Жұманғариннің жиналыстары. Бас шұлғитын әкімдер, орындалмайтын тапсырмалар
![None](/static/img/image.jpg)
Биыл «Ауыл аманаты» жобасы іске қосылғанда қуандық. Жобаның басты мақсаты – ауыл кооперативтерінің жұмысын жандандыру, ауыл тұрғындарының табысын арттыру, ауылды арзан несиемен қамту.
Жоба бойынша алдағы уақытта ауылды дамытуға 1 триллион теңге бөлінбек.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев: «Жоба аясында 1 миллионнан астам ауыл тұрғыны қамтылады және барлық жеке қосалқы шаруашылықтардың жартысы кооперативтік кәсіпкерлікке тартылады. 350 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделген» – деді.
Қазір ауылда 7,8 млн адам тұрады. Бұл – ел халқының жалпы санының 41 пайызы. Ауыл және қала тұрғындарының қаржылай табысының айырмашылығы 38 пайызды құрайды. Үкімет бұған дейін «Айырмашылықты жоямыз, ауыл халқы қаладағыдай өмір сүреді. Елдің тынысын ашамыз» деп біраз жоба қабылдап тастады. Кезінде «Ауыл жылын» жариялап та жылдар бойы ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге жетпедік. Арғысын айтпағанда бергісі «Ауыл ел бесігі» жобасының жарнамасы да жақсы еді. Ұлттық экономика министрлігінің тікелей бақылауында болған бұл жоба бойынша 3,5 мың ауылдың инфрақұрылымы толық жаңғыртылуы керек болған.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров үкіметте «бұл жұмыстар үшін 2019-2022 жылдары республикалық бюджеттен 326 млрд теңге бөлініп, 3,7 мың жоба іске асырылды. Шамамен 30 мың жұмыс орны құрылды» деп есеп те берді.
Ал шынтуайтында жағдай мүлде басқаша. Шалғай ауылдарды қойып, ірі мегаполюс Алматының іргесінде тұрып инфрақұрылымнан жұрдай, жолы шұрық-тесік, ауыз суды өзеннен тасып ішіп отырған елдімекендер қаншама?! Астанаға тиіп тұрып, өркениеті өлеусіреген ауылдар да баршылық. Бұдан бөлек қазір ауыл шаруашылығында бірқатар бизнес банкрот болудың алдына тұр. Біздің министрлер үкіметке реформа ұсынып, ол жобалар үшін бюджеттен ақша сауып жүргенде отандық сарапшылар «биыл қазақ фермерлерін үлкен сынақ күтіп тұр» дегенді айтып жатыр.
Қазір Қазақстанның сүт нарығына Ресей үлкен қысым жасауда. Ресейден елге молынан енетін сүт өнімдері отандық бизнеске қылбұрау болып отыр. Биыл алма шығымдылығы құлдырайды, мемлекеттік қолдаусыз жұмыртқа өндірісінің 50 пайызға төмендейтіні болжанып отыр. Қазақстанның өңдеуші зауыттары ет тапшылығын мықтап сезінуде. Теміржолдағы проблемалар майлы дақылдарды өңдеу өнімдерінің экспортына тежеу болды. Тізе берсек, салада проблемалар жетіп артылады. Бірақ біздің шенеуніктер саспайды.
Премьер-министрдің орынбасары, сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин әкімдер мен министрлерді жиып алып, апта сайын кеңес өткізеді. Ол кеңестің мақсаты: елдегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасын бақылауда ұстау. Қырсыққанда баға байлап-матауға, бұғаттауға көнбей тұр. Апта сайын өнімдердің өсімін көрген Жұманғарин де министрлер мен әкімдерге тапсырма беруден жалықпайды. Премьердің орынбасары өткен аптада күріш бағасын өсірмеуге қатысты алғышарттарды талқылады. Одан бұрын пияз экспортына және басқа өнімдердің бағасын бақылауға қатысты тапсырма берілген. Жұманғариннің өнімдердің қымбаттағанына әкімдерді кiнәлаған кезі де болды.
«Бағаның бақылаудан шығып кеткеніне облыс әкімдері кінәлі. Сіздерде құжат бар. Қаражат та бөлінді. Бірақ баға үздіксіз өсіп жатыр. Әкімдердің жұмысына көңіл толмайды» деген оның сынынан соң базардағы бағаны ұстау жолында әкім-қаралар базар кезіп кетті. Апта сайынғы талқылауда азық түлік инфляциясын әкімдіктердің тиімсіз жұмыс істеуінен көретін Жұманғарин Ақтөбе, Қызылорда, Маңғыстау, Ұлытау облыстарының әкімдеріне нәтижелі жұмыс істеуге тапсырма де берді. Маңғыстау облысында бағаны тұрақтандыруға көзделген 3,6 млрд теңгенің 2 млрд теңгесі іске қосылмағаны анықталды. Бұл ретте облыс әкімі Нұрлан Ноғаевқа тапсырмалар беріледі. Ұлытау облысы бағаның өсуі бойынша тұрақты көшбасшы екені де үнемі айтылады. Облыста жергілікті бизнестің үйлесімді жұмысы ұйымдастырылмаған. Осы орайда облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлына да жұмысты үйлестіру тапсырылды. Қызылордада базардағы бағаның орынсыз өсуі тіркелгендіктен Нәлібаевқа бағаны бақылауды күшейту жүктелді. Әкімдерге сын айтқанымен, Жұманғарин олардың жеке-жеке атын атап, түсін түстемейді. Сын жалпылама айтылып жатады. Өз кезегінде әкімдер де жиында бас шұлғып, Жұманғариннің тапсырмаларын қағып алғандай болады. Өз ұсыныстарын айтып, белсенділігін танытып-ақ жатады. Бір қарағанда әкімі де, үкіметі де жұмыс істеп жатқан тәрізді.
Бірақ Жамбыл облысының кәсіпкерлері жаз бойы өсірген пиязын күзде қымбатқа сатқысы келсе, оған облыс әкімін кінәлау орынды ма? Сол тәрізді Маңғыстауда пияз арзан сатылып жатыр деп Ноғаевты арқадан қағамыз ба? Шын мәнінде бұл нарықтық экономиканың заңына қайшы келетін дүниелер. Нарықтық экономикасы дамыған қай елдің әкімі мен мэрі барып базарды тексеріп, бағаны қолмен тежеп ұстап отыр. Біздің үкіметтің мұнысы тұп-тура Қожанасырдың жұмыртқаны 10 теңгеден алып, тез өтсе болды деп 5 теңгеге сатып жіберетін әрекеті дерсің. Бұл тәсілден қымбатшылық ауыздықталмайтынын, тек отандық өнім өндірушілер тоқырайтынын үкімет түсіне алмай жатыр.
Экономист-ғалым Ғалижан Мәдиев «атқарушы билік мұндай қадамдармен ауыл шаруашылығын өркендете алмайды» дейді. Маманның ойынша, әр мәселені зерттеуде ғылыми негіз болмағаннан кейін күнде жиын өткізсе де еш нәтиже шықпайды.
«Мәселе, апта сайын жиналып алып қымбатшылықты талқылауда емес. Бұл арада нарықтық жүйе қалыптастыру қажет. Саудаға тұтынушылар мен ұсынушылар еркін енуі керек. Экс-президент Назарбаевтың тұсында бүкіл базарлар жекеменшікке айналды да, арада жүретін делдалдарға жол ашық болды. Қазір ауылдың фермерлері болсын, қарапайым адамдар болсын өздері шығарған өнімдерін өздері әкеліп базарға өткізе алмайды. Арада жалаңдап, делдалдар тұрады. Делдалдар өнімді арзан бағаға алады да, базарға жоғары бағаға өткізеді. Бұдан нарықтық жүйе, бәсекелестік орта қалыптаспайды. Үкімет ауыл фермерлеріне, шаруаларға жаны ашыса алдымен осы делдалдар мәселесін реттеу керек. Делдалдар тек қана базарға емес, үлкен ірі нарықтарға еніп алған. Барлық салада оларға жол ашық. Осыған мемлекеттік бақылауды күшейту керек. Делдалдарды жөнге салса баға да қалыпқа келеді, Жұманғаринге де апта сайын жиын өткізудің де қажеті болмай қалады», – дейді ғалым.
Бірақ біздегі делдал компаниялар нарықтың 35 пайызынан астамын жаулап алған. Олардың ар жағында тұрғандардың бәрі олигархтармен байланысты. Сала мамандары «бізді ауыр сынақтар күтіп тұр» дегенді бекер айтып отырған жоқ. Әсіресе ауыл шаруашылығына қатысты кедергі сыртқы фактордан емес, өз ішімізде. 30 жыл бойы нарықты уысында ұстап тұрған топ – бүгінде барымен бөлісуге дайын емес. Үкімет мұны мойындағысы келмей, елдегі қымбатшылыққа біресе әкімдерді, біресе өнім өндірушілерді кінәлап әлек.
Қаржыгер Арман Мусин былай дейді:
«Ауылдағы халықтың табысын көтеру, ауылдың кәсіпкерлік қабілетін арттыру шараларын делдал компанияларға қарсы күреспен қатар алып жүру қажет. Ішкі нарықты делдалдардан тазартуды заң аясында, мемлекеттік бағдарлама шеңберінде жүргізу керек. Мысалы, Германияда нарықтағы делдалдардың тізбегі көбейген сайын олардың үлесін қысқартып отыру тәжірибесі бар. Егер соның бәрін заңдастырсақ, үлесінен қағылған делдалдар нарықтан өзінен-өзі ысырылып шығады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы министрлігі неліктен елде өнім өндіру көрсеткіші төмендейді. Өнім өндірушілерге не жетпейді, осының барлығын толық зерттеп, үкіметке ашық ұсынуы қажет».
Десе де ауыл шаруашылығы министрлігі делдалдар мен өнім өндірушілердің мәселесін үкіметте сипай қозғайды. Саланы басқарып отырған Ербол Қарашөкеев үнемі позитивті мәлімдемелер жасаудан шаршамайды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің бізге берген деректеріне сүйенсек, 2023 жылғы 4 айдың қорытындысында ауыл шаруашылығы өндірісі 4 пайызға өскен. Бірақ сарапшылар «бұл өсімге негізінен ауыл өнімінің еселеп қымбаттауы салдарынан қол жеткіздік» дейді. Өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімін өндіру көлемі 9,1 пайызға артқан. Нәтижесінде, айналымдағы қаражат 9,3 трлн теңгеге жеткен. Әйтсе де Қазақстандағыдай инфляция мен баға серпіні тіпті соғысқа тартылған елдерде де жоқ. Мысалы, Украинада инфляция биылғы сәуірде – 14,8, Ресейде – 3,5 пайыз болды. Ал бізде сәуір айындағы инфляция – 16,8 пайыз.
Үкіметтің қордаланған мәселелермен сауатты күресе алмауы жағдайды осыған жеткізді. Қазір дайын бизнес пен коммерциялық активтерді сатуға-сатып алуға бағдарланған отандық және шетелдік салалық порталдар Қазақстандағы агробизнесін сататын кәсіпкерлердің хабарландыруларына толып кетті. Сөзіміз дәйекті болуы үшін сондай сайттарды біз де ақтарып көрдік. Мәселен, Ақмола облысында орналасқан, 1 мың гектар жері, 250 бас ірі қара малы, екі ірі базасы бар ірі шаруа қожалығын қожайыны небәрі 156 миллион теңгеге өткізуге дайын. Салыстырсақ, елордада кейбір аудандардағы тұрғын үй кешеніндегі 4 бөлмелі пәтердің өзі бұдан қымбат тұрады.
Сайтқа жарнама беруші кәсіпкерлердің мәліметінше, ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасын қолдан тежеп ұстау салдарынан көптеген отандық аграрлық кәсіпорындар банкроттың алдында тұр. Сондықтан оның иелері табысы төмен, шығыны көп бизнесінен тездетіп арылуға тырысуда.
Кәсіпкер Дамир Слямханов нақ осы мәселемен 2022 жылдың соңында бетпе-бет келіпті. Шаруа қожалығы бар кәсіпкер бүгінде қожалығын сатуды жөн көрген.
«Бес мыңнан астам қойым бар, екі жүз бас сиырым бар. Бірақ қазір мал өсіру машақатқа айналды. Мал азығы өте қымбат. Жем-шөптен қыста тарығамыз. Жазда жайылымдық жеріміз аздық етеді. Өзімнің жайылымдық жерім тар болғаннан кейін малымды сата бастадым. Енді қожалықты сатуға шығардым. Алған өнімді дүкендерге өткізіп жүргенмін. Қазір дүкендерді қырғыздар мен Ресейдің арзан өнімдері басып алды. Жұрт соны алады. Біздің өнімге нарықта қысым көп. Төлейтін салығымыз бар, алатын жем-шөбіміз бар. Кейде тіпті мемлекеттің арзан несиесін алғаныма өкінемін. Себебі шығын көп, кіріс аз», – дейді кәсіпкер.
Салада қалыптасқан ахуал фермерлік шаруашылықтардың күйреуіне жол ашуы мүмкін. Агросаланың дағдаруына үкіметтің лоббистік қызметі ықпал ететінін де мамандар жасырмайды. Мәселен, үкімет биыл ақпаннан бастап, елден шетелге күнбағыс экспортына шектеу енгізді. Өнімді сыртқа сатуға тыйым салған жоқ, бірақ 20 пайыз көлемінде баж салығын сала бастады. Салдарынан күнбағысты әлемдік нарыққа өткізу тиімсіз болып қалды. Елде бұл өнімнің көп қордалануы ақырында оның бағасына қысым жасап, құлдыратты. Осыдан барып, фермерлер табысының үлкен бөлігінен қағылып, кредиттерін өтей алмай, берешекке батқан. Ет экспорты, пияз экспортына қатысты шектеудің айналасында да мұндай мысалдар көп. Бұдан бөлек, көрші Ресей санкция астында қалып, өнімін өткізетін нарығы шектелгендіктен, енді өнімдерін Қазақстанға, Орталық Азияға әкелуде. Мұның барлығы келіп, қазақ кәсіпкерлеріне қысым жасауда.
Ал біздің үкімет мәселелерді жіті бақылап, шешімін табудың орнына әлі сол жиын өткізіп, қымбатшылыққа әкімдерді кінәлап әуре-сарсаң. Үкімет, Ұлттық банк, ұлттық экономика, ауыл шаруашылығы, сауда және интеграция министрлігі, бәсекелестікті қорғау агенттігі, жергілікті әкімдер бар, барлығы жабылып әйтеуір бағаны бұғаттаудың жаңаша тетіктерін қарастырған болады. Қазір өзі қымбатшылықпен қай инстанция күресу керектігінен де шатасып кеттік. Бұдан «молда көп болса, қой арам өледінің» кері келмей, іс нәтижелі болса жақсы ғой, нәтиже де оңды болмай тұр. Соған қарамастан, үкімет биыл инфляцияны екі есеге түсіреміз деп екпіндеп отыр. Халық сол межелі күнді күтіп алаң. Ал агросектордағы кәсіпкерлер үкімет сауатты шешімдер қабылдаса деп мазаң...