Жолы болмаған жобалар
Тәуелсіздік алған отыз жылда Қазақстанда қанша жоба ашылды? Оның қаншасы жабылды?
Санап тауысу қиын. Әлеуметтік желіде Н.Назарбаев ашып, бірақ аяқсыз қалған бірнеше өндірістің тізімі жарияланыпты. Қарап шықтық. Шағын өндіріс емес. Бәрі шетінен бірнеше миллиард долларға салынған, атынан ат үркетін таудай-таудай өндіріс орындары. Аяқсыз қалған сол жобалардың бірнешеуіне тоқтала кетсек.
Мысалы, 1997 жылы лентасы қиылған «Тұлпар» автомобиль зауыты. 1 млн АҚШ доллары жұмсалған зауыт бір жылдан кейін-ақ жабылып тынды. «Тұлпарды» құрастырушылар «бұл көлікті парламент те сатып алатын болады» деп соқты кезінде. Әуелдегі жоспар бойынша Қазақстан нарығына жылына 40 мың «Тұлпар» шығу керек еді. Айтылған сөз, берілген уәденің жыл толмай тынысы тоқтады.
Бір-екі жыл ғана «өмір» сүрген жобалардың қатарында ауыл шаруашылығына арналған «Фермер» ұшағын шығаратын зауыты мен «ҚазСат» спутнигі тұр.
Алғашқысы 2011 жылы ашылып, 2012 жылы жұмысын тоқтатты. Оған кеткен қаржы ашық көздерде 1,648 миллиард теңге деп көрсетілген. Жобаның жалпы құны әуелде 3,75 млрд теңге деп жарияланған болатын. Бірақ зауыт бір жылдың ішінде бірде-бір ұшақ шығармай, жабылып қалды. Өндіріс басшыларының жобаны ашар кездегі жоспары мен мақсаты таудай еді. Олар Қарағанды облысы мен еліміздің басқа да өңірлері үшін ауыл шаруашылығында пайдаланылатын «Фермер-2» және «Фермер-500» атты 50 ұшақ шығарамыз деп күпінген-ді. Ол аз десеңіз, зауыт ашылған кезде компания басшылары алдағы уақытта көптеген мақсаттарға пайдалануға жарайтын «Сұңқар» ұшағын құрастыратындарын да айтқан болатын.
2006 жылы «ҚазСат» спутнигін көкке көтермелеп, ұшырып жібердік. Қанатсыз темір сол кеткеннен мол кетті. Әуелде әуедегі ғұмыры 10 жылға жетеді деп шуладық. Алайда екі жылдан кейін қанаты «сынды» ма, өзімен-өзі тынды. Оған кеткен қаржыны ойласаңыз, іші-бауырыңыз езіліп, жүрегіңіз қан жылайды. 65 млн АҚШ доллары! Бұрынғы ақшалар желге ұшып жоғалса, «ҚазСатқа» кеткен көк қағаз көкке ұшты.
Қомақты қаржы бөлініп, «су аяғы құрдымға кеткен» аяқсыз жобалардың қатарында Балқаш мырыш зауыты мен Тасқала цемент зауыты, SiliciumKazakhstan кремний зауыты тұр. Бұл жобаларға бірнеше жүз миллион доллар бөлінген. Мысалы, Балқаш мырыш зауытына 120 млн, Тасқала цемент зауытына 210 млн, ал SiliciumKazakhstan кремний зауытына 420 млн АҚШ доллары жұмсалыпты. Қазір осыншама мол қаржы бөлінген өндіріс орындарының біреуі де жұмыс істемейді. Алғашқысы – алты, екіншісі – үш, соңғысы бес жыл ғана «өмір» сүрді.
Тізе берсек, мұндай жобалар да, желге ұшқан қаражат та көп. Мәселе неде? Тәуелсіз экономистердің айтуынша, біздің кемшілігіміз – нарық пен қажеттілікті дөп басып болжай алмайтынымызда. Мысалы, біз көлік өндіруден Жапония мен Германиядан, Оңтүстік Кореядан аса алмасымыз айдан анық. Тіпті ондай бақыт бұл ғасырда да бұйыра қоймас. Олар көлік өндірісінен бізден жүз жыл ілгері тұр. Мұны бір деп қойыңыз. Екінші, оларда сұраныс бар, қара ормандай нарық бар. Жапония мен Кореяның бір қаласында ғана Қазақстанның 19 миллиондай халқы тұрады. Ал немістер Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бар қаржысын ғылымға, өндіріске, техника мен жаңа технологияға арнаған озық ел. Олардың жасаған көлігін бүкіл әлем мінеді. Бренд. Немістердің нарығы – Еуропадағы бай мемлекеттер.
Бізде ондай нарық та, халық та, тіпті сұраныс та жоқ. Оның үстіне әркім өзі көтере алатын шоқпарды белге байлағаны абзал емес пе?! Қазақстан спутник жасап АҚШ пен Ресейден аса алмайды. Ұшақ шығарамыз дегеніміз де бос әурешілік. Ал цемент, мырыш, кремний сияқты табиғи өндірістерді өрістетуге болар еді. Бірақ ол жобалардың неге аяқсыз қалғаны түсініксіз.
Біз әлемді техникамен немесе жаңа технологиямен, тіпті ғылыми жаңалықтармен де таңғалдыра алмаймыз. Өтіміз жарылып кетсе де, шындық осы. Біз төрткіл дүниені қолымызда бар байлықпен ғана бас идіреміз. Ол, әрине, мұнай емес. Ол – Қазақстанның ауылшаруашылық өнімдері: бидайы, еті мен сүті, жүні мен терісі.
Біз қолда барды бағалағанда осыншама қаржы желге ұшпас еді. Қазақ әлімсақтан төрт түлік өсіріп, Ұлы дала төсін малға толтырған көшпенді халық. Демек, мал бағу, өсіру, одан өнім алу біз үшін таңсық дүние емес. Бұл – атакәсіп. Демек, сол атакәсіпті өрістетіп, инвестицияны соған салғанда әлгі миллиардтар қазір өз нәтижесін берер еді. Әлемде табиғи өнімге қажеттілік күн санап артып отыр. Ақшасы бар адамдар химиялық талшықтан тігілген киім кимейді. Қойдың жүні мен терісінен, мақтадан тігілген киімге зәру. Ең қымбат аяқкиім мал терісінен тігіледі. Кеңес Одағы кезінде өсірілген жіңішке, биязы жүнді қазақтың арқар-меринос қойының жүні мен терісі – Қытай мен Еуропа елдері үшін әлі күнге дейін қол жетпес қазына. Алайда біз жүн-жұрқаның, тері-терсектің қадірін қашырдық. Тіпті қазір тері тиын, жүн теңге болудан қалды. Шетелде қойдың ішек-қарнына дейін қып-қызыл ақша. Олар малдың қара тұяғына дейін кәдеге жаратады. Ет ше? Аграрлық ел болсақ та, етті шетелден сатып алған соң, не сұрайсыз? Етті сиыр деп, қайбір жылдары Еуропадан сиыр тасыдық. Оның жыры көп. Біразы ұшақ үстінде жоғалды, қалғаны жерсінбей жатып қырылып қалды. Сүт ше? Алматы мен астана базарларында Қырғызстанның сүті, қаймағы мен майы самсап тұр. Бізде жоқ емес, бар ғой. Бірақ соның қиюын келтіре алмадық па, Қазақстан нарығын Ресей мен Белоруссияның сүт өнімдері жаулап алған. Оны ығыстырып шығу Еуразиялық одақтың заң-талабына томпақ болуы мүмкін. Путин көкеміздің кәріне қалғанша, қазақтың сүті сасып-құрттап жатқаны мың артық.
Бидай-тарымен-ақ алты құрлықтың аузында жүруге болар еді. «Сарыарқа – бидайдың отаны» деп мақтанғанда, бөркімізді ататын аспан таба алмаймыз. Сол сары дала қазақтың емес, қайдағы бір келімсек латифундистердің қарнын тойдырып жатыр. Ал біз Алтайдан Атырауға, Қаратаудан Сарыарқаға дейін созылып жатқан ұлан-ғайыр даланың ен байлығын көрудің орнына қолымыздан келмейтін іске тыраштанамыз. Бәлкім, сол тыраш-тірліктің артында әлдекімдердің бизнесі жатқан шығар, кім білсін? Бірақ қазақтың көз жасынан да қорқу керек.