Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:40, 17 Ақпан 2022

Жұмағали Маханов: «35 жыл бала болдым»

None
None

Жұмағали Маханов. Театр және кино актері. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында 40 жылға жуық уақыт қызмет етіп келеді.

Қазақстанның еңбек сіңірген қйараткері. Бірнеше тележобаға түскен, телесериалдарда сәтті рөлдерімен көптің көзайымы болып жүрген өнер қайраткері. Актер 16-ақпан күні асқаралы 60 жасқа толып отыр. Бұл оның өмір мен өнер жолында бағындырған бір белесі. Жұмағалидың театрға да, киноға да берері де, алары да көп. Оның бәрі уақыт деген төрешінің қолында.   

–Жұмағали аға, 60 жасыңыз құтты болсын! Театрда қызмет еткеніңізге 40 жылдай болыпты. Аз уақыт емес. Театрда қатайып, театрда қартайып жатырсыз. Қазіргі жастарда ондай шыдамдылық, сабырлық аз. Сізді осыншама уақыт бір театрға байлаған не құдірет?

–Рақмет, бауырым! Театрға келген алғашқы күнім әлі есімде. Ол кезде біздің алдымыздағы аға буын ақсақалдарымыз – Шахан Мусин, Нұрмұхан Жантөрин, Ыдырыс Ноғайбаев, Жұмабай Медетбаев сияқты дүрлер еді. Сәбира Майханова, Бикен Римова, Шолпан Жандарбекова, Қадиша Бөкеева секілді апаларымыз бар еді ғой. Аттарын тізе берсек көп. Қазіргі ақсақалдарымыз Сәбит Оразбаев пен Асанәлі Әшімов ағаларымыз да болды. Әрқайсысы бір-бір тау. Мені қырық жыл театрға байлаған осы бәйтеректердің қамқорлығы шығар деп ойлаймын. Оқу бітіріп жатқан жылы Әзірбайжан Мәмбетов ағамыз Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кемесін» қойды. Мен сол қойылымда басты кейіпкер бала рөлін ойнадым. Өте қиын рөл еді. Менің жаратылысым балаға жақын болды ма, әлде табиғатымда балаға тән қасиеттер болған шығар, Әзекең мені таңдады. Көп дайындалдым. Төрт жыл университетте оқығанымды екі айда үйрендім. Өйткені, баланы алып шығу үшін баланың жан-дүниесін, мінезін, ойын, көзқарасын, бәрін меңгеру керек. Әзекең менен соны талап етті. 21 жастағы жігіт үшін 7 жастағы баланы ойнау оңай шаруа болған жоқ. Еңбектің арқасы шығар, жақсы алып шықтым. Театр сыншылары сондай баға берді. Бір жағынан бұл рөлді сәтті алып шығуымның бір құпиясы – тағдырымның ұқсастығы шығар деп ойлаймын. Анамнан ертерек айырылдым. Баланың бойындағы анаға деген сағыныш, ана махаббатының жетіспеуі сияқты ұқсастықтарымыз болды. Сол спектакльді ойнап шыққаннан кейін мені «Ақ кемедегі бала» деп атап кетті.

Театр – әрбір актердің екінші үйі. Жылдар өте келе бізге бұл қара шаңырақ сондай ыстық болып кетті. Театрдың ішінде жазылмаған қазақылық заңдар бар. Оның бәрін айта берсек, әңгіме бүгін таусылмас. Театрдағы жігіттер өзінен бір күн бұрын туған жігітті ағалап тұрады. Алдымыздағы ағаларымыз тұрғанда, біз қанша жасқа келсек те, өзімізді осында алғаш келген кездегідей сезінеміз әлі. Әуезов театрынан басқа жерде жұмыс істеу дегенді көз алдыма елестете алмайды екенмін.            

  • Өзіңізді газет оқырмандарына толығырақ таныстыра кетсек. Туған жер, өскен ортаңыз туралы айтсаңыз. Айтпақшы, әкеңіз Пәрінбек Маханов соғыс ардагері, анаңыз еңбек ардагері екен...

–Туып-өскен жерім – қазіргі Түркістан облысына қарайтын Созақ ауданының Шолаққорған ауылы. Әкем Пәрінбек соғыс ардагері. Атақты барлаушы болған. Ол кісі туралы Ғазиз Әбішевтың «Қазақстандықтар Ұлы отан соғысында» деген кітапта жазылған. Әкем немістерден тірідей екі тіл әкелген адам. Кеудесінде екі «Қызыл жұлдыз», ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордені болды. «Ерлігі үшін», «Атақты барлаушы» деген төсбелгілері бар. Соғыста немістерден қайтарып алған қалалардан алған ордендері де көп болды. Соғыстан кейін аудандық есеп бөлімін басқарды. Ал анамыз ер-азаматтар соғысқа кеткенде Созық ауданындағы Құрысай деген колхозды басқарған, кейін автобаздың кассирі болды, дүниеден озғанша сонда қызмет етті. Екеуі де соғыстан кейінгі елдің еңсесін тіктеуге барынша қызмет еткен еңбек адамдары.   

