Жолдау-2025: Сыртқы істер министрінен Сенатқа дейін
 
                                        Сегізінші қыркүйек күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрлі жолдауын жасады. Бұл жолы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» тақырыбын таңдапты.
Биылғы жолдаудың болғанынан боладысы қызық болды. Ең алдымен, жолдау жылдағы мерзімінен бір апта кешікті. Қытай сапарына байланысты президент Парламенттің алғашқы отырысына қатыса алған жоқ. Екіншіден, жолдау жарияланатын уақытқа бірнеше күн қалғанда БАҚ-та ҚР сыртқы істер министрі әрі вице-премьер Мұрат Нұртілеу ұсталды деген ақпарат бұрқ ете түсті. Мұны ресми органдар терістеп, ал ақпаратты алғаш таратқан дереккөз айтқанынан қайтпай, екі жақ төрт күн бойы ырғасты. Ақыры жолдау өтерден бір күн бұрын ғана вице-министрдің Парламентке келетіні белгілі болды.
Үшіншіден, әлеуметтік желіде көп адам биылғы жолдауда ел күтпеген тосын жүрістер жасалады, тың өзгерістер болады деп жазып жатты. Соның арасында Олжас Бектенов үкіметі таратылып, министрлер кабинеті қайта жасақталады деген болжамдар айтылған. Елге белгілі кей сарапшы Нұртілеудің ұсталғаны жайлы ақпараттың осы ауыс-түйіспен қатысы бар екенін айтып жүрді.
Бірақ жолдаудың өзі көпшілік күткендей интригаға толы болған жоқ. Жұрт аузын ашып, көзін жұматындай өзгеріс те болмады. Үкімет орнында қалды. Әрине, Сенатты таратып, бір палаталы Парламент жасақтау ауыз толтырып айтарлықтай өзгеріс. Бірақ бұл шешімді тосын сый деуге келмейді, халықтың өзі Сенаттың артық құрылым екенін айтып, оны таратуды сұрап жүрген.
Жолдауға дейін ақпарат айдынын тұтас жаулап алған, өзіне қатысты қорқынышты ақпараттар тарап жатқанына қарамастан, тырс етпей жатып алған Мұрат Нұртілеу жолдау күні де басты назарда болды. Парламент залына кіріп келгенде оны қалың журналист қаумалап, сұрақтың астына алды. Сірә, Қазақстан тарихындағы ең танымал сыртқы істер министрі осы Нұртілеу шығар. Жиналыс жүріп жатқан тұста да көпшілік залдан сол министрді көзбен іздеп отырды. Қас қылғанда, режиссерлер Нұртілеуді ірі планда көрсете қоймады, бір-екі кадрда ғана топ арасында отырғанын байқап қалдық.
Жаңа жолдауда не айтылды?
Жолдауға дейінгі дақпырттың әсерінен бе, әлде Мұрат Нұртілеудің дауынан ба, жұрт Ақордадан біршама жаңалық күтті. Әйтпесе, көпшілік жолдау, үндеу, құрылтай дегенге көп үміт артпайтын, көп өзгеріс күтпейтін болғалы қашан.
Қоғамда жолдауға қатысты сын-пікір аз емес. Әсіресе жаңа жолдау алдында бір жыл бұрынғы жолдауда айтылған тапсырмалар мен бастамалар қай деңгейде орындалғаны туралы есеп берілсе дегенді көбі айтады. Шамасы, осы ұсынысты ескергені болар, кейінгі бір ай көлемінде БАҚ-та үкіметтің «былтырғы президент жолдауы қалай жүзеге асты» деген есептік мақалалары жиі жарияланып тұрды. Бәрінің ләмі жолдаудағы тапсырмалар толық жүзеге асты дегенге саяды.
Үкіметтің ресми сайтындағы есепке сенсек, өткен бір жылда өнеркәсіптік өндіріс көлемі – 6,9 пайыз, тау-кен өндіру секторы – 8,5 пайыз, өңдеу секторы – 6,1 пайыз, машина жасау – 14 пайыз өсіпті. Премьер-министрдің айтуынша, биыл 20 мыңнан аса жұмыс орны құрылып, өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 1,5 трлн теңге болатын 190 жаңа жоба іске қосылады. Бір сөзбен айтқанда, көрсеткіші өспеген, дамымаған сала жоқ. Білім, ғылым, медицина, экономика, халықтың әл-ауқаты – бәрі жоғары қарқынмен дамып келеді. Мұндай көрген адамның көңілі толатын статистиканы былтыр да естігеміз.
Сонымен, жолдауда не айтылды? Президент ең алдымен қазір әлемдік тәртіп өзгеріп, тұтас адамзат үшін ауыр кезең орнағанын айтты. Мемлекеттер арасында түрлі қайшылықтар ушығып, Біріккен ұлттар ұйымы (БҰҰ) оны реттеуге дәрменсіздік танытып отыр, әлем елдеріне экологиялық және техногендік апаттар қаупі төніп келеді.
Тағы бір министрлік құрылады. Жолдауда жасанды интеллектінің қарқынды дамуы әлемді өзгертіп жатқаны, сол үшін жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын жылдам енгізу қажет екені айтылды. Сол үшін цифрлық кодекс әзірлеп, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру қажет. Жаңа министрлікті премьер-министрдің орынбасары деңгейіндегі маман басқарады. Қазақстан үш жылда жаппай цифрланған ел болуға ниеттеніп отыр.
Жаһан талабы болған жасанды интеллектіні дамытатын министрлік құрылғаны жөн де шығар. 2023 жылғы жолдауда төрт бірдей жаңа министрлік пайда болған. Қазір елде жалпы 21 министрлік жұмыс істеп тұр. Қазақстан халқының жалпы саны 20 миллионнан жаңа асқанын ескерсек, әрбір 900 мың адамға бір министрліктен тура келіп отыр. Мұнша көп мекеме бюрократия мен қағазбастылықты көбейтіп, жұмыс өнімділігін төмендетуі мүмкін.
Басты міндет – инвестиция тарту. Биыл президент жолдауында ең көп айтылған міндет осы болды. Тоқаев дүниежүзінде инвестицияға талас күшейіп келе жатқанын айтып, қазіргі инвестиция тарту саясаты мардымсыз деген баға берді. Оның айтуынша, шетелдік қаражаттың көбі шикізат саласына құйылып жатыр. Сондықтан шикізат саласына жабысып алмай, өңдеу саласына көбірек қаражат тарту қажет. Тіпті жоғары технологияға салынатын инвестицияға үкімет жеңілдік жасауы керек. Инвесторлармен қарым-қатынасты түзеу жайлы да тапсырма болды.
Жолдауда елдегі бірде-бір мекеменің атауында инвестиция деген сөз жоқ екені айтылды. Яғни инвестиция тартумен айналысатын нақты мекеме жоқ. Президент осы мәселені шешу үшін премьер-министрге он күн уақыт берді. Бектенов осы аралықта нақты ұсыныс дайындауы қажет.
Заңсыз активтер қайтарылып болды ма? Қаңтар оқиғасынан кейін биліктің халық алдындағы басты көзірі – ескі Қазақстанның еркелерін сабасына түсіру, олар шетелге шығарған заңсыз активтерді елге қайтару ұраны болатын. Бірақ былтырдан бері осы бастаманың арыны қайтып, сиырқұйымшақтанып барады. Былтырғы жолдауда бұл жайлы бір ауыз сөз айтылмаған. Ал биыл Бас прокуратура заңсыз актив иелерінен қазынаға 850 млрд теңге қайтарғаны сөз болды. Ол қаржыға 10 мектеп, 4 спорт ғимараты салынып, 235 денсаулық сақтау нысаны мен 177 су инфрақұрылым жөнделіпті. Тоқаев Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитеттің атауын Инвесторлардың құқығын қорғау жөніндегі комитет деп өзгертуді ұсынды. Соған қарағанда билік қазынаны шетелден қаржы қайтарып толықтырудан күдер үзіп, шетелдік инвестициямен толтыруға үміт артқан сияқты.
Алатау қаласы. 2024 жылдың басында Алматы облысындағы Жетіген ауылы Алатау қаласы болып құрылған. Бірақ қазірше қағаз жүзіндегі қаланың макеті ғана дайын. Алатауға айналған Жетіген әлі шаң жұтып, қараусыз жатыр. Осы жолғы жолдауда Алатау қаласы еліміздің жаңа іскерлік және инновациялық орталығы болатыны айтылды. Alatau City жобасын жүзеге асыруға Шэньчжэнь жаһандық технополисін салуға қатысқан компания тікелей атсалысады. Қалаға арнайы мәртебе беріліп, ол үкіметке тікелей бағынады. Сондай-ақ Alatau City елдегі толық цифрланған алғашқы қалаға айналады деген жоспар бар.
АЭС. Кейінгі кезде Қазақстандағы басты мәселе болған атом электр станциясы жайлы бұл жолы да сөз болды. Елдегі алғашқы АЭС құрылысын ресейлік «Росатом» қолға алып, жүргізе бастады. Ал екінші, үшінші станцияны жобалау жұмысы басталады. Жақында Қытай президенті Си Цзиньпинмен атом саласында серіктестік орнату жөнінде келісім жасалған. Президент осы шешімге ерекше мән беріп, оның құрылысын қазірден бастап кету туралы айтты.
Ауыл шаруашылығы. Биыл шаруаларды қолдауға бір триллион теңге жұмсалған. Бұл тарихтағы ең жоғары көрсеткіш. Кең байтақ Қазақстан үшін ауыл шаруашылығын дамытудың маңызы зор. Бірақ бұл саланың кенжелеп қалғаны өз алдына, бөлінген рекордтық соманың шаруалар қолына толық жететініне де сенім аз. Салада жемқорлық та аз емес. Біздің елде азық-түлік нарығы импортқа тәуелді екені де жасырын емес.
Қаңтар оқиғасынан кейінгі биліктің тағы бір ұраны – латифундистерден жер қайтару болатын. Биылғы жолдауда 2022 жылдан бері жалпы 13,5 млн гектар жер қайтарылғаны белгілі болды. Бірақ әкімдер соның 6 миллион гектарын ғана жаңа жер игерушілерге берген. Ал қалғаны бос жатыр. Жер мәселесі де үкімет шеше алмай жүрген қиын түйіндердің бірі.
Көлік-логистика. Қазақ билігінің жатса-тұрса ойынан кетпейтін армандарының бірі – алыс шетелге шығатын жаңа жол ашу. Қазір Қазақстан сыртқы саудасының басым бөлігі Ресей аумағы арқылы өтеді. Осы жолғы жолдауда Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жобасы, Транскаспий көлік бағыты, «Солтүстік – Оңтүстік» және «Шығыс – Батыс» дәлізі жайлы айтылды. Сондай-ақ Қытайдың Ляньюньган порты арқылы Оңтүстік Азияға шығу, Ауғанстан арқылы Пәкістан нарығына қол жеткізу жайлы жоспарлар бар. Былтыр Қазақстан аумағы арқылы 1 млрд тонна жүк тасымалданыпты. Егер транзиттік әлеуетімізді арттыра алсақ, ел экономикасына пайдалы болары анық.
Халық масыл ма? Халыққа берілетін әлеуметтік көмектер Қазақстан үкіметінің арқасына аяздай батады. Шенділер үнемі бюджет қаржысының жартысынан көбі әлеуметтік төлемдерге жұмсалады дегенді жиі айтып жүр. Осы жолғы жолдауда да көмек алатын адамдар санатының тым көбейіп кеткені айтылды. Мысалы, толық емес отбасы, КСРО кезінде түрлі қақтығыстарға қатысқан ардагерлер мемлекеттен көмек алып отыр. Мұның соңы жалқаулық пен масылдыққа жол ашады. Бірақ биліктің мұндай пікірімен келісу қиын. Мемлекет халықты жұмыспен қамти алса, әлеуметтік көмек алатындар саны өздігінен азаятынын ескермей отыр.
Сенат тарайды. Биылғы жолдауда 2022 жылдан бері айтылып келе жатқан жаңа Қазақстан, әділетті Қазақстан, халық үніне құлақ түретін мемлекет деген сияқты ұрандар айтылмады. Тіпті сыбайлас жемқорлықпен күрес жайлы да бір ауыз сөз болған жоқ. Сот пен құқық қорғау жүйесін жаңарту, халық пен билік арасын жақындату деген сияқты ұрандарды да естімедік. Есесіне, Сенатты таратып, бір палаталы парламент жасақтау туралы ұсыныс айтылды.
Бұл биылғы жолдаудың салмағын арттырған жалғыз шешім болды. Үлкен жаңалық болады деп күткен жұрт осы тұста ғана елең ете қалды. Тоқаев парламенттік реформа жүргізуді ұсынды. Оның айтуынша, 1995 жылы елдегі күрделі әрі тұрақсыз саяси жағдай тұсында Парламенттің жоғары палатасы ретінде құрылған Сенат тарихи миссиясын абыроймен атқарып шықты. Сондықтан жоғары палатаны тарқататын кез келді. Президент бұл мекемені өзі 10 жыл басқарғанын, сондықтан оны тарату туралы шешім қабылдау өзіне де оңай тимегенін айтты.
2027 жылы жалпыұлттық референдум өтіп, Сенат тағдыры шешіледі. Сенат тарап, бірпалаталы Парламент құрылса, депутаттар партиялық тізім бойынша ғана сайлана алады. Референдум өтсе, халық Сенаттың тарағанын қолдайтын шығар. Бірақ партиялық тізіммен сайлау көпке ұнай қоймайтын шешім. 2023 жылы ұзақ үзілістен кейін мажоритарлы жүйе бойынша сайлау қайта оралып, 29 депутат бірмандатты округтер арқылы сайланған болатын. Билік өзі мұны демократиялық қадам деп бағалаған. Бірақ бір сайланымнан кейін оны қайта өзгерткелі отыр.
Кейінгі жолдауларда саяси тақырыптар жыл өткен сайын азайып барады. Билік саяси реформаны аяқтадық деп санайды. Ал әлеуметтік-экономикалық блокта үлкен проблемалар бар екені анық көрініп тұр. Елде инфляция артып, халық тұрмысы төмендеп барады. Бюджет тапшы екенін білеміз, бұл үкімет үшін шешілмес түйінге айналып отыр. Билік жолдау сайын, жиналыс сайын экономиканы дамыту жайлы айтады, бірақ оның тиімді жолын әлі ұсына алған жоқ.
Қуаныш Қаппас
