Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
05:00, 01 Қазан 2020

Жиырма жыл бұрынғы жеміс

None
None

2000 жылы15 қыркүйек пен 1 қазан аралығында жасыл құрлықта XXVII жазғы олимпиада ойындары өтті.

  Жиырма  жыл. Ол да көзді ашып-жұмғанша өте шығатын қас қағым сәт екен ғой. Отыз бірге енді толған шағымыз. Сөзіміз оқтай болмаса да көзіміз шоқтай жанған кезіміз. Іздегеніміз – спорт, күткеніміз – жеңіс еді. Қазақтың бір ұлы немесе бір қызы жылт етіп көріне қалса, шашбауын көтеруге ұмтылып, соның медаль алған күнін күтумен жүретін едік. Алланың жазуы щығар, Тәуелсіз Қазақстанның командасы жарысқа барып, барынша табысқа кенеліп жүрді. Қыркүйек айының тура ортасында жұмыр жердің жарамды спортшылары жасыл құрлықты бетке алғаны да әлі есте.

  Тура жиырма жыл бұрын Қазақ спорты Сиднейде олжа салды! Сағынбасыңа қоймайтын сағым жылдар екен ау. Барон Кубертен сөзінен кие кеткелі қашан. Ең бастысы, қатысу емес, топ жару болып кеткен Олимпиада ұраны. Қазақстан құрамасы төрт жыл салып келетін кешенді сынға тыңғылықты дайындалды. Біз соның куәсі едік. Жаттығудағы балуандардың бабын байқап, келесі күні боксшыларды іздеп баратынбыз.  Бас бапкердің бәрі – аға, спортшының бәрі – іні. Тонның ішкі бауындай жарасу деген – сол болар. Енді бірде, Сергей Федорченко  секілді жекелей сында жүлде алуы мүмкін үміттерге де үкі тағысамыз. Федорченко демекші, Сергей Валерий Люкин секілді олимпиада чемпионы шыққан еддің өкілі. Оның да шоқтығы биік еді. Бірде, халықаралық турнирде топ жарды. Алматыда өткен.  Бас бәйге алғанын білсе де, Сергей төрешілер отырған тұсқа келіп, өз наразылығын білдірді. Таңғалатын нәрсе емес пе, қазылар үздік деп танып тұр. Чемпиондық тұғырға шығады, алтын медаль тағынады. Тағы не керек? Федорченконың өзі былай дейді: «Дұрыс қой. Алтын медаль менікі. Өзгелерінен қара үзіп кеттім. Бірақ  бағалауда бәрібір кемшілік болды. Менің орындауымдағы жаттығу өте күрделі еді. Әрі оны бағалау басқаша жүреді. Базалық бағалауды айтамын. Төрешілер соған мән бермеді». Ойланып қалдық. Өзіндік шеберлігін бағамдай алатын жігіт. Ендеше Федорченко Сиднейде неге топ жармауы керек? Қолдары қалт еткенде, қайрақ ұстап жүгіреміз әлгі үмткерлерге. Қайрауымыз керек деп ойлаймыз ғой. Керемет кез еді.

  Қазақ елі Жасыл құрлыққа үлкен қоржын арқалап баратыны анық. Бірнеше спорт түрінен медаль алуды  жоспарлаған. Бокс пен күрестен бөлек, жеңіл атлетика мен велоспорттан, спорттық гимнастика мен ауыр атлетикадан жүлде күткен едік. Спорт майданының көрігін қыздыру үшін лек-легімен аттанып жатқан спортшыларды Алматы әуежайынан шығарып саламыз. Жеңіл барып, ауыр қайтуларын аңсайтынымызды айтамыз. Бәрі бастарын шұлғиды. Келіскендері ол. Кейбіреулері Сиднейге тіке ұшпай, Еуропа арқылы баруды ойлапты. Мысалы, боксшылар. Бас бапкер Тұрсынғали Еділов Италия құрамасымен бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізуді жөн көрген. Бүгінгідей байланыс дамыған заман емес. Олар орналасқан қонақүйдің телефонына тыным бермейміз. Тұрсынғали Нұржақыпұлының мазасын алған шығармыз. Шыдамды кісі ғой. Ресепшннен реттелетін қоңырауға қоңыр даусымен үн қатады.

