Жоба аясында Алматы қаласы көш бастап тұр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған жолдауында елімізді аумақтық және кеңістік тұрғысынан дамыту тәсілдерін түбегейлі өзгерту керектігін тапсырған еді.
Осыған орай, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасы құрылып, еліміздің әр өңірінде жүйелі жұмыстар басталып кеткен-ді. Әсіресе аталған жоба аясында Алматы қаласы көш бастап тұр.
Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен қалада көптеген мәселелер жүйелі түрде іске асып келеді. Соның ішінде, қоғамдық көлікке қатысты мәселелер, ойын алаңдары мен спорт алаңдарының құрылысы, балаларға арналған үйірмелер мен секцияларды ұйымдастыру және инженерлік желілердің жөндеу жұмыстары, жаңа мектептер салу мен жаяу жүргіншілерге арналған жолдарды жөндеуге қатысты мәселелер ретімен шешіліп, жұмыстар жүргізілуде.
Соған сәйкес, Алматы қаласының қоғамдық кеңесінде қаланы дамытудың басымдықтары мен перспективалары жөнінде арнайы кеңес те өткізілген болатын. Яғни қоғамдық кеңесте қала әкімдігі урбанистер, сәулетшілер мен құрылысшылармен бірлесе отырып, қаланы дамытуға қатысты біршама жұмыстарды талқылап, жоспарлаған болатын. Сондай-ақ қоғамдық кеңесте тұрғындардың 1280-ге жуық ұсыныстары мен түсініктемелері де қаралды.
Аталған кездесуде қала әкімі Ерболат Досаев «Осы ұсыныстар мен сіздердің идеяларыңыздың барлығын тиімді іске асыру «Жаңа Қазақстанды дамытудың кепілі болып табылады. Онда басты мақсаттар біздің азаматтарымыздың өмір сүру сапасын және олардың әл-ауқатының деңгейін арттыру болып табылады» деген болатын. Соған сәйкес, Алматы қаласының дамыту жоспары әлі де қоғамдық талқылаудан өткізіліп, бесінші қыркүйекке дейін қаралу жоспарда көрсетілген.
Ал атқарылып жатқан жұмыстарға келсек, қаланы абаттандыру жұмыстары басталып кетті. Атап айтсақ, Әуезов ауданындағы тас жолдардың беткі жабындары ауыстырылып, оның орнына тротуарлар төселуде. Ал одан бөлек, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасының аясында қаладағы қараусыз қалған құрылыс алаңдарының орнына жаңа саябақ салынатын болды. Одан бөлек, қала әкімі Ерболат Досаев Зерделі ықшам аудан тұрғындарының түйткілді мәселелерін де назардан тыс қалдырмады. Яғни бұрынғы кездесулерде құрылысы бітпеген екі көпқабатты үй бар маңайдың мәселесі тұрғындарды алаңдатқан болатын. Көпшілік қараусыз қалған құрылыс алаңы балаларға қауіп төндіреді деп қауіптенген еді. Енді тұрғындардың өтініші бойынша үйлерді жыл соңына дейін сүрту туралы шешім қабылданып, 30 гектар жер телімінде жасыл саябақ пен балалар алаңын құру жоспарлануда. Сондай-ақ тұрғындардың өтініші бойынша биыл 63 үйдің қасбеті сырланады.
Сонымен қатар қала тұрғындарын тағы бір мәселе – үйлердің қисаюы мен сейсмикалық күшейту жұмыстары аяқталды. Бүгінгі таңда 30 үйдің 23-і нығайтылды.Тағы 7 үйдің жұмысы биылғы жылдың желтоқсан айына дейін аяқталады. Сондай-ақ Зерделі ықшам ауданындағы тұрғындардың өтініші бойынша тамыз айында көше бойындағы көтерілген жаяу жүргіншілер өткелінің лифттерін қалпына келтіру жұмыстары басталады. Ал жауын-шашыннан кейінгі су басу қаупі туындамасы үшін алдағы уақытта жыл соңына дейін 81-ші көше бойында 30 шақырым канал желісі салынады. Және 6 дренаждық коллектор қалпына келтіріледі.