Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:33, 06 Маусым 2025

Жоспарлы экономика: Бюджет және масыл аймақтар жыры

Жұманғарин
Фото: primeminister

Үкімет 2026 жылы бюджетті дамыту үлесін 15 пайызға, 2028 жылы 25 пайызға ұлғайтамыз деп уәде беріп жүр. Алайда елдегі 20 өңірдің 17-сі республикалық бюджеттен берілетін қаражатқа тәуелді болып отыр.

 Өзін-өзі қамтып қана қоймай, мемлекетке де септігін тигізуі тиіс донор аймақтар да бүгінде орталықтан бөлінетін қаржыға зәру. Қазір өңір кірістерінің 49 пайызы республикалық бюджеттен түсіп отыр. Тіпті Жетісу, Түркістан облыстарының бюджеттен алатын қаражаты 70 пайыздан асып кеткен. 2023 жылдан бері мұнайлы Маңғыстау облысы да донор аймақтан гөрі, бюджеттен қаржы алатын аймаққа айналған. Ал енді мұндай көрсеткішпен бюджеттің кірісін қалай арттырамыз?!

Жұманғаринның жоспары

Қазір донор аймақтардың өзі бюджетке телміріп отырғанын ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин де жоққа шығармайды. Әрі вице-премьер әрі министрдің сөзіне сүйенсек, Қазақстандағы қаржылық ахуалы жақсы, донор аймақ саналатын Алматы, Астана, Атырау облыстары да іс жүзінде республикалық бюджеттен көмек алады. Бұл аймақтарға метрополитен, LRT, жайлы мектеп, көліктік және өзге де инфрақұрылымдардың құрылысын салу үшін мемлекеттен көмек берілген. Енді 2026 жылдан бастап жаңа «Бюджет кодексі» қолданысқа енеді. Бұл кодекс жергілікті бюджеттердің кірісін арттыруды көздейді. Соған сәйкес жергілікті бюджетке жыл сайын 100 млрд теңгеден астам қосымша кіріс берілмек. Сонымен қатар кодекске «Арнайы түсімдер» атты жаңа санат енгізіліп, осы бойынша тұрақты кірістердің 40 пайызы жергілікті бюджеттердің еншісінде қалады деп жоспарланған. 2026 жылдан бастап аудандық деңгейдегі бюджеттердің де кірісі өседі деп жүр. Корпоративтік және жеке табыс салығы толығымен аудандардың өзіне беріледі. Мұндай қадам өңірлердің қаржылай дербестігін айтарлықтай күшейтпек...

Ұлттық экономика министрлігі алдағы уақытта осындай «Өңірлерді дамыту жоспары» бойынша жұмыс істемек. Бұл құжат арқылы әр өңірдің нақты қажеттіліктері ескеріліп, инфрақұрылымдық жобаларға қаржы бөлінеді. Тиімсіз шығындар қысқарады. Жергілікті бюджеттің шығыстары қайта қаралады. Бұдан бөлек, Жоғары аудиторлық палата жергілікті бюджеттердің орындалуына аудит жүргізіп отыратын болады. Сонымен қатар жаңа бюджет кодексінде мониторинг, есептілік және жауапкершілікке қатысты нақты нормалар енгізіледі. Міне, жергілікті бюджетті дамытуға қатысты Жұманғаринның жоспары – осы.

Алайда... Бұл құлақ үйренген әуен. Үкімет жылда бюджет қабылданарда немесе бюджетке өзгерістер енгізгенде қаражатты үнемдеу, шығындарды қысқарту, тиімсіз жобаларға босқа шашылмау, бөлінген қаржыны барынша игеру жөнінде айтады. Сондықтан сарапшылар бұл да кезекті құр айғай күйінде қалады деп жүр.

Әкімің масыл болса...

Депутат Бақытжан Базарбектің ойынша, қаншама жоспарлар құрылғанымен, жыл өткен сайын облыстар дамудың орнына кері кетіп барады. Өңірлердің республикалық бюджет қаражатына тәуелділігі, әсіресе Жетісу, Түркістан, Маңғыстау облыстарының өзін-өзі асырай алмай отыруы үлкен сын. Осы ретте депутат ең алдымен мемлекеттен берілетін дотацияны алуға әбден дәндеп, бюджетке масыл болып отырған әкімдерді жауапкершілікке тарту керек деп есептейді.

«Қазіргі экономикалық жағдайлар шұғыл шараларды қажет етеді. Салық түсімдері азайып жатыр, 2024 жылы салық түсімі 604 млрд теңгеге азайды. Біз ЕАЭО-ға мүше елдер арасында ЖІӨ өсіміне қарамастан, кіріс көлемі артпаған жалғыз мемлекет болып отырмыз. 2016 жылы елде төрт донор өңір болса, қазір олардың саны үшеу ғана болып қалды. Алайда сол үш өңірдің жүктемесі 8,7 пайызға, яғни 37 миллиард теңгеге артқан. Ал қалған облыстар өз кірісін әдейі төмен көрсетеді, 2,3 триллион теңгені құрайтын субвенцияға (бюджеттен берілетін қаржы) тәуелді. Демек, әкімдер инвестиция мен бизнеске қолайлы жағдай жасай алмай отыр. Олар жемқорлықпен күресті де, жаңашылдықты енгізуді де жеткілікті деңгейде жүргізбейді. Осы мәселелерді шешу үшін, біріншіден, облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдеріне екі жылдық сынақ мерзімін енгізу керек. Бұл кезеңде олардың жұмысы нақты макроэкономикалық көрсеткіштермен бағаланады: өңір табысының деңгейі, салық жинау көрсеткіші, индустриялық жаңалықтар енгізу, стартаптарды дамыту, экономикалық өсім рейтингі, инвестициялық тартымдылық, тартылған инвесторлар саны, ашылған жұмыс орындары мен іске қосылған өндіріс орындары. Егер нәтиже болмаса, әкім тиімсіздігі үшін қызметтен кетуге тиіс. Екіншіден, өңірлердегі инвестициялық және инновациялық белсенділікті көрсететін ашық карта әзірлеу керек. Бұл карта азаматтарға қолжетімді болуы және әкімдердің жұмысына баға берудің бір құралына айналуы керек. Үшіншіден, әкімдердің инвестициялық, инновациялық және индустриялық белсенділігін көрсететін ашық реестр әзірлеу қажет. Тек осындай нақты әрі ашық тетіктер арқылы ғана Қазақстан экономикасындағы жағдайды түзетуге болады».

Ғылыми тұжырым және шаршаған аймақтар

Ал «Жас Алаштың» тұрақты сарапшысы экономика ғылымының докторы, профессор Бейсенбек Зиябековтің пайымдауынша, үкімет осы уақытқа дейін аймақтардың қандай салалар бойынша дамуға бейім екенін толық зерттеген жоқ. Осыдан барып облыстардың ортақ қазанға телміруі артып кетті. Кезінде салықты орталықтан­дыру үрдісі де аймақтардың дамуын тежеді. Енді келіп ауданның, ауылдың бюджетін өзіне береміз, сол арқылы кірісін арттырамыз деу – оң нәтиже беретін іс емес.

«Үкімет келер жылдан бастап бюджетаралық қатынасты жақсартамыз, салық түсімдерін өздеріне аудару арқылы облыстың, ауданның, ауылдың бюджетіне мәртебе береміз деп жатыр ғой. Бірақ мұны біз тым кеш қолға алдық. Бұған 10 жыл бұрын кірісу керек еді. Жасыратыны жоқ, осы кезге дейін өңірлерді дамытуға бағытталған барлық күш-жігер нәтиже бермеді. Өйткені бізде ғылыми тұжырым, зерттеу жоқ. Мысалы, 2014 жылмен салыстырғанда 2024 жылы бюджеттік қам­­тамасыз ету төрт өңірде өте қатты нашарлады. Олар – Батыс Қазақстан, Қызыл­орда, Маңғыстау және Түркістан облыстары. Бұл аймақтардың басым көпші­лігі ауыл шаруашылығымен айналысады. Қазақстанда Қостанай облысы аграрлық-индус­триал­­­ды аймақ ретінде белгілі. Алайда донор ай­мақтардың қатарында емес. Бізде әрбір аймақтың ерекшеліктері жеке-жеке зерттелмейді. Еліміздің батыс аймағында мұнай-газ химиясының мүмкіндіктері мол бола тұра әлі сол баяғы кен орындарының проблемасы таусылар емес. Оңтүстік аймақ­тарда бау-бақша жемістерін өсіру артықшылықтары назарға алынбайды. Мемлекеттік бағдарламаларды жасағанның өзінде аймақтық ерекшеліктер ескерілуі керек.

Бізде моноқалаларды дамыту бағдарламасы болды. Ресейде осы шағын қалаларды дамыту үшін 1,5 млрд рубль бөлген. Теңгемен есептесек, 7-8 млрд теңгенің көлеміндегі қаражат. Ал бізде моноқалаларды дамытуға бір жылға 34 млрд теңге, үш жылға 120 млрд теңге бөліпті. Біздегі моноқалалар саны 27 болса, Ресейде 300-ге жуық. Осы бір ғана бағдарламаға қарап-ақ үкіметтің бөлген қаражаты мақсатты түрде жұмсалмағанын байқаймыз. Егер қыруар қаражат үнемді, мақсатты жұмсалған болса, жаңағы 27 қаланың инфрақұрылымын 90 пайызға жаңғыртып, экономикасын өсіріп алуға болар еді. Мұндайда жаңағы дамымай қалған аймақтың деңгейі дамыған аймақтармен теңесіп, экономикалық жағдайымыз түзелер еді. Қазақстанда халықтың тұрмысын теңестіру үшін мемлекеттік кірістерді қайта бөлу тетігі қолданылады. Бұл тетік бойынша қаржыны бай өңірден алып, кедей өңірге береді. Біз қазір осы тетікті де сауатты жүзеге асыра алмай отырмыз. Осыдан барып донор аймақтардың өзі бюджет қаражатына тәуелді кепке түсіп отыр.

Қазір министрлер де, әкімдер де өзінің жұмысын көрсету үшін рейтинг қуып кетті. Меніңше, министрлер мен әкімдердің рей­тингі инвестиция тартумен ғана емес, халықтың экономикалық белсенді бөлі­гінің жұмыспен қамтылуымен есеп­тел­уі керек. Бізде жеріне екі-үш шағын мемлекет сы­йып кете­тін кейбір облыстар дотацияда отыр. Егер облыстардың дамуы нарық жолымен үйлестірілмесе, көші-қон реттелмесе, аймақтардың ерекшеліктері зерттелмесе, экономика әртараптанбайды. Мұндайда қандай да бір министрді немесе әкімді рейтингтің басына шығарудың қажеті қанша? Сондықтан рейтинг қуалауды доғарып, шаршаған аймақтар мәселесін зерттеуге кірісу керек».

Айтса айтқандай, бізде өңірлерді дамытатын қаптаған бағдарламалар легі көп болды. Бұл ретте «Жұмыспен қамту-2020», «Өңірлерді дамыту-2020», «Моноқалаларды дамыту-2020» бағдарламалары бар еді. 2012 жылы «Моноқалаларды дамыту-2020» бағдарламасы қабылданғанда дамуы артта қалған шағын қалаларды, ауылдарды дамыту, олардың инфрақұрылымын реттеу, бизнестік орта қалыптастыру көзделген. Бірақ бұдан дамып кеткен шағын қалаларды көре қоймадық. Ал оған бөлінген қаржының қанша екенін айттық, оны түгендеп жатқан жан тағы жоқ.

Былтыр үш донор өңірден республи­калық бюджетке 470 млрд теңге түсіпті. Ал керісінше, бюджеттен аймақ­тарға субвенциялар түрінде, яғни бюджеттен мақсатты жобаларға 5,3 триллионнан астам теңге бөлінген. Он жыл бұрынғы кезеңмен салыстырсақ, 2014 жылы мұндай субвенциялар көлемі 978 млрд теңге болған (!). Яғни 10 жыл ішінде бөлінген қаражат бес еседен асқан. Бес есе мол қаржы алса да 17 облыс өзін-өзі асырай алмай отыр. Ал Бектенов үкіметі 2028-ге дейін кім бар, кім жоқ дейтін болар, орындалған мемлекеттік тапсырыстың ақшасын төлей алмай отырып, 25 пайыздық өсім туралы қиялдап жүр.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Тегтер: