Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

Жұманғарин мен Шаққалиев азық-түлікті де «еркін жүзуге» жібермек

Шаққалиев
Фото: Жас Алаш коллаж

Сауда және интеграция министрлігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті баға белгілеуді кезең-кезеңімен тоқтатуды жоспарлап отыр. Алғашқы қадамдар осы жылы жасалып, 2025 жылдың бірінші жартысында баға белгілеу толығымен аяқталуы тиіс еді.

 Бұл туралы құжат Ашық НҚА-да жарияланып, талқыға ұсынылған. Алайда өзгерістер әлі басталмады. Ал бастала қалса, көп қиындықтарға ұшырауымыз ықтимал. 

Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын бақылауда ұстау – экономикалық тұрақсыздық кезеңінде тұтынушылардың құқығын қорғап, әлеуметтік осал топтарды қолдауға бағытталады. Әсіресе инфляция деңгейі жоғары, валютасы тұрақсыз, кедейлік шегінде өмір сүретін көп елдер осы әдісті жиі қолданады. Бұл ұзақмерзімді стратегияның, экономикалық саясаттың бір ғана бөлігі ретінде де, елдің ішкі өндірісін немесе ауыл шаруашылығы секторын қолдаудағы қадам ретінде де жұмыс істейтін механизм. Қазақстанда баға бақылауы бұрыннан бар. Бүгінде бұл тізімге 19 тауар кіреді. Олар: ұн, нан, макарон, жұмыртқа, қарақұмық, күріш, қант, тұз, сұйық және сары май, сиыр және тауық еті, сүт өнімдерінің бірнеше түрі, картоп, пияз, сәбіз сынды көкөністер. Аталған әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне шекті бағаны жергілікті әкімдіктер белгілеп, бақылауда ұстайды. Тиісті бағаны сақтамай, қымбаттатқан саудагерлерге әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Ал өңірлердегі жұмысты қадағалап, реттейтін – сауда және интеграция министрлігі. Ведомство дәл осы жұмысына асқан жауапкершілікпен қарайды. Әйтеуір бітпейтін мониторинг, айына, тіпті аптасына жасалатын есеп... Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин тыңдайды да жатады. СИМ вице-министрі Айжан Бижанова айтады да жатады. Баға индексі мен өсім, тағы сол секілді талдаулар, өңірлер бойынша жағдай баяндалып, облыстарға тапсырмалар беріледі. Осының бәріне қарасаң, бағаны негізсіз өзгертуге титтей де мүмкіндік қалмайтын секілді. Ал шын мәнінде жағдай керемет деп айта алмаймыз. Қазақстанда бағаның ала-құлалығы туралы екі күннің бірінде проблема көтеріліп жатады.

Жауаптылар азық-түліктің қымбаттауына теңгенің әлсіреуі, коммуналдық тарифтер мен теміржол тарифтерінің өсуі, жалақының артуы сынды нарықтағы жалпылама факторлар әсер етеді деп «ақталып» жататын. Ал енді бақылауды алып тастау – бағаның шарықтауына қолдап жол ашып беру болмай ма? Онсыз да тапқан табысы азық-түліктен артылмайтын халық пен әлеуметтік осал топтардың жағдайы не болмақ?

Министрлік осы жылдың басында тиісті заңдарға өзгеріс енгізуді көздейтін құжатты жариялаған. Ашық НҚА-да талқылауға ұсынылған құжатта әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бірнеше түрін бақылаудан босату туралы айтылған. Жаңа редакцияда былай делінеді: «Бірінші сортты бидай ұны, бірінші сортты ұннан жасалған бидай наны, рожки, қарақұмық жармасы, тазартылған күріш, сүт, тауық жұмыртқасы, аc тұзын қоспағанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларының шекті мәні облыстық және республикалық маңызы бар қала, Астана аумағында әрбір тоқсан үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының әрқайсысы бойынша бөлек айқындалады». Яғни жоғарыда тізбектелген тауарлардың бағасын бақылау мүмкін болмайды.

Бұл 2022 және 2023 жылдардағы президент жолдауында берілген бағыт, белгіленген тапсырма дейді СИМ. Иә, салалардың инвестициялық тартымдылығын арттыру, тауарлар тапшылығы мен импортқа тәуелділікті болдырмау мақсатында үкіметке осындай тапсырма берілген. Мемлекеттің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға белгілеуге араласудан кезең-кезеңімен бас тарту тапсырылған. Оған себеп көп. Мәселен, ауыл шаруашылығы министрлігі үнемі шекті бағалардың кесірі туралы айтады. Сөздерінше, шаруалар өнімдерін өзіндік құнынан арзан сатуға мәжбүр. Соның әсерінен өндірушілердің табысы аз, өндірісті кеңейтуге перспектива жоқ көрінеді. Ал Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі: «Шекті баға қою механизмі ортадағы делдалдардың қатарын арттырып жіберді, одан да атаулы әлеуметтік көмек арқылы әрекет еткен жөн» деп есептейді.

Үнемдеуден басқа жол жоқ

Бірақ бағаны еркіне жіберу тауарлардың 30 пайызға дейін қымбаттауына әкеліп соғады. Сауда субъектілерінің үстемені 15 пайыздан асырмауын қадағалаған күннің өзінде, баға айырмашылығы сезілетіні анық. Мұндай жағдайда бәрінен бұрын кедейлік шегінде өмір сүріп жатқан бір миллионға жуық қазақстандық қиналады. Осы және өзге де мәселелер жөнінде әлеуметтанушы маманның пікірін сұрадық.

«Азық-түліктің қымбаттауы тоқтаған емес. Ал айлық деңгейі соған сай өсіп жатыр дей алмаймыз. Қазір Қазақстанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі – 5,1 пайыз. Бұл дегеніміз – бір миллионнан астам отандасымыз 49 мың теңгеге күнелтіп отыр дегенді білдіреді. Олардың баспана мен азық-түлік алуға жұмсайтын шығыны табысынан екі есеге асып түседі. Кедейшілік деңгейінің артып жатқаны өз алдына, еліміздегі орташа жалақы мөлшері де күмәнді. Осы жылдың бірінші жартысында орташа айлық 382,2 мың теңгені құрады. Үкімет болжамынша 2029 жылға қарай бұл сома 570 мың теңгеден асуы мүмкін. Осының бәрі рас па? Шын мәнінде, көпшіліктің жалақысы 150 мыңның айналасында. Әлеуметтік көмектерге қатысты да, төлемнің көлеміне байланысты да пікірталас толастаған емес. Баспанасыздар қатары қалың. Базалық әлеуметтік қажеттіліктері өтелмеген. Жұмыссыздық белең алып тұр. Енді келіп әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасы 30 пайызға дейін өсіп кетсе, қиналатын да осылар.

Расында да 400 мың теңге көлемінде айлық алатындарға бұл өзгеріс аса сезіле қоймас. Алайда әлеуметтік осал топтар үшін қиындықтар пайда болады. Бұрын 3 келі күріш алатын ана енді 2 келі алады. Шайына бір қасық қант салатын бала енді жарты қасық салады. Себебі тауар қымбаттады, ал жалақы өскен жоқ. Қолда барды жеткізудің үнемдеуден басқа жолы бар ма? Осы секілді аналогияларды шексіз айта беруге болады», – дейді әлеуметтанушы Аружан Шегебай.

Қазақстан мұндай «еркіндікке» дайын емес

Дәл осы мәселені жақында ғана мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов көтерген. Ол қазақстандықтардың ішінде толық жұмыс күні жұмыс істеп, сонда да аз жалақы алатын мамандардың көп екенін жеткізді. «Олардың қатарында мемлекеттік сектордағы мамандар, кітапханашылар, бухгалтерлер, техникалық қызметкерлер бар. Мұндай азаматтар алып отырған жалақысымен-ақ кедейлік шегінде өмір сүреді, бұл өте қауіпті ситуация» деген ол. Аймағамбетов жұмыссыздық деңгейіне байланысты да пікір білдірді. Еңбек министрлігінің есептеріне күмән келтіріп, жыл сайын 900 мың адам жұмысқа орналасса, жұмыссыздық деңгейі неге азаймайтынын сұрады. Соңғы статистикаларға сүйенсек, еліміздегі жұмыссыздар саны жарты миллионды шамалаған. Ал атаулы әлеуметтік көмек алатындардың саны – 320 мыңға жуық. Демек, СИМ-нің өзгерісі енгізіле қалса халықтың біраз бөлігі қиналып қалайын деп тұр.

«Шекті бағадан бас тарту азаматтардың қалтасына ауыр тиеді деп болжауға негіз бар. Әлеуметтік саясатқа да кері әсері тиеді деуге болады. Өйткені жалақы бәрінде бірдей орта деңгейде емес. Әрі қазақстандықтар тапқан табысының көп бөлігін онсыз да азық-түлікке жұмсайды. Негізінен, «әлеуметтік маңызы бар азық-түлік» деген ұғымның өзі нарықтық қиыншылықтарды аттап өту үшін жасалады. Саудагерлер спекуляциямен айналысып жатқан шақта әлеуметтік осал топтар қиналып қалмауы тиіс. Енді осы категория да алынып тасталса, әлеуметтік жағдай расында күрделенуі ықтимал. Әрі бұл өзгеріс өндірушілерге де табыс әкелетініне сену қиын. Себебі бағаға сай салық та артады, жұмысшылардың жалақысын көтеру керек болады. Қазақстанға мұндай өзгерістер жасауға асықпау қажет. Дәл қазір бағаны еркіне қоя беруге болмайды», – дейді экономист Болат Амантайұлы.

Мұндай ауқымды өзгеріске бірден жол ашу оңай болмайтыны даусыз. Жауаптылар да бәрі кезең-кезеңімен жүреді деп сендірген. Оның алғашқы қадамдары осы жылы жасалуы тиіс еді. Бірақ әзірге тыныш. СИМ әдеттегі есебін жасауды тоқтатпаған, баға әлі де «бақылауда». Анық-қанығын білу үшін министрлікке хабарластық. Ведомствоның баспасөз қызметі жаңа жобаның әлі талқылауда екенін, ешқандай өзгерістер басталмағанын хабарлады. Біз бағаны еркіне жіберу мәселесі әлі қанша талқыланатынын, оның себептері мен тағы да басқа детальдарға қатысты ресми сауалымызды жолдадық. Мәселеге ықпал етіп отырған ауыл шаруашылық министрлігіне де өндіріс пен монополия, баға саясаты мен тағы да басқа аспектілер турасындағы сұрақтарымызды жібердік. Газеттің алдағы сандарында бұл мәселені кеңінен талқылайтын боламыз.

Айтпақшы, осы қыстың ортасында ғана жұмыртқа бағасы қымбаттап кеткенде министр Арман Шаққалиев «Пасхадан кейін арзандайды» деп, вице-премьер Серік Жұманғарин «қымбат бағаға ұрынбау үшін үйдің жанындағы дүкеннен емес, демалыс күндері базардан алу керек» деп, бір күлдірген. Биыл жұрт екеуінің ақылын тыңдап, базардан, пасхадан бұрын қимылдап, үйін жұмыртқаға толтырып ала қоятынына өздері де сенбеді ме, әлде бағаны бақылауда ұстаудан шаршады ма, азық-түлікті «еркін жүзуге» жібергісі келіп қалыпты. Бір кездегі доллар сияқты...

Баян Мұратбекқызы

Тегтер: