Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:15

Жұмақ іздеген дәруіш туралы жыр-толғау

Мұрат Шаймаран
Фото: ашық дереккөз

Поэзияны ой мен сезімнің көркем үйлесімі десек, Ақын Мұрат Шаймаранның поэмалары бұл талапқа толық жауап береді.

 Ақын өлеңдерінде ой мен сезім, көркемдік тіл үйлесімі бір бүтінге айналып кеткендей. Оның поэзиясында терең лирикалық толғаныс, сондай-ақ ақын жырлары – замана болмысын, адам жанының күйзелісі мен қуанышын, рухани әлемнің шексіздігін шебер бейнелейтін күрделі әрі көркем туындылар.

М.Шаймаран жырларын терең талдау арқылы біз тек ақындық шеберлікті ғана емес, қазіргі қазақ поэзиясының даму бағыттарын да айқындай аламыз. Оның «Ақын – Елес» және «Жасыл түн» поэмалары ақынның ішкі әлемі, рухани толғаныстары мен шығармашылық өмірде болатын дағдарыс мәселелерін көтереді. Ақын бейнесі арқылы оқырманды терең ойға жетелей отырып, өнер мен өмір арасындағы шындықты танытады. Шындық пен қиял, мәңгілік пен өткіншілік арасындағы күрделі байланыстар турасында ойлануға жетелейді. Бұл поэмалар көркемдік тұрғыдан алғанда, символизм мен астарлы метафораларға толы. «Ақын – елес» поэмасында ақынның бейнесі елес арқылы берілуі оның қоғамдағы орнын аңғартады. Шығармашылық тұлғаның талан-таражға түскен ауыр тағдырын ерекше астармен ашады. Ал «Жасыл түн» поэмасында табиғат пен адам, ақын мен заман арасындағы күрделі байланыстар сипатталады. Мұндағы «Елес» пен «Жасыл түн» – ақынның сырға толы әлемін танытатын негізгі көркемдік ұғымдар.

«Ақын – Елес» поэмасы ақын мен елес арасындағы диалог түрінде өрбиді. Ақынның жан әлеміндегі күйзелісі, ақын адамға тән шығармашылық қасіреті, өмір мен өлім туралы ойлары көркем өрнектелген. Поэманың түйіні – ақынның мәңгілікке аттануымен аяқталады. Бірақ оның тәні топырақ құшқанымен рухы тірі. Өзі өлгенімен, артына өлмейтұғын жыр қалдырды. Сонда ақынның айтпағы, өнер атаулының, оның ішінде поэзияның өлмейтіндігі, ақын жазған жырлар санада сақталып, жүректерде жатталып қалатындығы.

Ал «Жасыл түн» туындысы көрнекті ақын Омарғазы Айтанұлының рухына және Қытайдағы «Мәдениет революциясында» жапа шеккен қазақ қаламгерлеріне арналған. Поэмада шығармашылық тәуелсіздік, ақынның тағдыры, ақын әлемі мен рухани күрес басты тақырыптар ретінде алынған. Мұнда да поэзияның өміршеңдігі, мәңгілік толастамайтын рухани күрестің шексіздігі мен ақынның әділетсіздікке қарсы тұрған бейнесі әдемі көрініс тапқан.

«Ақын – Елес» оқырманды ақынның болмысымен, оның ішкі жай-күйімен таныстыратын, эстетикалық қуаты мол туынды.

...серпе жауып есікті шықты асығып,

Кететіндей жел мініп,

бұлтқа асылып.

Көз алдында күреңтіп көше жатыр,

Тұрып қалды екпіні күрт басылып.

Өлең кейіпкері асыға аптыға үйден шыққанына қарағанда біз білмейтін бір азап күйді басынан кешірген болар. Іңір қараңғысы, «күрең көше» мен «сабағына ілінген жапырақ – күннің алау-жалау жанып, көкжиектен құлап бара жатқаны» ақын көңіл күйімен үндес. Демек, өлеңдегі табиғат құбылыстары мен кейіпкердің психологиялық жағдайы арасында айқын параллелизм бар. Бұл жерде күннің батуы мен көше көрінісінің күрең тартуы, даланың қараңғылық құшағына ене бастауы – психологиялық күйдің бейнесі. Сонда осы көріністің бәрі жинақтала келе ақынның ішкі дағдарысы мен күйзелісін білдіретіндей.

Өткен дәурен қиқулы құсқа қарық,

Мүлгиді бақ қанатын қысқа малып.

Оқысам ба бір өлең деп ойлады,

Жүргіншінің біреуін ұстап алып.

«Өткен дәурен қиқулы құсқа қарық» – бұл өткеннің айғайы, шуылы, азап сағаттары мен қайғылы естеліктері. Уақыт емші дейміз. Баяғы өткен ақын жанына жара салып, ендігі ештеңе болмағандай қиянға самғап бара жатқан құс секілді. Бақ мүлгіп тұр, табиғат та ақынның мөлдір мұңын сезе ме, тып-тыныш қалғып тұр. Күрең көшеде аяңдап келе жатқан ақын осы тыныштықты бұзып, өлең оқығысы келеді. Жүргіншінің көптігі де айналада адамдардың қаптап жүргенін аңғартады. Бірақ солардың ішінде оны түсінетін, оның жанайқайына құлақ түрер жан бар ма? Лирикалық қаһарман жанының жалғыздығын ақын осылай астарлап жеткізеді.

Жо... жоқ адам?!

Қайыңға, шынарға өлең

Сыбырлап бір оқитын шығармын мен.

Күздің таңғы шығындай мөлт-мөлт етіп,

Әр бұтаққа асылып тұрармын мен...

Ақын өлеңін адамға емес, ағашқа оқиды. Бұл шумақ тұтастай қоғамның поэзияға немқұрайлығын меңзесе керек. Қайнаған тіршіліктің, қаумалаған жұрттың ортасында жүрсе де «дулы қала шуылында» ақынның өзі ғана сезіп- ұғатын бір жалғыздық бар. Ақын енді әлде өзінен, әлде қазіргі өмір шындығынан қашып кеп «Көзесінде мың күдік көбік шашып, Майхананың төрінде отырды». Мұнда жалғыздық, қоғамнан оқшаулану, ішкі арпалыс, көңіл күйзелісі көрініс берген. Бұл тек бір адам жанының күйзелісі емес, барлық шығармашылық иелерінің мұңы, адамзаттың рухани дағдарысы іспетті.

М.Шаймаранның «Ақын – Елес» поэмасын «айрықша рухани толғаныс» деуге болады, өйткені мұнда автор ақын мен елестің диалогы арқылы ақындықтың құпиясын ашып, оның ішкі трагедиясын, рухани арпалысын көрсетеді. Өнер мен тағдыр арасындағы мәңгілік күресті ерекше поэтикалық өрнекпен суреттейді. Мұндағы елес – ақынның өзі, ақынның өзімен бетпе-бет келуі, оның ішкі рефлексиясы. Автор ақынның болмысын азап, тағдыр, жазмыш ұғымдарымен байланыстырады. Мына жолдарға назар аударайық:

Талдап өріп қап-қара қасіреттің бұрымын,

Жырдың дертін тартады менің шайыр ғұмырым.

Дәт боп жетіп Құдайға,

Мұң боп қайта оралған,

Улы жебе сөз деген тапқан мені ғаламнан.

Сынады екен сәулесі быт-шыт болып ғаріп күн,

Ақындықтың азабы – азабындай тамұқтың...

Ақындықтың азабын тамұқтың азабына теңеуінен ақынның тым заңғар, тым ауыр жүк – өнер жүгін арқалап алғанын көреміз. Руханияттың күзетінде тұру, адамзаттың асыл құндылықтарын құндақтау, шындықтың жаршысы болу – ақынға жүктелген міндет. Ақынның бойындағы талант оның әрі сыйы әрі қасіреті, әрі жұбанышы әрі жазылмас дерті. Поэмада елес ақынның өнер мен өмір арасындағы күрескерлік миссиясын танытады, тағдырының тауқыметтен тұратынын сенің «жазмышың» деп өзін-өзі жұбататын сияқты.

«Аралдар теңселіп, теңіздің шайқалатынындай,

Жанған жұлдыздың жарығы семіп қайта ағатынындай,

Асанқайғының аңсары таусылмағанындай,

Қорқыт ажалдан қашқанымен, құтылмағанындай,

Бұл – сенің жазмышың!». «Бұл – сенің жазмышың!», –

деп келетін қайталамалы жолдар ақын мен елес арасындағы рухани диалогтың түйіні ретінде көрінеді. Мұндағы жазмыш – қаламы мұқалып, сиясы кепкен тағдырдың бұлжымас заңдылығын білдіретін ұғым. Бұл жолдардың құрылымы көркемдік қайталау әдісіне негізделген. Ол өлеңге әсерлі сарын беріп, ақынның тағдыр алдындағы дәрменсіздігі мен шарасыздығын еселей түседі.

Әйгілі орыс ақыны С.Есениннің «Черный человегі» мен жапон жазушысы Р.Акутагаваның «Түнектегі әңгімесінде» де («Диалог во тьме») «Ақын – Елес» поэмасымен үндес сарын бар. Поэмадағы «Қара адам» – ақынның ар-ұжданы мен өзін-өзі жегідей жеген ойларының бейнесі. Мұнда тұлға тіпті үшке бөлініп кетеді: лирикалық қаһарман, кара адам және ақын. Өмірінің соңғы жылдарында жазылған бұл шығармасын ақынның арғы өмірге аттанар алдындағы «арылуы» (исповедь) деуге болар. Ал А.Стругацкийдің пікірінше, Р. Акутагаваның «Түнектегі әңгімесі» – бұл ар-ұяттың періште бейнесінде, өнердің ібіліс кейпінде және жазушының ішкі жаны есебіндегі шабыттың ой талқысы түрінде көрінетін «өздік ағынан жарылуы» (своеобразнейшая самоисповедь). Әңгіменің үшінші бөліміндегі жазушының мына сөзіне ойланып көрсек: «Да, у меня стало легко на сердце, но зато мне пришлось возложить на голые плечи бремя целой жизни». Меніңше, бұл қатарлар М.Шаймаранның мына жолдарымен бір нәрсені меңзейді:

«МЕН – қасірет пен кектен жаралған

Асқақ һәм мұңды дауыспын!

МЕН – күнмін тұтылған,

жұлдызбын ағылған,

Шуақсыз ғұмыр кешіппін.

МЕН – туырлықпын туралған, шаңырақпын шағылған,

Бос тербелген бесікпін.

МЕН – бостандықтың бодауы болып кісенде

Сүйегі қалған боздақпын!

МЕН – тарихыңмын арғы, шежіреңмін зарлы,

Тақымында кеткен сан жылдың.

МЕН – пешенеңе сенің таңбаланған мәңгі,

Талқысы көп тағдырмын»... Сонда екеуіне ортақ идея – шығармашылықтың еркіндік емес, керісінше, таусылмас жауапкершілік екені. «Туралған туырлық, шағылған шаңырақ» – халық басынан өткен зар замандар мен ұлттық трагедияларды бейнелейді. «Сүйегі кісенде қалған боздақтардың» бостандық үшін күрескен, сол жолда құрбан болған тағдырларын, тартқан тауқыметін тарихқа тағылым ғып қалдыруды ақын өз мойнына жүктеп отыр. Осынша ауыр жүкті арқалаған ақын өзін «тұтылған күн мен ағып түскен жұлдызға» балайды. Жүрегіне бар жаһанның мұңын жиған адамның «шуақсыз ғұмыр кешуі» заңды да шығар...Сонда Акутагаваның кейіпкерінің «иығына күллі өмірдің қамытын жүктеуі» де, жоғарыдағы Мұрат ақынның поэмасының үзіндісінде де өнердің өз халқының қасіретін, керек болса бүкіл адамзаттың сан қырлы, көп сырлы өмір жолын арқалайтынын меңзесе керек.

«Жасыл түн» поэмасы «Ақын – Елестің» заңды жалғасы іспетті. Өйткені екі поэмадағы ақынның сүйініш-күйініші, тағдыры ортақ: екеуі де заманынан опық жеген, екеуі де қоғамынан орын таппаған, сөздеріне бұқара халық құлақ аспаған, тобырдың даурығы бұларды шетке ысырып тастаған тұлғалар. Айтатын ойлары да бір нәрсені меңзейтіндей: мәңгілікке ұмтылған ақын жанының ұлылығы мен қасіреті. Одан бөлек, «Ақын – Елесте» де Омарғазы Айтанұлының өмірінен дерек беретін жолдар, кейбір детальдар кездеседі. Мысалы, мынадай:

Баратқан едің аяқта – бұғау, баста – арман, Қол бұлғап қалды Талқының ұлы кезеңі.

О.Айтанұлының ғұмырнамасына қарасақ, оның азап пен арпалысқа толы ауыр жылдары 28 жасында басталады. Сол кезеңдегі барлық зиялы қауымға тағылған ұлтшылдық, коммунистік жүйеге қарсылық сынды айыптар ақынға да жапсырылып, жиырма жыл қуғын-сүргінде жүреді. Ал «Жасыл түнде» бұл көрініс екінші бөлімнің прологында берілген: 1956 жылдың шілдесі, Тұрпан ойпатындағы жаза лагері, жүзім алқабында аяғы кісендеулі ақын жұмыс істеп жүр.

Жиырма жыл бойы азап тартқан ақын 1976 жылдың күзінде жаза лагерінен босап, Үрімжіге оралады. Бұл «Жасыл түннің» үшінші бөлімінің прологында айтылады. «Ақын- Елестегі» мына бір бейнелі баян соның айғағы:

Қараша еді... Алай да дүлей тас-боран, «Мен келдім!» – дедің, Құлағын ешкім тоспаған. Мелшиіп тұрды меңіреу үйлер – сұр үйлер, Селт етпей жатты қасіреті қалың ескі алаң...

Сюжеттік желіден бұрын мұнда мазмұн бірлігі бар. Екі поэмадағы кейіпкерлердің жан тебіренісі мен ой-толғаулары бір идеяға келіп тоғысады. Екеуіндегі ақын – тек бір адамның образы емес, бәлкім, бүтін шығармашылық тұлғаның символы. «Ақын – Елестегі» ақынның атынан айтылатын мына жолдарға назар аударсақ:

Талдап өріп қап-қара қасіреттің бұрымын, Жырдың дертін тартады менің шайыр ғұмырым, –

деп ақын үшін поэзия жай ғана өнер емес, саналы түрде арқалаған ауыр жүк, ар алдындағы азабы, дегеніне көнбес дерт екен. Қайғысы да, қуанышы да осы жыр жазуында дедік. Жеңіл жол емес, бірақ соған қарамастан, ақын өз миссиясын орындауға тиіс. Екінші поэмада да:

Жаралы жарлы өмірдің бетін көріп, Болмасқа менің шайыр шарам нешік!

Немесе:

Ел мұңын, жер қайғысын айта алмасам, О, Тәңір, онда мені кешірме сен!; Азабым адамзатқа бақ боп қонса, Уа, Ием, жазғаныңа көндім енді...

деп, өзінің басты парызы – халықтың мұң-мұқтажын жырлау екенін баса көрсетеді. Біздіңше, бұлар бір-бірімен сабақтас, біртұтас идеяны жеткізіп тұрған жолдар.

«Жасыл түн» поэмасының тақырыбы О.Айтанның өмірі хақында болғанымен, ақын өмір сүрген дәуірдің шындығы, билік өкілдерінің әсіре ұраншылдығы мен қоғамда орнаған әлеуметтік теңсіздіктер кең қамтыла суреттелген. Сондықтан бұл бір ғана адамның тағдыры емес, басы бұғауда кеткен шығармашылық адамдарының бәрінің ортақ тағдыры. Поэманың жазылу әдісіне назар аударғанда көретініміз: кейіпкер өмірі белгілі оқиғалардың жүйесіне негізделген іс-әрекет, қимыл түрінде баяндалатын сюжеттік поэмадан гөрі авторлық толғаныс, диалог пен монологтың араласып отыруы арқылы жасалған. Эпикалық жанрдың осындай ерекшелігін байқаған профессор Қ.Алпысбаев «қазіргі таңда поэмаға екі нәрсе – терең психологизм мен философиялық ой аса қажет» деген талап қойған екен. «Жасыл түнді» философиялық, тарихи контекст және көркемдік тәсілдері бойынша әртүрлі қырынан қарастыруға болады. Мұнда ақын жеке кейіпкер бейнесі арқылы заман образын, уақыт тынысын ашып көрсетеді. Ақынның жастық дәурені мен өткен күндері, арман-мақсаты Өмірдің сөзінен танылса, өмір, қоғам жайындағы ойлары Есалаң арқылы берілген. Ал авторлық ремаркадан лирикалық қаһарманның азаматтық ойларын, негізгі кейіпкердің бейнесін аңғарамыз. Поэмадан шиеленіскен тартысты оқиға байқалмайды, сюжет негізінен диалог арқылы өрбіп отырады да, көбіне-көп философиялық толғамдарға тоқталады. Сондықтан поэма жанрын лирикалық толғаныс деп тануға болады.

Поэманың ырғағы еркін әрі эмоциялық қарқыны жоғары. Мазмұн мен форманың арасында әдемі сәйкестік сақталған. Поэма мазмұны жағынан реалистік емес, символикалық әрі мистикалық сипатта (шамандық сарындар мен ежелгі түркілік танымға негізделген бейнелер де кездеседі). Синтаксистік құрылымына қарасақ, өлең жолдары кейде қысқа, кейде шұбалаңқы, кейде тіпті үзік-үзік келеді. Бұл нәрсе өлеңді жай ғана баяндап емес, толқындатып, екпіндетіп оқуға итермелейді. Бұл оқырманға поэманы оқығанда ішкі толқынысты, өзгерісті сезінуге көмектеседі. Осының бәрі жинақтала келіп бір тылсым атмосфераны құрайды.

«Кім келер екен..?» Поэманың алғашқы жолы оқырманды бірден белгісіздікке жетелейді. Ақын әлденені күтеді. Бұл күту үмітке толы ма, жоқ шарасыздық па? Кім келуі мүмкін? Жақсылық па, әділет пе, әлде әлдебір үкім бе? Ақын, әрине, өзінің өлім сағатының жақындап келе жатқанынан бейхабар.

Жұлдыздар неге тым жарық? Сенен де нұрлы, Күн – ғаріп!

Шумақ символға құрылған, астарлау арқылы тоталитарлық биліктің бейнесін береді: жалған идеологияның жағымсыз бейнесі жарқырап тұр, ал ақиқат қорғансыз қалған, әділдік атаулының тұтылып, көмескі тартып бара жатқан тұсы. Бұл жолдардан жеке адамның құқықтары мен бостандығы шектеліп, қоғам тұтастай биліктің қолындағы қуыршаққа айналған жауыз жүйенің тынысы танылады. Сөзіміз дәлелді болу үшін:

«Қызыл кісі» қыр кезді, жүрді бүлік. Ақиқаттың күніне жебе тартты, Сосын өзін аспанға КҮН ғып іліп...

«Қызыл кісінің» коммунизмнің қолшоқпарларының бірі екені белгілі. Ал мұндағы күн басты метафораға айналып, бір өзі бірнеше мағынаны иеленіп тұр. Әуелі күнді ақиқат пен әділеттің символы дедік. Кейін сол туралыққа жебе тартып, әділетке қарсы шығып, өзін «Күн» – әлемнің тұтқасы ретінде көрсеткісі келген шексіз билікке ұмтылған топ немесе жалқы айтқанда Мао Цзэдунді көреміз. Әрі қарай Есалаңның монологында күн енді ақиқаттың ең үлкені – Жаратушының өзіне теңеледі. Еркіндікті аңсаған ақын жаны Тәңірден медет тілейді:

Тәңір ол – Күн, одан өзге жоқ көкте, Оған қарап мейірім күтер мың жанар.

Ақиқаттың жолында табан тіреп тұрған азаматтарды қоғам есалаң ретінде қабылдайды, әділеттің жаршыларын «жынды» көреді:

«Есалаң» деп мені атайды бұл қоғам, Саған ғана тәу еткенім үшін де.

Шығарманың шешімі ақынның дүниеден өтуімен бітеді.

...КҮН бетіне «Жасыл сирақ құс» қонар, Уақыт ұстап қала алмайтын өлең боп!

Жасыл түс өмір мен үмітті білдірсе, құс – бұғаудан босап шығар бостандықтың, рухтың көкке самғауының нышаны. Жасыл деген ұғым М.Шаймаран поэзиясында жиі кездеседі. Жасыл түс жастықтың, өсу мен өнудің синонимі. Ақын тәні қара жерді құшқанмен, оның жазып қалдырған мұрасы өшпейтін із тастап бара жатыр.

Қорыта келгенде, М.Шаймаран поэмалары эпикалық кеңдікті де, лирикалық тереңдікті де ұштастыра отырып, уақыт пен кеңістіктің аясында адамның ішкі жан дүниесінің терең қыртыс қатпарын, әділетті адамзат тарихының шынайы болмысын ашқан туындылар. Поэмаларының лирикалық сипаты басым болғанымен, мұнда тарихта орын алған үлкен оқиғалар нақты қамтылған. Ақын жырларында өмір шындығы мен ақынның субъективті толғаныстары тұтасып кеткен. Поэмада басты кейіпкердің қоғаммен байланысы, өз заманының көлегей тұсымен күресі көрініс тапса, сонымен қатар сол құбылыстардың ақын жүрегінен өткен сезімдік сәулесі, ақынның сол оқиғаға берген бағасы да айқын аңғарылады. Сондықтан да Мұрат Шаймаранның «Жасыл түн», «Ақын- Елес» поэмалары – тек оқиғалар легі ғана емес, сонымен бірге терең ақындық тебіреністен туған рухани ізденістің жемісі. Шығарма шешімі де осы идеямен түйінделеді: ақын өмірден өтсе де адамзат жүрегіне жақсылықтың дәнін егуін тоқтатпақ емес.

Ақерке Ерболқызы

SDU университетінің

1-курс студенті