Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
06:04, 24 Наурыз 2022

Жолдауды қолдасаң, осылай қолда!

None
None

Президенттің халыққа арнаған Жолдауында жұртшылық күткен біраз мәселе айтылмай қалды.

Мәселен, әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасын төмендету туралы сөз қозғалған жоқ. Көпшілік президент осы жолы парламентті таратып, мәжіліспен бірге мәслихат сайлауын қайта өткізеді деп күткен еді. Алайда Қасым-Жомарт Тоқаев бұл туралы ешнәрсе айтпады. Дегенмен сарапшылар төменгі палата мен мәслихат биыл тарауы мүмкін деген пікірде. Өйткені қисынға салсақ, солай болуы тиіс.  

Президенттің жолдауын өңірлерде қолдау, талқылау шаралары қызу жүріп жатыр. Жақында Шымкент қалалық әкімдігінде мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: жаңару және жаңғырту жолы» атты жолдауын жүзеге асыру бойынша мәжіліс өтті. Мемлекет басшысының саяси реформалары мен бастамаларына қолдау білдіргендігі шығар, жиында қала әкімі Мұрат Әйтенов жаңадан жасақталып жатқан қалалық Қоғамдық кеңес құрамына үміткер ұсыну құзырынан бас тартқанын мәлім етті. Міне, мәрттік! Жолдауды қолдасаң, осылай қолда!

– Бүгінгі кеңестің 29 мүшесінің 10-ы не мемлекеттік қызметкер, не болмаса квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері болса, енді сайланып жатқан Кеңес толығымен азаматтық қоғам өкілдерінен құралады деген сенімдемін. Әкім ретінде менің Кеңестің 29 мүшесінің 9-ын ұсыну құзырым бар. Алайда бұл құзырымнан бас тартып, ешкімді ұсынған жоқпын. Үміткерлер өздері қатысып, тәуелсіз таңдау комиссиясы өздері шешім шығарады, – деді мегаполистің басшысы.

Жиында қоғамдық ұйымдардың жұмысы туралы да әңгіме болды. Әйтенов бүгінгі таңда Шымкентте 840 үкіметтік емес ұйым тіркелгенін, бірақ олардың бәрінің бірдей белсенді еместігін атап өтті.

Жолдауда президент алдағы уақытта мәжілістің 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталатынын айтты. Облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттары да аралас жүйе бойынша жасақталады. Ал аудандық және қалалық мәслихат сайлауларын толығымен мажоритарлық жүйеге көшіру ұсынылғаны белгілі.

Мұрат Әйтеновтың айтуынша, бүгінде Шымкентте 630 мың сайлаушы бар.

– Шымкент қаласының мәслихатына кірген үш партияның жалпы мүшелерінің саны 50 мың адамға жетпейді. Демек, сайлаушылардың 8 пайызы ғана партия мүшелері. Бұл жағдай халықтың сайлауға деген қызығушылығын жылдан жылға төмендетуі мүмкін. Сонымен бірге мемлекет басшысы сайлауда дауыс берудің баламалы әдістерін қолданып, сайлау процесін жаңғырту бойынша бірқатар ұсыныстар айтты. Шымкент қаласының Сайлау комиссиясы өткен сайлаулардағы тәжірибелерді ескере отырып, президенттің сайлау үдерісін жаңғырту жөніндегі бастамасына нақты ұсыныстар әзірлеуі тиіс, – деді әкім.

Байқағандарыңыздай, сайлаушылардың бар-жоғы 8 пайызы ғана партия мүшесі. Мұндай жағдайда мәжіліс пен облыстық және мегаполистегі мәслихаттардың 70 пайызын партиялық тізім бойынша жасақтау қаншалықты орынды? Енді мажоритарлық жүйемен сайланатын 30 пайызды саралап көрейік. Мәжілістегі 30 пайыз дегеніңіз 30 мандатқа да жетпейді. Ал елімізде жаңадан құрылатын үш облысты қоссақ, 20 өңір бар. Әр өңірге шаққанда бұл 1-1,5 мандатты құрайды екен. Сонда миллион тұрғыны бар Шымкенттен Мәжіліске мажоритарлық жүйемен тек бір депутат сайланады екен. Бұдан елең еткізерліктей өзгеріс байқала ма?

Айтпақшы, жиында барлық партияларға тең мүмкіндік жасау, ешқандай партияда артықшылық болмауы үшін президенттің Amanat партиясының төрағалығынан кететінін жариялап, әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарын басқаруға заң жүзінде тыйым салынғаны да айтылды. Осы тыйымға сәйкес, Мұрат Әйтенов Amanat партиясының Шымкент қалалық филиалының төрағалынан кетеді. Енді депутаттар төрағалықтың тізгінін ұстап отырған әкімдердің тәуелділігінен құтылады деген сөз. Біздің ойымызша, президенттің жолдауындағы ең үлкен жаңалық осы болды.

Жоғарыда айтылғандай, «Жаңа Қазақстан» идеясының талабы бойынша ешкімге ешқандай артықшылықтар берілмеуі тиіс. Егер биліктегілер осы идеяға адал болса, күні ертең Ата заңға, сайлау, саяси партиялар туралы заңдарға өзгерістер енгізілген соң, мәжілісті таратады. Мәжіліс пен бірге мәслихаттар да қайта жасақталады. Себебі қазір мәслихаттағы депутаттардың кемінде, 80 пайызы кешегі Nur Otan, бүгінгі Amanat партиясының мүшелері екендігі айтпаса да белгілі. Қазір Amanat-қа айрықша артықшылықтарды беріп қойып, қарап отыра беретін заман емес қой. 

«Өз еркімізбен тарап кетейік», – деген ұсыныс депутаттардың өздерінен шықса, таңғалуға болмайды. Президент төрағалықты тәрк етіп, әкімдер заңмен тиесілі құзырларынан бас тартып жатқанда, депутаттар қарап қалуы керек пе?! 

Тегтер: