Жоғарғы оқу орындарында қандай волонтерлік қызметтер жұмыс істейді
Волонтер болу, екінің бірінің қолынан келе бермейтін, жүректен шығатын харекет. Волонтерліктің елімізде қарқынды дамып келе жатқанына куәміз. Сонымен қатар, әрбір жоғарғы оқу орындарында бұл волонтерлік кеңінен етек жаюда.
Студенттер арасында да бұл тұлғалық, адамгершілік даму жолындағы әрекет, яғни, студенттер әртүрлі іс-шара, қайырымдылық науқандарын, көгалдандыру т.б шараларын өткізіп, еліміздің жанашырларына айналады. 2020 жылы мемлекет басшысы "волонтер жылы" деп атаған сәттен бастап еріктілер жыл сайын артып келеді. Жыл сайын Тоқаев та жас волонтерлерді қолдап-қуаттап келеді.
"Мен халықаралық ұйымның қызметкері ретінде әлемдік деңгейде волонтерлік қызметке қатыстым. Қазақстанда да волонтерлар қозғалысы жастардың ынта-жігеріне негізделген өте салмақты күш деп есептеймін. Бұл күш, әрине, еліміздің игілігі үшін, халқымыздың игілігі үшін пайдаланылуы тиіс", – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Волонтер деген ең бастысы ісін адал атқарып, ешкімнен ісінен ақы дәметпейтін шынайы жанашыр адам. Кең жүректі, ықыласы мол жандар Волонтерлікпен айналысып жатады. Еріктілерден құрылған топ та әртүрлі болып келеді, мысалға жоғары оқу орындарының волонтерлік топтарын атап айтсақ және олардың түрлеріне тоқталсақ.
Осы орайда әл - Фараби атындағы ҚазҰУ мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ерікті ұйымдарына назар аударалық. Жалпы, ҚазҰУ студенттерінің алғаш оқуға түскен "балмұздақтарының" алдынан қарсы алатындар - осы ұйымдар. Әл - Фараби атындағы ҚазҰУ оқу орнында атап айтсақ, "Көмек" атты ұйым бар екенін студенттердің түгелі дерлік хабардар деп ойлаймын.
Себебі, "Көмек" қайырымдылық ұйымы өте белсенді, сонымен қатар "қолымыздан келмейді", "қиын" сынды керітартпа сөздерді айтқан емес. Мүмкін емес дүниелерді де жасап жүреді, көмек қолдарын қартқа да, жасқа да созатыны сондықтан. Кеңпейілділік деген осы болса керек. Бұл ұйым арнайы қайырымдылық жәрмеңкелерін өткізеді және сол қаражатты мұқтаж жанның еміне я болмаса бір керек-жарағына жұмсап қолғабыс қылады. Меніңше, осындай ұйымдардың арқасында жастарымыздың жүрегі иманға, мейрімділікке, әділділікке толы болады деп ойлаймын.
Сонымен қатар, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық жоғарғы оқу орынында, "Сенім" атты қайырымдылық орта бар. "Сенім" еріктілер тобында студенттер белсенді. Жан-жақтан жиналған студенттердің жүрегі мейрімге толып, қаншама, қазыналы қарттарымыздың көңілін көтеріп, ол кісілермен жарты сағат өткізген уақыттың өзі алтынға бағаланбайтынын жеткізуде. Қалалық ауруханадағы балалар бөлімінде науқастанып жатқан балалардың көңіліне қуаныш сыйлау арқылы, бір сәтке болсын, олардың науқастанып жатқандарын ұмыттырғымыз келеді деп ойыншықтарды таратқан екен.
Қазақ халқы қашанда "жетімін жылатпаған, аялаған" болуына байланысты, кейінгі ұрпақты да сол ізгілікке баулығысы келеді. Осы екі ЖОО-дағы волонтерлік ұйымының атқарған қызметі орасан зор. Балалар үйінде әр мереке сайын мерекелік кештер өткізіп, балаларға жақсы көңіл- күй сыйлаған. Сонымен қатар, тек халыққа ғана қол ұштарын созып ғана қоймай, "тазалық өзімізден басталады" деп, оқу орындарында көгалдандыру шараларын өткізіп тұрады.
Елімізге жанашыр өскелең ұрпақ қатары арта берсін, еліміздің әр жоғарғы оқу орындарында осындай қайырымдылық шараларын өткізуші волонтерлік ұйымдардың бар екеніне қуаныштымыз. Әрі осындай ұйымдардың көбеюін қолдаймыз!
Нұрғали Мөлдір Бақытжанқызы