Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:20, 07 Қыркүйек 2022

Жолдау – 2022: Президент естиді, үкімет неге ілеспейді?!

None
None

Сонымен, 1 қыркүйек күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев жылдағыдай, Қазақстан халқына жолдауын жариялады.

Бұл жолдаудың бірінші бағдары жаңа экономикалық саясат болды. Экономикалық мәселелерді жіктей келе, президент әлі де шикізатқа тәуелділігімізді, елде еңбек өнімділігінің төмендігін, инновацияның жеткіліксіздігін тілге тиек етті. Болашақта осы мәселелерді шешу үшін үкіметке арнайы міндеттер де жүктелді.

  Жалпы, экономиканы дамыту, индустриалды-инновацияға бет бұру, шикізатқа тәуелділіктен арылу — біздің бұған дейін де ұстанған бағытымыз. Отыз жылдан бері «осы бұғауды бұзамыз» деп талай-талай бағдарламаларды қолға алдық. Әттеген-айы, діттеген межемізге әлі де жете алмай келеміз. Бұған дейін де қаншама жолдаулар жолданды, артынша, «Жолдауды қолдаймыз» деп  те тыраштандық. Дегенмен бұл жолғы жолдаудың жөні бөлек болды.

   Жолдаудың саяси сипатынан бұрын экономикалық салмағына тоқталсақ, шынымен де біз қазір жаңа экономикалық саясатқа зәруміз. Халықтың тұрмысын, әлеуетін жақсартып, елді кедейшіліктен құтқару үшін жаңа  бағытты ұстанудың қажеттігі даусыз. Жолдауда баса айтылған дүниелердің бірі — елдегі еңбек өнімділігін көтеру. Бизнестің бәсекелестігін арттыра отырып, халықты жұмыспен қамтудың өзектілігі айтылды.  Бұл орайда, Тамара Дүйсенова басқарып отырған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне біршама жүктемелер артылды. Дүйсенованың қазіргі «арманының» өзі елдегі жұмыссыздық деңгейін төмендету еді. Енді Жолдау аясында  аталмыш министрлікке еңбек өнімділігін арттыруға білек сыбана кірісу қажет.

  Айта кету керек, «жұмыссыздықпен күресемін» дегенімен Дүйсенова әйелдердің зейнет жасын төмендетуге келгенде, жақ ашпайтын. Тіпті, бұл ретте, ол әйелдердің зейнет жасын кезең-кезеңімен 63 жасқа дейін жеткізуді құптап,  зейнет жасын төмендетудің бюджетке кері әсері барын тізбелеп жүрген. Алайда Жолдауда президент Тоқаев 2028  жылға дейін әйелдердің зейнетке шығу жасы 61  жас болып қалатынын баса айтты. Үкіметтен зейнет жасын 58 жасқа дейін төмендетуді сұрап жүрген әйелдер қауымы мұны да дәтке қуат етіп, «бәлкім, 2028 жылдан кейін зейнет жасы бұдан да төмендеп қалар», деп үміттеніп отыр.

   Бұдан бөлек, жолдауда елдегі ең өзекті мәселе қымбатшылық, тапшылық мәселесі де көтерілді. Инфляцияның бұғалық салғызбай, тулап кеткенін айтқан президент болашақта монополистерге қатаң бақылау қоюдың маңыздылығын атап өтті. Ақиқатын айту керек, біздің үкіметтің монополистерге бұған дейін тісі батпады. Әбден еркінсіген монополистер елдегі электр желілерінің, су құбырларының тым ескіргенін, оларды модернизациялау үшін миллиардтаған қаражат керектігін желеу етіп, тариф бағасын орынсыз қымбаттатқан кезі де болды. Ашығын айтқанда, монополистер үстемдігін жүргізіп, осы уақытқа дейін халықты тонады. Енді елде «Тарифтерді инвестицияға айырбастау» саясаты жүргізілетін болады. Үкімет жолдауды негізге алып, осы бағытқа сүйеніп жұмыс істер болса, монополистердің үстемдігі сәл де болса бәсеңдер еді.

  Жалпы, монополистерден бөлек, келешекте ұлттық компаниялар мен әл-ауқат қорларының да елге тиімділігі артатын сыңайлы. Бұл ретте, президент «Самұрық Қазына» әл-ауқат қорына жаңа міндет жүктеді. Бұдан былай аталмыш қор жыл сайын таза кірісінің 7 пайызын «Қазақстан халқына» қорына аударады.  Қордың басқа да активтері мен акциялары, «Халықтық IPO» тетігі арқылы жекешелендірілетін болады. «Самұрық-Қазына» бірлескен инвестор ретінде жеке инвесторлар жүзеге асыра алмайтын маңызды жобаларға ғана қатысады. Мұндай жобаларды президент қана белгілейді. 

    Сондай-ақ Тоқаев ұлттық табыстың игілігін халықтың барлығы бірдей көріп отырмағанын да айтты. Осыған орай, 2024 жылдан бастап, «Ұлттық қор балаларға» жобасы жұмыс істейтін болды. Бұл норма күшіне енген кезде, яғни 2024 жылы 18 жасқа толмаған барлық баланың атына арнаулы шот ашылады. Ол есепшотқа бала кәмелет жасқа толғанша, қаржы түсіп тұрады. Шоттағы қаражат шетел валютасында болатынын атап өткен жөн. Сонымен қатар, жинақ бойынша пайыздар есептеледі. Бұл шаралар шоттағы қаржыны инфляциядан қорғауға мүмкіндік береді. 

