Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:50, 02 Сәуір 2024

Жəрдемақыға қол созу тығырықтан шығара ма?

а
Фото: из открытых источников

Қазақстанда соңғы үш жылда жəрдемақы алатындардың саны екі есеге өскен.

Қазір қоғамда масылдық көңіл күйдің дендеп бара жатқаны, мұның соңы біздің дамуымызға кері ықпал ететіні жиі айтылады. Өткенде президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде 4 жарым млн-ға жуық адамның мемлекеттен əлеуметтік көмек алатынын, бұл шамамен əрбір бесінші тұрғын екенін, жəрдемақыға бай-қуаттылар да ебін тауып, ортақтасып жатқанын айтты.

Деректерге жүгінсек, осыдан үш жыл бұрын елде əлеуметтік көмек алатындардың жалпы саны 2 млнға ғана жуықтайтын, ал қазір бұл көрсеткіш екі есе өскен. Сондай-ақ кейінгі сегіз жылда жалақы алатындардың саны кеміп, мемлекеттен жəрдемақы алатындардың саны өсіпті. Экономикалық зерттеулер институтының мəліметтеріне көз жүгіртсек, 2015 жылы халықтың ақшалай табысының ішіндегі еңбекақының үлесі 80 пайыз болған. Қазір сол үлес 60 пайызға дейін түскен. Ал əлеуметтік трансферт 2015 жылы 16,6 пайыз болған. Қазіргі таңда оның көрсеткіші 25 пайызға дейін көтерілген. «Бұлтазаақшалай табысты еңбекпен тауып жатқан адамдардың өсімі төмендеді деген сөз. Бұл мемлекет бюджетіне қосымша жүктеме» дейді аталмыш институттың өкілі Бауыржан Мұқан. Сөйтіп, қазір жалпы санына шаққанда республика халқының 20пайызына əлеуметтік көмек беріліп отыр. Мұндай жүктемені кез келген елдің бюджеті көтере бермеуі мүмкін. Жəрдемақы жəне басқа əлеуметтіктөлемдерден бөлек, оларға жыл сайын үстеме қосу бізде қалыптасқан үрдіс. Мемлекет осы арқылы халықты барынша қолдап отырғанын, əлеуметтіңəлеуетін түсіргісі келмейтінін көрсеткісі келеді. Бірақ сарапшыларбиліктіңбұл амалын халықты тығырықтан шығаратын жол емес деп бағалайды. Керісінше, осы арқылы үкімет жұртты масылдыққа дағдыландырдыдеседі. «Бұған қатысты түбегейлі өзгеріс керек. Қынжылатыннəрсе, ауылхалқының 80 пайызы осы мемлекеттен берілетін жəрдемақыға сеніп алған. Жеті-сегіз баласы бар отбасының осы жəрдемақымен ғана күнелтіп отырғанын көзімізбен көрдік. Сегіз балаға берілетін 118 мың теңге жəрдемақыны алады.Одан кейін кейбір отбасылар табысының жетпейтінін дəлелдеп, (дəлелдей алса) атаулы əлеуметтік көмекті қоса алады. Жеті-сегіз баласы бар отбасына ол шамамен 150 мың теңге. Мұндай отбасына жергілікті əкімдіктің беретін жеңілдіктері тағы бар. Атаулы əлеуметтік көмек алатындарды жылына бір мəрте көмірмен қамтамасыз етеді. Қайырымдылық акцияларын ұйымдастырып, балаларын мектепке даярлап береді. Əлеуметтік жағдайының төмендігін ескеріп, ол отбасыларға азық-түлік қорынан азық-түлікте беріледі. Осыған сүйенген бір үйдің зіңгіттей азаматтары жұмыс істегісі келмейді.Өйткені оны мемлекет асырайды. Жұмыс істесе, табысыасыпкетіп,жəрдемақыдан қағылады, мемлекеттен тегіннен тегін келіп жатқан АƏК-тен айырылады. Оданша жұмыс істемей-ақ, үкіметтің бергенін алып жатқан тиімді емес пе?! Бұл масылдық емей немене?! Сондықтан бұл арада масылдық туралы ұғымды Əлеуметтік кодекске енгізу қажет. Заңды қатайту керек»,–дейді экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметова. 

Оның ойынша, мұндай жəрдемақылар, АƏК-тер халықты да, мемлекетті де жарытпайды. Оларға жыл сайын үстеме қосып өсіру де халыққа көмек емес. Керісінше, біз əлеуметтік төлемдерді төлеу жолында жұртты небір заңсыз əрекеттерге итермелеп жатырмыз. Сондықтан жəрдемақы төлеп, ол төлемдерді өсіруден бұрын мемлекетті дамытатын бағдарламалар мен ұлттық жобалардың сəтті жүзеге асуына күш салуымыз керек.

Сəл шегініс жасап, 2019 жылды еске түсіріп көрcек. Бұл жылы үкімет елдегі əр балаға 21 мың теңгеден жəрдемақы төледі. Сол жылғы Астанадағы бес баланың өлімі, көпбалалы аналардың наразылығы атаулы əлеуметтік көмек түрін өсіруге мəжбүрледі. Əттеген-айы, үкімет 2019 жылы əлеуметтік төлем түрін өсіргенімен, оны алатындарға заңдық бақылау орната алмады. Бұған дейін мұндай жəрдемақының аты түгілі затын естімеген қарапайым халық сол жылы түрлі заңсыздықтарға барды. Жəрдемақыны алу үшін біреу табысын жасырды, енді бірі заңды некесін бұзып, жалғызбасты ана мəртебесін алып үлгерді. Мемлекеттен бөлінетін жеңілдікті алу үшін жылжымайтын мүлкін өзгенің атына жазып, жалған «қайыршы» болғандар да бар. Артынша, бұлайша елді «демеудің» бюджетке тиімсіздігі бірден сезіліп, бір жыл өтпей-ақ үкімет бұл бастамасын доғара қойды. Бұдан кейін 2020 жылы пандемия кезіндегі төтенше жағдайды да еске алсақ, ол жылы да жұмысынан уақытша айырылғандарға мемлекеттік бюджеттен 42 500 теңге берілді. Сол жылы еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрі болған Біржан Нұрымбетовтың есебіне сүйенсек, бұған 2 млн 375,6 мың тағайындалған. Ол кезеңде де жағдайын түзеп жарытпайтынын білсе де бұл қаражатты шын мұқтаж адамдар да алды, кəсібін дөңгелетіп отырған кəсіпкерлер де, қалталы азаматтар да тарпа бас салды (Egov порталы істемей қалған кезді есіңізге түсіріңіз). Ондағы түсінік «үкіметтің тегін бергенін аяймыз ба, біз де алып қалайық» дегенге саяды.

Тоғжан Шаяхметова: «Біз жəрдемақы мəселесін сөз еткенде қарапайым халық Еуропа елдерінен мысал келтіреді. Көрші Ресейдің «Ана капиталын» сөз етеді. Негізінде, бірқатар дамыған жəне дамушы елдерде мұндай жəрдемақылар бір ғана республикалық бюджеттен төленбейді. Оларда федеральдық бюджет, округтік жəне жергілікті бюджет деген түсінік бар. Міне, олардың халқына осы үш бюджеттен жəрдемақы бөлініп-бөлініп түскенде мемлекеттік бюджетке салмақ түспейді. Ал бізде зейнетақы, жəрдемақы, аналарға бала күтіміне байланысты төленетін декреттік төлемдер, барлығы республикалық бюджеттен төленеді жəне жыл сайын ол төлемдер индекстеліп, өсіп отырады», – дейді маман.

Ал сонда не істеу керек?!

Сарапшылардың келтіріп отырған дəйектерін əлеуметтанушылар да жоққа шығармайды. Олар тіпті мұндай бағытты ұстана беретін болсақ, бес жылдан кейін халыққа мемлекет есебінен əлеуметтік төлем төлеу қиындық тудыруы мүмкін екенін де алға тартты. «Аналитик» талдау жəне сараптау орталығының əлеуметтанушы маманы Əсем Ғабдуллинаның айтуынша, бізде бюджет тапшылығы жыл сайын туындайды. Үкімет бюджет дефицитін жою үшін Ұлттық қордан, Зейнетақы қорынан жыл сайын кепілді қаражат алады. Салдарынан болашаққа деп жиналған қорымыздың қаражаты азайып жатыр. Енді келешекте мемлекеттен берілетін əлеуметтік төлемдердің көлемі арта берсе, мұның арты халықты расымен де масылдыққа жетелейді. Сондықтан маманның ойынша мынадай үш нəрсеге басымдық берілуі тиіс. Біріншіден, бізге ұлттық кəсіби жұмысшы табын қалыптастыру керек. Бұл ретте бұрынғы «СПТУ» атанып кеткен оқу орындарын қалыпқа келтіріп, арнайы орта білімі бар мамандардың сапын жетілдірген жөн. Елде олардың өзін-өзі жұмыспен қамтуына жағдай жасағанымыз абзал. Осылайша, арзан жұмыс күшін қалыптасыруға мүмкіндік бар.

«Қазір өзбектер, қырғыздар біздің құрылыс компанияларында дəнекерлеуші, қалаушы, сылақшы болып жұмыс істеп жүр. Қазақтың жігіттерінің көбі мұндай жұмыстарды білмейді. Кəсіби сылақшылардың табысы да жаман емес. Дəнекерлеуші де қат мамандық. Автомеханиктердің де табысы жақсы. Міне, осы жағына назар аударған жөн».

Екіншіден, үкімет халықты жұмыспен қамтитын бағдарламаларды қайта қарастыруы керек. «Жұмыспен қамту – Жол картасы» жобасы аясында көпбалалы аналарды субсидиямен қамту туралы пункттер енгізген абзал. Көпбалалы аналарға 500 мың теңге көлемінде қайтарымсыз гранттар беріліп жатыр. Мұндай қаражатпен бизнес бастай алмайсың.
«Аналар ол қаражатты мемлекетке қайтармайтындарын біліп, оны өз қажеттіліктеріне жұмсай салуы да əбден мүмкін. Ал үлкен көлемде қайтарымды субсидия берілсе, бұл олардың бизнес бастауына, табысқа шығуына мұрындық болар еді. Мен бұл жерде бизнес бастауға қатысты гранттарды айтып отырған жоқпын. Көпбалалы аналарға қатысты субсидияны жетілдіру қажеттігін ескеру керек. Осы жағын ойластыру керек».

Үшіншіден, масылдық пен мұқтаждықтың ара-жігін ажырату керек. Ол үшін жалған статистикамен күресу қажет. Бұл ретте маман ресми дерек пен бейресми деректер арасында ала-құлалық бар. Мəселен, Қазақстанда ресми дерек бойынша жұмыссыздар саны – 5 пайыз, кедейшілік деңгейі –5,1 пайыз. Бірақ дүниежүзілік банк дерегінше жұмыссыздық – 15 пайыз, ал кедейшілік деңгейі – 16 пайыз. Бұдан соң макроэкономикалық көрсеткіштерге қарасақ тақазір ЖІӨ жан басына шаққанда 13 мың доллардан асты. Бұл көрсеткішпен Қазақстан табысы орташадан жоғары елдердің қатарына кіріп кетті.

«Бірақ шынтуайтында, халықтың жағдайы мəз емес. Нарық заңы бойынша, табысының 50 пайызын азық-түлікке жұмсаса, онда ол халық кедей деген сөз. Бізде ол 50 пайыздан асады. Тіпті тапқан табысын азықтүлікке жеткізе алмай отырғандар да бар. Осындай деректерді нақтылап көрсету керек. Шындыққа тура қарауды үйрену қажет. Үкімет елде атаулы əлеуметтік көмекке шынымен мұқтаж адамдардың нақты санын білуі тиіс. Жалған статистика бергендер жауапқа тартылып, соның аясында заңсыз əлеуметтік төлем алғандар жазаланауы керек», – дейді Ə. Ғабдуллина.

Жалпы, масылдықты жоямыз деп, шын мұқтаж адамдарды көмектен қағу да үкіметке үлкен сын. Сондықтан бұл арада əділетті бөлініс болуы тиіс.

Мемлекет өз міндеттерін қалтқысыз орындауы қажет. Бірақ жəрдемақы төлеу халықтың өмірлік мəселесін түбегейлі шешпейтінін жұртшылық та ұғынуы керек. Біз бұл арада үкіметтің халыққа беретін болмашы жəрдемақысын елден қызғанып отырған жоқпыз. Тек дамыған елдердің тəжірибесіне сүйене отырып, бəрі заңмен реттелсе дейсің. Мысалы, Германияда «сенің жағдайың жоқ екен, балаларың аш екен» деп мемлекет жəрдемақы төлемейді. Германияның үкіметі халыққа қармақ беріп қана бақылап отырады. Оларда елдің өзін-өзі жұмыспен қамтуына, қандай да бір бизнеспен айналысуына, қарапайым халықтың банкке ірі жобалар ұсынып, оған қажетті көлемде арзан пайызбен қаражат алуына жағдай жасалған. Əттеген-айы, осы уақытқа дейін үкімет мұндай қадамдарды іске асырудан гөрі, керісінше, елге болмашы қаражат беріп, халық санасына «үкімет асырайды» деген ойды сіңіріп алды. Енді осы түсінікті бұзатын кезең жетті. Болашақта үкіметке елді дамыту жолында халықты əлеуметтік төлемдермен алдарқату проблеманы шешіп бере алмайды.

Қарлығаш Сайлауова 

Фото: Pixabay

Тегтер: