Жобаға жапондық мамандар да көмектеседі

Елімізде кәсіпкерлікті дамыту бағытында мемлекет тарапынан қолға алынып, қабылданып жатқан әрбір жоба ел тұрғындарының әл-ауқатын, өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталады.
Соның бірі –2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға енгізілген «Мен кәсіпкер» құралы.
Сәуірдің 17-сі күні осынау жаңа құралдың таныстырылымы өтті. Бұл шараға «Атамекен» ҚР ҰКП, ҚР Ұлттық экономика министрлігімен қатар Жапонияның «JICA» халықаралық ынтымақтастық агенттігінің өкілдері қатысты.
«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбековтің айтуынша, «Мен кәсіпкер» құралының негізгі бағыттары – «Кәсіпке бағыт» салалық оқыту, «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары» және «Бір ауыл – бір өнім» жобалары.
«Бір ауыл – бір өнім» – аудан және ауылдық деңгейде жергілікті өнімнің «бірегей» түрлерін шығару және өндірушілерді оқытып, консультациялық сүйемелдеу көрсету арқылы өнім сапасын арттыру», – деді Тимур Нақыпбеков. Бұл жоба өткен жылы Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Жамбыл және Қостанай облыстарының 4 ауылында пилоттық режимде іске қосылыпты.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасының негізгі мақсаты – ауылдық елдімекендердегі белгілі бір өнім шығарушы кәсіпкерлерге республика деңгейінде қолдау көрсету. Өнімге деген негізгі талап, өнімді өндіруге кететін шикізаттар сол өңірден болуы тиіс екен.
Бұл жоба бойынша өндірілетін өнімнің көлемі маңызды емес, яғни «айына мың шақты өнім өндіру керек» деген секілді талаптары жоқ. Жылына жүз ғана өнім өндіретін болса да осы жобаға қатыса алады. Шағын бір елдімекеннің кәсіпкері өндіретін өнімге кететін шикізаттардың басым көпшілігі сол елдімекеннен немесе көршілес елдімекендерден болуы керек.
Сонымен қатар ол Ұлттық палата тарапынан ірі және орта бизнеске ғана емес, шағын кәсіпкерлікке де үлкен көңіл бөлінетінін айтты. Соңғы деректерге сәйкес еліміздегі жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлердің саны 1,7 млн бірлікті құрайтынын, онда 3,5 миллионнан астам адам жұмыс істейтінін сөз етті.
«Кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау ел тұрғындарының әл-ауқатын, өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталады деп ойлаймын. Азаматтарымыздың басым бөлігі ауылдық жерде тұратынын ұмытпауымыз керек. Қазіргі кезде қарапайым қажетті заттардан басқа, ауыл мен қала арасында шек болмауы керек. Сонымен қатар қолда бар өнімдерден ішкі нарыққа ғана емес, жақсы бағада экспортқа шығуын қамтамасыз ету керекпіз. Бұл бағытта ауыл тұғындарына қажетті кеңес беру, біліктілігін жетілдіруге көмектесу біздің міндетіміз», – деді ол.
Ал Жапонияның «JICA» компаниясының кеңесшісі Акихис Харагучи бұл жобаның сәтті жұмыс істеуі үшін бес шартты сақтау қажет екенін айтады. Атап айтқанда, адамдарды бір мақсатпен біріктіру – сапалы өнім шығару, ең көп шығарылатын өнімнің жоғары сапасы, лидерлердің болуы, брендтеу жүйелері және жақсы маркетинг.
Биыл «Бір ауыл – бір өнім» жобасын бүкіл Қазақстан бойынша тарату көзделіп отыр. Бұл жобаны іске асыруға жапондық «JICA» мамандары да қол ұшын созуға ниет танытыпты. Бұл ретте қолдау құралдары шеңберіндегі барлық қызмет – техникалық, әдіснамалық, маркетингтік сүйемелдеу және кооперативтер, антенна-дүкендерді ұйымдастыруға көмек өтеусіз негізде ұсынылады екен.