – ортақ шығармашылық платформасы бар тұтас бір топ деп қарастыруға келмейтін еді... Оларды біріктірген басты күш – тек өзіндік, қазақ бейнелеу өнері мектебін жасауға ұмтылыс, соған ғана тән тіл, стиль, әдіс жасап шығару және оны жалпыадамзаттық мәдени құндылықтар жүйесіне енгізу еді» дейді Камилла Ли. Олар: Әли Жүсіпов, Салихитдин Айтбаев, Шаймардан Сариев, Исатай Исабаев, Мақым Қисамединов, Әділ Рахманов, Тоқболат Тоғысбаев, Оралбек Нұржұмаев, Төлеген Досмағамбетов, Бақтияр Табиев, Еркін Мергенов және Әбдірашит Сыдыханов.
Осы бір аласапыран уақытта бұл суретшілер қазақ мәдениетінің түп тамырын сақтай отырып, оны әлемдік трендтермен ұштастыруға ұмтылды. Олар өз жұмыстарында ұлттық тарихты, мифологияны және мәдениетті жаңа, заманауи тілде сөйлетуге тырысты.

Өнертанушы Райхан Ерғалиева бұл суретшілердің шығармашылығы хақында: «Алпысыншы жылдардағы С.Айтбаев, Т. Тоғысбаев. О. Нұржұмаев, Ш.Сариев үшін Отан бейнесі маңызды. Туған табиғат, көбінесе қазақ даласы, олардың шығармаларында өмірдің нақты, таныс кеңістігінде ғана емес, сонымен бірге Отанның символдық дыбысына дейін жалпыланған. Алпысыншы жылдардағы өнердегі форма мәселелеріне назар аударуды күшейту, «ұлттық стиль» деп аталатын нәрсені қосу олардың Отан бейнесінің шешімдеріне айтарлықтай жалпылау, сәндік принципті күшейту, философиялық шиеленісті береді» деп жазады.
Кеңестік қатаң жүйе жағдайында өнердегі еркіндікке ұмтылған алғашқы суретшілердің бірі Шаймардан Сариев болды. Оның шығармашылығы Батыс өнер ағымдары мен қазақтың рухани әлемін тоғыстыра отырып, көркемдік экспрессияның жаңа формаларын іздеуге бағытталды. Бұл жөнінде И.Юферова: «Суретші өзіне тән ымырасыздықпен сыртқы этнографиялық белгілерден (киіз үй, текемет, ою) бас тартып, адам мен кеңістіктен басқа ештеңе жоқ композициялар жасайды. Тарихи-өлкетанушылық бірде-бір ым жоқ. Дала қазағының өмірін Сариев нақты әлеуметтік, саяси, тұрмыстық тіршілікке байланбаған дербес универсум деп ұғады» дейді.
«Алпысыншы жылғылардың» белді өкілдерінің бірі – Исатай Исабаев. Ол қазақ кітап графикасының ең ірі өкіліне айналды. Оның шығармаларында қазақ халық өнерінің символикасы мен еуропалық графикалық мектептің ықпалы үйлесім тапты. Исатай Исабаевтың Қазақстан графика өнерін дамытуға қосқан үлесі ұшан-теңіз. Оның ерекше туындылары бірнеше буын суретшілеріне үлгі болды.
Суретші иллюстратор ретінде көптеген жылдар Исатай Исабаевпен бірге Әділ Рахманов қызмет атқарды. 1962 жылы Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін, ал 1965 жылы Мәскеу полиграфия институтын тәмамдаған ол Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романына және көптеген қазақ әдебиетінің классикаларына ерекше иллюстрациялар жасады.
60-жылдардағы тағы бір мықты график – Мақым Қисамединов еді. Ол ұлттық дәстүр мен заманауи техниканы үйлестіріп, тарихи және мифологиялық тақырыптарға көп көңіл бөлді. Махамбет поэзиясына арналған графикалық жұмыстары оған алғаш танымалдылық алып келді. Қисамединов 1983 жылы Гетенің қазақ тілінде алғаш рет шыққан «Фауст» кітабын («Жазушы» баспасы) көркемдегені үшін КСРО суретшілер Одағының Бүкілодақтық 1-дәрежелі дипломын алды.

