Жоғарғы сот Назарбаевтың байлығы туралы істі қараудан бас тартты
Жоғарғы сот экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың байлығы туралы істі қараудан бас тартты. Бұл туралы Nege.kz басылымы хабарлады.
Басылым ақпаратынша, қазақстан азаматы Қайыргелді Смағұловтың арызын алдын ала қарау бойынша кассациялық алқа оның Назарбаевтың мүлкі мен активтерін мемлекет пайдасына өндіріп алуға бағытталған талабын одан әрі қарауға негіз жоқ деп тапты.
«Өтініштің дәлелдерін зерделей келе, судья сот актілерін қайта қарауға негіз жоқ деп есептейді», - делінген Жоғарғы соттың қаулысында.
Бұл Смағұловтың экс-президенттің мүлкін мемлекет пайдасына тәркілеуге сот арқылы жасаған үшінші әрекеті болды. Ол Назарбаевтың президент ретіндегі әрекеттері бүкіл адамзатқа қауіп төндірді деп есептейді.
Бұған дейін Астананың ауданаралық азаматтық соты, кейін астаналық сот оның өтінішін қанағаттандырмай тастаған болатын, деп жазады басылым.