Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:06, 12 Қазан 2023

Жұмабай Шаштайұлы: «Сыншыл азамат болмаса, адамның өсуі қиын болады»

Жұмабай Шаштайұлы
Фото: из открытых источников

Біз жас кезде, азаматтық борышымызды өтеп жүрген шағымызда Әзілхан Нұршайықов ағамыздың «Махаббат, қызық мол жылдар» кітабы жарық көрді. Қолыма қайдан тигенін білмеймін, жата жастана оқып шықтым, қатты ұнады. 

Махаббаттың, ұлы сезімнің көрінісі көңілімді қатты толқытты. Өзім тым алыста жүрмесем де, Ыстықкөлдің маңайында борышымды өтесем де, бәрібір әскердің аты әскер ғой. Жаңағы кітап іштегі бір ой сезімдерімді қатты қозғады. Сонда: «мұны ел қалай қабылдады екен?» деп те ойладық. Ауылға келсек, кітап елдің қолында. Бәрі оқиды екен. Кейде оқыған кітабың өз талғамыңа үйлесе кетеді. Біз де сондай күй кештік. Сөйтіп жүргенде сыншы Бақыт Сарбалаев бір мақаласының ішінде «Махаббат, қызық мол жылдарды» сынап, нашар туындыға жатқызғандай сыңайда пікір айтты. Бұған менің қарапайым оқырман ретінде ашуым келді.

Бір кездері, біз балалықтан есіміз кіріп, етегімізді жаба бастаған шақта Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» шықты. Бұл шығарма қазақ халқына мына жақтан ай, мына жақтан күн шыққандай әсер берді. Шынын айтқанда, қазақ халқының жан дүниесіне сәуле түсірген үлкен құбылыс болып еді. Ал енді осыған тетелес бола ма, әйтеуір «Махаббат, қызық мол жылдар» халыққа қатты әсер етті. Осыдан кейін елдің бәрі, қыз-жігіттер «Махаббат, қызық мол жылдар» сияқты кітап іздеді. Сөйтіп, Ілияс Есенберлиннің «Ғашықтар» деген кітабын оқи бастады, тағы басқа жазушыларды парақтады. Кейіннен ойлап қарасам, бұл да бір қызық дүние екен, халықтың санасындағы баспалдақ, басқыш секілді бір кезең сияқты. Біздің оқырмандар да осы үрдісті басынан кешкен көрінеді. Кейін, уақыт өте келе «Махаббат, қызық мол жылдар» бәрібір де өтпелі кезең шығармасы деп ойладым.

Кезінде мен «Үзеңгі жолдас» деген бағдарлама жүргіздім. Содан Әзілхан Нұршайықовты хабарға шақырдық. Сөз басында ол кісіні мақтап, жылы лепес білдірдім. Сонда ол кісінің бір кереметтігі, «сен мені тым өсіріп жібердің ғой, сен мақтағандай жазушы емеспін» деді. Сондай кісілердің сондай сөз айтуы керек еді. Не десек те бір дәуірде халыққа сондай әсер еткен туындылар кездесе бермейді ғой.

Ал енді бірін-бірі оқыды, оқымады дегенге келейік. Кезінде О.Бөкейді әдеби орта қабылдай алмады. Оның «қара сөзбен жырлаймын» дегеніне тіпті аға буын үрке қарады. Сонда маған бір-бірін оқу тұрмақ, Оралханды қабылдау қиынға соққан секілді көрінді. Сол тұста Әбіш Кекілбаевтың, Төлен Әбдіктің, Мұхтар Мағауиннің қолтаңбалары өз уақытында қатты мойындалды. Сонан соң «Жалын» баспасының дәстүрлі бәйгесін жеңіп алған Н.Сералиев, О.Бөкей, Н.Дәутайұлы секілді қаламгерлер қатарға қосыла бастады. Бұл да қазақ руханиятына үлкен арна, өзгеше толқын алып келді. Жалпы мұнда, буын дегенімізде де бір заңдылық бар секілді көрінеді.

Сондай-ақ менің байқағаным, жазушылар бір-бірін айтқысы келмейді. Шындығында жаңа леп, жаңа сөз айту қиын екен, ал оны қабылдау тіпті қиын екен. Үйреншіктіден шыққысы келмейтіндер де бар. Тіпті біз мына орыс, батыс, еуропа, француздардың, ағылшындардың әдебиетін оқыған кезде ондағы әртүрлі құбылыстарды қабылдаймыз да, өзіміздікіне келгенде тосырқап қаламыз.

Рафат Әбдіғұлов деген әдебиетші досым болды. Мектепте бірге оқыдық. Осы Рафат оқыған кітаптарын: «мына жазушы кезінде қорлық көрген екен» деп айтып отыратын. Сөйтсек, ол бәрін түсініп, сезеді екен. Біз кімді қалай оқуды сол Рафаттан үйрендік. Ол кезінде классикалық әдебиетті өте жақсы меңгеріп еді. Араларында Рафат секілді өте назары мықты сыншыл азамат болмаса, адамның өсуі қиын болады екен. Бір-бірін оқымаса, бір-біріне пікір айтпаса адам өспейді. Ол қиын нәрсе.