Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:51

Жұмаділовтің ұлтшылдығы

Қабдеш Жұмаділов
Фото: из открытых источников

Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері, «Парасат», «Барыс» ордендерінің иегері, Абай облысындағы Тарбағатай, Үржар, Аягөз аудандарының және Алматы қаласының құрметті азаматы Қабдеш Жұмаділов биыл тірі болғанда 90 жас мерейтойы дүркіреп өтер еді.

«Егер бұл күнде тәуелсіздік дәмін татып, ойымызға нұр, бойымызға шыр біте бастаса, ел тізгіні қолымызға тиіп, біріміз көсем, біріміз шешен атанып жүрсек, солардың бәрі қиын күндерде азаттық идеясын өшірмей, әр жүрекке шырағдан етіп жаққан қазақтың көркем сөзіне қарыздар», – деп жазушы өзі айтқандай, бүгінгі ұрпақ та қазақ әдебиетінің тақырып аясын кеңітіп, тыңға түрен түсірген Қ.Жұмаділовке де қарыздар.

1956 жылы шет елге оқуға жіберу үшін Шәуешек қаласына бөлінген екі орынның бірі – үздік оқушы Қ.Жұмаділовке бұйырады. Сөйтіп, арнайы ҚХР жолдамасымен Алматыдағы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің екі курсын аяқтап, үшінші курсын бастай бергенде, елдегі науқанға байланысты шетелдегі студенттерді де Қытай өкіметі арнайы шақыртып алады, содан жазушы өмірі сүргінге айналады. Қ.Жұмаділов үстінен жүргізілген үш күнге созылған «күрес» жиналысында оған «бала жасынан ұлтшыл» деген айып тағылады. «Гимназияда оқып жүргенде тіл тазалығы жайында мәселе көтеріп, ұлттар арасына жік салған. Қазақтың басын қосу жөнінде әр елдегі қазақтардың түп-тамыры бірге. Сондықтан Шыңжаң қазақтары Қазақстан алфавитіне көшуі керек» деген мазмұнда жазған мақаласы бар. Қазақ ұлтшылдарының идеологтары Қажығұмар Шабданұлы мен Жағда Бабалықовты ежелден таниды.

Қ.Жұмаділов жай ғана ұлтшыл емес, марксизмге қарсы адам деген тұрғыда жала жабылады. 1957 жылы «Іле газеті» бетінде алфавит туралы пікірталасқа өз ойын білдіріп жазған мақаласы газет бетіне шықпай жатып, Үрімжідегі «стиль түзету» штабына жіберіліпті. «Сөйтіп мен 22 жасымда «ұлшыл» атандым. Бұл – менің империялық өкімет берген тұңғыш атағым еді. Әуелде құлаққа түрпідей тигенімен, келе-келе етім үйреніп, бұл аттан онша үрікпейтін болдым. Тіпті мақтаныш етуге де болатындай. Алаяқ, сатқын, ұры-қары, қарақшы атанбай, ұлтшыл атанғаныма мың бір тәуба! Әрине, кейін абыройға жетіп, елге танылған кезімде халық берген, үкімет бекіткен басқа да атақ-дәрежелерім бар. Сол қатарда жастай тағылған «ұлтшыл» деген айдарды да далаға тастағым келмейді... Тегінде, қай елде болмасын, отаршыл өкіметтің «халық жауы» дегендерін – «Халық қаһарманы», «ұлтшыл» деп атағандарын «елін сүйген патриот» деп ұқсақ қателеспейміз», – дейді. Отаншыл, халықшыл деген сөздер жақсы болғанда «ұлтшыл» деген сөздің құбыжық құсап көрінуі әуелде Кеңес өкіметінің Алашорда қайраткерлерін осылай атады да, бұл сөз әлі күнге дейін өзінің «қорқынышты» сипатынан арылмай келе жатқандығын Қ.Жұмаділов «Таңғажайып дүние» атты өмірбаяндық кітабында ашына жазады.

Қ.Жұмаділовке тигізген Алаш ықпалы туралы айтқан кезде ол мұндағы жұртқа қарағанда Алаш әдебиетімен еркінірек сусындап өсті. Қазақстандықтардың Алаш құпиясымен түбегейлі таныса бастауы – тәуелсіздіктен кейінгі жылдардың жемісі.

Қ.Жұмаділов – бір қиырда жатса да, Мұхтар Әуезов шығармаларынан жастайынан нәр алып қана қойған жоқ, оның көзін көріп, Абайтану дәрістерін тыңдаған адам. Сонымен бірге шетелдік студент ретінде бірнеше рет көзбе-көз отырып сөйлесіп, данышпан жазушының ақ батасын алады. Сондықтан да талапты шәкірттің ұлы ұстазына «Могикандардың» соңы, кешегі Алаш қайраткерлерінің ғайыптан тірі қалған соңғы тұяғы еді» деп «Таңғажайып дүниеде» сипаттама беруі тегін емес.

Сөйтіп кеңес өкіметі кезіндегі отарлыққа қарсы қайшылықтар мен қақтығыстардан туындаған ұлт тағдырына қатысты өз ұстанымын жазушы 1963 жылы «Қаздар қайтып барады» әңгімесімен бір барлау жасап алады да, 1970 жылдары «Соңғы көш» дилогиясын жариялатып, сонан кейін «Тағдыр», «Прометей алауы», «Атамекен», «Дарабоз», «Таңғажайып дүние» романдарына ұластырды.

Шекара тақырыбына арналған алғашқы әңгімесі цензурада неше мәрте оқылып, зорға дегенде 1964 жылы «Жұлдыз» журналына толық нұсқасы басылған еді. «...Бұлар шекара бұзған шалдың шырғалаңын бойларына сіңіре алмай отырғанда, «Соңғы көш» сияқты тұтас елдің трагедиясын қалай баспақ? Соны ойлағанда әлден-ақ зәрең кетеді. Әйтеуір, «Жұлдыз» журналы біраз күттіріп барып, «Қайтқан қаздарды» ұшырды-ау бір күні»,– деп еске алады жазушы «Таңғажайып дүниеде».

1998 жылы алғаш «Жұлдыз» журналына шыққан 636 беттен тұратын «Таңғажайып дүние» романы жазушының туғаннан бастап, 60 жылдық ғұмырын қамтиды. Сондай-ақ бұл роман тарихи кейіпкерлерінің прототиптерін жазып кетуімен де ерекшеленеді. Осы кітабына неміс жазушысы Томас Манның «Ақын-жазушы кім десеңіз, ол – бүкіл өмірі символға айналған адам. Егер мен өзім жайында айта бастасам, оның замана туралы, жалпы адамзат туралы хикая болып шығарына сенемін. Бұған сенбесем, қолыма қалам алмаған болар едім» деген сөзін автор эпиграф ретінде тегін алып отырған жоқ.

Жазушының үш жасында кенеттен есі кіруіне мынадай оқиға себеп болады. Аяғы бостау байланған соғымға сойылғалы жатқан боз бие бауыздалған күйі ышқына бұлқынып, орнынан атып тұрады. «...Әлі жұлыны қиылмаған ақбоз тұсаулы қалпында көкке шапшып, қорқырап тулап жүр. Ақ қардың беті лезде қызыл шұбар қан болды. Бейне уыс-уыс қызғалдақты біреулер айналаға шеңгелдеп шашып жатқандай... Міне, алғаш рет менің есім осылай кірді. Сол кезге дейін іске қосылмаған сана қақпағы сарт етіп ашылды да, сыртқы дүниені ми таспасына жаза бастады», – дейді.

Басқа тілдерге аударылғанда ғана бағы ашылатын кейбір шығармалардай, Қ.Жұмаділовтің барлық туындылары батыс үлгісі бойынша пішілген жоқ. Көрнекті ғалым Ш.Елеукеновтің «Тағдырды» оқып отырғанда казақтың кең даласына сүңгіп кеткендей рахатқа бөленесің» деуі – оның соқталы шығармаларының бәріне тән сипат.

Шыңжаңдағы «Стиль түзету» науқаны кезінде болашақ жазушы өзіне жабылған жаланың бәріне дәлелді жауап айтып, қарсыластарын сан мәрте логикалық тұрғыдан жаңылыстырса да, ішкі бостандығынан айырылғысы келмеген оны «еңбекпен өзгерту лагеріне» жібереді. Содан 1958-1962 жылдар оның Қытайдағы қуғын-сүргін жылдары болып, өмір тарихына енді.

Бұл туралы жазушы 2006 жылы 21сәуірде «Қазақ әдебиеті» газетіне берген сұхбатында «... Төрт жыл сүргінде жүру, былайша қарағанда, босқа өткен уақыт секілді. Шығармашыл адам үшін үлкен шығын, әрине. Бірақ, есесіне, ол жақтан үлкен олжамен оралдым. Олжа деп отырғаным, «Соңғы көш» атты екі томдық кітабымның материалдарын жинап, зерттеп, зерделеп қайттым. Егер елге бармасам, әлгіндей қысымға ұшырамасам, «Соңғы көш» жазылар ма еді, жазылмас па еді... Бұл – бір. Екінші бір жеңісім – өткен ғасырда, 1962 жылы атажұртқа бет алған көштің бұйдасын ұстап келгендігім. Әрине, көшке демеушілік еткен адамдар көп болды. Алайда сол көшке дем беруші, яғни идеологы өзім болғанымды мақтан тұтамын. Неге идеологы? Түсіндірейін. Ол кезде Мәскеудің ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып, атқа мініп тұрған тұсы. Қазақстан өз бетінше ештеңе шеше алмайды. Біз жүздеген адамдардың қолы қойылған ондаған хаттар жазып, оны тұп-тура Кремльге жіберіп отырдық» – дей келе, өз қолымен жазылған осы хаттарды Хрущевтің атына, Ворошиловтың атына, тіпті олардың көшірмесін Қонаевтың атына да салатындықтарын, бір ғажабы, Кремльден қолма-қол жауап келіп отыруы бұларға үлкен сенім ұялатып, жұмысты бар жан-тәндерін салып жүргізуге себеп болғандығын айтады. Ақыры Совет жағы Тарбағатайдың бес жерінен бір-бір шақырым қашықтықта шекараны ашып тастап, негізінен Қ.Жұмаділов тұратын Шәуешек қаласы мен осы аттас аудан тұтасымен, Шағантоғай, Дөрбілжін аудандарынан барлығы 200 мыңдай адам жиырма күннің ішінде үдере көшіп өте шығады. Алайда Қытай жағынан қатаң ультиматум қойылып, мамырдың 1 күні шекара қайта жабылады. Жазушы қаншама қандастарымыздың өтуге үлгере алмай, қапыда қалғандықтарына өкініш білдіреді. Бірақ бұл өкініштің орнын 2009 жылы жазылған «Тозақ оты» толтырғандай. Бұл хикаятта автор ешкім қашып өте алмаған Такламакан түрмесінен екі жерлесін қашырып, атамекенге оралтады. Осы арқылы Қ.Жұмаділов 1962 жылдардан кейінгі Қытайдағы қазақтардың әлеуметтік өмірінен сыр шертеді.

Қ.Жұмаділов 1960-1990 жылдардағы қаулап өскен тарихи романдар қатарына ғана емес, тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақытта да қазақ прозасының қордасына ауыз толтырып айтарлықтай олжа қосты. Оның қаламынан 10 роман, 16 повесть-хикаят, 50-ден астам әңгіме, 100-ге тарта мақала туған екен. Жазушының соқталы романдарындағы негізгі ерекшелік – тарихи дерек көздерінің дәлдігі мен оқиға орнының нақтылығы болса, екіншіден – көшпелі ұлт руханиятының тұрмыстық этнографиялық мәдениеті дәстүрлі сипатымен, ұлттық бояуының қанықтығымен көрініс табуында. Осыған орай әр кейіпкердің болмыс-бітімі, мінез-құлқы, үлгі-өнегесі, наным-сенімі, парасат-пайымы көшпелі тұрмыс мәдениетінің қордасына сай көркемдік айналымға түскен.

Ал 1990 жылдардан кейін жазылған «Мәңгілік майдан», «Найман-Ана ескерткіші» хикаяттары мен «Зауал», «Мерген», «Аманат», «Емен мен қайың», «Әмбебап әйел», «Ол да бір қызық дәурен-ді», «Бәс, немесе қарагер аттың хикаясы», «Есі ауысқан адамдар» деген әңгімелері мен сыр-сұхбат, мақалалары «Мәңгілік майдан» (2008) атты жинаққа топтастырылып берілген екен.

Жаңа ғасырдың өзекті мәселелерін қозғайтын «Ақтұманың Қаншайымы», «Тозақ оты», «Абылайдың ақырғы батыры» атты повесть-хикаяттары мен «Күйеу бала», «Абақты», «Кешірім», «Бір шөлмек сыра», «Фәни мен бақи арасы», «Тоқымқағар», т.б. әңгімелері «Тозақ оты» деген атпен 2010 жылы жеке том болып басылып шықты. Ал 2011 жылы «Атамұра» баспасынан жарық көрген «Көкжал» атты жинаққа «Аранға түскен аққулар», «Көкжал», «Екі айырық жол» сияқты хикаяттары мен «Тұл махаббат», «Қожайын», «Контузия», «Бір қызық сапар», «Басынан Қаратаудың көш келеді», «Біз бір ұядан ұшқанбыз», «Қағытпа қалжыңдар», «Әкім мырзаға ашық хат» сияқты әңгімелері мен халық жазушысы туралы жазылған он шақты мақала беріліпті. Сондай-ақ 2012 жылдың бір өзінде «Абылайдың ақырғы күндері», «Әріп пен Сара», «Ханның басы қанша тұрады» атты үш хикаят, «Донжуан қораз», «Қысыр кеңес», «Диктатордың ажалы», «Қараманның қарғысы», «Құрдастар», «Ағалардың алақаны», «Батырмен өткен бір күн», «Елім-айлап өткен өмір», т.б. сияқты әңгімелері баспасөзде жарияланды. 2015 жылы «Академиктің көз жасы» деген хикаятының атымен аталған жеке жинағында «Жан мен тән», «Қысқа өмірде қырық құбылған дүние-ай», «Шамырқанса шарт сынатын тектілер», «Тирандар тырапай асқан жыл», «Ажалдан қашқан періште», «Ақыштың бөртесі», «Қами болыс», «Жүңгү шал» әңгімелері берілген. Сыр-сұхбаттары мен ой-толғамдары өз алдына бір төбе.

Ұлттық сезім жоқ жерде ұлттық болмыс та жоқ. Сондықтан да 1960-2021 жылдардағы өз тұстастарымен салыстыра қарағанда, тақырып аясының кеңдігімен әрі сонылығымен, батылдығымен, ештеңені алып-қоспай, тарихи ізді жамап-жасқамай, сенімді түрде дәл көрсететіндігін таныту ғылым үшін мәні бар зор жаңалық екендігі айдан-анық.

Қ.Жұмаділов шығармаларында ұлт тағдыры мәселесінің біртұтас ішкі байланысы байқалады. Ең алдымен жазушы үш ғасырға созылған бодандықтың тамырына балта шабатын циклді шыншыл романдар мен повесть-хикаяттар туғызды. Осы арқылы әлемдік дамудағы қазақ прозасының тағылымдық сипатын байытты. Оның шығармаларындағы өмір шындығы тарихи деректерге негізделіп қана қоймайды, мұнда рухани ортақ қазынамыздың әрбір маңызды сөзі талқыға түседі. Мысалы, ХХ ғасырдың бас кезінде ғана қолданылып, одан кейін жетпіс жыл бойы архаизмге айналып, қазір қайта тірілген «милләт» сөзіне Қ.Жұмаділов кеңес өкіметі тұсының өзінде-ақ «Соңғы көш» романы арқылы қайтадан жан бітіреді. Үрімжіде «оңшылдарды» айыптауға қарсы қолданылған «милләт – ұлт», «милләтшіл – ұлтшыл» деген сөздер Шыңжаңдағы ұйғыр-қазаққа ортақ.

