Жолдау. Былтырғы мен биылдай
Былтыр да экономика
Президенттің былтырғы жолдауында экономика тақырыбы көбірек сөз болған. Өнеркәсіпті дамыту, импортқа сүйенбеу, ауыл шаруашылығын дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау, экономиканы әртараптандыру, шикізат секторына тәуелділікті азайту деп кете береді. Ең маңыздысы – барлық азаматқа тең мүмкіндік беретін тұрақты және әділ экономикалық жүйе құру жоспарланған.
Ал саяси-әлеуметтік сала бойынша шетелге заңсыз шығарылған капиталды қайтару, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, ең төменгі жалақы мөлшерін көбейту тапсырылды. Сондай-ақ елдің әскери әлеуетін көтеру мен цифрлы технологияны дамыту жөнінде де айтылды. Бұдан бөлек, көлік, су ресурстары және құрылыс министрлігі құрылып, спорт саласы мәдениеттен бөлініп, туризмге қосылған.
Былтыр жұрт жаңа жолдаудан бұрын айтылған тапсырмалар мен бастамалардың қайсысы қай деңгейде орындалғаны туралы есеп берілсе деген талабын айтқан. Нақты «мына тапсырма былай жүзеге асты» деп ашық есеп бере қоятын ешкім жоқ. Бірақ премьер-министр Олжас Бектенов бір жылда атқарған жұмысымыз деп шолу жасапты. Ол 2029 жылға дейін ұлттық экономика көлемін 450 млрд долларға жеткізуге күш салып жатқанын айтты. Ол үшін елде қайта өңдеу өнеркәсібі, машина жасау, ақпараттық технологиялар және басқа да заманауи жобалар жүзеге асуы керек.
Премьердің айтуынша, үкімет отандық тауар өндірушілерге қолдауды күшейтті, қазір құны 15 трлн теңгеден асатын 17 ірі жоба қолға алынды, соның арқасында 26 мың жұмыс орны ашылып, импортқа тәуелділік 1,5 трлн теңгеге азаяды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласын қаржыландыру 4 есе өсіп, 580 млрд теңгеге жеткен. Кейінгі екі жылда ауыл тұрғындары 100 млрд теңгеден аса шағын несие алып, 20 мыңға жуық азамат өз кәсібін ашыпты.
Сондай-ақ үкімет президенттің ең төменгі жалақыны көтеру туралы тапсырмасын бұлжытпай орындадық деп мақтанып жүр. Биыл қаңтарда ЕТЖ 70 мың теңгеден 85 мыңға өскен. Шенділердің айтуынша, бұл халықтың әл-ауқатын арттыратын маңызды шешім, өйткені ЕТЖ өскен соң 2 миллионға жуық тұрғынның табысы артыпты. Бірақ олар ең төменгі жалақымен бірге орташа жалақы да, зат бағасы да бірге өсетінін ескермей отыр, яғни жаңағы 2 млн адам үшін ештеңе өзгермейді.
Бектеновтің есебі мінсіз болғанымен, елдегі жағдай мақтанарлықтай емес. Мысалы, үкімет басшысы ауыл шаруашылығын қаржыландыру 4 есеге өскенін ғана айтады, ал сол салада субсидия бөлу сыбайлас жемқорлықтан арылмағанын, ауылдарда білікті кадр мен заманауи технологияның жетіспейтінін ескермейді. Сондай-ақ кәсіпкерлерді қолдау саясаты бюрократиялық кедергі мен қаржы тапшылығынан арылған жоқ. Билік шағын және орта бизнесті дамыту үшін қаржылық көмектен бөлек, жайлы бизнес орта жасап, әкімшілік кедергіні жою керегін ескермей отыр.
Биыл да экономика
Биылғы жолдау былтырғының заңды жалғасындай болды. Президент бұл жолы да саяси мәселелерден гөрі экономиканы, өндірісті дамыту жөнінде көбірек айтты. Тоқаев елдегі орта бизнестің даму деңгейін сынға алып, 2029 жылға қарай бұл саланың ел экономикасындағы үлесін 15 пайызға жеткізуді тапсырды.
Сондай-ақ инфрақұрылымды жақсартып, туризмді дамыту және экологияны қорғау мәселесін басты күн тәртібіне шығарды. Мемлекет басқару ісінде ашықтық қажет деген тапсырманы қайталап, қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын орнықтыруды талап етті. Одан бөлек, ауыл шаруашылығы саласына субсидия бөлуде заңбұзушылық көп екенін айтып, бақылауды күшейтуді тапсырды.
Мамандар президент жолдауындағы міндеттерді жүзеге асыруға кері әсер ететін басты факторлардың бірі – бюджет тапшылығы екенін айтады. Қазір Қазақстанда бюджеттің жағдайы мәз емес екені бәріне белгілі. Мұны биылғы жолдауында президент те айтты. Оның айтуынша, бюджетке кіріс аз, шығыс көп. Бюджетке түсетін кірісті көбейту үшін салық саясатын қайта қараудың маңызы зор. Халықаралық сарапшылар Қазақстан банктері әлемдегі ең көп пайда табатын банктер санатына жататынын анықтаған. Сондықтан банктер дивидендіне сәйкес салық төлеуі керек.
Экономистер елдегі бюджет тапшылығына бірнеше фактор әсер еткенін айтады. Ең алдымен, экономикамыз шикізат экспортына тәуелді. Сол үшін бюджет мұнай мен басқа да тауарлардың әлемдік бағасының ауытқуына байланысты шығынға ұшырайды. Екіншіден, инфляция мен валюта нарығының тұрақсыздығы сияқты сыртқы экономикалық факторлар мемлекеттік қаржыға қысым түсіреді.
Сондай-ақ биліктің бюджет қаржысын орынсыз жұмсайтын ескі әдеті де жығылғанға жұдырық болып отыр. Статистика бойынша мемлекеттік бюджет шығынының 40 пайызға жуығы тиімсіз жұмсалады. Жергілікті бюджетті бақылау әлсіз, сол үшін қажетсіз шығындар мен ысырапқа тосқауыл қойылмай отыр.
Қуан Өмірхан