Жүктілікке төленетін жәрдемақыларға қатысты ірі заңбұзушылықтар анықталды
Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) зейнетақы және әлеуметтік қамтамасыз ету жүйелерінің тиімділігіне жүргізген тексеріс нәтижелерін жариялады. Аудит барысында жүктілік және босану бойынша жоғары мөлшерде жәрдемақы алу үшін табысты жасанды көтеру және бірнеше жерде жұмыс істейтіндей көрсету фактілері анықталды.
ЖАП мәліметінше, кейбір азаматтарға бір мезетте үштен он жұмыс орнына дейінгі төлемдер аударылған. Тіпті 169 адамның 16-дан астам ұйымға тіркелгені анықталды. Әлеуметтік төлемдерге шекті мөлшердің болмауы және мемлекеттік дерекқорлар арасындағы интеграцияның әлсіздігі салдарынан 96 млрд теңге көлемінде шығын келген.
Аудиторлардың айтуынша, соңғы бес жылда әлеуметтік төлемдер көлемі едәуір артқан:
-
солидарлық зейнетақы – 37%,
-
орташа базалық зейнетақы – 45%,
-
БЖЗҚ-дан берілетін орташа төлем – 25%,
-
мемлекеттік жәрдемақылар – 58%,
-
Әлеуметтік сақтандыру қорынан төлемдер – 2,5 еседен астам өскен.
Соған қарамастан, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың тұрақсыз аударымдары мәселесі өзекті болып отыр. Бұл болашақта жеткілікті жинақтың болуына тікелей әсер етеді. ЖАП Әлеуметтік сақтандыру қоры активтерін басқару тәсілдерін қайта қарау немесе бақылауды күшейту қажет екенін атап өтті.
Сонымен қатар, аудит халықаралық деректер алмасу туралы келісімдерді тездетуді ұсынды. Бұл Қазақстанда және басқа елдерде қосарланған төлемдерге жол бермеуге көмектеседі.
Тексеру нәтижесінде:
-
5 млн теңге қаржылық заңбұзушылық,
-
216,2 млрд теңгенің тиімсіз пайдаланылғаны,
-
46 жүйелік кемшілік анықталды.
22 материал әкімшілік шара қолдануға жіберілді, тағы екі іс құқық қорғау органдарына жолданды.
Бұған дейін Павлодар облысында жүкті әйелдерді жалған жұмысқа орналастыру схемасы анықталған еді. Тергеу мәліметінше, мемлекетке келтірілген зиян 200 млн теңгеден асқан. Тергеу әлі жалғасып жатыр.