Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:46, 29 Желтоқсан 2021

Жұлдыздар аққан жыл...

None
None

Қазақ даласына «Тышқан» атты тағы бір жұт келген, былтыр.

Тарихтағы атышулы «Ақ қояны» да, «Доңызы» да қазақтың қанша малын алса да, не бір жақсысы мен жайсаңын желіге тізген құлындай, жайратып түскен сол «Тышқанның» қасында түкке тұрғысыз болып көрінгені де рас.

Сосын, «Ғасырдан да ұзақ жылдан» құтылып «Сиырға» аман іліккенде, «Өлмеген құлға болды жаз!» дегендей, қуанғанымыз да жасырын емес-ті. Бірақ қанша жерден асыға күтсек де Сиыр да (ертектегі екі сиырдай) қазақты жарылқай қоймады. «Жұт жеті ағайынды деген» қағиданы қазаққа тағы мойындатып, қуаңшылығы қоса келіп, жадыраған жазының өзінде біраз аймақтарда малшыларды «Ақ қояндағыдай» ақ таяғына сүйендіріп кетті. Алда әлі екі ай қысы мен «ұзын сарысы» тағы бар. Не болары болжаусыз. «Малым, жанымның садақасы» демекші, мүмкін, енді бәсеңсір деп үміттендік… Індет болса, қаралы тізімдегі қазақтың қадірлілерінің санын ұлғайта берді, ұлғайта берді...

Үш күннен соң, биылғы күнпарақтың соңғы бетін де жыртамыз, амандық болса.

Иә, бұл газетіміздің жылжабар саны...

Тарих үшін жаңа жыл кіреді десек те, мүшел санап үйренген қазаққа бұл күнтізбенің ауысуы ғана. «Сиыр» шығамын дегенше, әлі бір тоқсандай уақыт бар. Алладан ажалға ынсап берші деп қана тілей аламыз.

Келер жыл – «Барыс» жылы. «Барыс жылы барыңды шаш, таба алмасаң, тарыңды шаш!» деп өскен қазақ үшін жыл, жалпы, жаман болмауы тиіс. Осыдан тура үш мүшел бұрын – 1986-да Желтоқсанда Ел өз Тәуелсіздігіне қол жеткізген. Ол да оңайлықпен келген жоқ еді...

Қалай болғанда да Барыс жылына қарға адыммен жылжи береміз осылай.

Қанша қимаса да, «Қара бауыр қасқалдақ, қайда ұштың пыр-пырлап?!.. дегендей, үдере көшкен үркерлі топтың тізбегіне үрпиісе қарап, қазақ дейтін сиреген тоғай қалды. Қанша қамықса да, кері қайт деп айта алмайды, бірақ...

Бірі енді қазағының «Бай-бақуатты болғанын» көре алмаса, енді бірі қазағымен «Жеңісті күндерде жолығыса алмайтыны» ғана анық… Сол өкінішті...

Қош болыңдар, аққан жұлдыздар!

Тегтер: