Жұманғарин мен ең төменгі жалақыға тимеңдерші, депутаттар!

Ел қамын жеген мәжіліс депутаттары қазаққа болсын-ақ дейді. Сөздеріне құлақ асатын үкімет болмай тұр.
Күні кеше ғана Үкіметке Қазақстандағы ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеріңдер деп талап қойды. Бірақ, бір кері кеткен шаруа оңбайды екен, қарызы басынан асатын, Ұлттық қордан ақша алмай 2026-2028 жылдарға арналған бюджет жобасын әрең дайындап шыққан Үкімет Мәжілістің дәл осы жолғы талабына жоқ деп кесіп айтты.
Бұл ұсыныс Парламентте қаралған жаңа үш жылдық республикалық бюджет жобасына қатысты әлеуметтік-мәдени даму комитетінің қорытындысында айтылды. Комитет бұл бастама Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) ұсынымдарына сүйеніп жасалған жаңа әдістемеге негізделген деп жақсы-ақ бастап еді. Халықтың өмір сүру деңгейі мен тұтыну бағасының өсуін ескеріп, ЕТЖ-ны қайта қарау қажеттігін де айтқан. Бірақ, үкімет қатты екен, осынша уәжге қыңбады.
Бұл жерде тек Мәжілісті ғана емес, жоғарғы палата Сенатты да айта кету керек. Өткенде ғана сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бастап ЕТЖ-ны 99 мың жасаса деген. Төменгі палата олардан да озсақ деді ме екен, 99 мыңға тағы 11 мың қосып берген. Парламенттегі ойды Үкіметтегі бюджет бұзып, қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржанов «Бүгін Мәжілісте 2026 жылғы бюджет қаралып жатыр. Нәтижесін дауыс беру көрсетеді. Бірақ қазіргі бюджет жобасында ЕТЖ-ны көтеруге арналған қаражат жоқ», – деп, жалпы жобамызды өткізе алмай жатқанда бүйректен сирақ шығармай қоя тұрыңдаршы деген кепте жауап берген. Бұған дейін де премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин «Әзірге мұндай жоспар жоқ. Қазіргі 85 мың теңге деңгейі сақталады», – деп қысқа қайырған. Оның қысқа қайыра салған бұл сөзін Сенатқа да, Мәжіліске де берген жауабы деп қабылдаңыз.
Ұлттық банк елде ең төменгі жалақы мөлшерінде табыс табатын азаматтар саны өте аз дейді. «Бізде бәрі жақсы» дегені. Есесіне, 2025 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстандағы орташа айлық жалақы 448,6 мың теңге! Бір жыл ішінде 11,3% өскен. Өзі аз ғана ЕТЖ-ліктерді жарылқап тастауға үзілді-кесілді қарсы болып, азар да безер болғанына қарағанда Ұлттық қорсыз қалған Үкіметтің шын сасқан жері осы болса керек.
Қыркүйектегі дерек бойынша, Ұлттық банк айтқандай аз ба, көп пе, Қазақстанда 790 мың адам ЕТЖ алады. Енді мұны депутаттар сұраған +25 000 теңгеге көбейтсеңіз 19 млрд 750 млн теңге шығады. Он екі айда 237 млрд теңге. Өзі «шықпа, жаным, шықпамен» отырған Үкімет мұндай қаржыны бере салады деп жүрген депутаттарымыз да әпенде. Инфляция дейсің бе, қымбатшылық дейсің бе, тыңдауға шамасы жоқ. ЕТЖ өссе, тағы қаншама артық есептеу, тағы қаншама әуре көбейеді. Ол да ештеңе емес, артымызда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бюджет жетіспеушілігін азайту тапсырмасы мен Олжас Бектеновтің оған берген уәдесі тұр. Депутаттар осыны неге ойламады екен? Елдің қамы оңай деймісіз... Мұнымен тоқтамай, қайтпай айқас салады деуге кеш, бюджет бекітіліп кетті. Несі бар, елдің қамы келер жылы таусылып қалар деймісіз, тағы сұрап көрер деп үміттенеміз.
Олжас Сламжан