  • Әкеңіз туралы жазылған кітапты көрсетіп оқуға түскеніңіз туралы достарыңыздан жиі естуші едік. Соны айтып беріңізші?
  • Бұл өзі қызық әңгіме. Мұндай әңгімелер өмірден алынады екен. Қазір мұны күліп еске алып отырмыз, ол кезде менің тағдырымды шешкен дүние сол болатын. Әкемнің суырып салма ақындығы болды. Той-томалақта ақын жеңгелерімен айтысатын. Анамыз қайтқанда үлкен екі дәптер өлең жазыпты. Анама сағынышын, жетім қалған балаларының жайын тізген.

Актердің оқуына барам дегенде әкем марқұм қарсы болды. «Әртістің оқуы деген не тәйірі?! Жыл он екі ай сыртта жүресің. Далада жүрсең, үйдегі балаңды кім асырайды, кім тәрбие береді?» деді. Мен қоймадым. Оқимын дедім. Содан ол «Жарайды, биыл барып көр. Түссең түстің. Түспесең, келер жылы мен айтқан оқуға барасың» деді. Батасын алып Алматыға тарттым. Қандай емтихандар болатынын да білмеймін, дайындығым да жоқ. Тәуекел еттім. Емтиханға кірдім. Комиссия мүшелерінде Асқар Тоқпановтан бастап, Ыдырыс Ноғайбаев, Фарида Шарипова сияқты 12 адам отырды. Бәрі мүйізі қарағайдай өнер алыптары. Дайындығым нашар болды. Әпкем «емтиханға әкем туралы жазылған кітапты алып кір. Соны көрсет. Келер жылы жібермейді деп айт» деді. Соңғы үміт сол. Комиссия жұмсақтап  шығарып салып жатып: «Келер жылы келе ғой. Биыл дайындығың кемшін екен» деді. Мен бірден кітапты аштым. «Мына кісі менің әкем. Соғыс ардагері. Актер болғанымды қаламайды. Оқуға биыл түсе алмасам, келер жылы жібермейді. Бір ғана мүмкіндік беріп отыр. Сіздер маған сеніңіздерші! Үміттеріңізді ақтаймын!» дедім. Кітапты қалдырып, шығып кеттім. Кейін естідім, менің анамдай болған кураторым, марқұм Татьяна Наурызбаева «Мына балаға менің ықаласым түсіп тұр. Бұл баладан бірдеме шығатын сияқты, оқуға қабылдайық» деп қоймапты. Сөйтіп, сол апайымның арқасында оқуға түсіп кеттім. Екі емтиханнан да «5» деген балл алдым. Анамдай болған асыл жан еді марқұм. «Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық» деген сөз бар ғой. Әкем туралы кітаптың арқасында қырық жылдан бері осы театрда қызмет етіп келе жатырмын.          

–15-20 жыл уақыт бала болып ойнадым дедіңіз. Ойын баласының ойын, мінезін, болмысын беру оңай шаруа болмаған шығар. Табиғатыңызда балаға тән қасиеттер болды ма, бұл кейіпкерлер неге сізге бұйырып отырды?

–Өнер адамы үшін өз рөлін табу өте қиын дүние. Тіпті сәті түспесе, бес-он жыл өз рөлін таба алмай жүретін актерлер қаншама? «Ақ кемедегі» бала рөлі мені театрға алғаш келген күні-ақ жарқ еткізген, оң жамбасыма түскен тамаша рөл болды. Өзім сенген рөлім болып шықты. Қаншама актерлар оншақты жыл өз рөлін таба алмай, кіріп-шығатын қосымша кейіпкерлердің рөлімен алтын уақытын өткізіп алады. Ол актердің қабілетсіздігінен емес, сәтті рөлдің бұйырмауынан. Театрда өзіңнің орныңды табу деген дүние бар. Актер үшін ол да маңызды. Театрда бірнеше жыл еңбек етіп, бірнеше басты және басқа рөлдерді сомдағаннан кейін өзіңнің орныңды біле бастайсың. Театрға керек екенмін-ау деген ой пайда болады. Бұл да бір кезең. Осы кезеңнен өткеннен кейін актер ретінде салмағың артады. Қара шаңырақта бала рөлін 15-20 жыл емес, 35 жылдай уақыт ойнадым. «Бес бойдаққа бір тойда» шалдың кенже ұлы Жарболдың рөлін 27 жыл ойнадым. «Ақ кемедегі» бала рөлінің қиын болғаным әңгіме басында айттым. Қойылымда баланың әке-шешесі ажырасып кетеді. Анасы ұлын таудағы атасына қалдырып кеткен. Бала әке-шешесінің ажырасқанын білмейді. Атасы «Әкең ақ кемеде матрос болып жұмыс істейді» деп айтып отырады. Бала ата-анасын қатты сағынады. Соны ойнадым, ойнаған жоқпын, тірі жетімнің тағдырын басымнан өткізе отырып алып шықтым. Баланың психологиясы ауыр әрі өте қызық: Ыстық көлде жүзіп бара жатқан кемеге қарап, әкесін сағынып тұрып еске алады, ішкі монологтарын айтады. Еске алып тұрып қасынан өткен бұзаудың артынан жүгіре кетеді. Бала ойының бір сәтте осындай мың құбылатын ерекшелігін көрсету – режиссерім, театрдағы ұстазым Әзірбайжан Мәмбетовтың шеберлігі еді. «Ақ кеме» туралы таңды-таңға жалғап әңгіме айтуға болады. Жиырмаға жуық бала рөлін сомдадым. «Ақ кемедегі» бала рөлінен кейін басқа балалардың рөлдері соншалықты ауыр болған жоқ. «Ақ кеме» өзінше бір мектеп болды маған.         

–Марқұм Рақымжан Отарбаевтың «Актриса» деген әңгімесінде рөл бөлу туралы өте тартысты, өте қызықты оқиғалар бар. Кейде біз де байқап қаламыз. Абайды айғайшыл біреу, Мұқағалиды мінезсіз актерлар сомдап жатады. Бұл да сондай бөлістердің нәтижесі емес пе? Әлде біз білмейтін өнердің құпия саясаты ма?

–Кино болсын, театр болсын, кейде өмірден өткен тұлғалар туралы рөлді көрермен сенбейтін, сендіре алмайтын актерлерге беріп жатады. Кейде күтпеген актерің тамаша ойнап шығады. Өйткені, бұл өнер ғой. «Өнерге әркімнің де бар таласы». Рөл бөлу – саясат па, бөліс пе? Ол жағын режиссер болмаған соң, таратып айта алмаймын.

Актер бала сияқты ғой, өзіне берілген рөлге сеніп қалады, өзінің болмысына келмесе де, табиғатына жатпаса да, режиссер берген соң ойнайды. Артынан опық жеп те жатады. Оны өкінбей тұрып ойлану керек!    

–Соңғы жылдары бірнеше киноға, телесериалға түстіңіз. Театр сыншылары «театр актері киноға түсіп, камераға жұтылмауы керек» деп жатады. Театр әртістерінің жаппай киноға түсуі ақшаға тәуелділіктен бе, әлде танымалдылықтың тура жолын таңдаудан туған шешім бе?

–Актер киноға түспеу керек деген ұстанымға қарсымын! Актер – ол актер. Мейлі театрда болсын, мейлі кинода болсын, ол өз жұмысын істейді. Актер танымалы болса, сұраныс болады. Сұраныс болса, оның шығармашылығы шыңдалады, өнерге өз үлесін қосады. Танымалдылықтың жақсы жағы да, жаман жағы да, салмағы мен жауапкершілігі де бар. Оның бәрін кез келген актер көтере білуі керек деп ойлаймын. Актер жан-жақты болса, оның несі айып? Қырық жыл театрдың отымен кіріп, күлімен шығып жүріп танымал бола алмайтын актерлар бір киноға түсіп-ақ жұлдызы жанады. Бұл, міне көгілдір экранның құдіреті.

–Қаңтар қасіреті деген аласапыранды бастан кешіп жатырмыз. Оққа ұшқан балалар, «үтіктелген» жігіттер… Осыншама құрбандықтарға қалай, не үшін жеттік? Өнер адамы ретінде ойыңызды білсек деген едім.

–Қаңтар қасіреті көптеген жылдар бойы кеулеген, сыздаған жараның бетінің ашылуы деп түсіну керек. Кеткен кемшіліктердің нәтижесі. Халық пен билік арасының алшақтап кеткенінің көрінісі. Ашынған халықтың ащы дауысы. Тұрмысы түзу, қарны тоқ адам алаңға шықпайды. Мұны біржақты қарауға да болмайды. Халықтың қалауы осы болды. Сол халықтың бірі – біз. Біздің ішімізде де көп қыжыл жатыр. Сыртта отырып күпіне беру де артық шығар. Бірақ биліктің халықпен санасатын күні әлдеқашан жеткен.   

Тегтер: