Жол сапасы жолаушының уайымы

Өткенде Жалағаш ауданы Ақсу ауылының тұрғындары жаңа салынып жатқан жолға шағымданып, сапасын өздері тексеріп, біраз кемшілікті анықтады.
Жалағаш кентімен байланыстыратын аралық жолдың құрылыс жұмыстарына көңілі толмаған ақсулық тұрғындар күрек-қайласын алып, қалай болса солай жүргізіліп жатыр деген жолды тексеріп көрді. Айтуларынша, жол салатын арнайы техникаларсыз мердігердің жұмысшылары асфальтты арбамен тасып, смоласын қолдап құйған.
– Мердігердің ешқандай техникалары жоқ. Смоланы техникамен емес, 200 литрлік бөшкемен тасып жүр. Осымен әкеліп, 2,5 км-ге қолдап төгіп жатыр. Катогы да мына асфальтқа сай келмейді. Кішкентай бір тонналық каток. Негізі 3,5 тоннадан жоғары болу керек немесе 5,8 тонналық болу керек. Ешқандай техника жоқ, бұдан қандай сапа болады, – дейді ақсулық Сәкен.
«Мұндай бассыздықты бақылайтындар қайда», деп ашынған жұртқа жол салушылар «құрылысты барынша сапалы жүргізіп жатырмыз» деді.
– Шұңқыр, ойдым жолдарды жөндеу (ямочный ремонт) болған соң смола қолмен құйылады. Бұған үлкен техникамен құя алмаймыз. ГПС-мызды төсеп, жұмысымызды бітіріп отырмыз. Енді жабу ғана қалып тұр. Заказчик қалған қаражатты алып келсе, асфальтты жайып тастаймыз, – дейді жолға жауапты «Транссервис» ЖШС инженері Тимур Әбдірайымов.
Аудан мен ауылды байланыстыратын бұл жолдың орташа жөндеуіне бюджеттен 76 миллион теңге бөлініпті. Мердігерге әзірге 20 миллион теңгесі аударылған. Келісімшарт бойынша аудандық маңызы бар жолдың жөндеу жұмыстары аяқталуы тиіс. Тапсырыс беруші тарап құрылыс мерзімінде сапалы аяқталмаса мердігерді сотқа береміз деп отыр.
– Мердігер мекеменің айтуынша, қазіргі таңда материалдар, яғни битум жетіспейді. Дегенмен біз қатаң ескерту бердік. Егер мерзімінде аяқтамайтын болса, ауданаралық экономикалық сотқа шағым түсіретін боламыз, – деді Жалағаш аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің маманы Асхат Сабырбек.
Биыл Жалағаш ауданында автожолдарды жөндеуге 2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Дегенмен кейбір мердігерлер жолдың сапасы мен пайдалану мерзіміне салғырттық танытып жүр.