Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:08

Жылына 2 мың техника: Таразда ірі ауыл шаруашылығы зауытының құрылысы басталды

1
Фото: ашық дереккөз

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Тараз қаласының индустриялық аймағы алаңында ауыл шаруашылығы техникасын шығаруға маманданған жаңа кәсіпорынның құрылысы бастау алды.


 Зауыттың іргетасын қалау рәсіміне ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты.

Жобаның инвесторы – «Kaz FM World agriculture machinery» ЖШС (Nuode Network Technology Co., Ltd, Қытай). Өндіріс алаңы бес гектарды алып жатыр. Мұнда тракторлардың сан түрін, сонымен қатар тіркеме жабдықтарын шығару көзделіп отыр. Құрылысқа салынған инвестицияның жалпы көлемі 10 млрд теңгені құрайды. Зауыт іске қосылғаннан кейін жыл сайын 2 000 бірлікке дейін техника шығарылып, 55 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туады.

– Отандық машина жасауды дамыту – аграрлық сектор үшін шешуші мәнге ие. Өзімізде өндірілетін техника шаруаларымызға заманауи құрал-жабдықтарды қолжетімді етіп қана қоймай, ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп, өндірістік әлеуетін кеңейтуге жол ашады, – деді өңір басшысы.

Айта кетейік, биылғы жылдың сегіз айында облыстың негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 391,7 млрд теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 32,4 пайызға артты.

Жамбыл облысының инвестициялық қоржынында 2028 жылға дейін жалпы құны 3,2 трлн теңгеден асатын 62 жоба қарастырылған. Олардың жүзеге асырылуы 6,3 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
2025 жылы құны 161 млрд теңгені құрайтын 26 жоба іске қосылып, нәтижесінде 1,1 мыңға жуық жұмыс орны құрылмақ.

Тегтер: