Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:45, 29 Қаңтар 2025

Ырысбек Дәбейдің жаңа кітабы жарық көрді

Тұманды қараша
Фото: Ырысбек Дәбей

«Steppe & World» баспасынан жазушы, ақын Ырысбек Дәбейдің «Тұманды қараша» кітабы жарыққа шықты. Бұл кітапқа автордың әңгімелері мен хикаяты топтастырылған. Әңгімелер – өмірдің сан алуан құбылыстарын әртүрлі жазу тәсілімен өрнектейді.

Хикаят – бағзы заман мен бүгін, бүгін мен өткеннің мәңгілік тақырыбын күй табиғатынан тарқатады. Кейіпкердің естанды хәлі арқылы жоғалған дәуірдің көмескі кескініне, мәңгірген ұрпақ болмысындағы бос кеңістікке үңіледі.

«Ұмсыну мен ұмытылулардың арасындағы өмірдің ұзын-ырғасында жады мен жүректе қалған жалт пен жылтты шебер байланыстырған шығарма. Демнен демге дейін үзілдіріп, үзіктіріп отырады. Нәркес үмітке, нәби сезімге байланған нәзіктік новелласы, іңкәрлік сонатасы. Еркіңнен тыс өмір ағынындағы естанды хәл. Өртжүректің өз күйі. Осы күй махаббат мұғжизасындай сәт пен мәңгіліктің арасында қалған мұт орманына сапар шектіреді, сарсаң кештіреді. Біз қараша тұманына малынған мұт орманына неге тап болдық, не алып кірдік, нені жоғалттық? Кім болып кірдік, кім болып шықтық? Егер мұт орманында махаббатты жоғалтқан болсақ, енді одан шығудың мәні бар ма?», – дейді бұл кітап туралы ақын Ерлан Жүніс.

Мұнда оқиға баяу дамиды, кейде тым ақырын өрістеп келе жатқандай әсер қалдырады. Бірақ уақыт өткен сайын кейіпкерлердің ішкі әлемі ашыла түседі. Сондай-ақ шығармада қазіргі қоғамдағы негізгі түйткілдердің бірі адамдар арақатынасы, оның ішінде ер мен әйелдің байланысы өте нанымды баяндалады. Айнала төңірек сәт сайын өзгеріп, құндылық атаулы жылдам ауысып жатқан қазіргі заманда отбасылық құндылықты, оның ішінде ұлттық негіздегі құндылықтарды сақтап қалу басты мақсаттардың бірі екені анық. Шығармада психологиялық терең сюжеттермен қоса осындай да мәселелер қаузалады. Әрі мұндай мәселені жадағай, жайдақ айта салмайды, кейіпкерлердің тағдыры, олардың өмір тарихы арқылы терең психологиялық дүниелермен байланыстырып жеткізеді.

«Тұманды қараша» хикаяты – адам психологиясының терең қатпарларына үңілген, нәзік иірімдеріне бойлаған шығарма. Бұл шығармаларда терең психологиялық иірімнің ізі анық байқалады. Онда қоғамдық, әлеуметтік мәселелердің адам жанына түсірген салмағы, оның салдары жан-жақты қаузалады. Ал әдебиеттегі психологизмді алғаш рет Ахмет Байтұрсынұлы зерттеді. Ол өзінің «Әдебиет танытқыш» атты еңбегінде: «..толғағанда айтатын нәрсесін толғаушы тысқары ғаламнан алмай, ішкергі ғаламнан алады. Толғаушы ақы нәуелі көңілінің күйін-мұңын, мүддесін, зарын, күйінішін, сүйінішін айтып шер тарқату үшін толғайды. Екінші ішкергі ғаламында болған халдарды, нәрселерді тысқа шығарып, басқаларға білдіріп, басқаларды сол көңілдің күйіне түсіріп, халын түсіндіру мақсатпен толғайды» деп түсіндіреді. Әрине, мұнан кейін де психологиялық шығармалардың жанрлық, көркемдік, стильдік ерекшеліктері тереңдей зерттелді, түрлі тұжырым, пайым айтылды.

«Тұманды қараша» психологиялық романын оқып шыққанымызда психологиялық шығармаларға қойылатын талаптардың мүддесінен шыққанын аңдадық. Ең бастысы, мұнда оқиғаның байыпты баяндалып, кейіпкерлердің мінезі ашылғаны көңіл қуантады.