Жұқа мөлдір бояу қабаттарындағы ритм мен түстердің қозғалысы
(Леонид Леонтьевтің шығармашылығы туралы)
Музей залдарын аралап жүріп, «Колхоз базары» картинасын алғаш көрген сәтім әлі есімде. Полотноны үнсіз тамашалап тұрғанымда зал қараушысы маған: «Алдыңғы пландағы әйел бейнесін автор, яғни, Леонтьев суретші Айша Ғалымбаеваға қарап салған екен», – деді. Бұған дейін бұл туралы естімеген соң, әуелде аса мән бере қоймадым. Бірақ ойлана келе, бұл сөздің қисынды екеніне көзім жетті. Леонтьев пен Ғалымбаева қатар еңбек етіп, шығармашылық байланыста болғанын және 1961 жылы екеуі де «Еңбек сіңірген өнер қайраткері» атағын алғанын ескерсек, бұлай болуы әбден мүмкін. Суретке қайта зер салып қарағанда, шынында да, келбеттік ұқсастық көзге бірден басылды.
Осындай «ауызекі аңыздар» кейде архивте сақталмаған, тасқа басылмаған шындықтарға алып келіп жатады. Леонтьевтің шығармашылығына деген қызығушылығым дәл осылай, қарапайым әңгімеден басталған еді.
Леонид Павлович Леонтьев 1913 жылы Петерборда металл өңдеушілер әулетінде дүниеге келген. Балалық шағынан-ақ шығармашылыққа бейімділік танытқан Леонтьевтің сурет салуға деген ынтасын әкесі барынша қолдаған. Ол жастайынан өнер туралы кітаптар оқып, әуесқой суретшілермен араласқан деседі.
Оның балалық шағы 1920 жылдарға, яғни, Кеңес өкіметінің түпкілікті орнығып, бұрынғы билік түрлерінің толық жойылған кезеңіне тап келді. Бұл елде жаңа мемлекеттік құрылым пайда болып, экономика мен тұрмыс жүйесі түбегейлі өзгеріске түсіп жатқан кез еді. Алайда осы саяси өзгерістермен қатар азамат соғысының зардаптары, аштық, жоқтық сияқты қиындықтар халықтың күнделікті өмірін ауырлатып жіберді. Осы жылдардағы әлеуметтік күйзеліс отбасындағы әр адамға жауапкершілік жүктеп, жасөспірім Леонтьев те еңбекке ерте араласуға мәжбүр болды. 15 жасынан бастап зауытта токарь болып жұмыс істей жүріп, кешкі уақытта зауыт жанындағы бейнелеу өнері үйірмесіне қатысып, кәсіби дағдысын дамытуды бастады.
1930 жылы Леонид Леонтьев Ленинградтағы Көркемөнер академиясы жанындағы жұмысшы факультетіне (рабфакқа) оқуға түседі. Онда жақсы жетістіктер көрсетіп, екінші курстан Кескіндеме, сәулет және мүсін институтының бірінші курсына қабылданады.
Леонтьевтің қалыптасуына институттағы ұстаздарының ықпалы зор болған. Әсіресе А.Е.Карев есімді белгілі кескіндемешінің сабағы оның шығармашылық танымына ерекше әсер етті. Карев болса импрессионизм жүйесін түрлендіру арқылы «түстер, жарық және кеңістік» мәселелерін зерттеген суретші ретінде танымал болатын.

Суретшінің студенттік шағында өнер ортасында үнемі пікір алмасу, көзқарастардың қақтығысы, түрлі шығармашылық мектептер арасындағы таластар жиі болып тұратын. Мұндай рухани қозғалыс жас суретшілердің ой-өрісін кеңейтіп, кәсіби қалыптасуына ықпал ететін. Леонтьев те сол ортада белсенді болып, ЛОРХ (Ленинградское общество рабочих художников) құрамында көрмелер мен талқылауларға тұрақты қатысып отырды. Ол В.Татлин, М.Шагал, П.Филонов сынды атақты авангард өкілдерінің жұмыстарымен танысып, олардың идеяларынан әсер алып отырды. Әсіресе П.Филоновтың Ленинград суретшілер одағындағы баяндамасы жас Леонтьевтің есінде ерекше сақталғандығын оның жазбаларынан білеміз.
Үшінші курсқа өткеннен бастап Леонтьев танымал Е.Лансере шеберханасында білім алды. Өмірінің соңына дейін Лансереге ерекше құрметпен қараған ол ұстазының тәлімін ең құнды дәрістердің бірі санады әрі ұстазы туралы: «Бірде айна алдында отырған модельді қызыл драпировкасымен жазып отырдым. Ұзақ отырып драпировканы шығара алмай қиналдым. Сонда Лансере үлкен қылқаламмен бірнеше минут ішінде таза, анық, монументалды тәсілмен оны жазып шықты. Мен оның қарапайым әрі дәл әдісіне таңғалдым», – деп еске алды.
Лансере студенттерге еркін ізденуге мүмкіндік беріп, олардың табиғи қабілеттерін ашуға күш салды. Өзінің жоғары кәсіби мәдениеті мен шығармашылыққа адал қатынасы арқылы ол шәкірттеріне үлгі болды.
1939 жылы Леонид Леонтьев Көркемөнер академиясын сәтті аяқтады. Оқуын бітірген соң оның алдында үш таңдау болды: Тула, Одесса немесе Алматы қаласына барып қызмет ету. Нақты неге екені белгісіз, алайда суретшінің таңдауы Қазақстанға түсті. Бәлкім, солтүстіктің тумасы ретінде оның бойында Шығыс мәдениетіне деген романтикалық қызығушылық болды, бәлкім, беймәлім әлемді көргісі келді. Қалай болғанда да, Алматыға қысқа ғана уақытқа, жаңа әсер үшін келген суретші, бұл шаһарды ұнатты, кейін Алматы оның екінші Отанына айналды.

Алматыға келгенде 26 жасар Леонтьевтің шығармашылық қуаты толысқан-ды. Қалада ол Өнер істері жөніндегі басқарманың бейнелеу өнері бөлімін басқарып, бір мезгілде жаңадан ұйымдастырылған көркемсурет училищесінде сабақ берді. Бұл жылдары оқу ісі енді ғана жолға қойылып жатқандықтан, кадрлар да, оқу құралдары да жетіспеді. Біртіндеп Леонтьев әріптестері Н.И.Крутильников, А.И.Бортников, Р.Ф.Ардатов және Н.Д.Тимофеевтермен бірге оқу бағдарламасын, әдістемелік жоспарларды жасап, шеберханаларды қажетті материалдармен қамтамасыз етуге атсалысты. Көп ұзамай ол пәндік-циклдік комиссиясының төрағасы болып сайланып, композиция, сурет және кескіндеме пәндерін жүргізіп бастады.
Леонтьев, сонымен қатар, Қазақстан Суретшілер одағының құрылу ісіне белсене қатысты. Сол кездегі ұйымның шағын құрамында Ә.Қастеев, Ә.Исмаилов, Г.Брылов, Л.Гербановский, В.Колоденко, ағайынды Ходжиковтар секілді республика бейнелеу өнерінің алғашқы қайраткерлері еңбек етті. 1940 жылы өткен Суретшілер Одағының алғашқы съезі мен «Кеңестік Қазақстанның 20 жылдығы» көрмесіне дайындық барысында Леонтьев ұйымның белсенді мүшесіне айналып, кәсіби шеберлікті дамыту мәселелеріне арналған баяндама жасады.
1941 жылы неміс-орыс соғысы басталған алғашқы күндерден-ақ Леонтьев майданға рухани қолдау көрсету бағытына белсенді араласып, «КазТАГ терезелері» атты плакаттық серияны дайындауға қатысады. 1942 жылы соғыс тақырыбына арналған республикалық көрмеге қатысып, «Балтықтықтардың десанты» атты картинасын ұсынады.
1960 жылы Леонид Леонтьев педагогикалық қызметін аяқтап, шығармашылыққа толықтай ден қояды. Дәл осы жылы ол Гурзуфқа сапар шегіп, жаңа шығармалармен оралды.
1961 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығымен Леонид Леонтьевке, Айша Ғалымбаева мен Виктор Киреевке «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері» атағы берілді.
1964 жылы ол суретшілер мен өнертанушылар тобымен бірге Италияға сапар шегіп, Қайта өрлеу дәуірінің ұлы ескерткіштері мен заманауи еуропалық өнермен танысты. Бұл сапар оның шығармашылық дүниетанымында үлкен із қалдырды. «Огни Алатау» газетінде жарық көрген мақаласында суретші италиялық мәдениеттің рухани байлығын және оның әлемдік өнердің дамуына тигізген ықпалын атап өтіп, бірнеше фломастермен жасалған нобайларын ұсынды.

1960 жылдардың соңында Леонтьев шығармашылыққа жаңа тыныспен кірісіп, бірқатар кескіндемелік жұмыстарын жазды. Этюдке шығуды да тоқтатпай, табиғатты үнемі бақылау арқылы ішкі ізденісін жалғастырды. Өз күнделігінде ол: «Көркем форма заңдылықтары табиғи бейнелеудің заңдылықтарымен сәйкес келе бермейді. Көрерменге сюжеттегі жаңалықтан гөрі, суретшінің ойлауындағы жаңалық қажет. Табиғатты дәл көшіру – автордың болмысын білдірмейді. Кескіндеме әдісі суретшінің жан дүниесінің қозғалысына сай болуы керек», – деп жазды.
1974 жылы Леонтьевтің ұлттық бейнелеу өнерінің қалыптасуына қосқан үлесі бағаланып, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарғысымен оған «Қазақ КСР халық суретшісі» атағы берілді. Осындай құрмет пен сенімнің арқасында ол өмірінің соңына дейін шығармашылық тоқырауға бой алдырмай, өзін-өзі жетілдіріп отырды.
Өмірінің соңғы жылдары Леонтьев тоқтамай еңбек етіп, кескіндеме мен графикада жаңа шешімдер іздеді, өнер туралы ой-толғауларын қағазға түсіріп отырды. 1983 жылы суретші Алматы қаласында дүниеден өтті. Оның тұлғасы мен шығармашылық мұрасы ұлттық бейнелеу өнерінің бастауында тұрған саңлақ суретшілердің бірі ретінде ел жадында мәңгі сақталды.
Лессировка
Лессирлеу (лессировка) – Леонтьев жиі қолданған тәсілдердің бірі. Лессировка – бұл кескіндемеде қолданылатын, яғни, жұқа мөлдір бояу қабаттарын бірінің үстіне бірін жағу әдісі. Қысқаша түсіндірсек, картинаның кепкен немесе жартылай кепкен қалың бояу қабатының үстіне түстер реңктерін күшейту немесе әлсірету үшін үстінен өте жұқалап, мөлдір бояумен (көбіне май немесе лак қосылған) жаңа қабат жағу әдісі. Мысалы, суретші көк түс үстіне сәл қызыл мөлдір лессировка жақса, нәтижесінде, астынан жылтырап, күлгін (фиолетовый) рең пайда болады – бояулар араласпайды, тек жарық арқылы бірігеді.
Суретші лессировка туралы қолжазбасында: «Дұрыс есептеліп жағылған бояу қабаттары жақсы нәтижелер әкеледі, мұндай нәтижені бояуларды физикалық араластырумен алмастыру мүмкін емес», – дейді. Демек бұл әдіс арқылы Леонтьев туындыларында түстің күрделі үндестігін іздеген. Оның пікірінше, «кескіндемедегі симфониялық мән – түстер мен тондардың өзара енуінен, олардың қозғалысы мен музыкалық кеңістік тереңдігінен туады».
Суретшінің тағы бір ерекшелігі – лессировканы ашық, контрастты түстік дақтармен ұштастыруы. Бұл тәсіл ритм мен түстердің ішкі қозғалысын қалыптастырып, композицияның тұтастығын қамтамасыз етеді. Күнделігінің тағы бір бетінде: «Ритм туындының материясын да, көрерменнің санасын да қалыптастырады. Ол көрерменге әсер етеді, иландырады. Қазіргі өнер ритмге сүйенеді», – деп жазады.
Лессировка тәсілін өз дәуірінің ірі шеберлері – Рембрандт, Вермеер, Тициан, тіпті кейіннен Крамской мен Репин де қолданған. Бұл әдіс суретке жарық пен түстің тереңдігін, ал образға ерекше шырай дарытатынын ескерсек, Леонтьевтің кескіндемесі – түстердің өзара қатынасы арқылы бейненің нәзік ырғағын жеткізетін үйлесімді жүйе екендігін түсінеміз.
Суретшілердің портреттері
Леонид Леонтьев – Қазақстан бейнелеу өнеріндегі ең сәтті портреттер галереясын қалдырған суретшілердің бірі. Оның шығармаларында ХХ ғасырдың көрнекті өнер қайраткерлерінің, әсіресе Қазақстан суретшілерінің бейнелері жиі кездеседі.
Ең алғашқы автопортретінен-ақ (1939) Леонтьевтің портрет жасау шеберлігі мен еркіндігі байқалады. Мысалға оның «Тон киген автопортрет» (1944) атты еңбегін айтайық. Бұл суретте портреттен бөлек, оның киген киімі де өзіндік рөл атқарады. «Тон» мұнда сырт киім функциясынан бөлек, рухани қорған, яғни, «мен» деген болмысты бекіту символы сияқты көрініс береді. Бұл автопортрет – дербес «өмірбаяндық мәлімдеме», суретшінің өзінің кім екенін ешбір сөзсіз деклрациялау актісі болса керек. Суретші болып туылғасын элегантты тон киіп, заманауи әрі нағыз эстетика табынушысы болу керектігін де ұмытпаңыз.
Суретшілердің портреттерін жазды демекші, оның 1940 жылдардағы жазған суретшілер С.Калмыков пен И.Иткиндтің портреттерінде Леонтьев тұлғаның дара психологиясын дәл беруге тырысқан. Әсіресе Иткинд бейнесінде суретші нәзік ирония мен өмірлік даналықты қатар қолданады. Бұл оның портреттік жұмыстарының бір ұшы ғана. 1970-1980 жылдары Леонтьев суретшілердің бейнелерін жазуды ары жалғастырып, шығармашылық тұлғалардың тұтас галереясын жасады. Олардың қатарында кинорежиссер С.Ходжиковтың (1973), суретшілер Н.Нұрмұхаммедов (1980) пен Қ.Тельжановтың (1982), мүсінші Е.Мергеновтің (1982) портреттері болды. Қазақ өнерінің маңдайына біткен осындай алып тұлғалардың бейнесін сақтап қалуды тағдырдың өзі Леонтьевке сеніп тапсырды деп қаларсың. Сірә, бұл да сәйкестік емес шығар...
Санжар Сырғабаев,
суретші-өнертанушы