Жұманғарин өз бидайымызды өзімізге қуырып бермек
Осы аптаның басында вице-премьер Серік Жұманғарин егін жинау науқаны бойынша үкіметте жедел штаб отырысын өткізді.
Бұл жиында бидай экспорты, арпа, жем-шөп саудасы жайлы сөз қозғалды. Жұманғаринның сөзіне сүйенсек, Қазақстан Қытайға 2 млн тонна астық жеткізе алады, тіпті оның көлемін 3 млн тоннаға дейін арттыруға қауқарымыз бар. Десек те, қазақ бидайын сыртқа экспорттау мәселесінде түйткілдер баршылық.
Мәселен, Ресей жақында Қазақстанның бидайын сатып алуды доғарды. Қыркүйектің соңында Ресей Қазақстаннан келетін бірқатар ауыл шаруашылық өнімдеріне сертификат беруден бас тартқан. Айтатын уәждері – өнімдер ережеге сай емес, талаптар сақталмаған. Көршіміз бас тартқан өнімдердің ішінде біздің бидайымыз да бар. Ал мұның алдында Бейжің Қазақстан бидайына қатысты тарифті біржақты түрде өзгерткен болатын. Бұған дейін қазақстандық бидай Қытайдың шекаралық және орталық аймақтарына жеткізіліп келген болатын. Ол кезде бидайға баж салығы жоқ еді. Биылғы тамыз айынан бері Қытай бұл жеңілдіктің күшін жойды. Бұдан былай арнайы экономикалық аумаққа тіркелген, Қазақстаннан еліне бидай тасымалдайтын Қытай компаниялары 65 пайыз баж салығын төлейді. Бидайды Қытай еліне баж салығынсыз тек мемлекет бақылайтын реттеуші органдардан квота алған Қытай кәсіпорындары ғана импорттай алады. Еліне бидай тасымалдайтын қытайлық трейдерлер үшін 65 пайыз баж салығын төлеу күтпеген жағдай болды. Мұндай салыққа дайын болмаған олар қазақстандық серіктестеріне «енді тіпті жолда келе жатқан бидайды да қабылдай алмаймыз» дегенді айтқан.
Сөйтіп, Қазақстанның бидай саудасын қыздыратын ең негізгі екі ел осылай бидайымыздан бас тартып отыр. Осыған қарап сарапшыларды «Қазақстан енді бидайдан мол өнім алғанымен, оны саудалай алмай қор болар ма екен» деген ой мазалайды.
Ресейдің сертификат бермей, Қытайдың салықты көтеруі өз алдына, бұған дейін Еуроодақ та Қазақстан астығына баж салығын енгіземіз дегенді ескерткен.
Жыл басынан бері Еуропа елдерінің шаруалары Еуроодақтың «еркін сауда» туралы келісіміне қатты қарсылық білдірді. Киевпен жеңілдетілген сауда режимін ұстанып, Ресейге салқын қабақ танытқан Еуроодақтың енді Ресей мен Беларусьтен енетін астық импортына баж салығын енгізуге дайындалып жатқанын «Жас Алаш» бұдан бұрын да жазған болатын. Бұған қатысты отандық сарапшылар «Еуроодақтың бұл қадамы Қазақстанға да қауіп төндіреді» деп болжам жасаған. Қазақстанның Ресей аумағы арқылы Еуропа елдеріне астық пен бидай экспорттай бастағанын; егер қымбат салық енетін болса, бұл экспорт саудасын толық тоқтатуы мүмкін екенін; ал ішкі нарықта астықтың әсіресе бидайдың артық болуы оның бағасының құнсыздануына ықпал ететінін; бұл көршілес елдерден келетін импортты есептегенде демпингке (бағаның күрт төмендеуіне) алып келетінін мамандар нақтылап айтқан.
Деректерге жүгінсек, бізге өз бидайымыздан бұрын ішкі сұранысты толықтыру мақсатында Ресейден бидай импорты келеді. Мысалы, жыл басынан бері елде Ресей елінен құны 342 млн доллар болатын 1 450 тонна бидай әкелінген. Ұлттық статистика бюросының 2023 жылғы мәліметі бойынша Ресейден 356,9 млн АҚШ долларына бағаланған 2,6 млн тонна бидай импортталған. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 44,4 пайызға артық.
Ресейден келетін бидай экспорты артып жатқанмен, өзімізде өндірілетін бидай көлемі, керісінше, кеміп жатқан көрінеді. Ауыл шаруашылығы министрінің дерегінше, астық өндірісі былтыр алдыңғы жылмен салыстырғанда 22 пайызға азайған (2022 жылы – 22,0 млн тонна, 2023 жылы – 17,1 млн тонна). Биыл да бидай өнімі аз болуы әбден мүмкін. Министрлік мұның себебін ауа райының қолайсыздығымен байланыстырады.
Ал «Ертіс» ЖШС агросекторының маманы, павлодарлық диқан Бауыржан Еңсебаевтың пікірінше, бұған ауа райының қолайсыздығы емес, үкіметтің жауапсыздығы себеп.
«Биыл министрлер мен әкімдердің жауапсыздығынан талай өңірді су басты. Сол су басқан өңірлерде егіс жұмысын диқандар қиналып бастады. Аймақтарды тасқын су басқанда олардың техникалары, егістікті суару жүйелері зақымданды. Су тартылғаннан кейін егістіктер сортаңданып, эрозияға ұшырады. Сол жерлерді тыңайтамыз, емдейміз деп қосымша шығынға ұшырағандар болды. Министрлік көктемгі егіс жұмысына 500 млрд теңгеден астам қаражат бөлді. Оның 400 млрд теңгесі тікелей субсидиялау тетігі бойынша жылына 5 пайыздық үстемемен шаруаларға берілді. Қазір субсидия алған диқандар оны шығындалмай мемлекетке қайтара алсақ екен деп отыр. Себебі үлкен көлемде бидайын Ресейге экспорттайтындарға жол жабық. Ресей әзірге қазақтың бидайынан бас тартты. Қытай салықты көтеріп қойды. Еуроодаққа шығып көрмегендерге ол нарық тіпті таңсық. Енді аздаған уақыттан соң егістікке шалғы түседі. Сол кезде алынған өнімді сататын жер таппай қаламыз ба деген қорқыныш кернейді», – дейді Б.Еңсебаев.
Біз осы уақытқа дейін Орталық Азия елдері Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Қырғызстан, сондай-ақ Ауғанстанға бидай саудалап, астық экспорттап келдік. Тіпті Орталық Азия бойынша астық экспортында көш басшымыз деп те жиі мақтанамыз. Бірақ қазір кейбір өнім өндірушілер кәсібін тоқтатып та жатыр. Бұл салада қордаланған мәселе көп.
«Біріншіден, бізге қазір сапалы бидай алу қиындап барады. Себебі егістіктердегі зиянкестерді жоятын дәрілер уақытында алынбай қалады. Диқандардың қажеттілігін өтеуі тиіс субсидия, дотация дегендер де мерзімінен кеш беріледі. Бұдан бөлек жазда құрғақшылық, көктемде су басу, ал күзде нөсер жауын тағы әбігерге салады. Техникалық әлеуеті нашар болғандықтан оны диқандар дер кезінде жинай да алмайды. Біздің егістіктерімізде әлі тозығы жеткен техникалар жүр. Мұнымен қайдан сапалы өнім алынсын?! Үкімет «біз астық экспортында көшбасшы елміз» деп мақтанғанды біледі. Бірақ саладағы мәселелерді шешуге келгенде шабан қимылдайды. Тіпті елдегі астық сақтау элеваторларының да тозығы жеткен. Олардың сыйымдылығы аз болғаннан кейін алынған өнім далада жатып қалады. Күннің суығында далада қалған өнім көк татып, шіріп, сапасын жоғалтады. Элеваторлардың дені жекеменшіктің қолында болғандықтан, олардың да сапасы сын көтермейді. Жаңағы біз астық, бидай жөнелтетін елдердің біразында астықты полимер қапшықтарда сақтау технологиясы жетілген. Бұл заманауи жаңа технологияны іргеміздегі Қырғызстан, Өзбекстан елдері жақсы қолданып жүр. Ал біз бұл салада асқан бір жаңалық енгізбесек те, мақтанудан қалыс қалмаймыз», – дейді Б. Еңсебаев.
Қазақстан бидай саудасында шұғыл түрде қазіргі сауда жүрісін өзгертуі керек. Болашақта бізге сыртқа шикі бидайды ғана шығара бермей, оны ұнға айналдырып, одан өнім алу жағын меңгеруге тура келеді. Егер мұндай тетіктерді меңгеріп, үйренбесек, енді бір бес жылдан соң салада дағдарыс пайда болуы мүмкін.
«Өзбектер қазір қазақтың бидайын ұнға айналдырып, экспортқа шығарып, пайда тауып отыр. Олар ұн тарту саласын дамытып, диірменді кәсіпорындар салған. Қазақстаннан баратын бидайға қосымша құн салып, ал ұнға, керісінше, баж салығын қосқан. Қазір өзбектер бізден бидай сатып алып, одан ұн шығарып, онымен тек ішкі нарығын қамтып қана қоймай, біздің 66 пайыз ұнымызды сатып алатын Ауғанстанның да нарығын ұнмен қамтуға көшкен. 2000-жылдары бізде ұн өндіретін 2300 компания болса, содан қазір 270 кәсіпорын ғана қалған. Бүгінде осы кәсіпорындардың табыс табуына жол бермейтін көптеген шектеулер мен кедергілер бар. Мысалы, қазақстандық ұнның 50 пайызын өндіріп отырған Түркістан облысының диірменді кәсіпорындары жыл сайын астықты солтүстік өңірлерден жеткізе алмай қиналады. Астықты теміржолмен тасымалдаушы компаниялар олардың өнімін уақытында жеткізбейді. Тасымал құнына қатысты келіспеушіліктер көп. Осыдан барып өзіміз бидай өсіріп отырып, ұн тартатын кәсіпорындар астық тапшылығын көреді. Трейдерлер күзде диқандардан бидайды сатып алып, шетелдерге сатады. Ал ұн тартатын диірмендер шикізатқа зәру болады. Мұның арты өндірістің құлдырауына апарып соғады. Сондықтан саладағы келеңсіздіктерді жоюды үкімет мықтап қолға алуы қажет. Олай етпесек, «коллапс» пайда болады. Заманауи технологиясы жетілген ұн тарту кәсіпорындары салынуы керек. Ол кәсіпорындарда кәсіби, білікті мамандар жұмыс істегені абзал», – дейді экономист Ж. Баяхметов.
Сөйтіп, мамандардың сөзінен аңғарғанымыз – бізге қазір бидай саудасын қыздыру үшін жаңашылдық керек. Заман көшіне ілесу қажет. Үкімет бұған қатысты ауыл шаруашылығы министрлігіне арнайы тапсырмалар беруі тиіс. Олай етпесек, күні ертең өз бидайымызды өзіміз ғана қуырып жеп отыруымыз ғажап емес...
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