Жүйріктің тағдыры, допингке тыйым бола ма?
Тарихи деректерге негізделсек те, ұлттық бітім болмысымызға сүйенсек те қазақ пен жылқы әу бастан бітеқайнасқан бір ұғым іспетті.
Содан да болар «ат жалында ержеткен халықпыз», «ат құлағында ойнап өстік» деп жиі айтамыз. Алайда соңғы уақыттарда аламан бәйгеге қатысты, жүйріктердің тағдыры туралы көңіл алаңдатарлық жағдайлар көбейіп барады. Мұның бір себебі атбегілердің тым еркінсіп кеткені. Есірмегенде қайтсін, бізде қара ниетті «батыраштардың» қарасын батыратын жаза жоқ. Ол тұрмақ, республика көлемінде атқа салынатын допингті анықтайтын ешқандай ведомство жұмыс істемейді. Сүйте тұра, «ат бәйгесін өткізуден әлемнің алдын ораймыз» деп мақтанамыз.
– Елдегі жарыстарды былай қойғанда, қалалық деңгейде, әр ауылда қандастарымыздың ата-бабаларына ас беру тойы бәйгеге ұласуда. Арқада жүйрік тұлпар сатып алып, ат баптаушылар көбейіп келеді. Алайда жаңа буынды атбегілердің арасында ниеті бұзықтар бар. Бірақ көпке топырақ шашуға болмас. Шашасына шаң жұқтырмайтын тұлпар ұстап, жануарды табиғи түрде дайындайтын шын жанашыр азаматтар жоқ емес. Қара ниетті дегеннен шығады, жасандылық пен зұлымдық түптің-түбінде жария болады. Кәсіби атбегілер кейіндері допингті сезе бастады. Аламан бәйгеде жүйткіп келе жатқан талай жүйрік аттың жүрегі жарылып, жарты жолда жан тапсырып, шабандоздар мертігіп жатқанына куә болып жүрміз. Әдетте, допинг салынған аттардың бір-екі жарыстан кейін аяғы кетіп қалады. Жарықтық жануарларда айтар тіл жоқ. Дейтұрғанмен аламанда допинг қолданылған жылқыны ажырату қиын. Соңғы кездері еліміздегі алман бәйге жарыстарына ат терлетіп Ресейден келетіндер көбейіп кетті. Олардың сәйгүліктері анағұрлым жүйрік және кәсіби тұрғыдан дайындалғаны көзге ұрып тұрады. Негізінен осындағы жүлделі орындарды көрші елдің атбегілері иемденіп кетеді. Ал олжаны өзінде қалдыруға бел буған біздің атбегілер допингпен баюға бел шешкен. Айтпақшы, Ресейде жылқы бойындағы допингті тексеретін ұйымдар жетіп артылады. Тіпті ондағы «Ат спорты Федерациясы жанында» допингке қарсы бақылау комитеті жұмыс істейді. Сондықтан солтүстіктегі көршімізде мұндай қулық іске аспайды, – дейді қарағандылық атбегі Жандос Әшімов.
Кәсіби спорт шебері Нұржан Шайхин допингке тәуелдікті тоқтатудың жолы аламан бәйгеден арылу екенін айтып отыр.
— Ел арасында етек алған алман бәйге тұлпарларды сөзсіз зорықтырып тұр. Сәйгүлік қанша жампоз болсын, аламанның шарты ауыр тиеді. Осы күні «Алтын тұлпар қанаты» ат бәйгесінің бас жүлдесі 51 шақырымнан алда келген атқа беріледі. Бұл асыл жануарға таза қиянат емей немене? Осының кесірінен қаншама қазанат аяқтан кетті? Оны ойлайтын бір жан жоқ. Байбалам салып жатқан атбегілердің бірін көрмедім. Біздің елдегі кез келген ат жарыс 20-30 шақырымға ұзап кетті. Ол қасаң қағидаға айналған. Соңғы кездері сыйақыға қымбат джип тігілсе, 51 шақырымға жүйтку керек деген қатаң шарт шықты. Әншейінде байбалам салатын жануарларды қорғау жөніндегі қоғамдық ұйымның өкілдері қайда? Тұлпарды ер қанатына балайтын ерлер неге көзжұмбайлыққа салынып отыр? Менің ойымша, аламан бәйгені алып тастамайынша, атбегілерді допингтен алыстата алмаймыз. Обал мен сауапты саналы түрде қабылдайтын, адами үрдіспен өмір сүретін шетелдер өзіміздің ата-бабаларымыз ұстанған ұшқыр бәйгені берік ұстанады. Қияндағы Батыс пен Еуропа елдері, шөлейттегі Арабтар, іргеміздегі Ресей ат бәйгесін ең ұзақ дегенде мың, екі мың метрден асырмайды. Міне, ұшқыр бәйге деген – осы! Ал біздің әумесерленетін не теңіміз? – деп күйінішін білдірді жылқы жанашыры.
Мамандардың айтуынша, қыран қанатты тұлпарды қынадай қыратын химиялық дәрі уытты. Допинг егілген жылқы есін білмей шабады. Естен тандыратын есірткіден еш кем емес. Еркін сауда мен интернетте «Анаболики», «Ангальгетики», «Антикоагулянты» деген тіркескен 35 беттік атауларын табуға болады. Ұзын-ырғасы 35 түрлі дәрі-дәрмек бар. Сырт елдердегі жарыс алдында мамандар аттың ағзасынан осылардың бірін тапса, оңдырмайды. Америка мен Еуропа, көрші Ресей мұндай қитұрқыға барғандарды бәйгеден алыстатып, ақшалай айып салады. Мәселен, Швейцарияда «харам» жолдағы атбегінің бұрынғы жүлделерін сыпырып-сиырып алып, жарысқа мүлдем жолатпайды. Бұл аздай, жасырын жасаған жазасы үшін 2 мың швейцариялық франк (2,5 мың АҚШ$) айып арқалатады. Біраз жыл бұрын Моңғолияда додада шауып келе жатқан шабандоз баланың қазанатына укол салғанын аңғарған қазылар елдегі допингке дер кезінде тоқтау салғанын оқығанымыз бар. Осылайша, допингке берік бақылау орнатқан әлем елдері тұлпарға қиянат жасау ісін тұқымымен құртты. Тап осындай қатаң жаза қазақстандық атбегілерге де ойысса, құба-құп болар еді. Қасиет қонған тұлпарларды тұқыртқалы тұрған допингті қайтіп тыймақ керек? Бұған Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті, ұлттық құндылықты қадірлейтін кәсіби маман Тастанбек Есентаев не айтар екен?