Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:42

Жұманғариннің көрсеткіштеріне доллар миығынан күледі

Жұманғарин
Фото: primeminister

Ұлттық экономика министрлігі Қазақстанның экономикасы, яғни жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) жеті айдан бері 6,3 пайызға өсті деп сүйіншілеп жатыр.

Министрліктің мәліметінше, жыл басынан бері тауар өндіру 8,3 пайызға, қызмет көрсету 5,2 пайызға, өнеркәсіп саласы 6,9 пайызға артқан. ЖІӨ-нің өсуіне ең көп үлес қосқан салалар: көлік және қойма (22,5 пайыз), құрылыс (18,5 пайыз), көтерме және бөлшек сауда (8,6 пайыз), тау-кен өнеркәсібі (8,5 пайыз), өңдеу өнеркәсібі (6,1 пайыз) екен.

Еске салсақ, Қазақстан экономикасының өсімі 2024 жылы 5 пайызға әрең жеткен. Былтыр экономикалық өсімге, дамуға байланысты үкіметтің бірқатар міндеттері орындалмай қалды. Сосын жыл соңында сенімді ақтай алмаған Нұрлан Байбазаров экономика министрі лауазымынан босатылды. Артынша ұлттық экономика министрі болып Серік Жұманғарин тағайындалды.

Негізінде, Қазақстанда экономиканы өсіру 30 жылдан бері өзекті болып келеді. Осыншама жыл біз ЖІӨ-ні өсіру бойынша 6 пайыздық межені бағындыра алмадық. 2023 жылы үкімет осыған байланысты «жаңа жоспар» құрған. Сол жоспарға сәйкес, 2029 жылға дейін ел экономикасының өсімі 450 млрд долларға дейін жетуі қажет. Ол үшін ЖІӨ былтырдан бастап 6–7 пайызға өсіп отыруы керек болатын. Әйтсе де, былтыр бұл межені бағындыра алмағанымызды жоғарыда айттық. Енді биыл жеті айда ғана экономиканың өсімі 6,3 пайыз жоғарылап шыға келді. Мұндайда 30 жыл бойы жеткізбей қойған 6 пайыздық көрсеткіш, қалай жеті айда 6,3 пайызды межелей қойғаны таңданарлық. Әлде соңғы кезде «салық салғыш» атанып кеткен ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин экономиканы күрт өсіретін сиқырлы таяқша тауып алды ма екен?! Қалай десек те, министрліктің айтуынша, экономика өсіп жатыр. Әттеген-айы, оның өскенін қарапайым халық сезінбеуде.

Сала мамандары да «көрсеткіштің бұлай өскеніне қуануға әлі ерте» деседі. Доллардың өсетінін, теңгенің құнсызданатынын болжайтын сарапшылар алдағы уақытта инфляцияның «өрт» болатынын, бұдан экономиканың қазірдің өзінде «қызып» жатқанын, сондықтан экономикалық өсімнің 6,3 пайызға өскені қарапайым халыққа аса сезіле қоймайтынын жорамалдайды.

ЖІӨ доллардың қарқынына ілесе алмайды

Қаржыгер Ілияс Исаевтың сөзіне сүйенсек, үкіметтің ЖІӨ-ні өсіруге қатысты жоспарлары доллардың ескі бағамымен есептелген. 2023 жылы ЖІӨ-ні өсіру жоспары құрылғанда бір доллар 487 теңге болып тұрған. Ал қазір бір доллардың бағамы 548 теңгені маңайлады. Осыны ескерсек, мұндай қымбат доллар жағдайында Қазақстанға енді ЖІӨ-ні жыл сайын 6 пайыздан асыру аз болады. Қымбат доллар кезінде жалпы ішкі өнім жыл сайын 11–12 пайызға өсіп отыруы керек. Сонда ғана экономикалық өсімді сезініп, жағдайымыз жақсаратын болады.

«Үкімет бұған дейін «экономикалық серпіліс», «потенциалды өсіру», «үдемелі индустрия» деген әдемі сөздерді жиі айтты. Бізде экономикаға ақша бүгін құйылады, бірақ одан күтілген нәтиже кешігеді. Тіпті кейбір жобалар нәтижесіз болып шығады. Бұған қоса импорттық құрылғылар мен материалдарға инвестицияның басым бөлігі жұмсалады. Осыдан барып шетел валютасына сұраныс артады. Бұл маусымдық факторлармен бетпе-бет келіп, жағдайды одан әрі ушықтырады. Осыған дейін үкімет пен реттеуші органның «инфляция – қалыпты құбылыс» деген мәлімдемелері де ақша-несие саясатына деген сенімді шайқалтты.Инфляция ұдайы жоғары болып тұрса, ақша-несие саясаты нашар жүргізілсе, ал бюджеттік шығыстар мен салық саясаты сауатты болмаса ұлттық валютаға қысым түсе береді. Инфляция қарқындайды. Бұдан халық экономиканың өскенін сезінбейді. Қазір де доллар қымбаттап жатыр. Ішкі нарыққа қатты қысым түсуде. Елдің жағдайы жақсарып, әлеуметтік ахуалы артуы үшін ЖІӨ бұдан да екі есеге артуы тиіс. Сол кезде ғана экономикаға қаражат ағылып келіп жатқаны, инвестициялық жобалардың пайда беріп жатқаны көрінеді», – дейді қаржыгер.

Жалпы деректерге жүгінсек, инфляция деңгейі кейінгі жылдары мынадай қарқынмен жүріпті: 2020 жыл – 7,5 пайыз, 2021 жыл – 8,4 пайыз, 2022 жыл – 20,3 пайыз, 2023 жыл – 9,8 пайыз, 2024 жыл – 8,6 пайыз. Осылайша, 2020 жылдан бері инфляцияның жиынтық өсімі қазіргі инфляциялық деңгейді қоса алғанда 67,2 пайызды құрап тұр. Демек, бұл – 2020 жылы 100 теңге тұрған тауардың құны, биыл 167 теңге тұрады деген сөз.

Экономист-сарапшы Алмас Чукиннің сөзіне сүйенсек, бұдан теңгенің сатып алу құны 40 пайызға құлдырағанын аңғарамыз.

«2020 жылғы жалақыңыз өзгермесе, сіз бүгінде сол кезге қарағанда 40 пайызға аз ақша алып жүрсіз деген сөз. Сіздің бір кезде 100 мыңға алған затыңыз қазір 167 мың теңге тұрады. Жыл соңына дейін оған тағы биылғы инфляцияның деңгейі, шамамен, 12 пайыз қосылады. Мұндай қарқынмен жүре берсек, 7 жылдан кейін инфляцияның екі еселенетінінің куәсі боламыз».

Бұл жағдайды Ұлттық банк өкілдері де жоққа шығармайды. Бұған қатысты жуырда бас банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова теңгенің қазіргі кезеңдегідей әлсіреуі еш ақтауға келмейтінін, сондықтан шығын шекпеу үшін азаматтарға асқан қажеттілік болмаса, долларды сатып алу туралы шешімді әбден ойластырып қабылдауға кеңес беретінін, доллар бағамы қайта түсіп, кері шегініп жатса, азаматтардың шығынға отыруы мүмкін екенін айтқан. Ұлттық банк басшылығы теңгенің құлдырап, доллардың өсіп, инфляцияның өршіп тұрғанын әдеттегідей, «маусымдық факторлардың ықпалымен» түсіндіруге тырысады.

Экономика ғылымының докторы, профессор Жұмаділда Баяхметовтің пайымдауынша, Ұлттық банктің осындай сылтауларды айтып келе жатқанына әрісі 20 жылдан асты. Берісі он жыл бұрын 2015 жылы тамызда теңге қатты құлдырап, «инфаркт» алғанда да осындай уәждер айтылған.

«Үкімет биылғы жеті айда экономика өскенін айтады. Мұндай өсімнің себебі маусым айында мұнай бағасы сәл өсті. Сол қымбат мұнай саудасынан түскен түсім экономиканың өсімін жоғарылатты. Бірақ бұл уақытша құбылыс екенін біз біліп отырмыз. Негізінде мұнай бағасы өссе де, түссе де, теңге құлдыраса да, инфляция шарықтаса да бас банк пен үкімет бұл мәселені сыртқы фактор мен маусымдық кезеңдерге жаба салады. Егер Ұлттық банк пен үкімет елдегі өндіріс орындарын дамытуға қатысты бөлінген қаражаттарға бекем бақылау орнатқанда қазір мұндай жағдай қалыптаспаған болар еді. Бір ғана мысал, мемлекеттің қаншама қаржысы екінші деңгейлі банктер арқылы жобаларды қаржыландыруға берілді. Қазір сол қаржы институттары мемлекетке қарызды қайтаруға асықпай отыр. Кейбірінің қарыздарының қайтарылатын уақыты 2045 жыл. Сол уақытты күтіп, мемлекетке бір тиынын да қайтармаған банктер бар. Міне, Ұлттық банк дереу арада осы жағын бақылауға алу керек. Банктердің ол қаражаттарды қалай айналымға салғанын, қандай жобаларды қаржыландырғанын ашық талқыға салып, тексеру қажет. Екінші деңгейлі банктер үкіметтің берген қаражатын көбіне несиеге таратты. Кезінде 2005 жылдары аялдамаларда филиалын ашып, халыққа 28 пайызбен несие берген банктер болды. Қадағалау болмады. Қазір соның зардабын тартып отырмыз. Шаруаға да, кәсіпкерге де, инвесторға да қаражат банк арқылы барады. Сондықтан басқадан бұрын, ең бірінші, осы банктердің бақылауы мықты болғанда жыл сайын теңгені құнсыздандырып, инфляцияны ауыздықтай алмай дағдарып отырмас едік», – дейді экономист.

Қарыз қайтаруға асықпайтын банктер

Мемлекетке қарыз банктердің мәселесін біз бұдан бұрын да жазғанбыз. Расымен де маман айтып отырғандай, кезінде үкіметтен қарыз алған банктердің қайтаруға асықпайтыны төңірегінде сұрақтарды Ұлттық банкке Е-өтініш платформасы арқылы жолдаған болатын. Бас банк біздің сауалымызды Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігіне (ҚНДРА) бағыттапты. Сонымен сауалымызға жауап берген аталмыш агенттіктің бөлім басшысы Азамат Кенженің жазбасына сүйенсек, мемлекеттік қолдауға бөлінген қаражатты банктер жасалған шарттардың талаптарына сәйкес қайтарады. Бұл ретте агенттік пен Ұлттық банк шаралар атқаруда. 2023 жылдың басынан 2025 жылдың маусымына дейін төрт банк жалпы сомасы 409,6 млрд теңгеге мемлекеттік қолдау қаражатын мерзімінен бұрын қайтарыпты. Оның ішінде: «Қазақстан Халық Банкі» АҚ мемлекет алдындағы міндеттемелерін 250,0 млрд теңге сомасында толық көлемде өтеген. Jusan Bank АҚ 2024 жылы «Самұрық-Қазынадан» 100,0 млрд теңге көлемінде шығарылған реттелген облигацияларды мерзімінен бұрын сатып алған. «Банк RBK» және «Банк ЦентрКредит» АҚ 59,6 млрд теңге қаражатты қайтарған. Біз өз сауалымызда мемлекетке қарыз ең көп банктердің бірі – Jusan Bank екенін, бұл банк 2024 жылғы есебінде «Цесна» банктен қалған қарызы 860 млрд теңгені көрсетпегенін, бұл қарыздың неліктен есепте көрсетілмегенін де сұрағанбыз. «Бәлкім, өз есебінде көрсетпеу арқылы Jusan Bank «Цесна» банктен қалған қарызын төлемей, сытылып кетпей ме деген сауал да туындаған. Агенттіктің бізге берген жауабына сүйенсек, қазір аталмыш банктің қарыз балансында «Цесна» банкке берілген мемлекеттік көмекті қоса алғанда 1 трлн теңге тұр екен. Борышты қайтару кестесін банк сақтауға міндетті заңнамаға және шарттық талаптарға сәйкес белгіленген.

Алайда бұл банктердің қайсыбірінің қарызды қайтару мерзімі 2045 жылды межелейді. Мамандар алдағы үш жылда үкімет өз жоспарын сәтті орындауы үшін бірінші кезекте ҚНДРА мен Ұлттық банк талапшыл болуы қажет деседі. Себебі бізде мемлекеттік қарыздан бөлек, қазақстандық банктердің шетел капиталына тәуелділігі де өсіп жатыр. Тұтас экономиканы алға сүйреуге тиіс қаржы институттарының мемлекетке бір, шетелдік банктерге бір қарызданып, бұлайша малтығып жатуы расымен де үлкен қауіп. Десек те, біздегі банктер экономиканы дамытуға, өндіріске қуат беруге асықпайды. Оларға талап қоюға тиіс Ұлттық банк пен ҚНРДА-ның сауалдарымызға берген жауабы жоғарыдағыдай. Ал ол аралықта үкімет «экономика өсіп жатыр» деп мақтанудан алдына жан салмайды. Ал біздің мұндай «жоғары дәрежелі» көрсеткіштерімізге доллар миығынан күліп қарап тұрғандай әсер қалдырады.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