Жоспарда – 11 мектеп, бір балабақша мен колледж
Талдықорған қаласында 15 мыңдай адам үй кезегінде тұр. Жыл соңына дейін 51 тұрғын үй, 1917 пәтер тұрғындарға табысталады деп жоспарлануда.
Қазіргі таңда 31 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Құрылысы аяқталып, пайдалануға берілгендері де баршылық. Жыл басынан бері жаңа қонысқа ие болғандардың басым бөлігі жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, әлеуметтік аз қамтылған және толық емес отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар мен зейнеткерлер. Мәселен, І топ мүгедегі Ляззат Құрмашева 17 жыл үй кезегінде тұрып, жаздың басында пәтер кілтіне қол жеткізген. Ал Кәмелжан Хұсайынов анасы ала алмай кеткен пәтерді алып, келіншегімен бірге жаңа үйіне көшіп келген. «Анам 2006 жылы кезекке тұрған, 3 жыл бұрын қайтыс болды. Өзі бұл қуанышты көрмей кетсе де, қоныс бақыты бізге бұйырыпты», – деп ағынан жарылды ол.
Күні кеше 9-шағын ауданнан бір бөлмелі пәтер алған Ұлы Отан соғысының ардагері Ысқақ Құсайынов та алғысын жаудырып, батасын берді.
— Соғысқа бір ауылдың азаматтары түгелдей аттандық. Қаншама адам соғыста ерлікпен қаза тапты. Мүлде оралмай, шаңырағы құлағандар да аз болған жоқ. Жалғыз-жарым тұяқтан жалғасқандар қаншама?! Сондай тозақ отынан аман қалғандарға қамқорлық көрсетіп отырған еліме алғыс. Кезекке жақында тұрдым. Көп күттірмей, пәтерімді алып отырмын. Халық игілігі үшін жақсы істер жасала берсін. Ел іргесі аман болсын, – деді ғасыр жасаған ардагер.
Қазіргі таңда Талдықорғанда 3 соғыс ардагері бар. Оның екеуі жеңістің 70 жылдығы қарсаңында үйлі болса, соңғысы осы Ысқақ ата.
Ал Жаркент қаласында 60 пәтерлі 2 көпқабатты үй салынуда, одан басқа баспана кезегіндегілер үшін тағы 80 пәтерлі тұрғын үй құрылысы басталған. Жетісу облыстық құрылыс басқармасының дерегіне сүйенсек, облыс бойынша жалпы саны 355 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның 120-сы биыл пайдалануға берілсе, 232-сі келесі жылы құрылысы аяқталған соң табысталады.
— Биыл өңірдегі құрылыс жұмыстарына 49,4 млрд теңге қарастырылып отыр. 2023 жылы бюджет қаражаты есебінен 237,7 мың шаршы метр тұрғын үй, яғни 2810 пәтер құрылысы салынуда. Одан бөлек 6 аурухана, 16 мектеп, 13 спорт нысанының құрылысы жоспарланған. Әдетте үй кезегіндегі азаматтар кезекті ұзақ күтеді. Қазіргі уақытта күту мерзімін мүмкіндігінше қысқарту үшін күш салып жатырмыз, – деді Жетісу облысы әкімінің орынбасары Ә. Жақанбаев.
Иә, үй кезегі қай өңірде де өзекті. Тағы бір кезек күттірмейтін мәселе – мектеп жетіспеушілігі. Осы орайда барлық өңірлер апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептердің санын қысқартуға ұмтылуда. Ал Жетісу облысы құрылыс басқармасы өкілдерінің айтуынша, осы жылы 11 мектеп пен бір балабақша, бір колледж құрылысы жоспарланған. Оның ішінде 3 мектеп салынып аяқталыпты. Олар Көксу ауданы Бесқайнар, Қазақстанның 10 жылдығы ауылдарында және Ақсу ауданы Сағакүрес ауылында орналасқан. Облыс «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 8 700 орынға арналған заманауи талаптарға сай 10 мектеп саламыз деп отыр. Бұған дейін Алакөл ауданы Достық ауылында 600 орындық, Панфилов ауданы Жаркент қаласында 1200 орындық мектеп құрылысы қаржыландырылған. Қазір құрылыс учаскесіне дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қалған мектептердің құрылысы 2024-2025 жылдарға қалдырылған.