Қазіргі уақытта қолданысқа дендеп енген «ұлт мәселесі», «ұлттық мемлекет», «ұлттық мәдениет», «ұлттық байлық», «ұлттық дәстүр», «ұлттық мүдде», «ұлттық рух», «ұлттық намыс», «ұлттық дүниетаным», «ұлттық келісім», «ұлттық қауіпсіздік», «ұлттық саясат», «ұлттық мереке», «ұлттық тіл», «ұлттық табыс», «ұлттық экономика» және «ұлт-азаттық қозғалыс», «ұлтшылдық» деген сөздердің анықтамасы жаңаша шыққан «Қазақ ұлттық энциклопедиясында» беріліпті. Бұларды жөнсіз даралап бөлшектей берудің қажеті шамалы екендігі белгілі. Бірақ ұлттық құндылықтарымызды біріктіретін ұлттық идея мен ұлттық мүдде туралы ғылыми түсінік қажет. Өкінішке қарай, ұлттық энциклопедиямыздан «ұлттық идеяның» да, «ұлтшыл» деген сөздің де анықтамаларын кездестіре алмадық.

Қ.Жұмаділовтің өз сөзімен айтсақ: «халықшыл», «отаншыл» деген сөздер жақсы болғанда, «ұлтшыл неге жаман болуға тиіс? Тәуелсіз, еркін елдерде «ұлтшыл» сөзі әлі күнге дейін оң мағынасында қолданылады. Оларда «ұлтшыл» атану – мақтаныш. Ал біздің қорқып қалғанымыз сонша, өз халқын сүйген азаматтарды «ұлтшыл» деуге аузымыз бармай, «ұлтжанды» деп жүрміз. Осыны естігенде бетіме бірдеңе былш ете қалғандай болады. Мен білгенде, бұл формада айтылатын қазақта екі-үш қана сөз бар-ды. Байжанды, қатынжанды және итжанды. Үшеуі де – ұнамсыз сөздер. Ұлт деген қасиетті ұғымды өйтіп қорлауға болмайды. Сондықтан мен шар тартқан шағымда «бірдеңе жанды» атанғанша жасымда көп бейнетпен алған «ұлтшыл» деген атағымды сақтап қалғым келеді», – дейді. Бұл жерде жазушы Қытай, Жапония, Африка, Латын Америкасы, Үндістан сияқты елдердегі тәуелсіздік жолында күрескен ұлттық тұлғаларды айтып отыр.

Шынай Рахметұлының «Моңғолия қазақтарының ата-тек шежіресі» (1997) деген кітабындағы: «Туыстас немесе көршілес бірнеше отбасы бір қоныста отырса – ауыл, ауылдас, көрші; іргесі алшақтау болса – жерлес. Қандас – жеті атадан құралғандар (бір атаның кіндігінен тараған), бір ата 13 атадан асса – ру. Бірнеше ру қандастықпен я бір мүддемен біріксе – тайпа. Бірнеше тайпа қоғамдасып, жүз болып қауымдасады. Тайпадан іріленсе халық немесе ел, оның мемлекет ішінде өзге ұлт, ұлыстармен саясат теңдігі болса ұлыс, дербес шекара, саяси-экономикалық тәуелсіздікке қолы жетсе мемлекет, тілі мен дәстүрі, мәдениеті, өзіндік мекен-жері, әлеуметтік рух, жігері, этникалық ерекшелігі ортақтасып, дараланса ұлт болады» деген пікірі көңілге қонымды.

Қ.Жұмаділов дәуір шындығын ашып көрсетуде Абылай, Қабанбай, Демежан, Ақтайлақ би, Бердіқожа батыр, Оспан батыр, Жағда, Қаныш, т.б. сияқты жекелеген тұлғалардың рөлін жоғары қойса да, тарихтың табиғи дамуын рулық қатынастар мен тайпалық одақтардың қақтығысынан туындатады. Сондықтан да Ш.Рахметұлының сатылап көрсетіп отырған қазақ ұлтының құрамдас бөліктеріне назар аударсақ, Қ.Жұмаділов ежелгі қазақ қауымдастығынан көз жазбағанын көреміз.

Көне түркі заманынан басталатын тарихи уақыт бірлігі оның романдары мен хикаяттарында келер заман жаңалығымен жалғасып отырды, сонымен бірге қазақ ұлтшылдығы арқылы жалпы адамзатқа тән рухани құндылықтардың эстетикалық мәнін ашып көрсетуге жол таба білді.

ХVІІІ ғасырдағы дәуір шындығының көркем шығармада ашылуын сараптағанда тарихи деректерге негізделген қазақтың Қытаймен де, Жоңғармен де арадағы бейбіт келісімі және бұған қоса басқа да тарихи құжаттардың мән-мағынасынан бүгінгі көзі қарақты оқырман жақсы хабардар. Ал қырғыз бен қазақ арасындағы «кәллә мұнара» оқиғасынан кейін болған 1769 жылғы «Жәйіл қырғынын» біреу білсе, біреу білмейді. Бұл тұрғыдан алғанда жазушының материал іздеп біраз тер төккені аңғарылады. Мұны Қ.Жұмаділовтің «Таңғажайып дүние» атты ғұмырнамалық романынан байқауға болады. Мысалы, «Романды жазып жатқанда, осы оқиғалар туралы қырғыздар не айтты екен деп, «Қырғыз ССР тарихы» мен бес томдық «Қырғыз Совет энциклопедиясын» ақтарып шыққаным бар. Сөйтсем, менің қазақ тарихшыларына өкпелеп жүргенім бекер екен. Жаңағы томдардан тарихқа қатысты ештеңе таппадым. Энциклопедия болған соң, қырғыздың ата-бабасы, ру көсемдері, манаптары жайында бірдеңе болуы керек қой. Атамаңыз! Оның есесіне, Кеңес дәуіріндегі колхоз бастығы, бригадирге дейін тізе берген...»,–дейді. Жалпы Қ.Жұмаділовтің тарихи құжаттарға кеткен ізденісін есептемегенде, бір «Дарабоз» романының жазылуының өзіне бес жыл уақытын жіберген.

ХХ ғасырдың бас кезінде «Ұлтшылдық дегеніміз – ұлтын сүю» деген ежелден келе жатқан қағиданың теориялық негізін қалаған А.Байтұрсынұлы бастаған ұлт қамын ойлаушы Алаш зиялыларының ой-пікірімен жастайынан таныс, әрі А.Байтұрсынұлы «Әліпбиімен» алғашқы сауатын ашқан Қ.Жұмаділов қолынан келгенше, Алаш идеологтарының тоталитарлық жүйе тұншықтырып тастаған арман-мүддесін ашық айтуға тырысты. Сондықтан да ол жастайынан «ұлтшыл» атанса, оған себеп болған факторларды көрсетіп беруге ұмтылды. Осы арқылы адам өмірінің мән-мағынасын ұғындырды, ұлтын мейлінше сүйген адамның «ұлтшылға» айналу себебін дәлелдей отырып, отарлаушы алпауыт империялардың қитұрқы әдіс-тәсілдерін зердемізге құйып беруге тырысты. Сонымен бірге «ұлтшыл» болу айып емес, қайта мақтанышпен айтылатын сөз болу керектігін нақтылы образдар арқылы сипаттай отырып, «ұлтшыл» мен «нәсілшілдіктің» ара-жігін ажыратып берді.

Руда ЗАЙКЕНОВА

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымының докторы.