Жоғалу алдындағы жыр

Жақаң, Міржақып Дулатұлы 1914 жылы «1904 жылы июнь айының басында Омскіге барғанымда, Абай өлеңдерінің жазбасын алғаш Ахмет Байтұрсыновтан көрдім. Сонда Байтұрсынов айтты: «Естуімше, Абай өз өлеңінің басылып шығуын тілемейді һәм бастыруға ешкімге рұқсат бермейді екен, күз Қарқаралы қаласына барамын, сонда әдейі бұрылып, Абайға сәлем беремін, танысамын һәм өлеңдерін бастыру жайынан сөйлесемін», – деп. Ахметке Абайды көруге нәсіп болмады. Абай өмірі күзге жетпей, сол июньнің 23-інде опат болды» деп жазады.
Абай опатына опына отырып, «оразды жұрттардың бірінің ақыны болса» деп күйінеді, – оның қадіріне жете алмау «зор кемшілігімізді көрсетуге толық жарайды», – дейді.
Қырық жасқа дейін «қыр жуанының баласы» (М.Әуезов) болып, әкеге қолайлы әр алуан қызмет қылып, он үш жасында оқудан ұзап, жиырманың жолында болыс болған Абай, алты жыл асаудың үстінде, он екі жыл өткірдің жүзінде жүрген Абай өлеңіне, тіпті өз атын қоюға құлықсыз болғанға ұқсайды. Сперанскийдің Жарғысы, кейінгі қос ереже – жұрттықтың жөні мен жоралғысын – жүлгені үзген «Жаңа Низам» оны абыржытпады ма, аһ ұрғызбады ма, сол жөнсіздіктің өзінен жол іздемеді ме?! Іздеді. Тапты ма? Тапқаны – айыпшыл ағайын, жалашыл жамағайын, жағадан алғыш жақын, осының бәрі Абайға керек болды ма, жоқ, осының бәріне Абай керек болды. «Ескінің арты», ес болар кісі керек болды. Ессіз заманға ес болам деп жүріп, есіл өмір, елудің үстінде өтті де кетті.
Қырықтан кейін, соның қалың ішінде, қызметтен қол үзіп, жазуға отырды. Жазу мезгілі жақсы анық болған жырларының бәрінің артында үлкен оқиғалар тұрды. Жай отырып, желең күй кешіп, шабытты шақты іздеп жазған жыры жоқтың қасы екен. Әр өлеңнің жазылу мезгілін Абай өмірінің жылдарымен, басынан кешкені, өткергенімен қатар қойғанда қайран қаласың. Ескермеген ғылымы, өзгенің қызметін қылып жүріп, қырқыспен өткен жылдар, тапқан жау, жоғалтқан дос, шиыр жол мен шикі адам, ширатпады да, ширықтырмады да, шау тартқызды. Қырықтың үстінде-ақ өзін қарт көргізді. Елудің үстінде қайғы ойлатты.
Қайғы шығар ілімнен,
Ыза шығар білімнен,
Қайғы мен ыза қысқан соң,
Зар шығады тілімнен.
Қайтіп қызық көремін,
Әуре-сарсаң күнімнен?!
Абай өз заманының қамытынан шығып кетті. Өз заманынан оқырман іздеген жоқ. Жаңа жылдың басына ұмтылды. Оны жоғалтты. Бірақ соның жаңғырығына ұмтылғанын көреміз. Жазғанының басылуын тілемейтін және бастыруға ұлықсат етпейтін қасиет енді бар ма?..
Жырымыз жазылған күні жарық көрмесе жанымыз құбылатын, жүлде ала қалмасақ жүрегіміз бұзылатын, тамам жұртқа таныла қоймадық деп тарынатын шағымыз Абай алдында әділетті емес екенін түсінесің. Абай алдында, әдебиет алдында. Жоғалу алдында тұрып жазылған жыр ғана, бәлкім, ешқашан жоғалмайтын шығар.
«Абайдың аты жоғалуы, мұнан кейін де шығатын Абайлар сондай ескерусіз ұмытылу ықтималы қазақтың жоғалуымен, қазақ атты халықтың ұмытылуымен бірдей» дейді Дулатұлы сол мақаласында.
Абай аты жоғалмады, заман тапты оны, енді тапқанымызды жоғалтпауға жазсын.
Ерлан ЖҮНІС,
ақын