Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:15, 01 Маусым 2025

Жөнделген куәлік, жасырылған өлім

Әлібек Қоңыратбаев
Фото: ашық дереккөз

1987 жылы қоғамда болып жатқан саяси өзгерістер кезінде МҚК-не хат жазып, 30 жасында жазықсыз атылып кеткен жазушы Әлібек Қоңыратбаевтың тағдырын сұрағаным бар. Ұзамай өздеріне шақырып, кім екенімді, қандай мақсатты көздеп жүргенімді анықтап сұрады.

Содан соң Әлібек ағамыздың «қылмыстық» ісіне тігілген университетті аяқтағаны туралы дипломын қайтарып, қолхат жаздырып алды. Суретін сұрап едім, ісінде сурет жоқ деді. Бүгінде байқасам, сол жолы шындықты жасырған екен. Өткен 2024 жылы президент архивіндегі «қылмыстық» ісінен бет жағы мен қырынан түсірілген суреттердің бірнеше данасын көріп, көшірмесін алған едім.

Әңгіме барысында МҚК-нің қызметкерлері өз мекемелерінің ағамыздың тағдырына еш қатысы жоқ екенін жеткізіп, оны Түркістан әскери округінен сұрау керек дегенді айтты. Артынша ағамыздың тағдырын сұрап, сол әскери мекемеге де хат жолдадым. Қолымда нақты мекенжайы болмаған соң «Ташкент, Түркістан әскери округіне» деп жіберген едім. Пошталық индексі, нақты адресі болмағасын жауап бір айдың шамасында келетін болар деп арқаны кеңге беріп жүргенмін. Бірақ олай болмады, жауап өте жылдам, бірер күннің ішінде келді. Тіпті жолдаған хатымның Алматыдан шығатындай уақыты да болмаған тәрізді көрінді. Көкейде тағы да сенімсіздік көлеңкесі пайда болып, «Түркістан әскери округі» деп жүргендері осылардың өздері емес пе?» деген күмән пайда болды.

Түркістан әскери трибуналынан келген анықтамада Әлібек Қоңыратбаевтың 1937 жылы 2 желтоқсанда атылып кеткені алғаш рет анық көрсетілді. Сол хатты Медеу аудандық АХАЖ бөліміне көрсетіп, ағамыздың өлгендігі туралы куәлікті жаңғыртып, датасын өзгертіп беруді сұрадым. Меңгерушісі ондай өзгерістің үш әріп мекемесінің рұқсатымен ғана жасалатынын айтты. Амалым таусылып, үш әріп мекемесіне қайта бардым. Ондағы архив бөлімінің қызметкері АХАЖ бөліміне айтамыз, барып куәлікті ала берсең болады деді.

Араға бір аптадай уақыт салып барсам, куәлікті тағы да бермеді. Архив қызметкеріне телефон соқсам, «сен ол қағазды алып кетіпсің ғой» деп өзіме аудара салды. Сонда барып оларға сене беруге болмайтынын біліп, қолды бір-ақ сілтеп, кетіп қалғанмын.

Бірақ бұлар неге істі соншама бұлаңдатты деген ой мазалай берді. Сөйтсем, Әлібек ағамыздың өлгендігі туралы куәлік бұрын да берілген екен. Оны мен білмеуші едім. 1957 жылы Фрунзе (Медеу) аудандық АХАЖ бөлімі Әлібек Қоңыратбаевтың 1946 жылы 15 майда лагерьде «асқазан жарасынан» қайтыс болғанын көрсетіп, жалған куәлік берген екен. Тірнектеп жүріп соның көшірмесін тауып алдым, кезінде ол сот ісіне тіркеліпті.

Екінші куәлікті 80-жылдары осы АХАЖ бөлімі беріп, қаламгердің өлген мерзімін 1937 жыл, 2 желтоқсан деп көрсетсе де, өлу себебіне «асқазан жарасы» деп жазды. Олардан ешнәрсе шықпайтынын білген соң, қоя салғанбыз.

Үшінші куәлікті 2024 жылы Наурызбай аудандық АХАЖ бөлімінен алдым. Қолымдағы барлық анықтамаларды қосып, қайта өтініш бердім. Өлген жылына қатысты әртүрлі даталарды (1937, 1946) көрсетіп, Түркістан әскери трибуналының анықтамасына сәйкестендіруді сұрадым. Ұзамай ондай куәлік те қолымызға тиді. Бірақ өлген жылын түзетсе де, «өлу себебі» деген тармақты мүлде алып тастапты. Шамасы кезінде «антисоветтік» әрекеттерге өріс ашып, жалғанды жалпағынан басқан әріптестерінің «ізін» жасырғысы келген болар дедім.

Хрущев баяндамасынан басталған репрессия құрбандарын ақтау Горбачевтің тұсында қайта жалғасын тапса да, аяғына дейін жетпей, тоқтап қала берген. Кеңес дәуірінде осы тақырыпқа байланысты көптеген қаулы-қарарлар қабылданып, бірақ жүзеге аспаған болса, соңғы жылдары республикамызда Алаш қайраткерлерін ақтау туралы іс-шаралар қайта қолға алына бастады. Оның алғашқы нәтижесі «Алашорда ісі: 20-40» атты 12 томдық басылым.

Бірақ артта қалған 88 жылға көз жіберер болсақ, бұл бағыттағы істеріміз пәлендей алға жылжыды деп айту қиын. Сөз етіп отырған 12 томдықтағы материалдарға келер болсақ, олардың күмән тудыратын тұстары да кездесіп қалады екен. Сол күдігімізді өзге емес, өз ағамыздың тағдырына негіздеп, баяндап көрейік.

Күні кешеге дейін билік тарапынан мойындалмай келген Алаш Орданың көрнекті тұлғалары көптің пәрменімен ақталып, олардың орнын 1937-1938 жылдары репрессияға ұшыраған қазақ қаламгерлерінің істері басты. Соңғылары кеңес өкіметінің жаулары емес, қайта жаңа социалистік қоғамды құруға өз үлестерін қосқан жандар. Бұрын Алаш Орда мүшелерінің істері көптің көзінен таса жерде ұсталса, қазір қазақ қаламгерлерінің тағдыры «құпия» болып отыр. Бір қызығы, Алаш қайраткерлері де, олардың өкшесін баса шыққан қаламгерлер де сот жүйесі бойынша толық ақталған. Тиісті мекемелердің берген ақтау туралы анықтамалары елдің қолында жүр.

Бұл тұстағы парадокс мынада: бүгінде Алаш қайраткерлерінің архивтік істерімен танысуға болады, ал жазықсыз атылып кеткен жазушылардың істерімен танысуға жол жабық. Осы кезге дейін бір ғасырға жуық мерзім өтіпті, сонда бұл мәселе қашан түпкілікті шешілмек? Жазықсыз атылып кеткен қаламгерлердің тағдыры көпшілікке мәлім болып, олардың істеріндегі «мәңгі құпия» деген гриф алына ма, жоқ па? Әлде осы кеткеніміз кеткен бе?

Архивтік істерді құпия ұстаудың өзіндік сыры да бар сияқты. Қаламгерлерді жаппай қамау – Сталиннің 5 марттағы баяндамасынан соң араға он күн салып басталған. 1937 жылы 16 наурызда Алматыда Алаш ісі бойынша бес адам қамалып, тоғыз ай бойы тергеуде жатқан. Шамасы оларды атуға рұқсат желтоқсан айының басында берілсе керек. Жазушы Әлібек Қоңыратбаев алғашқы болып 2 желтоқсанда атылған.

Қолымыздағы ресми анықтамада оның себептері де айтылған. НКВД тергеушілерінің көрсетуінше, жасанды қылмыстық істің фигуранттары Жазушылар одағының төңірегіне топтасқан қаламгерлер, елге танымал ақын, жазушы болсақ деген арманның соңында жүрген шығармашылық жолындағы жастар болып шығады.

Осындай мәліметтер Түркістан әскери трибуналының 1989 жылы берген ресми анықтамасында көрсетілген. Оның мазмұны шындыққа жақын, көкейге қонады. Анықтамада Әлібек Қоңыратбаевтың «террористік» әрекеттерді жазушылардың арасында жүргізгені көрсетілген. М. Горбачевтің 1988 жылы репрессия құрбандарын жаппай ақтау туралы қаулысынан соң берілген ресми құжат болғандықтан оның мазмұны шындыққа сай келеді деп санаймын.

Алайда кейінгі жылдары республикамыздың Ішкі істер министрлігінің сайтында Әлібек Қоңыратбаевты Алиханов және Мамыров деген бірі экономист, екіншісі тау-кен мамандары «көрсеткен» деген күмәнді ақпарат пайда болды. Күмәнді деуіміздің себебі, Түркістан әскери округінен келген жауап хатта мұндай адамдардың аттары аталмаған еді. Онда тек қана жас жазушылардың есімдері аталып, олардың террористік әрекетке қатысы сөз болған. Министрлік сайтындағы Алиханов пен Мамыр дегендер мүлде жоқ. Осыған қарағанда, Әлібек Қоңыратбаевтың «қылмыстық» ісіне «корректура» жасалған ба деген ой келеді. Оны құпия ұстаудың себебі осы болуы да мүмкін.

Мұндай өзгеріс не үшін жасалуы мүмкін? Біздің пайымдауымызша, оның бір ғана себебі болуға тиіс. Жазушылар одағы бойынша Әлібек Қоңыратбаев алғаш тұтқындалған қаламгер болғандықтан, істің мән-жайын түсіне қоймаған кешегі дос-жарандары мен соавторлары, тергеушілердің пәрменімен болса да, оны «неміс-жапон шпионы» деп көрсеткен сияқты. Ә.Тәжібаевтың тергеуге берген көрсетулері соны аңғартады. М.Дулатовтың күйеу баласы болғандығы да оны өзге қаламгерлердің жабылып қаралауына негіз болғандай. Сол жылдарғы баспасөз бетіндегі мәліметтерге жүгінер болсақ, дәл осы тұста біраз қаламгерлер белсенділік танытқан тәрізді.

Уақыт озып, заман өзгерді. Әлгі белсенді қаламгерлердің арасынан елге танылған, аттарынан ат үркетін жазушылар шықты. Осындай жағдайда кезінде жабылып жамандап, аттырып жіберген Әлібек Қоңыратбаевтың ісін қалайша көпшілік назарына ұсынбақ? Бірақ күндердің бір күні ашылатын болғасын, әлгі жазушылардың кезінде архивтік іске тігілген «көрсетулерін» бүркемелеу мақсатында акцентті басқа жаққа бұрмақ болған ба деп жобалаймыз.

Қолымызға түскен деректердің астарына үңіліп, МҚК-нің әр жылдарғы құжаттары мен Түркістан әскери трибуналының Әлібек Қоңыратбаевтың архивтік ісінен алып жазған мәліметтерін «Алашорда ісі: 20-40» басылымындағы деректермен мұқият салыстырып көрдік. Логикалық қисын бойынша бұл оқиғалардың себеп-салдарын жобалап болса да білуші едік. Дегенмен жаңа деректер шығып қала ма деген үмітпен басылымды парақтай бердік.

Ізденіс барысында мынадай қайшылықты да аңғардық. Ішкі істер министрлігі Әлібек Қоңыратбаевтың қамалуына Алиханов пен Мамыровтың себепші болғанын көрсетсе, одан көп бұрын берілген Түркістан әскери трибуналының ресми хатында Әлібектің «террористік» әрекеттерді жазушылар – Ілияс Жансүгіров, Әбділда Тәжібаев, Әмина Мәметова, Мұхтар Жанғалин, Ғаббас Тоғжановтар арасында жасамақ болғаны айтылған. Әлібек Қоңыратбаевтың архивтік ісіне «корректура» жасалып жатқан жоқ па деуіміздің сыры осында.

Алиханов Фазыл-Акзам мен Мамыров Маулидхан есімдері жоғарыда аталған 12 томдық басылымға еніпті. Бұлар кімдер? Бұрын еш жерде аттары естілмеген, аяқтары аспаннан салбырап түскен адамдарды кім, қашан Әлібек ағамыздың ісіне кірістірген? Кезінде тергеуді жүргізген сержант Курусь па, әлде кейінгілер ме? Бұл шын мәніндегі архивтік дерек пе, әлде із жасыру, көпті шатастыруды көздеген жасанды құжат па?

Асығыстау болса да айталық, Әлібек Қоңыратбаев есімінің Алиханов Фазыл-Акзам мен Мамыров Маулидхан істеріне қолдан қыстырыла салғаны көрініп тұр. Олардың таныс болғандығы туралы да дерек жоқ. Істің бір тұсында Міржақып Дулатовтың күйеу баласы бізге «Мирзоянды өлтіретін ұйым құрылды дегенді айтты» деген сияқты жолдар пайда болады. Жинақтың 4-томын әрі қарай парақтай түстім. Бірақ ағамызға қатысты өзге деректі кездестіре алмадым. Бар-жоғы осы бір ауыз сөз көпшіліктің құлағына күмәнді ақпаратты сіңіре беруді көздейтін сияқты.

Ресми мекеме – Түркістан әскери трибуналынан келген жауап хаттарда Әлібек ағамыздың не себепті атылғаны көрсетіліп, анық жазылған. Бұл хатты жариялағанымызға да жиырма жылдың жүзі болыпты. Әлгі деректер біршама мақалаларда айтылып, кітаптарға енді. Онда Мирзоянды өлтірмек болған жас қаламгерлердің есімдері аталса да, Алиханов пен Мамыров туралы мәліметтер болған емес. Бұл екі есімді «Алашорда ісі: 20-40» жинағының тиісті томдарынан ғана көріп отырмыз. Осының өзі аталған басылымның дереккөздік сипатын арнайы зерттеудің қажеттілігін көрсетеді. Күмәнді тұстары бар болып шықты.

Әлібек Қоңыратбаевтың барынша қысқа ғұмыры көпшіліктің көз алдында өткен. 1928–1937 жылдар арасында Алиханов та, Мамыров та Әлібек Қоңыратбаевтың маңайынан көрінбейді. Әлібектің араласқан адамдары қаламгерлер ортасы болғанын Түркістан әскери трибуналының хаты растайды. Оның үстіне Алиханов – экономика, Мамыров – тау-кен ісінің маманы екен. Екеуі де солтүстік аймақтардан шыққан. Бұлардың Әлібек ағамызға үш қайнатса да сорпасы қосылмайды.

Әлібек Қоңыратбаевтың Алматыдағы күрмеуге келмейтін өмірі көптің көз алдында өткен. Оның араласқан адамдары – Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Әбділда Тәжібаев, Қажым Жұмалиев, Мұхтар Әуезов, Қалмақан Әбдіқадыров, т.б. әдебиеттің төңірегінде жүрген қаламгерлер. Әлібекті қаламы жүйрік деп мақтаған да солар, қамалғаннан кейін даттаған да солар. Оның бәрі мерзімді баспасөз беттерінде сайрап жатыр. Ағамыздың төңірегінде өзге адамдар болмаған.

Менің білуімше, 1937 жылы қамалып, репрессияға ұшыраған жандардың «қылмыстарына» үш адам куәгер ретінде тартылып отырған. Оларды тергеушілер алыстан іздемей, жақын араласқан ортадан тауып отырған. Мысалы, сол жылдарғы НКВД тәжірибесі бойынша куәгерлерден жауап екі рет алынған: бірі – 1937, екіншісі – 1956 жылы. Айталық, 1956 жылы Әлібек Қоңыратбаевтың ісіне байланысты ақын Әбділда Тәжібаевтың түсінік бергені баршаға аян. Оның көлемді үзіндісін кезінде МҚК-нің полковнигі Әмірхан Бәкіров баспасөз бетінде жариялады. Осы жерде 1956 жылғы түсініктің кез келген адамнан емес, «қылмыстық» іс бойынша 1937 жылы «показание» берген адамдардан ғана алынғанын атап айтуымыз қажет. Оны мен Қалжан Қоңыратбаевтың «қылмыстық» ісі арқылы жақсы білемін. Онда 1937 жылы көрсетулер берген үш адамнан 1956 жылы тағы да түсінік алынып, 1937 жылы берген жауаптары өздеріне оқылған.

Осыны ескерер болсақ, Ә.Тәжібаев пікірінің ағамыздың ісіне жарық түсіріп тұрғанын көреміз. «Әркімнің жаны өзіне тәтті» демекші, кезінде бас сауғалап, тергеушінің талабын орындаған да болар. Бірақ Әбділда ағамыз досы туралы естелік, өлеңдер жазып, қолынан келген әрекетін жасап кетті. Ол кісімен қайтыс болғанға дейін араласып тұрдым. Сыр елінде Әйеке болысты өлтіргенде, Арқадан кек алушылар келіп, Бұдабайдың «Айекені жоқтауын» тыңдаған соң райынан қайтып: «Айекені бір қыпшақ өлтірсе, бір қыпшақ қайта тірілткен екен» деп, кері бұрылып кеткен ғой. Сол сияқты, менің де Әлібек ағамыздың рухын тірілтуге әрекет жасаған Әбділда Тәжібаевқа 1937 жылы қандай «көрсету» берсе де, өкпем жоқ. Аты аталып, түсі түстелгені, шындықтың көпшілікке естілгені де жетеді.

Тергеу барысында Әлібек Қоңыратбаевтың М.Жолдыбаев, М.Әуезовпен бірігіп жазған оқулығы сөз болған сияқты. Түркістан әскери трибуналының анықтамасында Әлібек Қоңыратбаевтың Мұхтар Жанғалин, «Казиздат» редакторы Әмина Мәметованы «антисоветтік» ұйымға тартқаны да айтылады. Олар да тергеуге «түсінік» берген болуға тиіс. Әйтпесе тергеуші Әлібектің оларды «қылмыстық» іске тартқанын қайдан біліп отыр? Аман қалу үшін тергеушінің сөзін растаған да болар. Оларды да түсінемін. Тергеуші Шәңгерейдің ұлтшылдығы тұсында Әлібек Қоңыратбаевтың соавторы Мұхтар Әуезовтің есімін де атап қалады. Сол М.Әуезов, Ә.Мәметовалар араға 10 жыл салып, Әуелбек Қоңыратбаевпен Тіл және әдебиет институтында қызметтес болған еді.

Осы деректерді назарға алар болсақ, ағамыздың 299 беттен тұратын «қылмыстық» ісінде Мұхтар Әуезов, Ілияс Жансүгіров, Ғаббас Тоғжанов, Әбділда Тәжібаев, Әмина Мәметова, Мұхтар Жанғалиндерден бастап, бірқатар жазушылардың пікірлері болуға тиіс деп шамалаймын. Біразы кейін белді де беделді жазушыларға айналып кеткендіктен, шындықты бүркемелеу үшін, олардың орнына Алиханов пен Мамыров сияқты «жалған» кейіпкерлерді қосып, назарды басқа жаққа аударуға тырысып отырғандай әсер қалдырады.

Тынысбек ҚОҢЫРАТБАЙ,

Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік

университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы