Жолдау түбі алдау болып бара ма?
Бірнеше күннен бері халықтың аузында жолдау. Әркімге өз мәселесі жақын. Сондықтан жолдаудан да әркім өзінің жанды жеріне жақынын, әлеуметтік маңызын талқылауда.
Бірі «қашпаған сиырдың уызынан дәметіп» бала күтімі үшін төленетін жәрдемақының 1,5 жасқа шейін ұзарғанына қуанса, енді бірі – әр баланың арнаулы жинақтаушы есепшоты ашылатыны қуаныш. Аш адамның тамақтан басқа уайымы болмайтынындай – халықтың да басым бөлігінің ең алдымен әлеуметтің әлеуетін көтеретіндей шешімдер күтетінін аңғардық. Ең көп талқыға салынып жатқаны да халықтың тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер ететін тақырыптар.
Осы орайда халық жоғары білімді мейлінше қолжетімді етеді деп күтіліп отырған, білім алуға 2-3% пайызбен берілетін жеңілдетілген несиеге қуанды, зейнетақы жасының аз да болса төмендетілетініне, балаға жәрдемақы төлеу жасының алты айға ұзартылғанына көбірек қуанғанына қарап, мына қымбатшылықтың халықтың қарнының тоқтығын ғана ойлап, әлеуметтік жағдайды күйттеуге ғана мәжбүрлеп қойғанын ұқтық.
Жолдауда халықтың қатты өкініші де байқалды. Айналып келгенде ол да халықтың тұрмыс-тіршілігіне қатысты дүние. Президенттің «Алдағы уақытта көліктерді әкелудің барлық заңсыз арналарына тосқауыл қою үшін шешуші шаралар қабылдау қажет. Бұл ретте биылғы жылдың қыркүйегіне дейін әкелінетін мұндай көліктерге қатысты жағдайды реттеу қажет.
Оларды заңдастыру үшін 200-250 мың теңгеден аспайтын мөлшерде утиль мөлшері мен бастапқы тіркеу үшін біржолғы алым алуды ұсынамын» деуі көп адамның наразылығын да тудырып отыр. Өйткені тәртіпке, заңға бағынғаны үшін сан соғып қалғандардың санасында «заңды белшесінен баса беру керек екен» деген түсінік қалыптасқаны айқын. «Арты қалай болар екен» деп қорқасоқтап жүргендер мемлекет басшысының «қыркүйекке дейін кірген барлық көлікті заңдастырамыз» дегені заңға бағынған адамдардың құқығын таптау емей немене?! Заң, ереже, талапты орындайтындарға емес, айналып өтетіндерге жағдай жасаудың соңы алдағы уақытта заңға бағынбайтындардың қарасының артуына ықпал етері анық. Олай болса белгілі бір тәртіп, ереже, заң жасап алып, оны орындамағандарды кешіре берудің соңы мемлекеттің заңына бағынбайтындардың көбеюіне ықпал етсе, мемлекеттік басқарудың қағидасы қайда қалмақ. Заңның пәрмені қайсы, президенттің сөзінің салмағы қайда?!
Қырғыздар мен армяндардан ертерек көлік әкеліп алғандар бөркін аспанға атып қуанып жатса, олардың ісіне заң бұзушылық деп қарағандарды өкіндірген шешім осы болды. Осы орайда айта кетер жайт, бір кездері банктен алынған кредиттері кешірілгендер кредит алмағандарды мазақ қылғаны да рас. Сол секілді халықты бұлай жаман үйрету «Үкімет кешіре береді» деген пиғылға жаман үйретпесе болғаны.
Осы орайда атап өтер жайт, елімізде 2010 жылы шыққан Тойота Камри 40 көлігі 7 миллион теңге маңайында болса, Моңғолияда сол көлік 2 миллион теңге көлемінде. Осыдан соң халық қалай заң бұзбайды? Елдегі көлікті қалтасы көтермеген соң шекара асып, арзан көлікті «арбаламағанда» қайтеді?! Алайда қашанда заң ортақ болуы керек емес пе?
Сондықтан қазірдің өзінде «Үкіметтің халыққа жаны ашыса 2023 жылдың аяғына дейін көлікті заңдастыруды созып, халықтың көліктерін жаңартып алуға мүмкіндік беруін» сұрап жатқандар жетерлік. Тіпті сарапшылар әлеуметтік желі арқылы арнайы үндеу де жолдауда. Елдегі «көлік тапшылығын азайтуға, көлік паркін жаңартуға, жол қауіпсіздігін күшейтіп, халықтың әлеуметтік көңіл күйін көтеруге де әсер етеді» деген ұсынысты қазірдің өзінде қолдаушылар қарасы өте көп. Ал ел ішінде осындай алауыздық тудырған жолдауды халық қалай жаппай қолдайды?
Халық көптен бері сынға алып, еліміздің медицинасының қызмет көрсетуін одан әрі тұралатқан МӘМС жүйесі де мемлекет басшысының назарынан тыс қалмады. «Салаға қаржының жеткілікті бөлінбеуі қалыпты жағдайға айналған. Соның кесірінен жұрт сақтандыру жүйесіне қосылса да, медициналық қызмет толық көлемде көрсетілмей отыр. Бүгінде медициналық көмек мемлекет кепілдік берген және сақтандыру пакеті деп екіге бөлінген. Ашығын айтсақ, мұндай жүйенің тиімділігі төмен» деген мемлекет басшысының тапсырмасы орындалса, медициналық қызметсіз қалған талай халықтың қуанары анық.
Сайлау алдындағы абырой жинауға ұмтылу ма, жоқ әлде шынымен сол мәселелердің ушыққанын көргені ме жолдауда көп уәде берілді. Соның ішінде ең төменгі жалақының өсуі, 2025 жылға дейін еліміздің жолдарының 95 пайыз жақсартылуы, әйелдердің зейнет жасының 2028 жылға дейін 61 жасқа төмендетілуі секілді игі шаралар да айтылды. Алайда басталмай жатып тоқтатылған «Артспорт» бағдарламасының да мемлекет басшысының 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі жолдауында «Бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беру керек. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет. «Балалар үйірмесі» қызметін қайта қалпына келтірген жөн. Онда жастарымыз қолөнердің және шығармашылықтың бастапқы негіздерімен танысар еді. Балалар үшін қатерлі бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда олардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды. Балалар мемлекетіміздің болашағы емес пе?! Әкімдердің жұмысын осы өлшем бойынша да бағалаймыз» деген тапсырмасы бойынша құрылғанын ескерсек, жоғарыдағы талай уәденің де соңы сиырқұйымшақтанып кетпесіне кепілдік жоқ. Әйтпесе тап балалар жылында балалар үйірмелерінің жабылып қалатын жөні жоқ еді. Балалар үйірмелері бойынша жұмысы бағаланған әкімдерді де көре алып отырғанымыз жоқ. Бәрі сөз жүзінде қалды.
Айтпақшы 2020 жылғы жолдауында «Мен 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің еңбекақысын 25 пайызға көбейту жөнінде шешім қабылдадым. Жалақы мөлшері алдағы уақытта да арта береді. Бұл мақсатқа алдағы үш жылда қосымша 1,2 триллион теңге бөлінеді» деген болатын. Алайда бір жылға жетпей сағаттары қысқаруына орай жалақылары қысқарып, тіпті сағат жетіспеушілігіне байланысты өздері жұмыстан қысқарып кетіп жатқан ұстаздарды көзіміз көріп отыр. Сонда осы мақсатта бөлінетін 1,2 триллион теңге қайда, президенттің тапсырмасы қайда? Арты жоқ алдаусыратқан дүниелер болса, жолдаудың не қадірі қалды?
Сондықтан әр жолдау «есегі судан өтіп алғанша...» айтылатындай дүние екеніне де көзіміз үйреніп барады. Келер жолдауда сол мәселе өткен жылы қозғалмағандай тағы ұйып тыңдап, жаппай қолдап, түгел алданып отырарымыз анық. Отыз жыл алданғанымыз аздай, бұл қазақ мәңгілік алданып өмір сүруге жаралған секілді ғой...