Жоғарғы сот Жанболат Мамайдың кассациялық шағымын қабылдаған жоқ
Қазақстан Жоғарғы соты “Қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды” деп айыпталып, алты жылға бас бостандығы шектелген белсенді Жанболат Мамайдың сот үкіміне кассациялық шағымын қараудан бас тартты. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.
9 қыркүйекте Астанадағы сотқа Жанболат Мамаймен бірге оның адвокаты, жақтастары және АҚШ елшілігі мен Қазақстандағы Еуропа одағы өкілдігінің бақылаушылары қатысты. Процесс ашық өтті, алайда сот алқасы журналистерге өздерін түсіруге тыйым салды.
Жанболат Мамайдың адвокаты Ернар Кенжебаев белсендіге тағылған айыптар негізсіз деп, оларды алып тастауды және оппозициялық саясаткерді ақтауды сұрады. Белсендінің өзі Қаңтар оқиғасында жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмағанын, кредиттік амнистия туралы жалған ақпарат бермегенін, билік өкілдеріне жалпы сын айтқанымен, белгілі бір полицейдің атын атап, тіл тигізбегенін айтты.
– Маған тағылған айыптар дәлелденбеді, мен оларды мойындамадым, қазір де мойындамаймын, – деді белсенді сотта.
Жарты сағатқа жуық кеңесу бөлмесіне кеткен сот алқасы бұл уәждер істі кассациялық сотта қарауға жеткізіліксіз деп, Жанболат Мамай мен адвокатының өтінішін қабылдамады.
– Жоғарғы сот шешіміне келіспейміз. Жанболат Мамайдың кінәсіз екенін дәлелдеу үшін жұмыс істей береміз. БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетіне тағы шағым түсіреміз, – деді Мамайдың адвокаты Ернар Кенжебаев.
2023 жылы сәуірде Алматыдағы Бостандық ауданының №2 соты тіркелмеген “Демократиялық партияның” лидері Жанболат Мамайды жалған ақпарат тарату, билік өкілін қорлау және жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру қылмыстарына айыпты деп танып, 6 жылға шартты түрде бостандығынан айырып, сонша мерзімге қоғамдық-саяси қызметпен айналысуына тыйым салған.
Мамай өзіне шыққан үкімнің саяси астары бар деп санайтынын айтқан. Халықаралық ұйымдар оған араша түсіп, Қазақстан билігін тағылған айыптарды алып тастап, белсендіні босатуға үндеген.