Жұманғариннің өтірік өңдеу жұмыстары
5 тамыз күні премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Қазақстанда шегірткеге қарсы қорғаныс шаралары аяқталғанын хабарлады.
Шенділердің сөзімен айтқанда, «шегірткеге қарсы жерді өңдеу аяқталды». Қайдан тапқаны белгісіз, үкіметтің бүкіл ақпаратында «өңдеу» деген сөз өріп жүр. Билік паразитпен күресеміз деп жүріп, паразит сөзге ұрынып қалыпты.
Біз калька сөзге кіжінбей, үкіметтің жерді «өңдеу» жұмысы қалай жүргеніне тоқталайық. Көктемде көп шегіртке қаптағанда қорғаныс шарасын республикалық деңгейде ұйымдастыру үшін жедел штаб құрылған. Орталық штабты вице-премьер Жұманғарин басқарады. Бұдан бөлек, жергілікті жедел штабтар құрылған, оларды әр облыстың әкім орынбасары басқарады.
Жұманғариннің айтуынша, шегірткемен күреске 8,1 миллиард теңге бөлінген, оның 4,2 миллиарды республикалық бюджеттен, 3,9 миллиарды үкімет резервінен алынды. Тұтас ел аумағында 3,1 миллион гектар жерге зиянкестерге қарсы дәрі себіліп, тазартылды. Әу баста үкімет 2,5 миллион гектар аумақты тазартуды көздеген, бірақ орта жолда шегіртке тараған жаңа ошақтар анықталып, Жұманғариннің жұмысын көбейтіп жіберіпті.
Вице-премьер мол қаржы мен мыңдаған адамның арқасында еңбегіміз жемісті болды деп санайды. «Басты жетістігіміз – биыл фермерлердің егістіктері шегірткеден зардап шеккен жоқ» деді ол. Билік енді бір апта бақылау жұмыстарын жүргізіп, биылғы шегірткеге қарсы күрес жұмысын тәмамдайды екен. Үкімет енді келер жылға дайындықты бастайды. Шегіртке таралуы мүмкін аумақтарды анықтап, келер көктемдегі күреске сақадай-сай тұруды жоспарлап отыр екен. Ол үшін әуеден мониторинг жүргізе алатын 100 дрон сатып алады.
Бұл – Жұманғарин бастаған орталық штабтың есебі. Ал ауыл шаруашылығы министрлігі кейінгі жылдары елімізде шегірткенің түрі де, саны да көбейіп келе жатқанын хабарлады. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлының айтуынша, ел аумағында үйірлі және саяқ шегіртке түрлері кездеседі. Үйірлі шегірткенің азиялық, италиялық прус және марокколық деп аталатын қауіпті 3 түрі болады. Ал саяқ шегіртке тектестердің шамамен 270 түрі бар.
Кейінгі кезде шегірткенің таралу аумағы кеңейіп келе жатқаны анықталған. Мысалы, 2020 жылы – 514 мың, 2021 жылы – 626 мың, 2022 жылы – 975 мың, 2023 жылы – 1,6 миллион гектар жерде шегірткеге қарсы күрес жүрсе, биыл бұл көрсеткіш 3,1 миллион гектарға жеткенін жоғарыда жаздық. Зиянкес жәндік Қостанай (1,125 млн гектар), Ақтөбе (856,8 мың гектар) және Түркістан (389 мың) облысы аумағында көп тараған.
Жұманғарин қалай «3» алды
Осы статистиканың өзі шегірткеге қарсы күрестің тиімді жүріп жатқанына күмән тудырады. Билік жерді зиянкестерден қорғаймыз деп ұрандап жүргеніне біршама уақыт болды. Бірақ шегіртке жайлаған аумақ жыл сайын еселеп, өсіп бара жатқанын байқап отырмыз. Ендеше, Жұманғарин мырзаның биылғы жұмыс аяқталды деп арқаны кеңге салатын еш жөні жоқ. Біз шаруаларға хабарласып, шегірткемен күрес қалай жүрді деп сұрадық.
«Шегірткеге қарсы күрес жұмысының нәтижесіне «3» деген баға беремін. Үкімет пен санитар мамандардың жұмысына мін тақпаймын. Олар анықтаушы және бақылаушы қызмет атқарды. Менің ойымша, үкімет шегіртке жою жұмысын «тендер» ойнатып, мердігерлерге бермей, өздері тікелей орындауы керек қой. Мемлекеттік орган жауапты болса, жұмыс қазіргіден жақсы болуы мүмкін еді. Мемлекеттік сатып алуда жеңген компанияның техникасы нашар, жұмыс сапасы күмән туғызады.
Шаруалар мен фермерлер қауымдастығы бақылауға алғандықтан биыл жұмыстарында кемшілік көп болды. Сол үшін шегіртке жою міндеті толық орындалған жоқ», – дейді Меркі аудандық фермерлер қауымдастығының төрағасы Тасқын Аташев.
Қазақстан үкіметінің шегірткемен күресі нәтижесіз болғанын көп адам айтып жүр. Әсіресе әлеуметтік желі пайдаланушылары түрлі кемшіліктің бетін ашты. Ғалия есімді тұрғын «шегірткені шенділерге қарағанда сары бауыр шымшық көбірек жойды» деп жазыпты. Жұрт пікірін оқып отырып, олардың биліктің жұмысынан нәтиже күтпейтінін байқадық.
Өйткені шенділер жылда көктемнің аяғы мен жаздың басында шегірткеге қарсы «шабуыл» ашқанын хабарлайды. Бірақ одан ештеңе өзгеріп жатқан жоқ, зиянкестердің жылдан жылға көбейіп бара жатқанын билік өзі мойындап отыр. Егер қазіргі күрес тәсілі тиімсіз болса, неге басқа амалын жасамасқа? Халық айтқандай, табиғи тәсілге сүйеніп, шегірткеге қарсы құстарды пайдалану қажет шығар. Жыл сайын миллиардтап ақша бөліп, оны желге шашып, жерге көмудің қажеті қанша. Мысалы, биыл Жұманғарин 8,1 миллиард теңге жұмсаса да, шегірткені жеңе алған жоқ.
Санитар мамандар алдағы бірнеше жылда шегіртке «шеруі» шыңына жетеді деп болжап отыр. Осы салаға 35 жылын арнаған маман Әсемғали Қабдұшев отандық БАҚ-қа берген сұхбатында елде 2026 жылы марокколық шегіртке, 2028 жылы италиялық прустың таралуы ең жоғары шегіне жететінін айтты. Бұл болжам расқа айналса, шегірткемен күреске бөлінетін қаржы да, Айдарбек Сапаров пен Серік Жұманғариннің жұмысы да көбейгелі тұр.
Қазақстан билігі табиғаттың тосын мінезіне мүлде төтеп бере алмайды. Кейінгі бірнеше жылда елде қуаңшылық болып, мал мен егін жұтады. Ал биыл ауыр су тасқыны болып, мыңдаған баспананы су шайып кетті. Шегіртке апаты да содан кем болмай тұр. Биліктің біліксіз жұмысынан тағы да шаруалар зардап шегіп отыр.
Соған қарамастан вице-премьер шегірткемен күресті сәтті аяқтадық, егістікті толық қорғап қалдық деп есеп беріп отыр. Бірақ шегіртке толық жойылмағанын көпшілік көріп отыр. Басқаша айтқанда, Жұманғарин шегірткені жеңген жоқ, тек бетін қайтарды. Енді ол келесі раундқа, 2025 жылдың көктеміндегі кездесуге дайындалады...
Қуан ҚАППАС