Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 20 Сәуір 2024

Жұма-ағамның шындығы

Жұмабай Шаштайұлы
Фото:

Алматыда өтіп жататын жазушылардың республикалық жиын, басқосуларында міндетті түрде Жұмабай ағаммен кездесіп тұратынбыз.

 Міндетті түрде көпшіліктің ішінен тауып алып, арнайы сәлем берем. Жұма-ағам қуанып қалады: «Ой, әке, амансыңдар ма?» дейді. «Әке» дегені ішімді жылытып тастайды. Сәлеміңді «Өй, бауырым», «Өй, айналайын» деген сияқты ықыласпен қарсы алатын жақсы ағаларым жоқ емес. Бірақ Жұма-ағамның «әке» дегені өзінің туабітті мінезі секілді бұған дейін естімеген ілтипатым болған соң ба, әлде шын көңілден шыққан сөзі екені білініп тұрған соң ба, әйтеуір, сол лебізін көрген сайын естігім кеп тұратынын несін жасырайын.

Әлеуметтік желіден Жұма-ағамның қайтыс болғанын естігенде ең алдымен осы жай есіме түсіп еді. Енді Алматыға барсам, «ой, әке» деп тұратын ешкім болмайтынын түсініп, сол сәт ішім өрттей қайнап кетті, жазушы ағамыздың қазақ әдебиетіне қандай мол еңбек сіңіргенін содан соң барып ойладым.

Жұмабай Шаштайұлы

1982 жылы болуы керек, КазГУ-дің журналистика факультетінде оқып жүрген мені «Лениншіл жасқа» қысқы, сол себептен де тым қысқа практикаға жіберді. Сонда мені алғаш рет көріп тұрса да көп кісінің арасынан бауырына тартқан жалғыз адам осы Жұма-ағам еді. Өзінің онсыз да шағын кабинетінен орын тауып берген.

Ол кезде, өзі қатарлы жас таланттардың тізіміне мығым енгенімен, Жұма-ағамның әлі даңқты бола қоймаған кезі. Әлгі атышулы баяндамаға іліккен «Қызыл қар» повесі шыға қоймаған. Жақыпбеков Есенқұл досымның «Ақындар айтысында менің атым жеңумен емес, жеңілумен шықты» дейтініндей, Жұма-ағамның есімі қалың қазаққа 1984 жылы сол повесі арқылы лезде кең тарап кетті ғой. «Енді Шаштайұлы деген фамилияны баспалар мүлде жолатпайтын шығар, коммунистік партияның бір зәлім саясаты сондай еді ғой» деп жүргенімізде, баспалар да, басқалар да кейін райынан қайтты, расы, бұл талантты жазылған дүниелерді қайткен күнде де бүйтіп аяғынан шалу дертінен жазыла бастаудың басы болса керек.

Сөйтіп, әуре-сарсаңы көп сексенінші жылдардың соңына қарай жылы жып-жылтыр мұқабамен Жұма-ағамның қомақты «Жала мен нала» кітабы жарық көрді. Қандай жала, қандай нала? Әрине, кітапта бәрі бар. Бірақ қалай дегенде де, ағамыздың көңілінде баяғы солақай сынның, тырнақалды кітабы үшін түртпек көрген күндердегі ызғарлы лептің салқыны қалып қойғандығында дау жоқ еді.

Айтпақшы, әртүрлі мәселелер қызу талқыланып жатқан жиындарда Жұма-ағамның ортаға шығып, суырылып сөйлеген сәтін көрмеппін. Бірақ бұл жазушының көпке айтар әңгімесі жоқтығы емес еді. Әу баста әуелі ауылдағы мектепті бітіріп, содан соң сол ауылда қой баққан, оның бер жағында әскер қатарындағы міндетін атқарған ағамыздың, басқасын былай қойғанда, осы көргендерінің өзі, егер бажайлап үңілсе, аз сабақ емес еді. Мысалы, азғын-шоғын уақыт болса да қой соңында болғандардың қойдың мінезін ғана емес, сол қой маңында жүргендердің де құлық-пиғылын зерттеуіне кәдімгідей мүмкіндігі болады. Ал оны санаға сабақ есебінде тоқу, өкінішке қарай, әркімге бұйырмайды. Жұма-ағама бұл қасиет бұйырған және кейінгі өміріне таусылмас азық болған ғұмырлық бұйырмысқа айналған.

Айталық, әлгі арты шуға айналған «Қызыл қардан» шошынудың салдары неде енді? Сондағы шындықтарды, егер өзінің ертеңгі күнін есеппен ойлайтын әлдекімдер болса, сыпайылап, қойшылардың үстінен қарайтындардың (жалпы мал шаруашылығына жауапты шенеуніктердің) «нервісіне» тимейтіндей жылдырмалатып өте шығудың мүмкіндігі болды ғой. Бірақ бұған жазушы Ж.Шаштайұлының дәті бармады, өйтсе сол оқиғаларды көрген адамдардың алдында өзі айыпты болатындай сезінді. Және Жұма-аға осы принципін адал ұстанып өтті. Сол сияқты әлгі жиын, басқосулардағы селқостыққа келсек, Жұма-ағам мінбеге ұмтылушылардың не айтпағын алдын ала сезетіндіктен бе, бостекі айтқыштыққа бекерге қосамжарланғысы келмей, ылғи бұндай белсенділіктен қалыс қалуға тырысқан секілді.

Жұма-аға қайтыс болған кезде өкшелес інілерінің бірі Қуандық Түменбай: «Ақ таяғына адал қойшының баласы қара қаламын да таза ұстап өмірден өтті» деді. Жұма-ағаның ақ таяққа адал болғаны рас, қасында жүргендер сонау жылдары мектеп бітіргеннен кейін университетке түсе алмай, сол кездің жазылмаған заңы бойынша оның да ғұмыр бойы қой баққан әкесінің кәсібіне мойынсұнғанын жақсы біледі. Ал біздің үйреншікті түсінігіміз бойынша бала-шағасын ақ-адал еңбегімен асыраған кісінің баласы да ақ-адал еңбек етуден басқаға бас ауыртпаса керек, өйткені басқа жолды көрмеген де ғой. Оның үстіне, осы кәсіптің ұңғыл-шұңғылын жақсы игерген адамның қасында күні-түні салпылдап бірге жүру, не сол кәсіптің қайткенде де үдесінен шығуды көздеттіреді, не бұдан біржола безіп кетуге мәжбүр етеді. Жұма-аға безіп кеткен жоқ, бәлкім, негізгі мақсатына әйтеуір түбі бір жететініне сенді.

Осы Жұма-ағаның үш жас үлкен әріптесі Несіпбек Дәутайұлы сегіз жыл бойы қой бағыпты, әуелі көмекші, содан соң жеке отар иесі болған, ал сол Несіпбек ағамыздан қандай жазушы шықты! Және сол Несіпбектің: «Жұмабай Шаштайұлының «Қызыл қар» деген шығармасы, меніңше, Кеңес өкіметі құлардың алдында жа­зылған біздегі алғашқы протестік дүние» дегені бар-ды. Сол себепті Жұма-аға туралы сөз қозғағанда «Қызыл қарды» аттап өте алмаймыз.

«Қызыл қар» жазылған тұс қандай еді? Жай сауатты болуды былай қойғанда, қазақ балалары терең білімді де, өнерді де, таңсық кәсіптерді де кәдімгідей игеріп, біздің ұлттан да небір сұңғылалар шығуы тиіс екендігін енді дәлелдеп тұрған кез еді. Ал бұндай аз-кем жетістіктеріміз ұлтаралық теңдікті көрсетіп қою үшін анда-санда ептеп ұшырып, негізінен көбірек қондыруды ұйғарған үлкен саясатқа қайшы келді. Сол себептен де дәп сол уақытта ауылдарда «Жас жігер», «Жас қанат» деген тәрізді жас шопандар бригадалары жасақталып, қаншама бойжетіп тұрған қыз бен қаншама шиыршық атқан бозбала қойдың соңына салынды. Қайдағы жігер, қайдағы қанат? Рас, жігері жасымағандар да, қанаты кесілмегендер де болды. Соның бірі – Жамбыл ауданының әлдебір шалғайында мігірсіз тірліктің соңында жүрген Жұма-аға еді.

Жұмабай Шаштайұлы

Жұма-аға кейін аудандық газетке де келді. Аптасына үш рет шығатын бұл газеттің де жетісіп тұрмағанын тағы көрді, әлгі қойдан бәрібір ада-күде құтыла алмады: қой қыстату, қой төлдету, күйек, қой қырқымы, не керек, газетіңіз де қой тірлігінің соңында өстіп салпылдап жүре береді екен. Бір тәуірі, мұнда жалғыз емессің, қасыңда қараң-құраң әріптестерің бар, мұң шағатын жора-жолдастар да табылады екен. Бірақ тақырыбың – сол баяғы қойдың маңайы, жазатының – қойшыларды өтірік желпіндіру (айтпағанын айтты дегізу, қағанағы қарық, сағанағы сарық жалған бейне жасау), пайдаланатын дерегің – өтірік-шынын ауылдық, аудандық статистика ғана білетін жансыз цифрлар. Ал Жұма-ағаңды бұл тірлік қанағаттандырмады. Көкірекке қордаланып қалған әлдебір қыжыл осы азғана жаста көрген-білгендерін қағазға түсіруге итермеледі де тұрды. Рас, болашақ жазушының айға шапқан арыстанның тірлігі ақыры неге соғатынын білмеген ештеңесі жоқ. Дегенмен әуелден қанында бар қасиеттен – әділетсіздікке төзбеуге тырысудан аулақтай да алмады. «Қызыл қарды» жазу да, қанша шүкіршілік еткенмен, сол көнтерлі төзімділіктің де шегі болатынын түйсіну тәрізді. Оның үстіне бұл шығарма бәйгеде жүлде алған, демек, сол кездегі салиқалы қалам иелеріне әлденесімен ұнаған. Міне, баспа кітап етіп те шығарған. Дегенмен жолшыбай әлдекімдерге ұнамай қалған, әлдекімдердің онсыз да сыздап тұрған шиқанын қанатып кеткен.

Сөйтсе, қоғамдағы барлық дау-дақпырт әуелі әлеуметтік мәселелерден басталады екен. «Сананы тұрмыс билейтінін» әуел бастан догматтық соқыр сеніммен жаттап өскендерге бұның арғы жағындағы, бергі жағындағы жуып-шаюға негізделген дәлелдердің құны көк тиын екен. Сонау 60-шы жылдары бір топ жас қаламгерлер (Қ.Ысқақов, А.Сүлейменов, Ә.Кекілбаев, т.б.) осындай бір пәлеге тап болғанын Қалихан Ысқақовтың жазғаны бар. «...Отыз жетінің түрмесіне тұрғын боп қайтып, запы боп қалған апайым елге барғанда алдымнан шығып: «Алматыңның басына! Ауылға қайт, сені асырауға әлі шамам жетеді!» деп, көзіне жас алғанда ғана зұлмат жылдардың үрейі елестеп, жазықсыз мерт болған ағаларымыз еске түскен» деп еске алған ол. Бірақ ол заман басқа еді, жоғарыда есімдері аталған ағаларымыз бен олардың дос-жарандарының бас-басына буржуазияшыл, ұлтшыл, абстракционист, формалист деген сияқты тақиялар кигізген ғой. Ал мына жайдың жөні басқа, ЦК-ның пленумында сыналған да жалғыз Шаштайұлы, қолақпандай «Правда» газетіне фамилиясы шыққан да жалғыз Шаштайұлы. Сонда Қалиханның апайы секілді «Алматыңның басына!» демей-ақ қойсын, бірақ «қойшыларды осыншама бейшара халге түсіріп, біз неғып отырмыз» дейтін біреу табылмағаны-ау. Сөйткен өкімет, өз еншісін өзі сыртқа тепкілеген өкімет құламағанда қайтеді, оның жаназасын «Қызыл қар» шығармағанда қайтеді?!

Сол «Қызыл қардың» сұлбасы Жұма-ағаны тастап та кеткен жоқ. Жазушы қанша жаңа туындысын өмірге әкелсе де, қойшылар тақырыбына ауық-ауық қайта соғып отырды. Ауық-ауық қанша жаны ауырса да (ауырмауы мүмкін де емес екені белгілі ғой) көзі көрген немесе көрмесе де ұдайы сезініп жүрген айдаладағы күйкі өмірді, оптимизмнің елесі де жоқ жалаңаш сорлылықты өзін-өзі алдап жүрген әлдекімдердің есіне салып отырды.

Айта кетелік, Жұмабай Шаштайұлының шығармашылығында Мұхтар Әуезов сарыны бары айтылып қалады. Бұл ретте жазушы, сыншы, ғылым докторы Бекен Ыбырайымның: «Қазақ прозасында портрет жасаудың даусыз дарынды шеберлері қатарында Мұхтар Әуезов, Әбдіжәміл Нұрпейісовтен кейін көрнекті тұлға деп Жұмабай Шаштайұлы деп тартынбай айтсақ, әдеттегі, жалпылама, мадақтау емес, жазушының талантты, жанкешті еңбегіне берілуге тиіс әділетті баға деп білем» деуі дау туғызбайды. Портрет жасау өз алдына ғой, Жұма-ағаның ұлы тұлғаларға басқа да ұқсастықтары көп. Баршасын айтпағанда, мысалы, «Құралайдың салқыны» хикаятын оқып-ақ та осы пікірге ден қоюға болады. «Жылдағыдай емес, жайлау биыл төтенше жауын-шашынды. Төңірек аспанмен біржола тұтасып кеткендей, ойлы-қырлы дүние жаһан көкала мұнар болып көлкиді» деп басталатын осы хикаяттың қасиетті Мұхаңның «Қорғансыздың күні» әңгімесімен әлдебір ұқсастығы бар. Әрине, оқиға басқа, заман екібастан өзге, хикаятқа тосын килігетін Ақан, Қалтай секілді жат кейіпкерлер де жоқ. Ұқсайтыны — көкірегіңдегі аянышты сезімді оятатыны. Сол баяғы шопан ауылы. Кейіпкерлер бір ошақтың басынан өз беттерінше өрбіп, сол ошаққа үздік-создық қайта жиналып отырады. Дегенмен осы үйдің жазылмайтын жарасы көп. Дұрыс сөз құрай алмайтын мақау Демеу, оның әйелі, ұсқынсыздығы жүрек айнытатын Қадірсіз, көкайыл ене, көкбет қайынсіңлі, осылардың барлығының бір үйге қайтіп жинала қалғанына амалсыз көндігесің. Иә, көндігесің. Таңданбайсың. Өйткені мұндай тасмаңдай тағдыры бар отбасылар да кезігіп қалатыны жер жаһанда жоқ жаңалық емес, жазушының өзі көрген немесе көрмесе де сезінген, бәлкім, естіген жайларының бірі. Еңсеңді езетін ең басты күйзеліс – жаңадан ғана ана атанған Қадірсіздің мақау күйеуінің тепкісінен соң кенеттен өмірден өтуі, Көкте деген есімге ие болған шарананың жетім қалуы. «...Енді доғар. Қадірсіздің өліміне күйінсең де осы, күйінбесең де осы. Мына ел айтып отыр: бәрінен де Көктеге обал болды деп, ол аман болса, елге әлі-ақ бауыр басып кетеді. Тек саған ғана Қадірсіз жоқ, сенің ел-жұртың Қадірсіз еді, сол ел-жұртыңнан айырылып отырған жайың бар» деген ащы айтылған басуды Демеу қаншалықты дәрежеде түсінгенін өзі білер. Соңында басу айтушының өзі: «О, жазған Қадірсіз-ай, есіл өмірің ырың-жырыңмен өтті де кетті» деп, ауыр күрсінеді. Сөйтіп қабірдің басында парқы әр нәрсеге жете бермейтін байғұс еркек қалды, ұсқынсыз болса да мынау өмірге ұясын кеңейткелі келген елеусіз әйел оралмас мекенге аттанып кете берді. Ал әлі ана сүтін мейірлене еміп үлгермеген шарана ше? Ел-жұрт бар ғой деп жұбануға да болар, бірақ ел-жұрттың өз төсегі, өз төрі бар, кімнің (әсіресе осы ортада) кімге пана боларлық жайы бар. Ешкім қызықпайтын ырың-жырың өмір жалғаса берер. Қашанға дейін? Қысқасы, Ғазизаның аяулы қамқоры болған әкесінің қабірінің басына жетіп жығылған сәттегі жан арпалысы жүректі қалай ащы запыранға толтырса, мына көрініс те көпке дейін көңілді мазалай берері даусыз.

Жалпы Жұма-аға өзі әбден қанық білген соң ба, әйтеуір, жоғарыда айтқанымыздай, осы мал, қой бағуға қатысты тақырыптарды көбірек түртпектейтін. Сірә, бұл ретте қателеспейтінін сезген болса керек.

Рас, қаланың да тірлігіне қалам тартпай қалған жоқ, өмірінің біраз бөлігі таланттылары да, талантсыздары да алшаң басқан алып шаһардың ортасында өтті ғой, бірақ не дегенде де, даланың қанша жасырғысы келсе де құпиясы айналаға жар сала алқа-салқа болып шашылып жатса, қаланың игертпейтін қитұрқысы көп, мұндағы жүріс-тұрыс та, ішім-жем де жатқан бір жұмбақ. Жұма-аға үңілсең түпсіз тұңғиыққа батыра беретін сол жұмбаққа аса жолағысы да келмеген сыңайлы. Бірақ жоламасқа және жол жоқ-ты. Ұнатсаң да, ұнатпасаң да барар жеріңе жеткізіп тастайтын кісі толы автобус секілді ызы-қиқы тірлікке бас сұғуыңа тура келеді.

«Аяз би» романы – осындай амалсыздықтың бір жемісі. Осы күнге дейін билік туралы формасы өзгермейтін формула жоқ. Бүгін пәленшекеңнің әр ісіне бек сүйсініп, жағың сембей марапаттап отырсаң, ертеңіне оның ана жерде анадай, мына жерде мынадай пендешіліктер жасағанын білгеннен кейін сол пәленшекеңді көргің де келмей қалады. Парадокс. Мысалы, қайырымды қала басшысының қандай болуы керектігі туралы көз майын тауысып, әл-Фараби жазған трактаттарда айтылған қасиеттер сіздің көріп жүрген басшыңызда жоқ екенін білесіз. Неге жоқ? Ертегіде Аяз би бар, «аяз әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» дейтін сол кісі. Ал мына жер бетінде сол Аяз би неге жоқ? Ешкім Аяз би болғысы келмей ме сонда? Аяз би тек ертегілік кейіпкер ме? Ертегілердің де жүзеге асқан тұстары бар еді ғой. Анау ұшатын кілемнің орнын самолет басты. Желаяғыңызды автомобиль аттатпай қуып жетеді. Осындайларға құдіреті жеткен адамның тек Аяз би болуға құдіреті жетпейді. Бәлкім, жетер еді, бірақ алдына Аяз би болуды мақсат етіп қойған ешкім жоқ екен. Әуелден. О бастан. Содан соң да Аяз би де жоқ. Әлдеқалай аспаннан бір Аяз би аяғы салбырап түсе қалса, жо-жоқ, оны әспеттейтін орта да жоқ екен. Бірінші хатшы Миятбек Нұржановтың ірі кабинеттерде де, кіші кеңселерде де көрген-баққандарын, істеген әрекеттерін оқи отырып, осындай ойға бас тіреуге тура келеді. Рас, роман барысында, жиналыстардың хаттамалары секілді ұзын-шұбақ қазбалана жазылмаса да, мемлекеттік мәселелер де айтылып қалады. Бірақ сол мемлекеттік мәселелерге келгенде неге-дүр жан-жақтан алыс мақсаттық ауа райды бұзып, пендешілік пиғылдар қабаттаса кетеді? Мысалы, әркімге де қарамағындағы (немесе жан-жағындағы) үлкенді-кішілі лауазымдағылардың өзіне адалдығы керек екен. Әрі-беріден соң, ел-жұртқа емес, әуелі жеке өзіне адалдығы. Мемлекет ісіне қатысты біз ойлайтындай адалдықтың сұлбасы осылай қалыптасады екен. Иә, сұлбасы. Өзі емес. Бір сұмдығы, партноменклатураңыздың шынайы кескіні, келіссеңіз де, келіспесеңіз де, осы екен. Бұл ортаға қарағанда айдалада ашыққан отармен арпалысып жүрген қойшыңыз, әйтпесе, жүген-құрығын бипаздап ұстайтын жылқышыңыз әлдеқайда адал екен. Өкімет ісіне, өкімет басшыларына адалдығын қылғынып тұрып айтуға құмар болмаса да.

Жұмабай Шаштайұлы

Міне, осы жайларды ескере келгенде Жұма-ағаның отар-табын, малшы-қойшы тақырыбына ойысуға неге ықыласты болатындығы анықталып та қалатын секілді. Осы Жұма-ағаңмен дос-құрбы, айтулы сыншы Құлбек Ергөбектің жазушыға жазған хатында: «...Кейіпкерлерің үлкен тағдыр иесі. Үлкендік олардың қызмет-мансабында емес. Кейіпкерлерің — қарапайым адамдар. Сен сол қарапайым адамдардың жан-дүниесін ашуға әрекет етесің. Айталық, «Қызыл қардағы» Сансызбай, Шандоз, «Аспан-қорадағы» Атан, Қасымжомарт, «Шал мен жылқыдағы» Қосшыбай, «Ұябұзардағы» Бөкенбай, Күлхан, Жайнақ, «Құралайдың салқынындағы» Демеу, Қадірсіз. Аталмыш жандардың қай-қайсысы да сенің бейнелеуіңде үлкен тағдыр иесі болып көрінеді» дейтін жолдар бар.

Қалай десеңіз де, есімін күллі ел білетін ірі тұлғалар қазақта онша көп те емес. Болған күнде де, оларды әлдебір ірі шығарманың кейіпкері етіп оқырманға ұялмай ұсынуға қаламын сыйлайтын екінің бірінің батылы бара бермесе керек. Оған Жұма-аға да барған жоқ. Ал барғандардың айдарынан қаншалықты жел ескенін аңғарып та қалдық. Бірақ бұл Жұма-аға белгілі-беделді тұлғалардан үнемі қашқақтап жүрді деген де сөз емес. Қазақ телевизиясында «Үзеңгі жолдас» деген телехабарлар болғанын жақсы білесіз. Міне, осы хабарды Жұма-ағаның қаншалықты ықыласпен жүргізгеніне көрермен қауым куә болды. Пойыздың үсті, оңаша купе. Жазушы мен кейіпкердің бетпе-бет сырласуы тым әсерлі еді. Терезеден дала көріністері зырғып өтіп жатады. Осы телехабарды қайталай көргенде ақын Есенқұл Жақыпбековтің «Пойызда» деген өлеңі есіме түсетін. Оны Жұма-ағам есіл ақынның екі томдығына жазған алғысөзінде келтіре де кеткен еді:

«...Есенқұл өлеңіне әрбір оралудың жаңалығы – жол-жөнекей жасап өткен көркем түйінінде жатқандай.

Жүрдек пойыз жүйткиді дүдік-дүдік,

Қара мазар қырда тұр. Ымырт тұнық.

Қарсақ жортқан кезде осы, қас қарайған,

Қу мазарда біреу жүр кіріп-шығып.

Жүрек сескентер өлеңнің жұмбақ құйылысы ары қарай өзгеше оқиғаға жалғасатындай біртүрлі емексітіп тұрады. Лермонтов сарынындағы бояуды қазаққа бірінші жеткізген Абайдың кілтін Есенқұл қапысыз тапқан сыңайлы. Есенқұлдың ақындық болмысының өзгешелігі сап түзеп келе жатқан алаңнан ой орманына қарай көкейдегі сауалдар арқылы беттейді».

Жұма-ағамның да көкейінде сауалдар көп еді. Және сол сауалдарға жазушы жауапты көппен бірге іздейтін. Жұма-ағаң басқа қызметтерін қоя тұрғанда, мысалы, «Қазақ әдебиеті», «Заман Қазақстан» газеттерінде, Қазақ радиосында басшылық қызмет атқарған тұстарында ұжымның әр мүшесінің озық һәм осал жақтарын сезіп отырғаны даусыз. Оны алыста жатып, мына біз де аңғарып отыратынбыз. Әсіресе Жұма-ағам «Қазақ әдебиетінде» бас редактор болған тұста әдебиетке қатысты мәселелерде біржақты әңгімелер өріс алып кетпеуін қатты бақылады. Арагідік сұрақ-жауаптар ұйымдастырғызып, әрқилы жанрларға қатысты әркімнің жеке ойын ортаға салғызатын. Және сұхбат алушылар шын мәнінде әдебиет туралы тиянақты ой, пікір айта алатындарды тауып алатын. Тауып алатын деу оңай ғой, дегенмен оның да бізге көрінбейтін көмескі жағында, біздіңше, Шаштайұлы деген редактор тұратын немесе сұхбат берушіні іздеушілер сол бас редактордың талабын түсінгендіктен, әйтеуір шала-жансар сөз құрауға ғана шамасы келетін кім-көрінгенге жүгіре (немесе жүгіне) бермейтін.

Жұмабай Шаштайұлы

Тап қазір тізімдеп шығу мүмкін емес, бірақ мысалы, «Қазақ әдебиеті» газетінде қазіргі қазақ прозасының ахуалына қатысты бір жалпылама сұхбатта танымал қаламгерлердің сөз қозғағаны есте қалыпты. Былайша қарағанда, осылардың проза туралы арнайы әңгіме айтып отыруға, бәлкім, уақыты да жоқ. Алайда әдебиеттің бас газеті өтініш жасаған соң қалған шаруасын қоя тұрып, көкірегінде жүрген ойларын аяқастынан қағазға түсіріп беруден қашқақтауды да жөн көрмегені белгілі. Қарап отырсаңыз, тәуелсіздіктен бергі тұста сонау 20-30-жылдары баспасөзде осындай қысқа сұхбаттар болғанын, Жүсіпбек, Мағжан, Мұхтар тәрізді алыптарымыздың сонда не дегенін оқып, олжаға қарық болып қалмап па едік. Әуезовтің: «Бұдан соң Мағжанды сүйемін. Европалығын, жарқыраған, әшекейін сүйемін. Мағжан мәдениеті зор ақын... Сондықтан бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз Мағжанның сөзі. Одан басқамыздың бәріміздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін» дейтін сөзін көшіріп баспаған газет-журнал қалмаған шығар. Жұма-ағам басқарып тұрған кезде «Қазақ әдебиетінде» бірінің ізін бірі қуа «Бүгінгінің сауалы», «Бүгінгі әдеби орта», «Әдеби сын талантсызды талантты ете алмайды», «...Жаза алмасақ бізге серт!» деген тәрізді атаулармен жарияланып отырған әлгідей сауалнама-пікірлер әйтеуір жазумен айналысатын былайғы жұрттың да етек жеңін жиып отыруына кәдімгідей әсер еткен шығар-ақ.

Олай болатыны, прозашы Жұма-ағам бірыңғай прозаның жоқшысы емес, поэзияны да, басқа жанрларды да бақайшағына дейін шаға білетін, қажет десеңіз, талдап та беретін талант еді. Бір ғана «кемшілігі» – не жазса да көкірегінде тұрған шындықты жазатын. Көлгірсу, әлдекімдердің ыңғайына қарай жығыла кету деген тәрізді осалдықтарын біз көрмеппіз. Сол себептен де біз жалпы шындықтардан жалыққан кезде Жұма-ағам қағаз бетіне шым-шымдап түсірген жалқы шындықтарды іздеп тұрамыз.

Ертай АШЫҚБАЕВ

ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

Ақтөбе қаласы