Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:42, 17 Ақпан 2022

Жоғалса да атың, жоғалмасын - атың

None
None

(қазақ тілінің антонимдеріне арналған жаттығудан)

«Мұртқа өкпелеп жүргенде, сақал шықты» демекші, басқа ат құрып қалғандай, мәжіліс депутаттары жаңа фракция құрып, оны «Жаңа Қазақстан» деп атапты.

2018 жылы Брюссель қаласында қоғамға біршама танымал азаматтардың (Серікжан Мамбеталин, Ермұрат Бапи, Айдос Сарым, Әміржан Қосанов, Әкежан Қажыгелдин, Расул Жұмалы, осы жолдардың авторы, т.т.) бастамасымен құрылған форум «Жаңа Қазақстан» деп аталды. Біздер осы атаумен Қазақстанның барлық қаласында кездесулер өткіздік, Алматыда кеңсемізді ашып, сайттарда жүйелі түрде саяси сараптамалар жасап отырдық. Екі жыл бойы, апта сайын, ютуб каналдан «Jana Qazaqstan» деген атаумен тұрақты түрде түсірілім де беріліп келеді. Алайда, форум, ресми түрде тіркелген жоқ. Сондықтан заңдық тұрғыдан келгенде, ол атауды кез келген саяси-қоғамдық топтар пайдалана алады. Алайда бұл мәселенің моралдық-этикалық жағы да бар екенін ұмытпалық. «Метрикасы» әлі қолға тимесе де, бұл атау – Қазақ елінің саяси өмірінде өзіндік орны бар, қазіргі тілмен айтқанда, брендке айналып, танымал болып қалған еді. Және ең бастысы, бұл атау – бұрынғы, компартиялық, авторитарлық жүйені толығымен өзгертіп, жаңа жүйе, жаңа Қазақстан жасау қажеттігінен туған болатын-ды. Сол атауды ескі жүйенің басшысының пайдалануы, ескі жүйенің заң шығарушы органындағы фракцияның алуы  мәдениетке жатпайтын саяси қателік немесе басқа адамдардың авторлық құқығын сыйламау сияқты әсер қалдырады.   

Бұл жерде мен өзімнің ренішімді айтайын деп отырған жоқпын. 34 жылдық саяси-қоғамдық өмірде талай «қызық» көрдім. (Әлі есімде, 1991 жылдың басында Түркменстанның демократиялық партиясы дүниеге келді. Алайда, Ниязов бастаған бұрынғы коммунистік партияға «демократия» сөзі ұнап қалса керек, олар да Демократиялық партия деген атты алды. Ал шын мәніндегі, демократиялық партияның төрағасы Дұрдымұрат досымды әуелі жындыханаға жатқызып, кейін құртып жіберді. Өлі тірісін ешкім білмейді). Әңгіме қазақ елінің саяси-қоғамдық өміріндегі «атаулар тартысы» немесе «атауларға талас» деген дерттің меңдеп кеткені жайында. Естеріңізде болса, 1990 жылы Қазақстанның Социал Демократиялық партиясы құрылды. 1992 жылы біздер халықаралық Социнтернге мүше болдық. Үш облыста газетіміз шығып тұрды. Алайда, 1994 жылы әділет министрлігіне ресми тіркелуден бас тартып, партиямыздың жұмысын тоқтатуға тура келді. Ал оншақты жылдан кейін өмірге Жалпыұлттық Социал Демократиялық партия келді. Коммунистік жүйеден шыққан оппозициялық партиялардың тағы бірі қазақтың тәуелсіздігі үшін күрескен «Азат» қозғалысының атын алып (Болат Әбіловтің партиясы), көпшіліктің ашу-ызасын тудырды. Ең қызығы, өздерін оппозициямыз деп атайтын топтар «атқа таласу» жағынан талай қызықтарды өмірге алып келді. Олар ат қою арқылы билікпен емес, өздерінің бұрынғы достарымен таласқа түскен сияқты әсер қалдырды. Мысалға, «Ақ жол» мен «Нағыз Ақжолды» алсақ та жеткілікті. Өз басым, енді саяси өмірге «Олардан да өткен нағыз Ақ жол» деген партия келеді деп те ойладым. Мойындауымыз керек, «атқа таласу» қоғамдық ұйымдардың ішінде де орын алды. Біздер 2005 жылы «Ұлт тағдырын» құрғанда, бізбен бәскелес топ «Ұлт тағдыры – ел болашағы» деген қоғамдық ұйым ашамыз деп жар салды. Осы жолдардың авторына баспасөз конференциясын жасап, «ондай ат бар деп, ертең сендерді тіркемей қоюы мүмкін» деп, оларға кеңес беруге тура келді.

Қазір әлеуметтік желіде «Атажұрт» және «Нағыз Атажұрт» деген атауларды көргенде, бұл – балалықтың ауруы ма, әлде атаулар арқылы бір-біріне деген жаулықты білдіру ме деп ойлаймын. Әрине, кейбіреулер оны қырсықтықтан жасайды, ал енді біреулері бұрынғы атауды құртып жіберу үшін немесе халықты шатастыру үшін атқа «таласуы» да ғажап емес. Қазақта сөз жетеді. Сондықтан, басқалардың (әңгіме олардың ресми тіркелгені не әлі тіркелмегенінде емес!) атауына жабысқанша, олардан да артық ат табуға тырысу керек сияқты. Айтпақшы, баяғы заманда да біреудің атына (бұл жерде жылқы деген мағынада) қызыққан бай-манаптар иесіне келіп, сұраған бағасын беріп алып кетеді екен немесе қалап алатын көрінеді. Кейбір мәрт жігіттер алдына келіп, қолқа салған жандарға талай жерде бәйге алған сәйгүліктерін «бетіңді қайтармайын, малдың аты мал ғой» деп, беріп жіберетін көрінеді.

Енді біздің атымызды алған фракция туралы бірер сөз. Меніңше, өте қызық құрылым. Фракция туралы түрлі сөздіктерде 11 анықтама бар екен.   (Мысалы; 1. Фракция, в политике – группа политических деятелей, объединённая сходными политическими взглядами, внутри более широкой организации. 2. организованное объединение членов какой-либо партии в парламенте или другом представительном учреждении, т.т.). Бұл анықтамалардың барлығындағы негізгі ой біреу-ақ. Фракция – бір партияның ішіндегі пікірлес адамдардың тобы. Қазіргі прапорциялық сайлау жүйесі арқылы келген партиялардың өздері – фракция болып саналады. Мүмкін, мәжілістен басқа жерде партияның ішінде, партияның белгілі бір бағытымен не тәсілімен келіспейтін, өз көзқарастары бар топтар (партиялық фракция) болатын шығар, бірақ парламенттегі саяси партиялар парламент отырыстарында бір адамдай дауыс бермесе, партиялық жүйе бос сөз болып қалады. Партиялық тәртіп деген бар. Өздерінің дайындаған заңдарын өткізуге күш салған жағдайда, партия мүшелерінің әр даусы алтынмен тең. «Нұр Отанның» бастамасына «Жаңа Қазақстан» фракциясының мүшесі болып отырған нұротандық қарсы шықпайды деп ойлаймын. Ондай болса, фракция құрып, оны тіркеп, әуреленудің қажеті қанша? Жоғарыдағы анықтамаларда фракция – бір партияның ішіндегі адамдардан тұратын болса, біздің фракциямыз үш партияның мүшелерінен құралған. Оның себебі неде? Негізінен, фракциялар не депутаттық топтар, көп жағдайда, бір мандатты округтен (мажоритарлық жүйе бойынша) түскен депутаттардан жасақталады.

Чеховтың «бірінші актіде ілулі тұрған мылтық пьесаның соңына дейін атылуы керек» деген қанатты сөзі бар. Меніңше, «парламенттік оппозиция» заңы қабылданып, бірақ «Ақ жол» мен «Халық партиялары» қанша күшенсе де ол рөлге кіре алмайтынына, халықты сендіре алмайтынына көздері жеткен билік «парламенттік фракциялық оппозиция» жасауды ойлап тапқан сияқты. Алдарынан жарылқасын дейміз!

      

Тегтер: