Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:46, 02 Желтоқсан 2022

Жолдың сапасы жолшыға байланысты

None
None

Халық арасында тарап кеткен «Тас лақтырсаң міндетті түрде заңгерге тиеді» деген қалжың бар.

Әзілдің астарында еліміздегі жастардың көбі бір кездері беделді,әрі пайдалы кәсіп деп, юриспруденциямамандығынтаңдағанын білдіретін салмағы зіл батпан сөз жатыр. Иә, мемлекеттігі бар, жекеменшігі бар жоғары оқу орындарының бір кездері сұранысқа ие деп, осы мамандықты көптеп ашқаны өтірік емес. Соның салдарынан Қазақстанда жоғары білімді такси жүргізушілер мен жүкшілер қаптап кетті. Бірақ ең қажетті кәсіп иелері азайып кетті. Баласының «болашағын ойлаған» ата-аналар ешкімнен кем қылмаймын деп ынтасы мен бейіміне қарамастан,жұрттың баласы түсіп жатқан оқуға бергені де жасырын емес. Бір жағынан «мен де ешкімнен кем емеспін» деген тыраштануы да болар. Міне, осындай мамандық таңдаудағы кемшіліктің салдарынан елімізде бүгіндері көптеген салада білікті маман жетіспей жатыр. Соның бірі жол құрылысы.

Солтүстік Қазақстан облысы да жолшылардың тапшылығын айқын сезініп отырған өңірлердің бірі. Биыл ғана өңірде жоғары білімі мен тәжірибесі бар 50-ден астам маман жетіспегенін айтпаған күннің өзінде, мыңға тарта қарапайым жұмысшы табылмады.

— Жол саласында қарапайым жұмысшылардың жалақысы орта есеппен 350-550 мың теңге аралығында. Бірақ бір өкініштісі жергілікті тұрғындардың арасынан мұндай жұмысшылар табылмай отыр. Кейбіреулері 5-10 күн істеп кетіп қалады. Сондықтан көбіне жол құрылысы компаниясының басшылары Армения мен Өзбекстаннан келген адамдарды жұмысқа алады, – дейді Солтүстік Қазақстан облыстық автокөлік жолдары және жолаушы тасымалдау басқармасының басшысы Мақсат Баяхмет.

Қарапайым жұмысшылардың қатарына асфальт тығыздайтын каток операторы, асфальт төсеушілер мен грейдер жүргізушілері кіреді. Маман тапшылығын өңірдегі барлық кәсіпорындар көріп отыр. Бескөл ауылындағы асфальт-бетон зауытының директоры Залибек Мхоянның айтуынша, өкінішке қарай, жол құрылысы маусымдық жұмыс. Сондықтан жалақысы жақсы болса да білікті маман тұрақтамайды.

— Былтыр да биыл да біраз жұмысшыны Армениядан алдырдық. Облыстық әкімдіктің келісімімен, әрине. Бір өкініштісі, кадрлардың көбі көшіп кеткен, ал отандық университеттерде бұл мамандықты оқытатын кафедралар аз, – дейді Залибек Мхоян.

Қазіргі таңда Қазақстанда жол құрылысы мамандарын даярлайтын 7 жоғары оқу орны бар. Олар: Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті, Л. Б. Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол институты, Логистика және көлік академиясы (ҚазККА), Қазақ қатынас жолдары университеті, М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті және Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті.

Маман жетіспеушілігі мен кадр даярлау ісіндегі олқылықтар – Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы мамандарын да алаңдатып отыр. Өйткені жолдың сапасы алдымен оны төсеген маманның біліктілігіне тікелей байланысты.  Осыған байланысты жол құрылысы саласына жауапты құрылымдар бүгінде мектеп оқушыларымен кездесіп, кәсіби-бағдарлау сағаттарын өткізеді. Саладағы тапшылықты жоюға бұл да сеп болмақ.

– Біздің елімізде жолшы мамандығы өте сұранысқа ие және жолшыларға деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Себебі Қазақстан аумағы жағынан әлемдегі – 9-шы ел. Автожолдар желісінің ұзындығы – 96 мың км (республикалық маңызы бар 25 мың, жергілікті жолдар 71 мың).  Сонымен қатар Қазақстанда 61 мың км көше жолдары желісі бар. Жолдардың ұзындығы бойынша елдердің әлемдік рейтингісінде біз 32-ші орынды иемденеміз. Үздік үштікке АҚШ, Үндістан, Қытай кіреді. Жолдардың сапасы бойынша, өкінішке қарай, біздің еліміз – 93-ші орында.  Қазақстанның осы саладағы әлеуеті зор, алда көп жұмыс күтіп тұр. Алайда нарықта жақсы кадрлардың тапшылығы байқалады. Бұл жол шеберлері, инженер-құрылысшылар, инженер-сметашылар, зертханашылар, асфальтбетоншылар, асфальттөсеушілер, автогредеристер, механизаторлар, ресайклерлер, арнайы техника машинистері және т.б. Бұл негізгі жол күштері. Сонымен қатар геодезистер, картографтар, метеорологтар, механиктер, токарьлар, жобалаушылар, ғалымдар және тағы басқалары бар, – дейді Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығының директоры Замир Сағынов.  

Ғылым және жоғары білім министрлігінің деректері бойынша, қазақстандық ЖОО түлектерінің 60 пайызы өз мамандықтары бойынша жұмыс істемейді екен. Жыл сайын Қазақстанда 70 жоғары оқу орны 10 мың заңгерді даярлайды екен. Ал сарапшылар болса, елге көп маман қажет емес деп санайды. Олар сондай-ақ еңбек нарығының трендтері туралы ақпаратқа ие емес, сондықтан сұранысқа ие мамандықты таңдай алмай жүр. Ал Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының инженері Азамат Тагилов жауапкершілігі мол жолшы мамандығын таңдаған жастардың бірі. Ол – 1989 жылы Ресей федерациясының Омбы облысында туып, сонда өскен. 2007 жылы Петропавлдағы құрылыс-экономика колледжінің ғимараттар мен нысандардың құрылысы мен пайдалану бөліміне  оқуға түскен. Таңдаған мамандығы – құрылысшы техник. 2010 жылы аталмыш оқу орнын ойдағыдай аяқтап, әскер қатарына алынды. Ресей азаматы болғандықтан, Бурят республикасындағы арнайы десант-шабуылдаушылар бригадасында борышын өтеді.

2012 жылы Қазақстанға қоныс аударып, «Ақмола құрылыс материалдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде қарапайым жұмысшы болып еңбек жолын бастаған. Талапты жастың ынтасын байқағасын, 3 айдан кейін жөндеу жүргізіліп жатқан «Астана – Петропавл» жол учаскесіне геодезист қызметіне ауыстырылды. Бір жылдан кейін жұмыс істейтін мекемені ауыстырғанымен, құрылыс саласынан қол үзген жоқ. «Севказэнерго» АҚ-да да бірнеше жыл қатарынан геодезист болып еңбек етті. Осы компанияда жұмыс істеп жүрген кезде Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің «Құрылыс» факультетінде сырттай білім алып шықты. 8 жылдан соң қалауы бойынша жол құрылысы саласына қайта оралды. Бүгіндері Жол активтері сапасы ұлттық орталығының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалында жұмыс істеп жүр.

— Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы туралы естіген күннен бастап, осы ұйымға қызметке тұрғым келген еді. Бірден өзімнің түйіндемемді жібердім. Біраз уақыт өткесін шақырту алып, тест тапсырғасын кадрлық резервке алындым. Былтыр орын босағасын осында материалдармен жұмыс инженері болып қабылдандым. Қазір менің міндетім – жол құрылысы материалдарын сынақтан өткізу, белгіленген стандарттарға сай болуын қадағалау мен оның нәтижелерін толтыру болып табылады, – дейді Азамат Тагилов.

   Азамат жол құрылысы саласына ден қойғаны сонша, болашағын осы салаға арнауға бел буған. Бүгінде Л.Б. Гончаров атындағы қазақ автокөлік және жол институтының ІІ курс студенті. Таңдаған мамандығы да өз қалауына сай – автокөлік жолдары мен аэродром құрылысы.    Осылайша «Талаптыға нұр жауар» демекші, Азамат тарихи Отанына оралып, өзі қалаған салада еңбек етуде. 

  Бір өкініштісі, қызылжарлық жастардың көбі мектепті тәмамдағасын көршілес Ресейдің жоғары оқу орындарын таңдайды. Және диплом алған соң елге оралатындары некен-саяқ. Мәселен, былтыр теріскейдегі мектептердің 28 түлегі жолшы мамандығын таңдаса, солардың 13-і Омбы мен Новосибирск қаласына аттанған. Биыл болашақ жолшылардың 6-уы Ресейге кеткен.

Жол салу әр мемлекеттің басты бағыттарының бірі. Қазақстанда да жыл сайын мыңдаған шақырым жол салынып, оны күтіп-ұстау, жөндеу осы саланың мамандарының мойнында. Қазақта «Тауық сойса да қасапшы сойсын» деген тәмсіл бар. Сондықтан әр маман өзі білетін жұмыспен айналысқаны жақсы. Әсіресе жол құрылысы секілді маңызды жұмысты да «асфальттың иісі» мұрнына баратын адамдар атқарса, құба-құп болар еді. Бәлкім, сонда ғана биыл төселген жол жылға жетпей ойдым-ойдым болып қалмас...

Тегтер: