Жоқшылық рухани құлдырауға соқтырды
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Қазақстан өз-өзіне қол жұмсау көрсеткіші бойынша әлемде үшінші орында тұр.
Биылғы үш айда 834 азамат өз-өзіне қол жұмсап, өмірмен қош айтысқан. Көбісінің өз өмірін қиюына материалдық жағдайдың төмен болуы себеп болады екен. Бұған 28 жастағы келіншектің өз өмірімен қоса, үш бірдей баласының өмірін қиюы да дәлел бола алады.
Қазіргі таңда бір отбасының аз жалақымен пәтер жалдап, күн көруі кімді де болсын өмірден түңілдіріп жіберетіні анық. Ақшаның жетіспеушілігінен марқұм Бақтыгүлдің бірнеше жерден несиеге қарыз алғаны белгілі болды. Өмірден қатты түңіліп, қиналған шағында жанында демеу болатын жандардың да аз болғаны себеп шығар. Амал нешік, күйеуіне, қоғамға өкпелі ана үш сәбиімен бірге өмірмен қоштасып кете барды.
Әртүрлі ақпарат көздерінің мәлімдеуінше, марқұмның өлімі жайында түрлі ақпарат тарағанымен, көпшіліктің ұғымынша, отбасындағы қайғылы жағдай жоқшылықтың себебінен болғанын айтады. Халықтың қазіргі әлеуметтік жағдайына қарап, оған сенбеске лаж жоқ. Себебі қымбатшылықтың салдарынан көп отбасы жоқшылық қамытын киіп, ішерге ас таппай отырғандары жетерлік. Оқиғаға қатысты марқұм келіншектің күйеуі Нұрсұлтан Оразов та «үш балам мен әйелім енді жоқ, қазір өзім де өмір сүргім келмейді» дейді. Сондай-ақ ол мардымсыз жалақымен баспана жалдап тұрғандарын, мемлекеттен әлеуметтік көмек сұрағандарымен, еш жерден көмек болмағанын айтады. Жалпы, осындай оқиғалардың кейінгі кезде көбеюіне кім кінәлі? Шаршаған ананың шарасыз күйі ме? Әлде тұрмыстың нашарлауына жеткізген елдегі жүйе ме? Оқиғаға қатысты әлеуметтанушы Мәнсия Садырова «өз-өзіне қол жұмсауға жинақталған бірнеше фактордың әсер етуінен болуы мүмкін» дейді.
–Кейінгі кезде Қазақстанда өз-өзіне қол жұмсау жағдайы көбейіп жатыр. Әсіресе 25 жасқа дейінгі жастардың арасында өте көп белең алған. Оның көрінісі де әртүрлі. Соның ішіндегі ең қауіптісі – өмірден бас тарту. Пандемияға байланысты көптеген тұрғындардың өмір сүру деңгейі төмендеп кетті. Жұмыссыздық, жалақының төмендігі, балалардың онлайн оқуы аналарға әсер етті. Үш жасқа дейінгі баланың күтімімен отырған аналардың жәрдемақысының төмендігі, жұмысқа шығайын десе, баланы тастайтын мүмкіндігінің жоқтығы секілді мәселелер де бар. Бұл оқиғаға материалдық жағдай әсер етті деуге болады. Бірақ табысы төмен адамдардың барлығы суицидке бара бермейді. Тығырықтан шығатын басқа да жолдарды іздеуге болады. Сондықтан бұны нақты бір фактор деп емес, әсер еткен факторлардың жиынтығы дейміз.
Тоғызыншы қабаттан құлаған әйелге келсек, білімі бар, дәрігер екен. Неге ол өзінің мамандығы бойынша жұмыс істемейді? Декретте болса, бала күтіміне байланысты жәрдемақы алмады ма деген сұрақ туындайды. Әрі күйзеліске үш бала жеткізді дейін десек, ол балаларды көтергенде қалай асыраймын деп жоспарлаған да шығар. Экономикалық жағдайы нашар дейін десек, ол отбасы жақсы жерде пәтер жалдап тұрған. Егер жағдайы нашар болса, шет жақтан 20-25 мыңдық пәтер жалдап тұратын еді. Тағы бір естігенім, ол келіншектің үш несиесі бар. Сондай-ақ туыстарына жазған соңғы хаттарында «балама сырт киім алдым» деп, фотоларын жіберген. Көршілері де «қыздары жақсы киініп, аулада ойнап жүретін, жағдайлары қалыпты, ешқандай ауытқулары жоқ» дегенді айтады. Сондықтан нақты диагноз қоя алмаймыз. Мұндай жағдай адам өзінің қоғамға керексіз сезінуінен де болады. Адамды өмірге құштар қылатын, талпындыратын да біреуге өзінің керек екенін сезіну емес пе еді?! Психологиялық ауытқу себеп болмаса, ешқандай ана өз сәбиін өлімге қия алмайды. Өмірден түңілген жағдайда өз-өзін өлтіруі мүмкін. Бірақ сәбиін өлтірмейді. Қандай жағдай болса да, шығатын жол табуға болар еді. Яғни бұл келіншекте ондай жол табылмаған. Бұл жерде қарама-қайшылықтар өте көп.
Психологиялық тұрақтылықтың аздығынан Қазақстанда өз-өзіне қол жұмсау көбейіп келеді. Оның отбасында кикілжің болмаған, жақсы өмір сүрген деген ақпарат тарағанымен, әйелдің ешкімге айта алмаған сыры болуы да мүмкін. Сол себепті отбасының жағдайын айта алатындай әйелдердің, ер адамдардың жағдайын бөлісіп, көмек сұрайтын орталықтар көбейсе деймін. Әйелдің қорғансыздығы, құқықтық сауатының болмауы да себеп болған шығар. Сол үшін әйелдерге құқықтық сауатын ашып, қай жерден қалай жәрдемақы алады, өз-өзін қалай қорғай алады деген секілді сұрақтарға жауап бере алатын орталықтар ашылса, қайғылы жағдайлардың алдын алуға болады, – дейді әлеуметтанушы Мәнсия Садырова.
Қалай десек те, жемқорлық жайлаған Қазақстанда жұмыссыздықтың көбеюі, жан-жақтан қысқан қымбатшылықтың салдары жастардың өмір сүруге деген құлшынысын төмендетіп жібергендей.