  Аманжол аға Бұғыбаевтың да пікірін сұрап тұрамыз. Тым жиі. Кейде «Екі-үш күнде не өзгере қойсын» деп күледі. Оған біз мәз боламыз. Маманның көңіл күйі керемет. Демек, балуандар да жақсы дайындық көруде. Атланта олимпиадасының қола жүлдегері Мәулен Мамыров бастаған ұлттық құрамада Геннадий Лалиев, Ислам Байрамуков секілді балуандар бар. Өзге салмақ дәрежесіндегілер де жақсы күресіп жүр. Грек-рим күресінде де кіл мықтылар жүр. Юрий Мельниченко, Мхитар Манукян, Бақтияр Байсейітов, қай қайсысы да финалдан бері тоқтауды ар санайды. Сондай саңлақтардан үміт күтпеу мүмкін бе?

Су добынан  да тұтас бір топты жарысқа қосатын болдық. Ол да бір телегей табыс саналады. Олимпиададағы командалық ойындардан спортшы апару да абыройлы іс саналады. Триатлон мен таэквондо және батутқа секіру спорты олимпиада бағдарламасына тұңғыш рет енді. Өзгесін білмедік, Дмитрий Гаагтың жұлдызды шағы.  Сол кезде әлемдегі ең үздік спортшылардың біріне баланды. Судан аман шықса, жүгіргендердің талайын шаң қаптыратын, шашасына шаң жұқпайтын жүйріктің нағыз өзі. Одан да үміттіміз. Қысқасы, олимпиада басталғанша, бірнеше медальді тағып алғанымыз анық. Қиялда! Қиял ғана екен ол! Жүрек кеудеге сыймайтын кездеріміз ғой. Кешенді сын алдында елдегі олимпиадалық қозғалыстың ақсақалы Аманша Ақпаевқа сәлем беретін салтымыз бар. Анығында, Аманша Сейсенұлының өзі шақырады. Бұйымтай сұрайды. Қолқа – біреу. Жарыс алдында ашылып, сөйлесе дейміз ғой. Дүние жүзінің спортына жауырыншы секілді қарайтын Сейсенұлының да сәуегейлік қасиеті бар ма, болжамдары шындықтан алысқа кетпейді. Қайран ағалар-ай, қой асығы демейтін!

  Демеді дегенде, АІВА бірінші вице-президенті Бекет ағамның да штаб-пәтеріне барғымыз келеді. Қашанда алдынан кісі үзілмейтін қайраткердің қолы бос кезі аз болады. Тіпті болмайды десе де шындыққа жанасады. Бір білсе, бокстағы пасьянсты Бекет ағам білетінін іш сезеді. Біздің елдің былғары қолғап шеберлері де қазір нағыз кемел шағында. Кез келген салмақтағы спортшының медаль алуы – тым ықтимал. Үш серкені қоспағанда. Данияр Мұңайтпасов пен Олжас Оразалиевтің өздері неге тұрады! Әттең, салмағында кілең арыстандар, әйтпесе түркістандық Бекзат Саттархановтың да мінезі ғана емес, рингтегі қимылы да ұнайды. Жарайды, Болат пен Ермахан, сосын Мұқтархандар топ жарса да тәубе айтамыз. Бекзат, Данияр, Олжас және Нұржан Кәрімжанов секілді жігіттер енді төрт жылдан кейін, Афины шарша алаңын шаңға бөктіреді, әлі!

  Міне, қыркүйектің кезекті кеші! Australia Stadiumге Алматыдан үңіліп, режиссер Рик Берч қойылымын тебірене тамашалап әрі қазақ еліне әңгімелеп, Кэти Фрименмен бірге толқып, генерал-губернатор Уильям Дин 27 ойындар ашық деп жариялағанда, ХОҚ президенті Хуан Антонио Самарнчпен жарыса жымиып, Сидней олимпиадасын ұйымдастыру комитетінің төрағасы Майкл Найтпен бірге шаттанып едік. Басталды! Кезекті жазғы олимпиада басталды!

  Содан күн артынан күндер өтті. «Хабар» агенттігі ресми көрсетушілер санатында. Рұқсатты сатып алғанбыз. Күнінен бірнеше сағат тікелей эфирде олимпиада көрсетеміз. Артынша талқылаймыз. Алдымен, Диас аға Омаровпен. Кейін мамандармен. Біз күткендей емес. Қабағымыз түсіңкі. Медаль жоқ өйткені. Мысалы, Дмитрий Гааг. Суға түскенде көз жазып қалдық. Малтуды біледі ғой, тіпті қарсыластарынан қалып қойса да, жүгірген кезде қуып жетіп, басып озады. Шықты-ау, судан! Екпіні қатты ұл тауға қарай зымырағанда, бәрінің алдына түсетіндей еді. Тіпті талайынан озды да. Міне, мына бір бұрылыста бәрінің алдына түсті. Кемі – бір медаль! Бәлі, енді ол сәл сылбыр тартты. Өрден түсіп келеді ғой, Неге өйтті? Қалғандары қарайлай ма? Кем дегенде үш қарсыласы басып озды. Солай болды да. Гааг мәре сызығын төртінші болып кесті. Қандай өкінішті! Бұған дейін ешкімге дес бермеген Дмитрий Гааг олимпиада ойындарында жүлдесіз қалды. Эфирден кейін біздің де түсіміз бұзылып, өңіміз қашып көңіліміз пәс тартты. Себебін сәлден кейін білдік. Бауыры аурушы еді ғой. Трасса ерекшелігі денсаулығына қатты әсер еткен.

  Ауыр атлеттер залынан да ауыр тыныстап шыққанбыз. Екі жарым келі деген де спортшыға зор салмақ екен ау. Саусағыңыздың ұшына іліп алып та екі жарым келі пиязды үйге дейін әкелуге болады ғой. Мұнда. Сидней аренасында сол екі жарым келі Сергей Филимоновтың тағдырын шешті. Үшінші орында тұрған қарсыласынан сонша ұпай қалып қойып, Қазақстан атлеті төртінші орынды місе тұтты. Өкініш пе? Әрнине! Бірақ төрт жыл салып келетін кешенде сын тек қуаныштан тұратын болса, олимпиаданың еш маңызы болмайтын еді ғой.

  Балуандар сынға түскен бозкілемге де назар аударамыз. Геннадий Лалиев медаль үшін күресуі тиіс. Америка балуанымен белдескен Геннадий 2:2 есебімен тең түскенде жарысты жалғастырады деп шаттанғымыз келген. Алайда төрешілер тосын шешім қабылдап, соңынан қимылдаған, әдіс қолданған Лалиевтің емес, қарсыласының қолын көтерді. Оған не уәж айтасың? Ақталады, ақтап алады қазыны қасындағылар. Қабақ шытумен ғана шектелеміз. Есесіне Ислам Байрамуков ерледі! Моралес Суарес, Марек Роберт Гармулевиз секілді балуандарды баудай түсіріп, финалға шықты! Тек сол жерде сүрінді, ресейлік Сағит Мұртазалиевке қарсы шыққанда. Өйткені жартылай финалда әбден қалжыраған еді. Жаман емес, жақсы әрине! Сағитпен белдесуді айтпаймыз. Исламның еркін күрестен Сидней олимпиадасының жүлдегері атанғаны!

  Дзюдодан да бағынбас белес болса да, алар асуды көздеген едік. Базарбек Доңбай сол асуға жақын барды. Неміс Оливер Гуссенбергті жеңуі немесе испан Оскар Пеньясты сан соқтыруы бізге қатты ұнады. Бірақ Чон Бутеньге келгенде, үні шықпады. Ұтылып қалып, бесінші орынға табан тіреді. Асқат Шахаров та алысқа ұзамады. Сол кездегі әлем біріншілігінің күміс жүлдегері ресейлік Виталий Макаровты жеңгенде марқайып қалып едік. Геннадиий Билодид секілді спортшыға есе жіберіп алды. Руслан Сейілхановтың да аяқ алысы жаман емес еді. Дегенмен жүлдеге жақындай алмады.

  Қайық мінгендердің арасынна Қайсар Нұрмағамбетовті іздеген күндер еді ол. Кілең мықтылардың арасынан жарқ етіп көрінген Қайсар талайға дейін жақсы келді. Тек финалға сәл қалғанда сүрінді. Бұрын қайық салып, жарысқа қатысқан қазақ жоқ  еді ғой. Қайсардың ескек ұстап, сынға араласуының өзі – бір жеңіс. Тұғырдан суға секірушілер арасынан да медаль іздедік. Ирина Выгузова мен Наталья Чикина тоызыншы орынға тұрақтады. Бұл – бір кірпияз спорт түрі. Өз елімізден бір төреші отырғанда не Иринаға, немесе Натальяға жүлде әперу жағы жеңілдер еді. Қарсыластарынан кем түспесе де орындау жағында сәл кемішілік болды дегенді желеу ете салатын қазылар Қазақстан қыздарына тоғызыншы орын да жарайды дескен шығар. Тапаншасын қолға алған Дина Аспандиярованың да жұлдызы аспанда жарқырар ма еді, егер бір-екі оғы ондыққа тигенде. Жаттығулардың бірінде алтыншы орын иеленген Аспандияроваға да сәл дәлдік жетіспей қалды. Спорттың он жеті түрі бойынша жарысқа аттанған 130 спортшымыздың көбі көмеге жетпей сыннан шығып қалып жатты. Ол – заңдылық та. Олимпиадаға мыңнан тұлпар шыққандар ғана қатысады ғой. Сонда да күллі әлем жұмыр жерде Қазақстан аталған мемлекеттің бар екенін біле түсіп, қыз-жігіттерінің дарынды екенін тани түсті. Тіреп секіруде әлемнің үздігі саналған Сергей Федорченконың бесінші орында тұрақтауы біздің көңілді жабырқатқаны бөлек бір әңгіме. Осы тұста сәтсіздіктер жайын айтуды сап тиып, 27 қыркүйекке есен-аман өтейік.

  27-қыркүйек! Сол күннің келгені қандай жақсы болды! Спорт тізгінін ұстаған басшылардың да бар еңбегі зая кете ме деп ойлай бастағанда қыз-жігіттер уыстап медаль жинады! Арада жиырма жыл өтсе де сол күннің сағат, минуты санада тұр. Тіпті өзіміздің де басымыз екі рет бәйгеге тігіліп, агенттіктегі соңғы жұмыс күнін өткеріп жатқанымызды екі рет түйсіндік. Бірі – кедергілер арқылы 110 метрге жүгіретін қыздар финалында. Ұсынған секілді едік. Ұсқынымыз келмеді ме, әлде мамандар Ольга Шишигинаның финалға шығатына сенбеді ме, финалды  көрсету эфирде жоспарланбапты. Жүгіріп, Лариса әпшеге бардық. Бағдарлама директоры Лариса Мацкевичке. Шекеден қарайтын бастық шекесі тырысып отырды ма, кекесінмен қарсы алды. «Сен, не эфир кестесіне өзгеріс енгіз деп отырсың ба? Ол болмайды!». Болады екен. Басты бәйгеге тіксең. Қысқасы, Ольга қыздың жүгіргенін тікелей эфирден көрсеттік. Бағымыз бар екен. Бәйгеден келді. Олимпиада чемпионы атанды! Эфир кестесіне түзету енгізгенімізге ешкім мән бермеді. Бергі жақтағы біз де чемпион едік!

  Тап сол күні боксшылар ширек финал жекпе-жектерін өткізді. Тағы да эфирге қойылмаған. Кешкі бестің шамасы. Ол кезде жаңалық өтеді. Оны қозғау мүмкін емес. ДИП директорына айтып көрдік. Басын шайқады. Өзіміз көре аламыз. Өйткені желі қосулы. Репортаж қорамызға келіп тұр. Тек, елмен бөлісе алмаймыз. Өзімізден ақылдылардан сұрап едік, «Нең бар, жартылай финалға шықса тікелей көрсетеміз», – деп жұбатты. Жұбана салатын біз бе. Ермахан да ширек финалды өмір бойы күткендей қарсыласын сабап жатыр. Және ол кім дейсіз бе? Куба қабыланы – Атланта олимпиадасының күміс жүлдегері Эрнандес! Ерахаң сабап жатыр. Өзімізді сыбап біз жүрміз. Қаңғалақтап куантелге түсеміз. Жаңалықтар эфирге сол жерден тарайды. Рубикжан Яхин эфир режиссері екен. «Тікелей қоссақ қой», – деп күбірледік.

— Не дейсің, – өз ісімен күйбең режиссер бізге бұрылды.

— Ермахан Эрнандесті сабап жатыр.

— Содан?

— Не болушы еді, тікелей көрсету керек!

 - Көрсетпейсің бе енді?

Үміт оты жылт етті. Рубикжан ағам үстіден түскен бізді көріп, басшылар шешімі деп ойласа керек. Мұндай сәттің енді келмейтінін білетін біз технкиа Генаға қарадық. Қарадық та, қосу мүмкіндігін сұрадық. Басын изеген соң жалма-жан студиядағы Қымбатқа,  «Қазір Сиднейді тікелей қосамыз. Ермахан сабап жатыр деп» деп айтып үлгеріп, зулап отырып, бірінші қабатқа көтеріліп, алақандай экранға ентелеп отырғандарды дереу қуып шығып, микрофон тағынып, Яхиннің командасын күтіп отыра қалдық. Рубикжан да баста деп құлаққа айқайлады. Бастап та кеттік. Раунд соңына тақаған екен. Ермахан Ибрайымов жеңіске жетті. Рахат! Тікелей эфирде жекпе-жектің үш-төрт минутын Қазақ елі тікелей эфирде тамашалады. Біздің жанталасты көрген Қымбат бұл финал деп ойласа керек. «Ермахан олимпиада чемпионы атанды» деп сүйінщі сұрапты. Оны дәлізде естідік. «Жындымысың, нені қосып жібердің. Дұрыстап айтпайсың ба? Сенің әлем-тапырық түріңді көріп, финал екен десем, әлі екі жекпе-жегі бар екен ғой». Іс біткен кез. Ашу тарқаған. Ыржиып күле бердік. Сол жерден өте берген Нұртілеу ағам Иманғалиев, «Дұрыс, кем ештеңесі жоқ. Ермахан чемпион болады демек, Алла аузыңа салған шығар» деп бәрімізді шаттандырып қойды. Сол күні кеш қайта Александр Винокуровтың Сидней олимпиадасының күміс жүлдегері атанғанын да жеткіздік. Айтпақшы, ширек финалда аңызға бергісіз тағы екі жекпе-жек өтті. 57 келілік салмақта Бекзат Саттарханов әлем және Еуропа біріншіліктерінде олжа салған Рамазан Палианиді ұтты. Ал ең ауыр салмақта Мұхтархан Ділдәбеков Кубаның дарынды боксшысы, Сидней олимпиадасында алтын медаль алады деген Рубалкабадан басым түсті. Бұл да бір теңдессіз табыс еді. Болат Жұмәділов Арменияның атын шығаруға белсенген Вахтанг Дарчинянның осал тұсын тапты. Олжас Оразалиев күтпеген жерден өзбек Сергей Михаиловқа жол берді.

  Үш күннен кейін Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ибрайымов олимпиада чемпиондары атанды. Болат Жұмәділов пен Мұхтархан Ділдәбеков күмістен медаль тағынды.

Тегтер: