Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 11:35

Жолдастық кездесуді тек «жолдастық» үшін өткіземіз бе?

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы. Фото: Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметі

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы маусым айында екі матч өткізеді. Алдымен 5 маусымда Минскіде Беларусь құрамасымен жолдастық матч өтеді деп жоспарланған. Жақында ғана ресми бас бапкер атанған Әли Әлиев шәкірттері 9 маусымда Астанада Солтүстік Македонияны қабылдайды. Бұл 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу турнирі аясындағы матч.

Әлиев құрама тізгінін биыл жыл басында ұстаған. Бірақ 21 мамырға дейін бас бапкердің міндетін атқарушы болып келді. Беларуське қарсы матч оның ресми статустағы дебюті болмақ. Оның жетекшілігімен ұлттық құрама наурызда екі ресми кездесу өткізді. 22 наурыздан 23 наурызға қараған түні Кардифф қаласындағы Cardiff City стадионында Уэльс құрамасынан 3:1 есебімен жеңіліп, 25 наурызда ФИФА рейтингінде соңында, 204-орында тұрған Лихтенштейн құрамасын 2:0 есебімен жеңді.

Біздің футболшылар әлем чемпионатының іріктеуінде Бельгия, Уэльс, Солтүстік Македония және Лихтенштейнмен бірге J тобында бақ сынап жатыр. Алғашқы екі ойыннан 3 ұпай ғана еншіледік. Демек топта екінші орын алудан үмітіміз болса, «Астана Аренада» Солтүстік Македонияны жеңуге міндетті боламыз. Бірақ бұл жеңіл жұмыс емес. Бұл құрама наурызда біз жеңілген Уэльспен тең ойнап (1:1), біз екі-ақ гол соққан Лихтенштейн қақпасына үш гол соқты. Әлемдік рейтингте 67-орында тұр. Ал біздің орнымыз бұдан әлдеқайда төмен – 113-саты.

2026 жылғы әлем біріншілігі 11-19 шілдеде АҚШ, Канада және Мексикада өтеді. Чемпионатқа тарихта тұңғыш рет 48 құрама қатысады. Бұған дейін ең көп болғанда 32 команда бақ сынап келген. Әлем чемпионатына баратын құрамалар саны бірден 16-ға өскенімен, Еуропаға квота өте аз бөлінді. Бұрын турнирге УЕФА-дан 13 ел жолдама алатын, жаңа формат бойынша 16 құрама ғана барады. Футболы ең жақсы дамыған Еуропаға мұнша аз сан бергені түсініксіз шешім болды. Бұл енді біздің құзыретімізге кірмейтін, әлемдік деңгейдегі проблема. УЕФА іріктеу аймағындағы 55 құрама 12 топқа бөлінген. Финалдық кезеңге әр топтың жеңімпазы тікелей шықса, қалған төрт жолдамаға әр топта екінші орын алған және Ұлттар лигасында үздік нәтиже көрсеткен төрт құрама таласады.

Топтағы алғашқы екі ойын сырт алаңда өтті. Өз алаңымыздағы алғашқы матчта 3 ұпай еншілеудің маңызы зор. Астанада Солтүстік Македониядан жеңілсек, топ үздіктері қатарынан көріну мүмкіндігінен ерте айырыламыз. Әлем біріншілігінің іріктеу бәсекесіне біздің құрама УЕФА туы астында алтыншы рет қатысқалы отыр. Бұған дейін 2006 (12 матчта 1 ұпай), 2010 (10 ойында 6 ұпай), 2014 (10 матчта 5 ұпай), 2018 (10 ойында 3 ұпай), 2022 (8 матчта 3 ұпай) жылғы мундиальдің іріктеу кезеңінде бақ сынап, оңды нәтижеге қол жеткізе алмаған едік. Ең көп болғанда 6 ұпай еншілегенбіз (Андорра құрамасын 2 рет жеңіп). 5 реткі іріктеудің үшеуінде өз тобымызда соңғы орын алдық. Демек биыл әлем чемпионатына іріктеу турнирі тарихындағы үздік нәтижемізді тіркеуге мүмкіндік бар. Ол үшін қалған 6 кездесуде кемі 4 ұпай жинауымыз қажет.

Ескі таныс – Беларусь

Солтүстік Македонияға қарсы жауапты матч алдында Қазақстан футбол федерациясының басшылары Беларусь футболшыларымен жолдастық матч өткізуді шешіпті. Кездесу сырт алаңда өтеді. Біз осы шешімге таңғалып отырмыз. Біріншіден, құрама ресми матчын 9 маусымда Астанада өткізеді. Демек футболшыларды жол жүргізіп шаршатпай, жолдастық ойынды да өз алаңымызда өткізуіміз қажет еді. Құрама 31 мамырда жиналады. Бірер күн жаттығу өткізген соң Минскіге ұшады, Беларусьпен ойыннан кейін қайта елге ұшып келеді. Бұл ойыншыларға физикалық тұрғыда салмақ салары анық.

2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінде ұлттық құрама 18 ұпай жинап, құрлық біріншілігіне бір табан жақын болды әрі ұпай саны бойынша құрама рекорды жаңарды. Дәл осы іріктеу циклында бізге күнтізбе жолдас болған еді. Құрама наурыздағы екі матчты – өз алаңында, маусымдағы ойындарды – сырт алаңда, қыркүйектегі қос кездесуді – өз алаңында, қазандағы екі матчты – сырт алаңда өткізді. Тек қарашада ғана бір кездесу үйде, бір ойын түзде болды. Осындай сәтті күнтізбе жақсы нәтижеге оң әсер еткені анық. Футболшылар анда-мында ұшып жүрмей, жаттығуды тыңғылықты өткізді.

ФИФА күнтізбесі бойынша маусымда бізде бір ғана іріктеу ойыны бар. Ол өз алаңымызда өтеді. Демек ҚФФ құраманың жайын ойласа, жолдастық матч өткізетін команданы елге шақыруы қажет еді. Беларусь құрамасының маусым айында ресми ойыны жоқ, демек дұрыс келіссөз жүргізсе, олар Астанаға келуі мүмкін еді. Бірақ біздің елдің футбол шенділері жоқ жерден проблема жасап, ойыншыларды сабылтып қойды. Соған қарағанда Қазақстан құрамасы жолдастық матчты ресми ойынға дайындалу үшін емес, шын мәнінде жолдастық үшін өткізетін сияқты.

Екіншіден, Қазақстан мен Беларусь футболы өзара кездесуге кенде емес. Бұған дейін 7 мәрте кездескен. Беларусь – 4 мәрте, Қазақстан – 1 рет жеңіске жеткен. Қалған 2 ойын тең аяқталды. 2022 жылы 22 қыркүйекке дейін бұл құрама бізге қолайсыз қарсылас саналған. Оған дейін өткен 6 ойында Беларусьті бірде-бір мәрте жеңе алмаған едік. Тіпті 5:1, 4:0 есебімен ойсырай ұтылған кездеріміз болған. 2022 жылғы Ұлттар лигасында Минскіде тең ойнап (1:1), Астанада жеңіске жеттік (2:1).

Қазақстан құрамасының жолдастық матч өткізетін қарсыластары да санаулы ғана. Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Армения, Молдовамен кездесуге әуес. Кейінгі 22 жылда біздің құрама жолдастық кездесу өткізген ең азулы команда – Ресей. 2003 жылы 20 тамызда Португалиямен жолдастық матч өткізіп, атақты Криштиану Роналдудың өз құрамасындағы тұсауын кескеніміз болмаса, одан өзге алпауыт құрамамен кездескен емеспіз. Мысалы, Өзбекстанның алыстағы Уругваймен, Грузияның Испаниямен ойнағанын көріп жүрміз. Бізде неге ондай мүмкіндік жоқ?..

Құрамаға кімдер шақырту алды?

Қазақстан құрамасының бас бапкері Әли Әлиев Беларусь пен Солтүстік Македонияға қарсы матчтарға шақырту алған ойыншылардың жалпы тізімін жариялады. Тізімге 36 ойыншы енген.

Қақпашылар: Мұхаммеджан Сейсен («Астана»), Александр Заруцкий («Қайрат»), Стас Покатилов («Сабах», Әзербайжан), Бекхан Шайзада («Ордабасы»);

Қорғаушылар: Әлібек Қасым («Ақтөбе»), Ян Вороговский, Марат Быстров (екеуі де – «Астана»), Нұралы Әліп («Зенит», Ресей), Роман Асранкулов, Александр Зуев, Наурызбек Жагоров (бәрі – «Тобыл»), Еркін Тапалов («Қайрат»), Сергей Малый, Ұлар Жақсыбаев, Сұлтанбек Астанов (бәрі – «Ордабасы»), Әділбек Жұмаханов («Елім-ай»);

Жартылай қорғаушылар: Асхат Тағыберген, Ислам Чесноков (екеуі де – «Тобыл»), Рамазан Оразов («Силькеборг», Дания), Бактиер Зайнутдинов («Бешікташ», Түркия), Айбол Әбікен («Қайсар»), Серікжан Мужиков, Алмас Төлібай (екеуі де – «Елім-ай»), Ғалымжан Кенжебек («Кошице», Словакия), Дамир Марат, Дәурен Жұмат (екеуі де – «Оқжетпес»), Исламбек Қуат («Жеңіс»), Георгий Жуков («Пуща», Польша), Муроджон Халматов, Зикрилло Сұлтаниязов (екеуі де – «Ордабасы»);

Шабуылшылар: Абат Айымбетов («Адана Демирспор», Түркия), Максим Самородов («Ахмат», Ресей), Айбар Жақсылықов («Қайсар»), Дастан Сәтбаев («Қайрат»), Алияр Мұхамед («Оқжетпес»), Дінмұхамед Қараман («Жеңіс»).

Оқу-жаттығу жиыны 31 мамырда Астана қаласында басталады. Оған дейін құрамда өзгеріс болуы мүмкін. Өйткені кеңейтілген тізімінен кейбір ойыншылар шығып қалады. Беларуське қарсы матч 5 маусым күні Минск қаласындағы «Динамо» стадионында өтеді, ойын Астана уақытымен 20:00-де басталады. Ал 9 маусымда «Астана Аренада» өтетін Солтүстік Македонияға қарсы ойын жергілікті уақыт бойынша 19:00-ге жоспарланған.

Қуаныш Қаппас

Тегтер: