Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:46, 19 Мамыр 2023

Жұмабай Шаштайұлы. Ұстаным мен еркіндік

None
None

Сейдахмет есімі Сейдағаң, Сәкең боп жалғасып кеп Саид-Ахмадқа тірелетін. Соңғы атау дүниеге аты мәлім Пәкістан ақыны ма, әйтеуір Бердіқұловқа келгенде өзгеше жарасым табатындай көрінетін.

Кейбіреулерге әлем адамы дегенді қосанжарлаған уақытта оғаштау қабылдамастан, бірден іштей келісетін сияқтысың. Осы тұрғыдан келгенде Сейдахметке әлгіндей атақты қимайтындардың талайын көзіміз көрді. Аэропортта миллионнан астам адам қарсы алған Пелені етжақын кісісіндей жазатын қылығын ерсі көріп  күлгендерге қосылып құптағанымызды елден жасырсаң да құдайдан жасыра алмайтының анық. Атақты грузин Метревелиді бауыр тұтып, сырласатындай дәрежеде жазатыны көңілге сыймайтын. Айта берсең суырылып шыға беретін ондай-ондай мінездері жетіп артылатын. Оның осынау еркіндігіне жаратылысы себепкер-ау, қайтсе де. Ол бір кездегі аналардың еркесі, алыс-жақын жарықтықтардың бәрі Шекен дейтін көрінеді. Кісілікті қарым-қатынастың түпқазығынан айырылмай ұстаған қариялардың сөздері жөргегінен сіңіп, жүрекжарды лебізді суырыпсалма ақындарша іркілмей айта алатын қасиет солардан жұқаннан сау емес.

Сейдахмет тірі жүрген уақытта алдын кесіп өтетін пенде көп кездесе қоймайтын. Кескіні алабұртып құбылатын сәтті қазір есіңе алып, көз алдыңа елестетіп қарасаң, қилы пиғылдарды іші сезетініне еріксіз жүгінбеске амалың қалмайды.

Сондағы өзін ұстасы мен кескініндегі өзгерістері айқасқа шығар алдындағы шешуші әрекеті секілді екен-ау. Оның бүкіл болмысы ақтық сәттегі өзін ұстасы мен қарасын елестетудің өзіне жүрегің дауаламайтыннан сау емес. Бұл да пенде баласының ешкімге ұқсамайтын қасиеті шығар.

Заманның орасан өзгерісінің барысында ендігілер өзін ақтайтын тоқтам тауып алған тәрізді. Қит етсе бітті бүкіл әлем солай деп шыға келеді. Сол кезде миығынан күліп тұрған Сейдахмет бейнесі елестеп өтеді. Өйткені ол кейінгілерді іні тұтып сөйлесе, Шерхан, Қамал сынды қатарларына бауырларына тіл қататындай сыпайы да сынық келетін. Шерханның өктемдеу темпераментін көңіліне алмайтын кеңдігі де бар еді. Бұлардың бір-біріне деген ұстанымы зиялы да мейірімді, соларында және көлгірліктің жұқанасы да сезілмейтін. Бұл мінездері жиырмасыншы ғасырдың көмбесінде қалып барады.

Тегтер: