Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:10, 12 Қараша 2024

Жол жүру ережесі және 15 мың бейнебақылау камерасы

1
Фото: ашық дереккөз

Өткен аптада Жетісу облысында алғаш рет облыстық цифрлық технологиялар басқармасы мен Jetisu Digital IT-хабының ұйымдастыруымен цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері күніне орай Digital Jetisu Forum цифрландыру форумы өтті.

 Форум саладағы инженерлердің, IT-сарапшылардың, әзірлеушілердің, сала көшбасшыларының басын қосты. Бұл шара аймақтағы цифрлық саланы дамытудың негізгі тақырыптарын талқылауға арналған жаңа алаңға айналды. Атап өтсек, облыста көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 96 пайызы автоматтандырылған, облыстың елді мекендерінің 95,2 пайызында интернет жеткізілген, бұл ретте облыс орталығы – Талдықорған қаласында 5G желісі үшін 13 базалық станция орнатылған.

Шараға өңір басшысының атынан келген облыс әкімінің орынбасары Д.Есдәулетов бұл шараның заманауи шешімдерді жеделдетуге, цифрлық инфрақұрылымды жақсартуға қосатын үлесі мол екенін айтты. Әкім орынбасарының айтуынша, бүгінде Жетісуда көрсетілетін 289 мемлекеттік қызмет пен қосалқы мемлекеттік қызметтердің 277-сі автоматтандырылған. Полиция департаментінің жол ережелерін күшейту мақсатында жол ережелерін бұзуға қатысты заңбұзушылықтардың алдын алу үшін цифрландыру жүйесі де дамып жатыр. Бұған қатысты аймақта 15 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылған.

«Цифрлық инфрақұрылымды құруға көмектесетін әдістерді талқылау, цифрлық технологиялар саласындағы мамандар мен сарапшылардың күш-жігерін біріктіру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Цифрлық трансформация дәуірінде мемлекеттік құрылымдардың алдында қызмет көрсетудің жеделдігін арттыру ғана емес, сонымен қатар азаматтармен өзара іс-қимылдың әр кезеңінде ашықтық пен есептілік қағидаттарын енгізу міндеті тұр», – дейді Диас Есдәулетов.

Сондай-ақ Жетісу өңірі бойынша денсаулық сақтау саласында цифрландыру ойдағыдай жүзеге асуда. Өңірдегі 16 медициналық мекемеде рентген сәулелерін жоғары дәлдікпен талдауға мүмкіндік беретін PACS жүйесі енгізілген. Бұл дәрігерлерге ерте диагноз қоюға көмектеседі, әсіресе онкологиялық ауруларды ерте анықтауда маңызы зор. Жүйе жұмыс істегеннен бері 615 мыңнан астам зерттеу жүргізілген.

Білім беру саласын цифрландыру жұмыстары аясында Жетісу облысындағы 337 мектеп түгел интернетке қосылған. Оның ішінде осы жылы шалғайдағы 53 мектеп Starlink спутниктік жүйесі арқылы қосылды. Сондай-ақ 69 мектепте балалардың сабаққа қатысуын бақылайтын, тамақтануын есепке алатын, кітапханаларға кіруіне мүмкіндік беретін «Оқушының бірыңғай карточкасы» жүйесі енгізілді.

Жоғары білікті ІТ-мамандарды даярлау мәселесі де шешілуде. Атап айтқанда, Талдықорғанда Samsung Innovation Campus бағдарламалау мектебі ашылып, IT Hub Jetisu Digital базасында курстар өткізілуде, онда мыңнан астам адам оқудан өткен.

Жалпы, форум аясында «Әлеуметтік әмиян – мемлекеттік қолдау шараларын цифрландыру» тақырыбында пленарлық сессия ұйымдастырылды.

Бұған қатысты Жетісу облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаев пікірін білдірді. Оның ойынша, «Әлеуметтік әмиян» пилоттық жобасы халықтың әлеуметтік осал топтарының қаржылық құралдарға қолжетімділігін қамтамасыз ету, әлеуметтік көмекті есептеу рәсімін жеңілдету, әлеуметтік қолдау құралдарын жетілдіру, сондай-ақ бюджет қаражатының шығыстарын оңтайландыру үшін құрылған.

«Бұл жоба әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың қажеттілігін есептеу үшін өте тиімді жоба. Осы жоба арқылы бюджеттің кіріс-шығысын да ұтымды есептеп, бақылап отыра аламыз», – дейді маман.

Облыстық білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов те цифрландыру бағытындағы жұмыстарға тоқталып өтті. Білім басқарма басшысы білім саласында цифрландыру жүйесінің қажеттілігін, деректерді талдау, киберқауіпсіздік, жасанды интеллектінің маңыздылығын атап өтті. Форумның негізгі тақырыбының өзі осы тақырыптарды қамтып отырғандықтан, бұл салаларды дамытудың өзекті екені белгілі. Әсіресе білім саласында цифрландырудың сапалы болуы жас ұрпақтың сапалы білім алуына себеп болары даусыз.

Сондай-ақ Google Developer сарапшысы Энес Тұран, MSP Global техникалық директоры Руслан Жансеңгіров IT-индустриядағы жаһандық трендтер мен өзгерістер, бизнес-процестердің тиімділігін жақсартудағы жасанды интеллектінің рөлі, киберқауіпсіздік саласындағы соңғы шешімдер мен технологиялар жайлы баяндады. Мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыру, азаматтарды цифрлық қолдау мәселелері талқыланды. Сонымен қатар қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға және қалалық қызметтерді қолдауға бағытталған «Қауіпсіз қала» жүйесі таныстырылды.

Жиында пікірталас алаңдарымен қатар IT-компаниялардың, цифрландыру жөніндегі сарапшылардың цифрлық жобаларын ұсынатын Jetisu IT Expo көрмесі ұйымдастырылды. Оған телекоммуникация, деректерді талдау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, геокарталарды әзірлеу және т.б. салаларда жұмыс істейтін еліміздің әртүрлі қалалары мен аймақтарынан келген 12 отандық компания қатысты.

Мәселен, Шығыс Қазақстан облысынан келген Rating ЖШС компаниясының менеджер-талдаушысы Анастасия Хохлова қыркүйек айынан бері компания Жетісу облысының цифрлық технологиялар басқармасымен бірлесіп, түрлі бағытта ауқымды талдамалық деректер базасының ахуалдық орталығын құру жұмыстарын атқарып жатқанын айтты.

«Мысалы, аймақтың ерекше қажеттіліктері бар тұрғындары туралы ақпараттар кейсі жасалды. Ахуалдық орталықтың дерекқорында олардың саны қанша, олардың қаншасы мемлекеттік әлеуметтік көмек алғаны, қаншасы көмекпен қамтылмағаны және т.б. анық көрсетілген. Барлығы 12 кейс, соның ішінде «Жол апаттарын талдау», «Мектептердің толымдылығы», «Демография», «Еңбек нарығындағы жағдай» және т.б. әзірленді. Жыл соңына дейін кейстер саны 58-ге жетеді. Мұның бәрі аймақтың дамуы туралы барлық ақпаратты бір жерге жинақтауға, оны талдауға және жағдайды жақсарту шараларын қабылдауға мүмкіндік береді», – деді А.Хохлова.

Ал Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары көрмеде өздерінің марста жүретін роботын ұсынды, олар 9-сыныптан бастап осы жобамен жұмыс істеп, Астана мен Алматыда робототехника халықаралық көрмелерінде көзге түскен.

Осы күні форум аясында цифрландыру саласындағы жетістіктері үшін өңірдің ІТ-мамандары марапатталды.

«Цифрлық технологияларды ілгерілетуші» номинациясы бойынша Future-IT роботехника мектебінің негізін қалаушы директоры Дамир Нұркежанов жеңімпаз атанса, «Жылдың цифрлық жеткізушісі» номинациясында Қаратал орта мектебінің информатика пәнінің мұғалімі Кирилл Михов, ал «Стартап-мәдениеттің үздік тәлімгері» номинациясы бойынша Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің бизнес-стартап жобаларының жетекшісі Әсел Құлынтаева жеңімпаз болды. Сондай-ақ Jetisu Digital IT-хабының және Astana Hub IT-стартабы халықаралық технопаркінің ұжымы және басқалардың еңбегі атап өтілді. Оларға облыс әкімінің алғыс хаттары, арнайы мүсіншелер мен ақшалай сертификаттар берілді.

Форум соңында Jetisu Idea Battle идеялар байқауының қорытындысы шығарылып, оның аясында өңірдің дәстүрлі үздік стартаперлері өз жобаларын дамытуға берілетін ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Қ.САЙЛАУ

Жетісу облысы