Жуалыда жасалған
Жамбыл облысы Жуалы ауданында шағын және орта кәсiпкерлiкпен айналысатын тұрғындардың қатары көбейіп келеді.
Қазіргі таңда жұмыс істеп тұрғаны 5593 субъектіге жеткен. Оның екеуі орта, 214-і жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 2472-сі жеке кәсіпкерлер болса, 2905-і шаруа қожалықтар. Олар 9552 аудан тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр екен. Өткен жылы осы аталған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері мемлекет бюджетіне 264 миллион 101 мың теңге салық түсіріпті.
Жалпы Жуалыда қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқанын көруге болады. Жуалы ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Марат Қасымбековтің айтуынша, өткен жылы инвестиция қаржысы 9395,4 миллион теңгеге жеткен. Бүгінгі таңда аудан экономикасының даму жоспарына сәйкес, 2025 жылға дейін іске асыруды көздейтін, жалпы құны 20,2 миллиард теңгені құрайтын 12 ірі инвестициялық жоба тізбесі жасалыпты. Бұл жобалар іске асқан жағдайда ауданда 330 адамға тұрақты жаңа жұмыс орындары ашылмақ.
Өткен жылы жалпы құны 170 миллион теңгені құрайтын екі жобаны іске асыру межеленіпті. Біріншісі, Жетітөбе ауылдық округі, Кәріқорған ауылындағы «Алатау сүт өнімдері» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі. Кооператив төрағасы Нұрболат Кенжебеков өткен жылдың қаңтар айында сүт өңдеу цехын іске қосты. Жобаның жалпы құны 70 миллион теңгені құрайды. Тәуліктік қуаты – 7 тонна. Қазіргі таңда күніне ауыл тұрғындарынан 3-4 тонна сүт қабылдап, цехта өңдеуде. Онда сары май, сыр, брынза, құрт, чечил, айран және қызыл ірімшік өнімі шығарылады. Өндірілген өнім Шымкент, Алматы мен Тараз қалаларына өткерілуде. Кәсіпкер 7 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Екінші жобаны Шақпақ ауылдық округіндегі «Япоша» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі іске асырған. Зауыт тәулігіне үш тонна кептірілген нан (сухари) өнімін өндіреді. Жалпы жоба құны 100 миллион теңгені құрайды.
Бұдан бөлек, ауданда бірнеше өндіріс ошағы табысты жұмыс істеуде. Солардың бірі – «AQMOL 2025» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Серіктестік өткен жылы жалпы құны 173 миллион теңгені құрайтын 267 тонна сүт өнімдерін шығарған. Зауыттың тәуліктік қуаттылығы 40 тоннаны құрайды. Сол сияқты жылдық қуаты 10 мың тоннаны құрайтын «СМТС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сары май, брынза, моцарелла, қатты ірімшік, сулугуни, чечил сынды өнімдер өндіріп, өнімдерін Астана, Алматы, Тараз, Шымкент қалаларына өткеруде.
Аудандағы өндіріс көлемін арттыруға «Бурное сүт компаниясы», «LF company» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, «Бірге», «Нысанов М» мен «Бурное ірімшік компаниясы» АӨК сүт өңдеу цехтары да өз үлестерін қосуда. Бұлар өнімдерін Астана, Алматы, Шымкент, Тараз қалаларынан бөлек, Ресей мен Қырғыз мемлекеттерінің нарығына да шығарып отыр. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен ұзақ жылдан бері айналысып келе жатқан кәсіпорынның бірі «АгроАзықтүлікнанменжабдықтау» ЖШС-ы. Оның жобалық қуаттылығы тәулігіне 54 тонна мақсары майын, 182 тонна мал азығын өңдеуге қауқарлы.