Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:00

Жол апатына жүргізушілерді кінәлап отыра берейік

1
Фото: ЖИ

Қазақстан жол апатынан көз ашар емес. Соңғы бес күннің өзінде ел көлемінде үш ірі жол апатынан 25 адам көз жұмды.

11 қыркүйек күні Маңғыстау облысы Қарақия ауылында болған жол апатынан 10 адам қайтыс болды. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Toyota Hiace маркалы автокөліктің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, көлік жол шетіне аударылып кеткен. Оқиға орнында көлік ішіндегі 8 адам көз жұмса, екі адам ауруханаға апара жатқан жолда жан тапсырған. Жүргізушімен екі жолаушы түрлі жарақат алып, ауруханаға жатқызылған. Полиция департаменті оқиғаның мән-жайы анықталып, қылмыстық іс қозғалғанын жеткізді.

13 қыркүйек күні «Қарағанды-Аягөз-Бұғаз» автожолында Ford Mondeo көлігінің жүргізушісі рұқсат етілмеген орында қарсы бағытқа шығып, Changan көлігіне соқтығысқан. Салдарынан бес адам қаза болды. Ал 14 қыркүйек күні Жетісу облысында болған жантүршігерлік жол апатынан 10 адам көз жұмды. Оқиға «Алматы-Өскемен» автожолының 479-шақырымында орын алған. Оңтүстікке қарай кетіп бара жатқан Nissan Cefiro көлігінің жүргізушісі қарсы бағытқа шығып, Lada ВАЗ көлігіне соқтығысқан. Одан кейін Chevrolet Cobalt көлігіне соғылған. Оқыс оқиға салдарынан Nissan Cefiro көлігінің жүргізушісі, Lada ВАЗ көлігіндегі төрт адамның біреуі және Chevrolet Cobalt көлігіндегі сегіз адам (бес адамдық көлікте сегіз адам болған) түгелдей көз жұмған. Кейіннен Nissan Cefiro көлігінің жүргізушісінде жүргізуші куәлігі болмағандығы анықталды.

Мұның бәрі айналасы үш күнде болған жол көлік апаты. Айдың күннің аманында 25 азаматымыз жол апатының салдарынан көз жұмды. Ресми статистика «биыл Қазақстанда орта есеппен әр ай сайын 180 адам қайтыс болған» дейді.

Ал 2025 жылдың алғашқы 8 айында 1 440 адам жол апатынан мерт болыпты. Бұған дейінгі жылдарда да статистика мәз емес, ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2023 жылы ел көлемінде 2 543 адам, ал 2025 жылы 2 579 адам жол апатынан көз жұмған.

Әдетте ірі жол-көлік апаты болған соң құзырлы органдар мәлімдеме жасайды. Онда жол апатының мән-жайы жіті тексеріліп жатқаны, «алдын ала мәлімет бойынша» көп жағдайда жол апатына жүргізуші кінәлі екені айтылады. Бұл жолы да дәл солай болды. Алдымен ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ғалым Сарғұлов мәлімдеме жасады. Ол жол көлік апаттарының жылдамдықты арттыру, қарсы бағытқа шығу секілді ереже бұзушылықтың кесірінен болғанын айтты. Сондай-ақ ендігіде бақылаудың күшейтілетінін жеткізді. Ал қалааралық жолдарға жауапты «Қазавтожол» ұлттық компаниясы жол апаттарына жолдың сапасы кедергі келтірмегенін, «бәрі талапқа сай екенін» айтып, мәлімдеме жасады.

Әрине, жол апатына көп жағдайда жүргізушілердің жазықты болатыны рас. Әсіресе жылдамдықты асыру, рұқсат етілмеген жерде қарсы бағытқа шығу секілді тәртіп бұзушылықтың ақыры қайғылы оқиғаға ұрындырып жатады. Дегенмен жиі болатын, кісі өліміне алып келетін жол апаттарының түпкілікті себебі жүргізушілерде деп мәселені жаба тоқуға да болмайды.

Қоғамда жол апатының жиі туындауының бір себебі сапасыз жол делінеді. Мұны сарапшылар да жоққа шығармайды. Мысалы, жол сапасы жөніндегі сарапшы, қоғамдық белсенді Азамат Мүсілов Azattyq.org сайтына берген сұхбатында жол апатының жиі болуы жол көлік министрлігінің, ішкі істер министрлігінің жол сапасына, жолдың кауіпсіздігіне қатысты нақты жұмыстар атқармағанының кесірі дейді. Сарапшының сөзінше, әдетте жол көлік апаттарының 75–80 пайызы жолдың сапасыздығынан туындайды. Мұның басты себебі – жолдың әу баста сапасыз салынуы, қыстыгүні қардың дер кезінде тазаланбауы.

Қазақстандағы жолдың сапасыздығы туралы жиі айтылады, оны өзіміз де көріп жүрміз. Мысалы, 16 қыркүйек күні кешкісін Алматыда қалың нөсер жауды. Осыдан соң тау жақтағы көшелердің бірінде асфальт опырылып, тұрақта тұрған көліктердің жартылай жер жарығына түсіп кетті. Ал 17 қыркүйек күні таңертең Ясауи көшесінің бойынша жолаушылар автобусының опырылып ойылған асфальтке түсіп, жүре алмай қалды. Дәл осы Ясауи көшесін бекітіп қойып, ала жаздай жөндеді. Ескі асфальтін қырып тастап жаңасын жапты, бұған тіпті көп уақыт та болған жоқ, алайда бір нөсерден соң опырылып түсті.

Ясауи көшесіндегідей жағдай еліміз көлемінде жиі ұшырасады. Жолдың бүгін салынып, ертең опырылып түсуінің негізі себебі – техникалық қадағалаудың жоқтығы. Яғни заңбұзушылық. Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы соңғы бес жылда нысандарда техникалық қадағалау болмаған 500-ден астам жағдайды анықтаған. Бұл туралы биыл 23 мамырдағы үкімет сағатында сенат депутаты Әлібек Нәутиев айтқан. Ең сорақысы, 2023–2024 жылдары бес нысанға бір маманның бір мезгілде, әртүрлі аймақтарда «жұмыс істеген» 130-дан астам жағдай тіркеліпті. Сонда бір маман бес нысанда (әр түрлі аймақта) бір уақытта қалай жұмыс істейді, демек, ең кемінде бес нысанның төртеуі мамансыз жұмыс жүргізді деген сөз.

Енді мынаған назар аударыңыз, біздің елде қандай да бір жол жөндеу жұмыстарына қатысты заңбұзушылық тіркелсе де оған қатысты азаматтар ешқандай жауапкершілік арқаламайды. Себебі қолданыстағы заңда бұл қарастырылмаған. Сондықтан бәріне жүргізушілерді кінәлап отыра береміз.

Ең ауыры – жол апатынан қаза болған қазақстандықтардың саны жай ғана статистика болып қалғаны. Асса, облыстық ПД басшылығы мәлімдеме жасайды, сараң ақпарат таратады. Ал оның әлеуметтік, техникалық себебіне бас қатырып жүрген ешкім жоқ.

Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ

Тегтер: