Жол апатын азайтудың жолдары

Елімізде жол-көлік оқиғасы көбеймесе, азаймай тұр. Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігінің ресми есебі бойынша елімізде жол апатынан жыл сайын екі мыңнан астам адам қаза тауып, 19 мыңнан астам адам жарақат алады екен.
Халық саны жиырма миллионнан енді асқан мемлекет үшін бұл өте ауыр көрсеткіш.
Сол үшін жол апатының алдын алу кезек күттірмейтін күрделі мәселе болып отыр. ҚР премьер-министрі О.Бектеновтің төрағалығымен өткен үкімет отырысында ішкі істер министрі Ержан Сәденов жол-көлік оқиғасының басты себептері жайлы айтты.
«Апаттардың өсуіне себептер: бірінші, тіркеу тәсілдерінің өзгеруі. Екінші, автокөліктер санының артуы. Былтырдан бері 608 мыңға дейін көбейді. Үшінші, инфрақұрылымның жағдайы. Төртінші, жүргізушілер тәртібінің сапасы», – деді министр.
30 шілдеде өткен үкімет отырысында осы мәселе кеңінен талқыланды. Жиында Қазақстан жолдарындағы қауіпсіздік мәселелері қаралды. Ішкі істер министрі Е.Сәденов пен көлік министрі Марат Қарабаев өз саласы бойынша баяндама жасады, ал бірқатар облыс әкімі өңірлердегі ахуал туралы есеп берді.
Ресми есеп бойынша, Алматы, Жамбыл және Маңғыстау облыстарында, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында жол-көлік оқиғаларының ең жоғары көрсеткіші тіркелді. Жауапты шенділер елімізде жол апатының саны азаймай отырғанын айтып, дабыл қақты. Мысалы, биылғы жылдың 6 айында мыңға жуық адам қара жолдың үстінде қаза тауыпты. Бұл көңілге кірбең түсіретін статистика екені анық.
«Өңір әкімдіктері бағдаршаммен реттелетін жаяу жүргінші жолдарының санын көбейтіп, қоршаулар мен жарықтандыруды орнатуы қажет. Әсіресе Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Түркістан облыстарында, Алматы және Шымкент қалаларында жұмысты күшейтуді тапсырамын. Барлық жол-көлік оқиғаларының, адам өлімі мен жарақат алу жағдайларының жартысы аталған өңірлерде орын алып отыр», – деді Олжас Бектенов.
Сондай-ақ ол көлік жүргізу мәдениетінің, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің ереже сақтау тәртібінің төмен екенін айтты.
Ішкі істер министрлігі берген есеп бойынша, өңірлер арасында Ұлытау, Жетісу, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Алматы облыстарының трассаларында өлім-жітім деңгейі жоғары болып отыр. Мысал ретінде айтсақ, шілде айында Қарағанды облысы Алматы-Екатеринбург тас жолының жөнделіп жатқан бөлігінде екі апта ішінде 3 жол көлік апаты болып, 9 адам қаза тапқан, одан бөлек, 14 кісі жарақат алды.
Министр Сәденовтің айтуынша, жол жүру ережесін елемейтін азаматтар азаймай тұр.
«Министрлікпен жолдарда тәртіп орнату бойынша үлкен жұмыс жүргізіп жатыр. Басты назар – профилактика. Биыл жол ережесін бұзу 58 пайыз, қарсы жолаққа шығу деректері 70 пайыз артқаны анықталды. Ұсталған мас жүргізушілердің саны 18 пайызға өскен, барлығы әкімшілік қамауға алынды», – деді министр.
Оның айтуынша, мас болып рөлге қайталап отыру фактілері бойынша қылмыстық істердің саны 20 пайыз өскен. Өрескел бұзушыларды құқығынан айыру 2 есе артты. Жолдарда бақылауды күшейту үшін жол ережесін бұзу әрекетін тіркейтін 24 мыңнан астам автоматты камера орнатылған.
Қара жолдағы құқық бұзу әрекеті үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік қатаңдап келеді. Бірақ соған қарамастан ережені елемейтіндер азаймай тұр. Мысалы, биыл жыл басынан бері 6 миллионға жуық жол ережесін бұзу фактісі анықталған, 12 мыңнан астам «мас» жүргізуші ұсталды.
Бәріміз білетіндей, қазір полицейлердің патрульдік автокөліктері жол ережесін бұзғандарды тіркейтін жүйемен жабдықталған. Ішкі істер министрлігі енді осындай жүйелерді маршруттық автобустар, жедел жәрдем көлігі және мемлекеттік автокөліктерге орнатуды жоспарлап отыр. Бұл жоспар жүзеге асса, жол ережесін бұзып, басқалардың өміріне қауіп төндіретін жүргізушілерді аңдитын көз көбеймек.
Үкімет отырысында шенділер баяндама барысында бізді таңғалдырғаны – билік ел аумағындағы жолдардың сапасыз екенін ашық мойындай бастапты. Ішкі істер министрі, көлік министрі және премьер-министр жол апатына сапасыз жол да үлкен әсер ететінін тілге тиек етті. Бұған дейін билік жол-көлік оқиғасына жүргізушілерді ғана кінәлап, өздеріне шаң жуытпайтын. Ал бұл жолы шындықтың бетіне тура қарауға тырысқан екен.
Мысалы, премьер-министр қазір құрылыс жүріп жатқан автожолдардың аяқталмаған жол бөліктерінде қауіпсіздік мәселесі бар екенін айтты. Ол мұндай бөліктерде жол белгілері мен ақпарат қалқандары, уақытша жол таңбаларының болмауы жағдайды қиындатып отырғанына назар аударды. Кей жолда ескерту белгілері дұрыс орнатылмай, жүргізуші оларды байқамай қалатын, мұның соңы жол апатына себеп болатын жағдайлар бар.
Бектенов биыл наурызда Алматы облысында болған жол апатын мысалға келтірді. Оның айтуынша, 2019 жылдан бері құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан Қарағанды-Алматы тас жолында жеңіл автомобиль жүк көлігіне соғылып, төрт адам қаза тапқан. Ал мамыр айында дәл осы жолда болған көлік апатынан тағы 5 адам көз жұмды.
Премьер-министр осы қайғылы оқиғаларды айта отырып, көлік министрлігіне жауапты мемлекеттік органдармен бірлесіп, автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау және күтіп-ұстау кезінде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар қабылдауды тапсырды.
Бұған жауап ретінде көлік министрлігі өз есебін жариялады. Олардың мәліметінше, қазір республикалық маңызы бар жолдарда қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 3 200 шақырым жол төрт жолақты қозғалысқа ауыстырылған. Сондай-ақ бес мың шаршы метрден астам арнайы жолақ, жарықты қамтамасыз ететін 630-ға жуық жол белгісі мен 1230 жол буфері орнатылыпты.
Жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын оқыс оқиғаларды алдын алу мақсатында қалалар мен елді мекендерді айналып өтетін 52 айналма жол және 32 жаяу жүргіншілер көпірі салынған. Оның үстіне жануарлардың жолға шығуын алдын алу мақсатында мың жарым шақырым қоршау мен 319 мал айдау өткелдері салыныпты. Министрлік биыл жалпы 12 мың шақырым жол жөнделетінін хабарлады. Оның 7 мың шақырымында жөндеу жұмысы толық аяқталыпты.
Ал ішкі істер министрінің жол сапасына қатысты есебі бұдан да күрделі болды. Оның айтуынша, жол апатын азайтатын басты шешім – қауіпсіз жол инфрақұрылымын құру. Халықаралық тәжірибе сапасыз жолдың апатқа тікелей әсері бар екенін дәлелдеген.
Министрліктің есебіне сенсек, қазір республикалық жолдардың үш пайызы ғана қауіпсіздік талаптарына сай келеді екен. Біздің ойымызша, бұл өте төмен көрсеткіш. Кең-байтақ қазақ даласындағы мыңдаған шақырым жолдың үш пайызы ғана қауіпсіз деген өте қорқынышты статистика деп есептейміз.
Сәденовтің айтуынша, осындай жолдар жөнделген соң адам шығыны бірнеше есе азаяды. «Мысалы, 2006 жылдан бастап қарасақ, Астана-Щучинск тас жолында адам шығыны 75-тен 12-ге азайды. Ал Астана-Теміртау трассасында 30-дан 18-ге азайды. Басқа да мысалдар жетерлік», – деді министр.
Оның айтуынша, қала сыртындағы жолдар үлкен қауіп төндіріп отыр. Олардың қазіргі жағдайы ауыр апаттарға себеп болады. Бұл жүйелі проблема жол қауіпсіздігі аудитін жүргізу кезінде анықталған.
Еліміздің көп өңірінде қала сыртындағы жолдар ені 7 метр болатын екі жолақты болып келеді. Мұндай трассаларда бетпе-бет соқтығысу және аударылу оқиғасы жиі болады. Оның үстіне елді мекендердегі инфрақұрылым мәселесі де өте өзекті болып тұр. Жол апатының 85 пайызы осындай жерлерде болады екен.
Ішкі істер министрлігі бұл проблеманы шешудің ең тиімді жолы – шұғыл түрде төрт және одан да көп жолағы бар алты мың шақырымнан астам жол салу деп біледі. Әсіресе Атырау, Ақтөбе, Орал, Өскемен, Семей, Қарағанды, Жезқазған, Қызылорда, Павлодар және т.б. өңірлерде жолдарды кеңейтіп, I және II техникалық категорияға ауыстыру жол қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
Ал ҚР ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев жол қауіпсіздігін арттыру үшін қандай шаралар қажет екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, талдау нәтижесінде елімізде бағдаршаммен реттелетін алты жүзге жуық өткел, жүз мың метрден астам жаяу жүргіншілер қоршауы, он бес мың шақырым жарықтандыру және алпыс мың шақырымға жуық тротуармен жабдықтау қажет екені анықталған. Үкімет отырысында айтылған осы мәселелер дер кезінде шешілсе, қара жолдағы қаза саны азаяды деп сенеміз. Әйтпесе, жылына екі мың қазақстандықтың тағдыры темір тұлпардың дөңгелегіне тапталып жатыр. Бұл – үлкен трагедия. Оның алдын алуға шұғыл кіріскен жөн.
Қуан Өмірхан