Бұдан бөлек, ұлттық компанияларға қатысты «Қазақстан темір жолы» компаниясы қайта құрылатын болды. Қазақстанның  қазіргі геосаяси жағдайда Азия-Еуропа арасындағы аса маңызды құрлық дәлізі болып отырғаны белгілі.  Президент біз осы мүмкіндікті толық пайдаланып, әлемдік маңызы бар көлік-тасымалы торабына айналуымыз керектігін баса айтты. Осыған орай, Ақтауда контейнер хабы құрылып, «Транскаспий» дәлізін дамыту жоспарланып отыр.  Болашақта «Қазақстан Теміржолы» компаниясы толыққанды транзиттік-логистикалық корпорация болып, қайта құрылмақ.      

 Экономиканың тұрақты өсуі үшін салық саясатын оңтайландыру керектігі бұған дейін де айтылып келді. Фискалды реттеу ісін қайта жаңғырту үшін 2023 жылы жаңа Салық кодексі әзірленеді. Салық реформасы аясында сән-салтанатқа салық салу жайы да қазірде жиі қаузала бастады. Бұған дейін халықаралық сарапшылар Қазақстан байлығының жартысы 162 адамның  ғана қолында екенін растаған болатын-ды. Сол 162 бай-манаптың байлыққа, ал қара халықтың батпаққа батып отырғанына қынжылған отандық сарапшылар да «бұл әділетті бөлініс емес» дегенді баса айтып жүр. Міне, келер жылдан бастап, сол байлыққа батқандардың сәні мен салтанатына салық салу нақты жүзеге асырыла бастайтыны жолдауда айтылды. 

  Бұған қоса, президент үкіметке  мемлекет пен жекеменшік серіктестіктің жаңа үлгісіне көшуді ұсынды. Қазір көптеген жобалардың кәсіпкерлер мен шенеуніктердің майшелпегіне айналып кеткені ақиқат. Осы үрдіске тосқауыл қою үшін мемлекеттік сатып алуда келісімшарттардың ашық және конкурстық негізде жасалуға керектігі, осы мақсатта тиісті заң қабылдану қажеттігі де айтылды. Сондай-ақ қазір несие ресурстарының тапшылығы отандық бизнес үшін үлкен проблема болып отыр. Қазақстанда шағын және орта бизнесті қаржыландыру үшін 42 миллиард долларға жуық қаражат жетіспейді. Банктерде триллиондаған теңге қаражат экономикаға еш пайдасын тигізбей, босқа жатқаны тағы бар. Мұны ескерген Тоқаев  Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Үкімет бірлесіп, нақты секторды тұрақты, әрі қолжетімді несиемен қамтамасыз ететін нақты шешімдер қабылдауға тиіс екенін айтты. 

 Жолдауда кәсіпкерлерге жер телімдерін ашық әрі жедел бөлудің тиімді тәсілдері айқындалуға тиістілігі де айтылды. Үкіметке әрбір аймақ пен елді мекенде бос жатқан немесе мақсатына сай игерілмеген жердің бар-жоғын анықтау және жер қойнауын игеру салаларының инвестициялық тартымдылығын арттыру тапсырылды.

«Неғұрлым көп ақша салсаң, соғұрлым көп жеңілдік аласың, деген ұстаным басты қағида болуы қажет. Жұмыс істейтін саласы негізгі бағыт болмаса да, маңызды индустриялық жобаларды жүзеге асыратын инвесторлар бар. Оларға салық және кеден жеңілдіктерін ұсынбай-ақ, жер телімдерін беруге болады. Жалпы, инвестиция тарту жұмысын жүйелі жүргізу керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттің бірі», – деді Тоқаев.

    Жалпы, жолдаудан аңғарғанымыз, президент қоғамда, елде болып жатқан барлық мәселелерді біледі, естиді. Бұл арада туындайтын сұрақ: ал соған үкімет неге ілеспейді?!  Үкіметтің жұмысына жиі сын айтылатынын Жолдауда Тоқаев өзі де айтты. Тайға таңба басқандай, осы жолы да үкіметке арнайы тапсырмалар жүктеді. Ал енді мұны орындауда үкімет белсенділік таныта ма, әлде тағы сол шабан жүрісіне сала ма, мұны да көре жатармыз. Біздің үкіметке нақ қазір ширақ қимылдап, заман көшіне ілесуге тырысу керек-ақ болып тұр.  Үкімет ширамаса, халықтың тұрмысы да түзеле қоймасы анық.

 Айтпақшы, жолдауда ең төменгі жалақыны 60 мың теңгеден 70  мың теңгеге көтеру жайы да айтылды. Елдегі әлеуметтік аз қамтылған топ бұл мардымсыз соманы да қанағат тұтып қуанып қалды. Біз үкіметтегі министрлерге де және басқа шенділерге де осындай қанағат тілейміз. Алдағы уақытта шенеуніктер жолдауды қолдау жолында бюджеттен қаражатты көсіп алып, оны орынсыз жұмсайтын әдеттегі қомағайлықтарынан арылып, бөлінетін қаражатты елдің игілігіне жұмсауға күш салса екен...

Тегтер: