Жылыту маусымына 8,6 млн тонна көмір қажет

Күз ортасы жақындады. Елдегі қысқы маусымға дайындық қызып жатыр. Соның ішінде жылыту маусымы мен отын мәселесі әрдайым өзекті. Көмір мәселесі де басталып кеткен. Қазақстандағы алты өңір жылыту маусымына қажетті көмір қорын дайындап үлгермей, әбігерге түсуде.
Бұл туралы өнеркәсіп және құрылыс министрлігі хабарлаған. Алдағы жылыту маусымына жалпы көлемі 8,6 млн тонна көмір қажет. Оның ішінде 2,3 миллион тонна коммуналдық-тұрмыстық қажеттілікке, 6,3 миллион тонна көмір халыққа керек. Жылыту маусымына дайындық басталғалы шамамен 1 млн тонна көмір жеткізілген. Бұл – жылдық жоспардың 12 пайызы.
Ал көмір жеткізіп үлгермей жатқан өңірлер – Абай, Қызылорда, Қарағанды, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстары және Астана қаласы. Бұл орайда ұйымдастыру шаралары мен жеткізу ісінің сапасы маңызды. «Қазақстан темір жолы» АҚ және көмір өндіруші кәсіпорындар жоспарға сәйкес өңірлерге көмірдің қажет көлемін жеткізуге дайын екендерін мәлімдеген. Ал өткен жылы бәрі жоспар бойынша жүрген еді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша 112,7 млн тонна көмір өндірілген, оның 9 млн тоннасы халыққа және коммуналдық қажеттіліктерге, 65,9 млн тоннасы энергия және жылу өндіруші кәсіпорындарға, 5,9 млн тоннасы өнеркәсіп кәсіпорындарына берілген болатын. Демек, барлық сұраныс қанағаттандырылған.
Негізінен, Қазақстанда көмірге деген сұраныс жоғары екені белгілі. Еліміздегі электр энергиясының 70 пайызы, коксхимиясы өндірісінің 100 пайызы, коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халықтың отынға деген сұранысы толығымен көмір саласына тәуелді. Сәйкесінше, көмір өнеркәсібі де дамыған. Ол халық шаруашылығындағы және минералдық-шикізат кешеніндегі базалық қажеттілікке айналған. Себебі көмір энергетиканы, металлургияны, химия өндірісін, өнеркәсіптік және коммуналдық қазандықтарды, ауыл шаруашылығын, халықты отынмен қамтамасыз етіп отыр. Одан бөлек, қазба көмірді өндіру және өңдеу жағы да қарқын алуда. Жалпы, Қазақстан – көмір өндіретін әлем елдердің ішінде лидер. Бірақ соған қарамастан, ел ішінде көмір тапшылығы мен көмір бағасының тұрақсыздығы байқалып жататыны да жасырын емес. Мәселен, 2017-2018 жылдары халық көмір іздеп сабылды. Көмір тапшылығы бірде саябырсып, бірде өршіп, жағдай түсініксіз сипат алды. Алыпсатарлардың қалтасы қалыңдап, жұмыстары жүрді... Әрине, жағдай тез арада қалпына келді. Оны бірқалыпты ұстап тұру үшін өткен жылы қыркүйекте көмірді автомобиль көлігімен экспорттауға тыйым салынды. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мәлімдеп, шектеу қойған. «Уақытша шектеу тұрғындар мен коммуналдық және әлеуметтік нысандарға арналған көмірдің шекаралас өңірлерге автокөлікпен тасымалданып, қатты отынды көршілес мемлекеттерде қайта сату үшін шығарылған фактілердің анықталуына байланысты енгізіліп отыр» деді олар. Министрліктің бұл шешімі жергілікті көмір тиеу тұйықтары мен өңір әкімдіктерімен бірлесіп жасалды. Ондағы мақсат – 2022-2023 жылдардағы жылу беру маусымы кезеңінде көзделген межені орындау және елдегі көмір тапшылығын жою.
Бұдан бөлек, бағаны бақылау жағы да жіті назарда. Алайда көмір бағасының оның өндірілген аймағына байланысты әртүрлі болуы да заңды. Мысалы, өндіріс орнындағы өндірістік ерекшеліктер әсерінен оның өзіндік құны өзгеріп тұрады. Оған кен орнының тау-кен геологиялық жағдайлары, өндіру технологиясы, механикаландыру кешені, игеру жүйесі және басқа да факторлар әсер етеді. Тағы құрал-жабдыққа, электр энергиясына, отынға, әлеуметтік міндеттемелерге кететін шығындар да көмір өндірудің құнына кіреді. Оған қоса, оны сату, тиісті аймаққа жеткізу, жалға алу құнына, теміржол тұйықтарына, қызметкерлердің, жұмысшылардың жұмысына, көмірді түсіруге және тиеуге арналған техникаға кететін шығындар да бар.
Осы шаралардың бәрін ұйымдастырып, қысқа қамданып жатқан өңірлер де жоқ емес. Мәселен, Алматы облысы халықты көмірмен қамтамасыз ету шараларын күшейтуде. Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлағандай, биыл халықтың көмірге деген қажеттілігі 714,3 мың тоннаны құрайды. Бұл сұранысты қанағаттандыру мақсатында «Қазақстан Темір жолы ҰК» АҚ-мен бірлескен жұмыстар жасалып жатыр. Соның ішінде көмір тасымалдау жоспары бекітілген, жылжымалы құрамды қамтамасыз ету үшін ҚТЖ және көмір кен орындарымен келісім жасалған.
Алматы облысына Шұбаркөл кен орнынан – 414,1 мың тонна, Қаражыра кен орнынан – 238,5 мың тонна көмір жеткізіледі. Тағы Райымбек ауданында орналасқан «Ойқарағай» көмір кен орнынан 61,7 мың тонна көмір алынады. Бұл кен орны Райымбек және Кеген аудандарын толықтай қамтамасыз етеді. Ондағы қара алтынның бағасы тоннасына – 8500 теңге, ал жеткізу халықтың өз есебінен жүзеге асырылады. Жеткізу мәселесінен бөлек, оны сақтау жағы да бар.
«Облыс аумағында көмірді сақтау және сату үшін 55 нысан, оның ішінде 35 тұйық және 20 қойма, 49 өңірлік көмір операторы жұмыс істейді. Халықты көмірмен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында өңірлік операторлар көмір кен орындарымен келісімшарттар жасаған. Қазіргі уақытта 156,4 мың тонна, яғни 1352 вагон көмір жеткізілді. Тұйықтарда көмірдің бағасы тоннасына 18 500-23000 теңге аралығында. Қоймаларда 65,3 мың тонна көмір қоры жинақталған. Ал әлеуметтік нысандарға тоқталып өтер болсақ, жалпы қажеттілік 4,4 мың тоннаны құрап, осы көлемдегі көмір толығымен жеткізілді. Тамыз айының соңында көмір тұйықтары мен өңірлік көмір операторлары тексеріліп, жаңа операторлар тізімі әкімдіктің сайтында жарияланбақ.
Алдағы жеткізу ісі бойынша, теміржол тұйықтары жоқ – Балқаш, Кеген, Райымбек аудандарына көмір автокөлікпен жеткізіледі. Бұл аудандарға ең жақын темір жол тұйықтары 150-200 км қашықтықта орналасқандықтан, көмірдің құны 30 000-35 000 теңгеге дейін жетуі мүмкін. Халықты көмірмен қамтамасыз ету облыс әкімдігінің қатаң бақылауында және күнделікті мониторинг жүргізілуде», – дейді Алматы облыстық әкімдігінің баспасөз хатшысы Жанна Арынбекова.
Алматы облысы
Ақжол Мейірбек