Жолбарыс соққан Сәдуақас
«Жас Алаш» газетінің өткен сандарының бірінде (№79) «Жолбарыс жымы» деп аталатын материал жарияланған еді.
Онда Қазақстандағы жолбарыстың түрлері, олардың жойылу себептері айтылған-ды. Сондай-ақ аталған мақалада Жетісудағы соңғы жолбарыстардың бірін соққан Сәдуақас батыр туралы да сөз еткенбіз. Енді, міне, осы материалға орай редакциямызға Сәдуақас батыр туралы мақала келіп түсті. Сәдуақастың жолбарысты қалай аулағанын, оның ерлігін жан-жақты баян ететін бұл материалды да оқырманға ұсынғанды жөн көрдік.
Ұзын аққан Қаратал өзенінің Көкше теңізге (Балқаш) құяр тұсында ірге тепкен Көпбірлік дейтін балықшы ауылы бар. Осы ауылдың күн батысындағы кішігірім құмдауытты екі шоқыны көнекөз қариялар кейінгі жасқа «Сәдуақас шоқысы» деп ерекше ілтипатпен жыр қылып айтып отырады. Тегінде жердің тарихы – елдің тарихы болса керек. Тағылымды сырға бай өлке үшін өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы ең бір елеулі саналған осы оқиғаға біз де кезінде қызығушылық танытқан едік. Қайбір жылы Жетісу өңіріндегі іргелі Қаратал ауданының шаңырақ көтеруінің сексен жылдығына орай (2008 ж.) оның арғы-бергі тарихына ден қойып, қалам тербеген едім. Осы тұста кезінде қысасты қылығымен Сарыесік-Атырау бойы жұртшылығының үрейін ұшырып, зәреқұтын қашырған Жетісудың соңғы десе болады, азулы жыртқышы – жолбарысты аңшылық айлакерлігі, тау қопарар қайраты арқасында жалаң қолымен соғып алған Сәдуақас батырдың ерен ерлігіне ерекше тоқталуға тура келді.
Ұзақ жылдар шаруашылық және Кеңес органдарында әртүрлі деңгейдегі басшылық қызмет атқарған, әдебиет пен өнерге жақын болған, марқұм Манасбай Назарбаев ағаның кезінде төгілдіре айтқан төмендегі оқиғасы санада әлі де жаттаулы күйінде сақталыпты...
Сонау 1925-1927 жылдары сол тұстағы Қазақстанды басқарған Голощекиннің солақай саясатынан туындаған «Асыра сілтеу болмасын, белдеуде бұзау қалмасын» деген аласапыранды кезеңде Қараталдың төменгі сағасы – Балқаш бойын жайлаған арықтыным – байшегір ұрпақтары қос бірдей қиындыққа тап болады. Бірі – Кеңес жандайшаптарының өрістегі малға қол салуы, оны айтасыз, үйіндегі бір уыс дәніне дейін тартып алуы болса, ал екіншісі – Балқаш көлінің жағасындағы иесіз, ит тұмсығы батпайтын ну да қорысты қалың қамысты мекендеген, күркіреген үнімен жақын төңіректі тітіркендіретін қос бірдей жыртқыш жолбарыстың мал мен адамға жасаған қысастығы болатын. Балқашқа Іле бойынан ауып келген бұл дала тағысының адам атаулыдан именбей, аяғы жетер тұстағы жан мен малға ауыз салуы қос бірдей теперіш көрген жұртқа жығылған үстіне жұдырық болып тиеді. Қос өкпеден тепкендей әсер еткен ауыртпалықтан заманында ел қорғаны атанған Тілеуғұл батырдың атаға тартып туған немересі Сәдуақас Отарбайұлы ғана құтқарады. Тумысынан ержүрек, екпінімен тау қопарардай қайратты, аңшылықты серік еткен ол жанын шүберекке түйе отырып, жолбарысты аңдып жүріп, біреуін қақпанмен ұстайды. Ал екіншісі қаралай шошып, елсізге қашып кетеді.
«Жақсыдан жақсы туар жарқылдаған» дегендей, ел қорғаны Тілеуғұл бабаның кейінгі батыр ұрпағы Сәдуақас жайлы ортаға салынатын бір үзік сырдың арқауы былайша ширатылады.
Кейінде қалған сонау 1930-жылдардың соңы (1939 ж.) Сарыесік-Атырау өңірінде болған оқиғаның желісі Сәдуақас батырдың қызы Кәріжан Жусанбаева апайдың айтуы бойынша, кезінде ұлы Дәулет Жусанбаевтың көмегімен қағазға түсірілген болатын... Бұл оқиға Ұлы Отан соғысы қарсаңында болған екен. Сарыесік-Атырау өңіріндегі (қазіргі Қаратал өзенінің төменгі ағысындағы Ақиық, Дөңши, Көпбірлік ауылдары аумағы) тұрғындар жай ғана шағын мал шаруашылығымен айналысып, өз-өзімен тыныш жатқан ел еді. Сол төрт түлік малға Балқаш көлін жайлаған азулы жолбарыс тыным бермейді және адамдарға да қауіп төндіреді. Сол кезде мал бағудың сыртында аңшылықпен айналысып жүрген Сәдуақас ата ел тыныштығын бұзушы және малға қынадай тиюші жолбарысты қақпан құрып, ұстап алуды көздейді. Бірақ бұл жайында ешкімге тіс жарып, айтпаған екен. Осы Сарыесік-Атырау өңірінде қазақтармен қатар өмір сүріп жатқан орыстардан аюға құруға арналған қосбасты қақпан сұрап алады. Қақпанды жолбарыстың жүретін соқпақтарының біріне кұрады да, бірақ мұнысын жұрттан жасырып, құпия ұстайды. Күндердің бір күнінде аңшылықтан оралған Сәдуақас ата үйге боп-боз болып, беті сұрлана келген екен. Атаның қаһарлы әрі үн-түнсіз келіп үйге кіргенінен сескенген үй ішінің бірде-бір адамы не жағдайдың болғанын сұрауға батылы бармаған. Тек үстінде Сәдуақас ата: «Ең жақын адамым, туған апамның күйеуі Дәрекей жездемді шақырып келіңдер» деп үн қатады. Ол кісі келгенде: «Не білгенің бар, осы жолбарысты қалай соғады?» деп, тосыннан сұрақ қояды. Жездесі: «Ей, сен бірдеңені бүлдіргелі отырсың ғой, тәйірі» дегенде, ол төбеден түскендей: «Қақпанға жолбарыс түсіпті» дейді. Сонда Сәдуақастың тұйық мінезін білетін жездесі: «Бабаларымыз жолбарысқа шаңырақ тігіп, нағыз тілеуқор ағайындарын ертіп, қос көтеріп барады екен» дегенде, ол: «Онда сенен артық жанашыр да, жақыным да жоқ екенін өзің білесің. Шаңырақты өзің көтересің!» деп, бір жағы бұйыра, бір жағы өтініш білдіре тіл қатса керек.
Сонымен, ағайын-туыс біткеннің ер азаматтары жиылып, шаңырақ көтеріп, қақпандағы жолбарыс жатқан жерге барады. Шұбарды көріп, оны соғу үшін жатқан жеріндегі ну қамысты өртегенде бір киіз үй орнындай жер жанбаған екен. Сол кездегі «сарыауыз» шойын оқпен оқталатын мылтықпен қаруланған Сәдуақас ата аңға мінетін құла биесін киіз үйдің сыртына байлап, қанжығасына айбалтасын іліп кояды да, өзі үй ішіндегі жолбарыстың маңдайынан үш рет атқанда қан шықпаған екен. Содан соң оқтың соққысынан шамданып, шамырқанған жолбарыс киіз үйге қарай атылады. Осы кезде шаңырақты бақанмен көтеріп, әупірімнің күшімен ұстап тұрған жездесінің екі қабырғасы сөгіліп, сынса керек. Жолбарыстың оқтан өлмейтінін аңғарған Сәдуақас құла биесіне мініп, айбалтасын қолына бекем ұстап, Алладан пәрмен сұрап, Тілеуғұл бабасының аруағына сиынып, жолбарысты жалаң қолымен соғады. Осылайша, маңайдағы мал мен жанға тыншу бермеген дала тағысын ажал құшады.
Кәріжан апаның дерегіне сүйенсек, Тілеуғұл бабадан Жұрқаш, одан Отарбай, одан Сәдуақас тарайды. Сәдуақастың ұлы Исағали да, қызы – біз сөз етіп отырған Кәріжан апа. Исағалидың ұлдары Асқар мен Марат. Ал Кәріжан апаның баласы Дәулет Жусанбаев ұстаздық жолды таңдады. Қазір ол Балқаш орта мектебінің директоры. Елдік істерге жақын жүретін Кәріжан апамыз сонау 1970 жылы республикалық ағаш өнеркәсібі және ағаш өңдеу министрлігінің жауапты қызметкері Тұраш Мұқановтың көмегімен бұған дейін ескерусіз калған Тілеуғұл бабасының басына ескерткіш құлпытас орнатады. Ал 2005 жылы ел азаматтарының ұйытқы болуымен Тілеуғұл бабаның аруағына арналып ас беріліп, жаңартылған ескерткіш белгі орнатылады.
Ал Сәдуақас Отарбайұлының сонау Балқаштың жағасында дала тажалынан қорлық көріп, азып-тозып, есін жинай алмай жүрген халықты ауыртпалықтан құтқарған хабары Алматыға да жетеді. Содан өкімет адамдары Сәдуақас батырды Алматыға шақыртып, жолбарыс терісі жанында арнайы фотосуретке түсіреді. Сол ескерткіш белгі, тарихи фотосурет кейінгі ұрпақтарында сақталған.
Кезінде дала тағысы жолбарыспен бетпе-бет келіп, оны шебер аңшылық айла-тәсілмен соғып алған даланың арыстан жүректі, атпал білекті қазағы Сәдуақасты Балқаш қаласынан арнайы іздеп келген аңшылар қоғамы мамандарының қағазға түсіріп кеткендері бар. Осы деректерге сүйенсек, кереметті қараңыз, Балқаш «шұбарының» салмағы 210 келі, тұмсығынан құйрығына дейінгі ұзындығы 4 метр 12 сантиметрді құраса керек. Бізге жеткен деректерге зер салсақ, балқаштық мамандар Сәдуақас ағаның Алматыда түскен суретін қайталай түсіріп, оның үлкейтілген нұсқасын Республикалық орталық мұражайға (Алматы қаласы) қоюды мақсат тұтады. Олардың бұл ұйғарымы қаншалықты орындалғаны әзірге беймәлім...
Ұрпақтар сабақтастығы қай заманда да өзінің заңды жалғасын тауып отырған. Сарыесік-Атыраудың төл тумасы журналист Жанат Дүкенбаев 2002 жылы ел ағасы Манасбай ақсақалдың өтініш-тілегін аяқсыз қалдырмай, «Өткеннің бәрі тарих немесе суреттің сыры» атты танымдық мақала («Жетісу», 27. 07. 2002 ж.) жазған еді. Ал осының алдында «Жолбарыстың жон терісін сыпырған Сәдуақас» жарияланымы аталған басылымда («Жетісу», 1. 12. 2001 ж.) жарық көрген болатын. Әдетте, жақсының жақсылығын айтып, нұрын тасытып отырудың өзі өркениетті ел перзенттерінің білгендігі саналса керек. Осы игі дәстүрді біз де ұстандық...
Сезіп, аңғарып отырғандай, Сарыесік-Атырау өңіріндегі көсіліп жатқан Балқаш бойын жайлаған, жыртқыштығы үшін жон терісінен айырылған соңғы жолбарыс ел қорғаны деген атқа лайықты қажыр-қайрат көрсеткен Сәдуақас батырдың тегеурінді қолымен соғылған еді. Осы орайда ақын Дәуітәлі Стамбековтің «Соңғы жолбарыстың соңғы арманы» жырындағы:
«Қабағын қалың ой мен арман басқан,
Тіпті де сақтанбастан, қорғанбастан.
Балқаштың нар қамысын тұмсыққа алып,
Жолбарыс келе жатты маң-маң басқан», –
дей келіп:
«Білмейді қанша ойланды? Қанша тұрды?
Соңғы рет ышқынды да жан шақырды,
Жете алмай ең ақырғы арманына,
Балқыған қорғасынға қарсы атылды», –
деп түйіндеуі ақырғы жолбарыстың асқақ арманын айна қатесіз ортаға жайып салады. Иә, біз бұл жолғы өткен жылдар тарихынан хабардар ететін танымдық мақаламызда бүгінгі таңда Қызыл кітапқа енген тарғыл түсті жолбарысты Балқаш бойынан тұқымын тұздай етіп, біржолата құртып жібергенімізді мақтаныш үшін емес, бейбіт өмір кешкен адам өміріне қауіп-қатер төндірген жыртқышты қосбасты қақпанға түсіріп, өткір жүзді айбалтасымен соғып алған, сөйтіп ел-жұрттың алғысына бөленген Тілеуғұл бабаның ұрпағы Сәдуақас батырдың ерлік ісін кейінгі ұрпаққа тағы да үлгі етіп, таныстыруды мақсат тұтқанымызды қадап айтқымыз келді. Тегінде елдің даңқын ер шығарады, ерлік – елге мұра болары кәміл шындық, ақиқат.
Кейбір мезетте мынадай қиял-ойға берілесің. Сондайда: «Шіркін, Көкше теңізбен қойындасып жатқан, өткен тарихтың жанды куәсі «Сәдуақас төбеге» ескерткіш белгі орнатылса екен. Ал Көпбірлік ауылының орталық алаңына ержүрек аңшы, ашаршылық жылдары талайдың қазанына ас салған, айбалтасын білемдей ұстаған Сәдуақас батырдың Жолбарысты қосбасты қақпанға түсіріп тұрған сәті бейнеленген еңселі ескерткіші бой көтерсе, мектеп оқушыларына туған өлке тарихын тануға арналған тәрбие сабағы сол жерде өтсе, төңірегі көріктендіріліп, көгалдандырылса, құба-құп болар еді-ау!» деп, ортаға ой тастағың келеді. Тегінде айтуға сөз оңай болғанмен, оның орындалуы әлдеқайда қиын. Алайда ниет пен бірлік болса, алынбас қамал жоқ екенін өмірлік тәжірибе айна қатесіз дәлелдеуде. Біздікі – ортаға ой тастау, азаматтарды қамшылау ғана.
Қараша Қараман,
өлкетанушы, журналист