Ал мүсін өнерінің тарландары Еркін Мергенов пен Төлеген Досмағамбетов болды. Мергенов дәстүрлі мүсін ережелерінен алшақтап, заманауи эксперименттерге барса, Досмағамбетов Қазақстанның көптеген тарихи тұлғаларына арналған классикалық мүсіндер мен ескерткіштер жасады.
60-жылдары кескіндемешілердің әрқайсысы өзіндік стиль табуға тырысты. Әли Жүсіпов кескіндемеде реалистік және символикалық бағыттарды тоғыстырып, ұлттық болмысқа ерекше мән берсе, Тоқболат Тоғысбаев түрлі тақырыптарды батыл түстермен, эмоционалды тереңдікпен бейнеледі. Оның қылқаламындағы жарқын түстердің үйлесімділігі алпысыншы жылғы суретшілер ізденісінің эталонына айналған еді.
Ал Бақтияр Табиев болса, кеңестік өнердің жаңа формаларын зерттеді. Оның шығармашылығы модернистік бағытта өрбіді, композициялық шешімдерінде жаңашылдық байқатты. Ал Оралбек Нұржұмаев – заманауи көркемдік тәсілдерді ұлттық нақышпен үйлестіріп, кескіндеме өнерінде өзіндік «түсті» тапқан суретшіге айналды. Кейіннен олардың қатарына шығармашылығының едәуір бөлігін кино саласына арнаған Әбдірашит Сыдыханов келіп қосылды.

«Алпысыншы жылдардағы» қазақ бейнелеу өнерінде жарқыраған жаңа толқынның шын мәніндегі көшбасшысы Салихитдин Айтбаев болды. Оның шеберханасы ақын-жазушылардың, суретшілердің, архитекторлар мен ойшылдардың шоғырланатын интеллектуалды алаңына айналды. Бұл жерде ұлттық өнер мен әдебиеттің дамуына ықпал еткен әйгілі тұлғалар бас қосты. Олардың қатарында ақын Олжас Сүлейменов, жазушы Асқар Сүлейменов, өнертанушы Ғадылбек Шалахметовтер бар еді. Осы шеберханада Шыңғыс Айтматовтың әйгілі «Ғасырдан да ұзақ күн» романының алғашқы таныстырылуы өткен еді. Атақты италияндық суретші Ренато Гуттузо Айтбаевтың шеберханасына келіп, қазақ суретшісінің шығармашылығына және оның айналасындағы рухани атмосфераға тәнті болып, «Салихитдин Айтбаев шеберханасында» атты картина жазып қалдырған.
Бұл буынды сынға алғандар да табылып жатты. Айтылған сынның сылтауы – олардың жаңашылдығы мен Батыс өнерінің ықпалына кетуінде еді. Біреулер Айтбаевты «Пикассошыл» деп атап, Тоғызбаевты Матисске теңеді, ал Сариевті «қазақ Гогені» деді. Мергеновтің батыл композициялық ізденістері бірде Ван Гогқа, бірде Бранкузиге ұқсатты. Бұл салыстырулар олардың шығармашылық дербестігіне күмән келтіріп, тікелей еліктеу деп қабылданды.
Алайда мұндай пікірлер өнердің табиғатын ескермеді. Өйткені мәдениет – өзара ықпалдастық пен жаңғыру үдерісі. Жас суретшілер көркемдік тілді дамытты, ұлттық бояуды сақтай отырып, жаңа пішіндер мен мағыналарды іздеді. Бірақ сол кезеңнің қатаң идеологиялық талаптары оларды «социалистік реализмге қауіп төндірушілер» қатарына қосып, кейбір туындыларының жылдар бойы музей қорында жабық қалуына себеп болды.
Алпысыншы жылдардағы шығармашылық орта мен ұлттық сананың жаңғыруына тағы бір ықпал еткен қозғалыстардың бірі – «Жас тұлпар» ұйымы болды. Бұл қозғалыс ұлттық идеялар мен мәдениеттің жаңғыруына, қазақ тілі мен дәстүрін сақтауға бағытталған рухани күш ретінде қалыптасты. Мәскеуде білім алған қазақ жастарының бастамасымен құрылған бұл ұйым Қазақстанның әр аймағындағы жас суретшілерге, ақын-жазушыларға, ойшылдарға үлкен әсер етті. Олар өнер арқылы тек көркем бейнелерді ғана емес, ұлттық сана мен азаттық идеяларын жеткізді.
Бүгінгі таңда заманауи қазақ өнері «алпысыншы жылғылар» дәстүрін жалғастырып, ұлттық болмысты жаңаша қырынан зерттеумен айналысады. Дәстүр мен жаңашылдықтың, жеке еркіндік пен қоғамдық жауапкершіліктің арасындағы тепе-теңдікті іздеу – бүгін де өзекті. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ бейнелеу өнеріндегі алпысыншы жылдар феномені XXI ғасырда да шығармашылық шабыттың және көркемдік дамудың маңызды катализаторы болып қала бермек.
Санжар Сырғабай