Жоғары жақпен келісейік...
Патернализм сөзі латын тілінен аударғанда «әкелік» деген мағына береді. Мемлекеттік деңгейде алып қарайтын болсаңыз, азаматтарының базалық талаптарын қанағаттандырып, оның ақысына оларды өз дегеніне көндіру.
Яғни отбасындағы әке образы ұқсас мемлекеттік басқару стилі.
«Мен сені тудым. Асырадым. Енді мені асыра немесе менің айтқаныммен жүр» дейтін озбыр әкелік келбет. Патернализмнің негізгі мағынасы осы-тын. Дегенмен біздің қоғамда бұл сөз әлеуметтік масылдық мағынасында қолданылып жүр. Президент сөзінен үзіп алсақ: «Қамқоршы мемлекет, белсенділігі төмен азамат». Яғни адамның мемлекетке масыл болып, алақан жаюын патерналистік көңіл күй немесе әлеуметтік масылдық деп атаймыз.
Мойындауға тиіспіз, қазақ қоғамында мұндай көзқарас және осындай жүйе бар. Халық кез келген келеңсіздікке мемлекетті кінәлап, өз жауапкершіліктері жайында ұмытып кетіп жатады. Халықтың бұл көзқарасына, әрине кеңес өкіметін кіналауға болатын шығар. Өйткені халық жаппай жұмыс істеді, ал мемлекет оларды аш қалдырған жоқ. Бастысы, ертеңгі күніне, болашағына сеніммен қарайтындай тәрбиелей алды. Ол қоғамдағы адам қандай жағдайда да өзінің аштан өлмейтініне, өкімет әйтеуір бір жұмыс тауып беретініне сенімді-тін. Нарық заманы мұндай масылдықты көтере алмайтын. Сондықтан халық мемлекеттік басқару және экономикалық модель ауысқан шақта қатты қиналды.
Патерналистік көңіл күйдің қалыптасуына халық танымының да әсері болса керек. Мұндай көңіл күй әсіресе діни немесе дінді қатты ұстанатын мемлекеттерде көп. Тіпті діннің өзі патерналистік жүйе деуге болады. «Сен құлшылық ет. Қалтқысыз сен. Құдай несібеңді айырып береді» дейді көпшілік дін. Әйтеуір, құдай құраттырады ғой. Әрине, жалпы тұрғыда бұл дұрыс шығар, бірақ әрекетсіз ештеңе болмасын да ұғыну керек. Ал әрекет – құлшылық емес-ті.
Еуропа халықтарын дамыған ел ретінде мысал етер болсақ, ол қоғамдағы патерналистік көңіл күйдің төмендігін де осы таныммен түсіндіруге болатын шығар. Өйткені олар өздеріндегі «құдайды өлтірді». Діннен алшақтап, ғылымға ден қойды. Тіпті христиан дініне дейінгі көпқұдайлықтары, тән сұлулығына табынуы – бәрі-бәрі еуропа халықтарының өзіне сенімділігін күшейткен болатын.
Расын айтқанда, мұның бәрі ақталу ғана. Ашығына келгенде халық бойындағы масылдыққа мемлекеттік басқару жүйесін кінәлауға болады. Таным өз алдына, жамандықтың бәрін кешегі өкіметке жауып болдық, енді шындыққа тура қарайық.
Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің «жұртшылықпен байланыс» бөлімінде жұмыс атқардым. Міндетім – музейге келген журналистерді кіргізіп, түсірілім жасауға рұқсат алу болатын. Шаблондық төрт сөйлемнен тұратын хатым бар. Ондағы дата мен журналистердің есімдері ғана ауыстырылады. Күн сайын сол хатты бөлім басшысына апарамын. Ол қызмет бөлімінің басшысына жұмсайды. Ол кісі қолын қойып, директордың орынбасарына жұмсайды. Былай келгенде қызметтік басшылықпен шешіліп кететін іс болатын. Бірақ міндетті түрде орынбасарлармен келісім керек. Өйткені төменгі басшылықтағылардың ешқайсысы өзіне жауапкершілік алғысы келмейді. Міндетті түрде жоғары жақпен ақылдасу керек. Біздегі тұтас мемлекеттік жүйе осы «жоғарымен келісу» керек деген жүйеге негізделген.
Ашық сабақ өтетін мұғалім директормен, директорлар аудандық білім бөлімінің басшылығымен келісіп созылып кете береді. Ал кейбір түкке тұрғысыз шаруалар мемлекет басшысына дейін жетіп жатады. Яғни біздің басшылықтағылардың өзі масыл. Өз істеріне толық жауапкершілік алып, істі жылдам шешуге қабілетсіз. Ал басшылық жауапкершілік алғысы келмеген жерде, қарапайым қызметкердің бойында қандай жауапкершілік болмақ?
Сонымен қатар, масылдық ұғымы біздің қоғамда тек бір жақты қаралып келеді. Мемлекетке азаматтардың масылдығы. Бірақ саяси жүйе халықтың базалық талаптарын орындап, басқа талаптарына құлақ аспай жатса – жұрт бойында масылдық табиғи түрде қалыптасатынын ашып айтқымыз келеді. Өйткені талабы қанағаттандырылмаған әлеуметтік топтың бір нәрсені өзгертуге деген сенімі төмендеп, сәйкесінше белсенділігі де сылбыр тарта бермек.
Таным бар, социализмнен қалған жара да бар. Бірақ дәл осы уақытта, дәл осы қоғамда өмір сүріп жатқан халық та бар екенін ұмытпауымыз керек. Яғни азаматтарының бойындағы масылдыққа бірінші кезекте бүгінгі белсенді билік вертикалі кінәлі екенін ұмытпағанымыз абзал. Өйткені масылдық һәм патернализм – өз дегенін істетін, азаматтар талаптарына құлақ аспайтын мемлекетте пайда болатын құбылыс. Біз емес патернализмнің теориясы осылай дейді.