Жол апаты бойынша Шавкат Рахмоновтың жұбайы күдікті деп танылды
Екі адамның қаза табуына әкелген жол-көлік оқиғасына қатысты қозғалған қылмыстық іс аясында аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмоновтың жұбайы Гулайым Рахмонова күдікті ретінде танылды.
Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша тараптар тергеу материалдарымен танысып жатыр.
Жол-көлік оқиғасы 2025 жылғы 27 шілдеде Алматы – Екатеринбург автожолының 299-шақырымында тіркелген. Алдын ала мәліметке сәйкес, Toyota Land Cruiser 200 автокөлігін басқарған жүргізуші көлікті басқару кезінде рульге ие бола алмай, көлік аударылған.
Оқиға салдарынан екі әйел қаза тауып, жүргізуші мен оның баласы түрлі жарақаттармен медициналық мекемеге жеткізілді. Дәрігерлер олардың жағдайын орташа ауыр деп бағалады.
Кейін Жамбыл облысының полиция департаменті жол апаты болған жерден түсірілген бейнематериалдарды жариялады. Кадрларда аударылған көліктің елеулі зақымданғаны, бір дөңгелегінің бекіткіштен ажырап кеткені және көлік бөлшектерінің айналаға шашылғаны көрінеді.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Жол апатының себептері мен өзге де мән-жайлары анықталуда.